Ұлан ОСПАНБАЙ. ОЙДЫҢ ОЗАРМАНЫ, СӨЗДІҢ САЛКҮРЕҢІ

3 Қараша 2017

Ұлан ОспанбайБұл әзіл әңгіме 1980 жылдар­дың орта тұсында Күллі қазақстандық БАҚ-тың, дәлірек айтқанда, республикалық газет-журналдар редакцияларының Алматының әмбеге аян «Көк базарына» қарама-қарсы биік үйдің бір шаңырағы астында айтылған. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», руханият пен ақпараттың қара қазанын қайнатып отырған шағы.
Күндердің күнінде сол ғимараттың ал­дын­дағы аялдамада әйгілі ақындар Бүркіт Ысқақов пен Сұлтан Қалиұлы кез­десіп қалыпты. Әдеттегідей қос қазақ­тың амандық-саулық сұрасуының бір қайы­ры­мынан соң Бөкең:
– Ауылыңда не жаңалық? – дейді.
«Бұ Қарағандының қазағына Жамбыл жақтағы менің ауылымның жаңалығы неге керек?» деп іштей таңғалған Қали­ұлы қаннен-қаперсіз:
– Бәрі орынша. Ауылда алып баратқан еш жаңалық жоқ, – депті.
– Неге «жаңалық жоқ» дейсің? Біреу­лер сендердің ауылдарыңда мұз еріп, тұман түсіп жатыр деп жүр ғой, – дейді Ысқақов ысылдап.
Сонда ғана Сұлтекең Бөкеңнің бала­лар­ға арналған «Балдырған» журналын ұзақ жылдар бойы басқарып, енді зейнет­керлік демалысқа кеткен Мұзағаң – Мұзафар Әлімбайдың орнына Тұмағаң – Тұман­бай Молдағалиевтің келгендігін астарлай айтып тұрғанын ұғып, күліп жіберіпті.
Сол «Мұз» бен «Тұманның» «Балдырған­ға», жалпы балалар баспасөзі мен әдебиетіне сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Тұмағаң пешенесіне жазылған азды-көпті ғұмырының соңғы күндеріне дейін «Балдырғанның» жоғын жоқтап, мұңын мұңдаса, Құдай қаласа, Алла амандық берсе, биылғы жылдың қазан айында 92 жасқа табан тіремек Мұзағаң әлі күнге бүкіл балалар әдебиетінің жаңашыры, тұрақты авторы. Осы айтқанымды жақын­да ғана «Атамұра» баспасынан мектеп оқушылары мен көпшілік оқырманға жол тартқан «Ана тіліне тағзым» атты кітабы бек бекіте түспек.
Ойдың озарманы, сөздің салкүреңі, әмбебап әдебиетшінің «Бісмілла» деп кітабын қолға алғанда-ақ бірден байқа­лар ерен ерекшілік – топтама туындылар­дың тұғыр тақырыптарының өзі ұтырлы ұйқаспен ұйысып, өнжорға өлеңмен өр­нек­­телетіндігі. «Туыстық жанға тым ыс­тық», «Өсіп келем ой бағып», «Атамекен аяулы», «Кішкентайлар кітабы», «Аңыз бенен ертегі еліктіре ертеді» деген ортақ тақырып­тардың өзінде тегеурінді твор­чест­­волық тартылыс күш бар.
Алғашқы өлең – «Ана тіліне тағзым».
Ана тілі – біздің туған анамыз!
Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.
Ана тілін бағаласақ қалай біз,
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз, – деп бастаған бұл жырын ақын аға былайша түйіндей тоқтайды:
Ана тілін кім аялай білмесе,
«Анасынан безген ұл» деп қараңыз.
Ауыр айтылса да қатаң кесіммен ке­ліс­песке лаж жоқ. Сөзбұлтаққа салуды сүймейді. Төл тілімізді анамыздай қастер­леуге үндейді.
«Ана», «Әке», «Аға», «Әпке», «Іні», «Қа­рын­дас», «Жезде», «Жиен», «Бөле» өлең­дерінің санаға себізгілер сәулелі сөзі: «Ата-анаңды сыйла. Ағайынға адал, туған­мен тату бол» деген ғибрат-ғақлияға саяды.
«Жақсы оқимыз бәріміз» жыры небәрі екі-ақ шумақ.
Күнделікте бағалар,
Күнделікте кіл «бестік».
Көрсін ата-аналар,
Қуантамыз күнде өстіп!

Неге десең, жоқ менің
Озат болмас хақым да:
Оқып жүрген мектебім
Ұлы Абайдың атында!
Әсілі, мектеп қабырғасындағыларға бұл өлең «Сынып сағаты», мектепішілік шараға пайдалануға дөп дүние. Жырдың соңғы екі жолына өз мектебінің атын қойып, орта оқу ордасындағы «Жігіт сұл­таны», «Қыз сыны» байқауларында неге айтпасқа. Осы сарынды жырды тағы да толықтыра түсетін келесі шығарма «Жаңа оқу жылы басталғанда».
Білім теріп, бейнетінен қашпаймыз!
Оқу жылын бестікпенен бастаймыз.
Жыл бойында жақсы оқимыз біз сонда,
Біліммен де достасамыз жастай біз.
Жоғарыда Мұзағаңды «әмбебап» әдебиетші деп атауым да жай әшейін сөз ойнату емес. Оның әмбебаптығы сол, Мұзафар аға Әлімбай ойлап тапқан он­даған тағылым, мақал-мәтелдер айтыла-айтыла «халықтікі» болып кеткен. Бұл айтылғанды қуалай қалам қисатсам, бірталай ақ парақтың сауабын аларым сөзсіз. Автордың халық тағылымын өз тағылымымен тұздықтауының бір парасы былай болып келеді:

Тұзды баспа,
Шоқты шашпа.

***
Ақыл-есің бүтінде:
Кісіге қарай түкірме.

***
Сақ болғайсың ойыныңа:
Белбеу салма мойныңа.

***
Дастарқанға емінбе,
Көп алдында керілме.

***
Ырза болсын «Әдепті!» – деп саған да ел:
Танымасаң да, үлкендерге сәлем бер.

***
Адамдарды санама,
Түнде айнаға қарама.

***
Босағада тұрма,
Көк шөпті жұлма.

***
Малды теппе,
Ақты төкпе.

***
Ешқашан ойбайлама,
Оңбайды ондай бала.

***
Ұқсап надан балаға,
Пышақты нанға қадама.

***
Азан мейлі, тал түс мейлі іңірде,
Үйге қарай жүгірме.

***
Жөн-жобаны білер текті,
Мазақтама мүгедекті.

***
«Өзім қумын!» – деме:
Кісі ақысын жеме.

***
Ұдайы ұста есте:
Үлкеннің алдын кеспе.
Еңбекке енген тәмсілдерді түгелдей тізіп шығудың қажеті жоқ. Құйма құлақ құлыншақтарға берері, керегі өзі-ақ көрі­ніп тұрған дүниені тәптіштей беру де ты­раш­тық.
«Әбзел-саймандар» ортақ тақыры­бы­на топтастырылған жырларда бұйда, тұсау, шідер, тізгін, басжіп, ноқта, жүген, шылбыр дегеннің не екендігіне, қайда, қалай пайдаланатылындығына жыр тілінде тұшымды жауап тұр.
Ендігі бір етжеңді бөлім «Елді еңбек асырайды». Археологтармен («Археолог ағалар») таныстыруы тамаша теңеулермен түзіледі:

Жерден үлкен кітап жоқ,
Жерден көркем кітап жоқ.
Жерден көне кітап жоқ.
Жердей төбе кітап жоқ.

Толқын-толқын ұрпақтар …
Қалың-қалың мың қатпар …
Сонау көне іздерден
Сыр ұға алмас кез келген.
Аталардың тарихын
Құмнан аршып танитын
Археолог ағалар!
Танысыңдар, балалар!
«Қитыққан құмырсқа», «Көк сиырды көтерген келіншек», «Қарағай неге ұзын, жыңғыл неге жатаған, тобылғы неге қы­зыл болған?», «Тауыс неге қызыл-жасыл, қар­ға неге қара?», «Мейман» т.б. туын­дыла­ры аңыз-ертегілер желісімен, Мұза­ғаңа ғана тән мәнермен жазылған шүйгін шығармалар.
Біреуге біреу әзілдеп: «Мен не көрме­дім!.. Мен соғыс киноны да көрдім ғой!..» деген екен. Ал Мұзағаң болса «соғыс кино» түгілі сол сұрапыл сұм соғысты бас­тан өткеріп, «мың өліп, мың тірілген» мос­қал майдангер. Мұзафар Әлімбай 1923 жылдың 29 қазанында Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Маралды ауылында дүниеге келген. Тұңғыш өлеңі облыстық «Қызыл ту» газетінде 1939 жылы басыл­ған. «Қарағанды жырлары» атты алғашқы кітабы 1952 жылы жарыққа шыққан. Әр жылдарда «Құрбыма», «Лирика», «Жол­дар–жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өшпес от», «Жұмбақтар», «Менің ойыншығым», «Ме­нің Қазақстаным», «Отпен ойнама», «Орақ–олақ», «Шынықсаң шымыр боларсың», «666 мақал мен мәтел», «Ма­қал – сөздің мәйегі», «Ер айнасы–еңбегі», «Мақалнама», «Ақсерек пен көксерек», «Қоянның құлағы неге ұзын», «Үлкендерден үйреніп», «Аспандағы әпке» және басқа қыруар кітаптары, «Өрнекті сөз – ортақ қазына» атты терең ғылыми-зерттеу ең­бегі жарық көрді. Төрт жүзге тарта өлеңі­не ән шығарылды. Таңдаулы топтамалары әлем халықтарының қырықтан астам тілдеріне аударылды. Өзі де А.С.Пушкин, В.В.Маяковский, Ш.Петефи, С.Орбелиани, Ю.Фучик, Тоқтағұл шығармаларын қазақшаға аударды. Қырғыз ағайындар­дың «Манас» эпосын қазақ тіліне тәржі­малау­шылардың бірі. Ол аз болса, тәуел­сіз Қазақстанның тұңғыш әнұранының бір авторы ретінде тарихтан ойып тұрып орын алды. Мұзафар Әлімбай 1948–1986 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен»), «Бал­дырған» журналдарында басшылық қызметтер атқарды. Еселі еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Мемлекеттік және Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы атақта­ры­на ие болды. Соны сюжеттер, тың теңеу­лер, ықшамдылық, нақтылық, ұлт­тық құндылықтарды қастерлеу Мұзафар Әлімбай ақындығына тән. Автордың осы ұстанымға адалдығы тілге тиек болған жаңа кітабында да көрініс берген.
Білімдар баспагер, философ-ғалым, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің жеке жобасы және қаржылай демеушілігі­мен (3000 дана таралыммен) «Атамұра» баспасынан «Атамұра мектеп кітапхана­сы» сериясымен жарық көрген Мұзафар Әлімбайдың «Ана тіліне тағзым» кітабының ұрпақ тәрбиесінде ересектерге, тәрбие­ші­лерге, мұғалімдерге, ата-аналарға көп көмегін тигізері хақ.
Біздер, баспагерлер, тоқсанның тө­ріне шықса да, шабытының шашасын шаң шалмай, әлі де қолынан қаламы қалмай, тың туындыларының тұсауын кезекпе-кезек кесіп, көпшіліктің игілігіне табыстаудан танбаған тарлан боз абыз ақса­қал­дың ағзасына саулық, отбасына аман­дық, шығармашылық береке, әр күніне мереке тілейміз. Жүз жасаңыз Сіз Аға, Мұзаға!

Ұлан Оспанбай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика