ТЖД: «Ол тасқыннан өту мүмкін емес еді»

3 апреля 2017

Қарағанды облысының ТЖД аймақтағы тасқын су мәселесі бойынша арнайы брифинг өткізді. Іс-шара барысында қатысушылылар Қарқаралы ауданы Бесоба елді мекені маңында суға кеткен УАЗ автоколігі жайлы мән-жайды түсіндірді. Оқыс оқиға нәтижесінде үш адам көз жұмды,-деп хабарлайды Qasym.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар 56 жасар көлік жүргізушісі және 19 бен 13 жасар жолаушылар.

«Қарашоқы-Бесоба» автожолының бөлігінде үлкен тасқын болды. Ол жерден өту мүмкін емес еді. Жол бөлігін бір жарым метр тереңдікте, ұзындығы 10 метрге жуық аумақты су шайған. УАЗ тасқынның күшейген бөлігін бақылау үшін жіберілген деген мәлімет бар, жолға кешкі сағат 8-дің кезінде қараңғы түскенде шыққан. Әрі қауіпті жақпен қозғалған. Автокөлік су шайған бөлікте жол апатына ұшыраған. Қауіпсіздік шараларын бұзу — қайғылы оқиғаға әкеп соққан», — деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ТЖД басшысының орынбасары Мұрат Қатпанов.

Тәртіп сақшылары материалды адам өлімі фактісі бойынша тіркеді, деп атап өтті облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров. Қазіргі кезде сот медицина сараптамалары тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу нәтижесінде жазатайым оқиғаға дұрыс саралау беріледі.
Автокөлікте жалпы саны 13 адам болған. Олардың қатарында – жергілікті полиция инспекторы да бар. УАЗ автокөлігі аудандық білім басқармасына тиесілі. Көліктің жол жүру бағыты қандай болғанын және онда кәмелетке толмаған 13 жасар баланың қалай түскенін тергеушілер анықтамақ.

«Көктемгі су тасқыны маусымына байланысты қолдағы барлық ресурстар падаланылуда — жергілікті полиция мен әкімдікке қарасты мекемелердің техникасы және төтенше жағдайлар қызметіне тиесілі күш жұмылдырылған. Сондықтан білім басқармасының автокөлігі де тартылған болар. Тергеу барысында жауапты адам анықталады. Бұл адамдар қауіпті жол бөлігін бақылау бойынша тапсырмамен жолға шыққан. Алайда қауіпсіздік шараларын бұзған. Басшылары кім екені және кімнің не істегені анықталады», — деді Мұрат Қатпанов.

Құтқарушылардың мәліметінше мерт болған көлік жүргізушісінің мәйіті апат болған көліктен бір метр қашықтықта табылған. Қалған екі мәйіт 200 және 500 метр қашықтықтан табылған.
Оқиға орын алған жерде ұялы байланыстың болмауына байланысты апатқа ұшырағандар бес сағат бойы құтқарушыларды күткен. Оқиға туралы мәліметті кездейсоқ жолаушылар жеткізген. Тек содан кейін ғана оқиға орнына құтқарушылар келіп жеткен.
Қарағанды облысының әкімдігі құрбан болғандардың отбасыларына көңіл айтады. Билік суға кеткендерді жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектеседі.

Сұлтан Жомарт,
«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика