Учаскелік инспектор үш адамның өліміне айыпты деп танылды

20 июля 2017

Қарағанды облысында немқұрайдылыққа жол бергені үшін учаскелік инспектор 2 жылға бас бостандығынан айырылды, — деп хабарлайды Qasym.kz

Қарқаралы аудандық соты баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, көктемгі су тасқыны кезінде Қарқаралы ауданындағы Бесоба ауылында учаскелік инспектордың немқұрайдылығы салдарынан үш адам қаза тапқан,  үшеуі дене жарақаттарын алған.

Ауыл әкімі учаскелік инспекторға су деңгейі көтерілген аумақтарда адамдар мен көлік қозғалыстарына тыйым салуын тапсырған. Бұл жұмысты жүзеге асыруға жүргізушісімен УАЗ автокөлігі де бөлінген.

Тапсырма берілгеніне қарамастан, ауыл тұрғындарының жолдың қауіпті аймақтарымен жүруіне тыйым салудың орнына сотталушы А. ондаған адамдарды өзіне берілген  автокөлікке отырғызып, басқа елді мекенге жеткізбекші болған. Жолдың қауіпті бөлігінен өте бере көлік суға батып, адамдар ажал құшты.

Қарқаралы аудандық соты ІІБ учаскелік инспекторы А-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстінің 371 бап 2 тармағы бойынша айыпты деп таныды. Оған екі жыл бас бостандығынан айыру және үш жыл ішінде мемлекеттік қызметте, полицияның учаскелік инспекторы қызметін және құқық қорғау, жергілікті өзін өзі басқару органдарында қызмет атқару  құқығынан айыру үкімі шығарылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика