Түс (Әңгіме) Ерзат Ермағанбет

28 Мамыр 2018

Алыс жолдан шаршап келген Ерқанат анасының әзірлеген асына да қарамай киімшең төсегіне құлай кетті. Басы жастыққа тиісімен күллі денесі қақсай жөнелді. Қатты қалжырағандықтан болар. Қанша шаршаса да, түнде пойызда көрген түсі есінен кетер емес. Содан бері ұйықтай алсайшы. Қандай түс еді? Түсінде өзінің ауылында жүр екен. Ауылдан бір шақырымдай жерде жастайынан қарақат теретін тоғайы бар-тын. Міне тағы сол тоғай шетінде қарақат теріп жүр. Бір кезде әлсіз бұталардың бырт-бырт сынған даусы естілді. Әлгі дауыс үдей түсіп, жақындай бастады. Бала кезінде тоғайда көп жүрмесін деп атасы аю бар деп қорқытатын. Сол сөз есіне түсіп, жүрегі су ете қалды. Көмекке шақырғысы келді. Бірақ даусы шығар емес. Қашайын десе, аяғына тас байлап тастаған сыңайлы, ең құрымағанда қадам жасай алсашы. Міне қазір мына бұтаның артынан шығып тап бермекші. Не де болса өліспей беріспеуге бел буды. Кенет бұтаның артынан аю емес, ару шықты. Ақ шүберекпен қарапайым ғана тігіле салған тізеден сәл жоғары көйлек киген, маржан тістерін жұқа шие еріндерінің арғы жағынан көрсете күлімсіреп тұр. Япыр-ау бұл кім болды екен? Алға қарай ұмтыла беріп еді, әлгі қыз сықылықтай қаша жөнелді. Күннің сәулесі аппақ тәніне шағылысып,ерекеше тылсым сұлулық беріп тұр. Шашын жайып жіберген, бірақ маңдайы ашық. Гүл тәж тағып алғаны көрініп тұр. Ерқанат артынан қуа жөнелді. Аң-таң. Жаңа ғана аяғы зіл еді, енді қауырсын құрлы көрер емес. Жүгіріп келе жатқан жоқ, ұшып келе жатқандай сезінді. Ұстап алғысы келді. Міне қуып жетті де, білегінен енді ұстай бергенде, әлгі қыз оқыс бұрылып, бір бұтаның арасына кіріп жоқ боп кетті. Ерқанатта соны қайталады. Бұтаның арғы жағына шыққан бетте бір алаңқайға тап болды. Бұрын-соңды болған жері емес. Сылдырай үні шығып бұрала өзен ағып жатыр. Күннің шұғыласы билей таралып, суға шағылысқаны сонша, суға қарасаң жанарыңды қарықтырып жіберердей. Айнала ерекше аппақ. Жайыла өскен жасыл шөп, ағаш бұталары, бәрі-бәрі ақ арай шашып тұр. Бұл көріністен әуелі аңтарылып тұрған Ерқанат, есін жиып әлгі ұстатпай кеткен қызды іздей бастады. Бір кезде төбесін біреу суық су құйып жібергендей тұла бойы түршіге мұздап сала берді. Тамағына әлдене кептелді, денесінің әр нүктесіне тоқтамай ине сұққылап жатқандай. Әйтеуір бар көргені өзен жағасында үсті малмаңдай су болған, төмен төгілген шашы бетін жауып тұрған әлгі сүйріктей қыз. Дымқыл көйлегінің арғы жағынан тәні көрінді. Бірақ әлгіндегідей емес, сатал-сатал кір сияқты. Селк-селк етіп жылайтын сияқты ма. Кенет басын қақшаң еткізіп Ерқанатқа бұрды. Өңі боп-боз. Көзі жастан бұлаулана ісіп кетіпті. Ерқанатқа ренішпен қарап тұрғандай. Аянышты болып көрінгенмен, жанарында үрейлендірер түнек сәуле тұр. Нағыз қорқыныш әлі алда еді. Көзінің қарашығы үлкейіп барады. Күллі көз шары қара түске боялды. Кенет қарашығы қызыл түске айналып, көз алмасы әбден қара түске енді. Әлгі тылсым жанар арбап бара жатқандай, Ерқанат өзіне ие бола алмады. Қанша қорыққанымен әлгі көзқарас орнынан тыпжылтар емес. Кенет әлгі үрей сезім бірден сейіліп бойын жылы толқын билеп ап кетті. Өзін бұлай ешқашан жақсы сезінген емес. Әлгі тоғай жұмақтай көрінді. Бағанадан артынан қуған аймаңдай ару қайтадан құлпыра түсіп қолынан өзі келіп ұстады, әне бір бұтаның тасасынан әкесі күлімсіреп келеді. Сол баяғы өзін мойнына салып жүргендегідей кезі екен. Бар қайраты жанарынан байқалып тұр. Жазғы демалыстарда балыққа шығатын әдеттері бар еді. Өзеннің тірсектен келер жайдақ суына ау құрып, ұстаған майшабақтарын өзен жарғабағында отқа қақатап жейтін. Кереметтей дәмді болмаса да, Ерқанат үшін ол майшабақтар дәмі бүлдірген татитын. Міне, тағы да қолына ау ұстап тұрған әкесі қол бұлғап шақырады. Артына бұрылып қарап еді, өз көзіне өзі сене алар емес. Бір орында сілейіп қатып тұрған өзін көрді… Ерқанат шошып оянды. Жолдан шаршап келіп талықсып ұйықтап қалып, қайыра сол түсті көріпті. Еш айна-қатесіз, құдды таспаға жазып алып, айналдырып көргендей. Орнынан тұрайын десе, күллі сүйегі уатылып қалғандай, аяқ-қолы ауырлап кетіпті. Басының ішін біреу келіп қорғасынға толтырып тастағандай. Жайлап маңдайын ұстады. Қызу жоқ болғанмен, терлеп кетіпті. Орнынан өзін күштеп әрең тұрғызды. Апыл-ғұпыл шешініп, киімдерін бұрыш-бұрышқа лақтыра салды. Үй іші алагеуімденген, әрі қапырық екен. Аяғын сүйрей жүріп терезені ашып қалып еді. Қаланың қарақошқыл түтіні болса да, таза ауа деген аты ғана бар салқын ауа бөлме ішін толтырып әкетті. Кеудесін жоғары бір көтерді де, қомағайлана кеудесін толтыра ауа жұтып, бойын сергітіп алып, орнына құлай кетті. Мұның бәрін жартылай ашық қалған есіктен көріп тұрған анасы:
Ботам, ауырып қалған жоқсың ба? Ұзақ жолды көтермейтінің бар, неменеге шошаңдап жол жүре бересің? Әлде ұшынып қалдың ба, өңің қуарып кетіпті. Ауру айтпай келеді… – деп күйіп-пісіп жүр.
Апа, ақырзаман төндіріп не көрінді. Ұйқым қанбай қалды, ұзақ жолдан шаршағандық қой,- деп етпетінен аунап түсті де, басын жастықтың астына тығып жіберді. Анасы бөлмеден үндемей шығып, бірер минут өтер-өтпестен, әлдене деп күбірлеп, ұлының басына бір уыс тұзды үш рет айналдырып, бөлмеден қайыра шығып кетті. Ерқанаттың ұйқыдан айырылғанына міне бір ай болды. Түн баласы ұйқыдан шошына оянып, «Піссімілә» деп қайра жастыққа жантаюды әдетке айналдырды. Көретіні – бір-ақ түс. Жағы суалып, мойны ырғайдай болып, жүдеп бара жатқанын өзі де байқады. Анасы дәрігерге қаратты, бірақ денсаулығы орнында. Күндіз жайдары, әркіммен қалжыңдасып, баяғы әдетінше жүрсе, түнде түс әлемімен тылсым айқасқа түседі. Расымен түн баласы мазасын алған бұл түс не болды екен? Әлде жүйкесі жұқарды ма? Жоқ әлде біреу аян бермекші ме? Адамға бір қасиет қонарда осындай түстер кіріп аян береді деуші еді. Жоқ, бұл аянға ұқсамайды, керісінше шым-шытырық шытырман. Түсіндегі сол аруды Назымға ұқсатқысы келеді. Назымды ұмыта алмағандықтан болар. Не де болса осы түсті әуелгі кезде Назыммен байланыстырып жүрді. Назымды ұмытқан кезде, бұл түс те менің мазамды алуды қояр деп топшылады.
Екеуінің танысқан шағы Қазан айының басы болу керек. Аялдамада автобус күтіп тұрған. Ерқанат жұқа киінген. Қыры әлі сына қоймаған қара шалбар, мойны жабық ақ жейденің сыртынан алқымы ашық сұр пәлте іле салған. Аялдамаға келгелі бір нүктеге қадалды да қалды. Қысқа қара былғары күрте, тізеден сәл төмен келген қара юбка, биік өкше кебістен жұмыр аяқтары бірден көз тартатын, қызғылт реңді шашы майда толқындана иығына төгілген, талдырмаш нәзік денелі бір қызды сыртынан бақылап тұр. Танысуды ойға алып, енді ұмтыла бергенде әлгі қыздың ұялы телефоны шырыл қақты. Сөмкесін жанталаса ақтаруға кірісті. Ішіндегі бар затты сыртқа алып шыға бастады. Ұялы телефонын таба алар емес. Бір кезде жанына келген Ерқанатқа мән бермесе керек, танысы екен деп қалып, үлкен бір блокнотты қолына ұстата салғанын да байқамаған сыңайлы. Кенет күткен автобусы келіп, телефонын таппаған күйі автобусқа мінді де кетті. Блокнотты қысып ұстаған күйі, езуін жиа алмай Ерқанат тұр. Не артынан жүгірерін, не орнында тұрарын білмей дал.
Жұмысында түскі ас кезінде қызығушылығы еркін билеп, блокнотты аштыртпай қоймады. Ең бірінші парағында «Әліпқызы Назым» деген жазу және тіркесе телефон нөмірі мен мекен-жайы жазылыпты. Ары қарай парақтаудың жөні жоқ деп ойлады, себебі осы тосын сыйдың өзі жеткілікті еді.Тек қана ішінен «Назым» деп қайталай берді. Кешке таман, әлгі нөмірге хабарласып, Назыммен кездесті де, блокнотын қайтарып берді. Есесіне тағы бір кездесуге жолдама алды. Не керек, тұла бойын билеген ыстық сезім ұйқысыз түндерге ұласып, ғашықтық дертіне өзі қалай шалдыққанын білмеді. Күз аяғы Ерқанат Назымға сезімін білдірмек болды. Қыз атаулы қырсықтығымен ерекшеленеді ғой, Ерқанатты да біраз солпаңдатты. Бірақ шын ынтық сезім қойдыра ма, ақыры қолына қондырды. Сол уақыт аралығында Назым да Ерқанатты сүйіп қалған еді. Екеуінің бір-біріне деген ынтық сезімдері ерекше еді. Келесі жылы екеуі шаңырақ көтеруге бел буды. Тура танысқан күні құда түспекші. Әзірге үй іштеріне білдірмеді. Алайда тағдыры ол сыйды көп көргендей. Тура Наурыз мерекесіне қарай Назым құрбысының ауылына қыдырып қайтпақшы болды.Ерқанат одан бейхабар. Сол уақыт аралығында Ерқанат күндіз-түні қоңырау шалумен болады. Бірақ байланыс аясынан тыс жердегі ғашығынан хабар болмады. Ақыры сұрастырып жүріп, Назымның ауылына ата-анасына бірақ тартады. Бірақ текке келгенін өзі түсінеді. Одан да хабар күтіп жүре бергені жақсы еді. Назымды алып қашқан екен. Сол күннен бастап Ерқанат ішімдікке салынып кетті. Үйіне қонбай, түнгі көшені кезетінді шығарды. Төсегі кездесе кеткен кез-келген сәкі. Көңілі қалды бәрінен. Сеніп жүрген ғашығы сатып кетті. Бұдан артық қорлыққа шыдай алмай, күйігін осылай арақпен басты. Бірақ достары жабыла жүріп есін жиғызды. «Жалғыз анаңды аясаңшы. Сенен басқа кімі бар? Арыстай азаматым деп сеніп жүрген үміті сенсің. Бұның жөн болмас. » «Жалғыз анаңды…» осы сөз сауырына қамшы болып тигендей. Сол күннен бастап арақты тастап, демалып келуге алыстағы ағайыдарына, марқұм болған әкесінің ауылына барып қайттты. Атамекенінде біраз аунап-қунап жатты. Маңдайын сайда қоңыр самалға сипатып, көгалға көлденеңінен жатып, бала кезгі әдетіне көшетін. Ол ермегі – көкке қарап қиял арғымағына мініп қыр асып кету. Жыртық мақтадай ақша бұлттар көгілдір аспанның әр жеріне жабысып алып, жел айдаса небір түрлі кейіпке түседі. Осы ауылдың аспаны да осындай ерекше. Ауасы да жұпарға толы. Тасы да табанына мамық боп тиеді. Бұраңдап аққан өзен ирелеңдене анау төбенің артына кетіп, бітісіп кетеді. Бала кезінде әкесі ылғи осы ауылдың табиғатын тамашалауға Ерқанатты ертіп жүретін.Негізінде Ерқанаттың ауылы өзен-тоғайлы, табиғаты бай жерден қоныс тепкен. Топырағы майлы, малға жайлы, ауасы өте таза, табиғат ананың шексіз жомарттығы байқалатын жер. Сонда бұл қулыққа көшіп, шаршадым деп қыңқылдайтын. Әкесі мойнын отырғызып алатынын біледі. Сонда Ерқанат биіктен қараушы еді ғой бәріне. Анау биік төбенің өзі бұған аяғымен аттап кетердей аласа көрінетін. Әкесі де көп көтермейтін, біраздан соң қолына көтеріп ап: «Жалғызым, жалғыз ұлым…» деп маңдайынан иіскейді. Сөйткен әкесі ауыл шетіндегі елеусіз бір төмпешікке айналды да қалды.
Ағайынның арасында бір ай жатып, жанындағы жарасын жазды. Біраз сергіп қалды. Ию-қию шырғалаң өмірінен арылған соң, қалаға, үйіне қайтты. Жақсы демалып, өңі кіріп қалып еді. Тек қайтар жолда осы бір түсті көрмегенде. Міне бір ай бойы осы түс мазалауда.
Жұмыстан келген соң, үйінде біраз жатып, түн ауа далаға таза ауа жұтып келуге шықты. Ұйықтағысыжоқі. Әлгі күнде көретін түстен мезі болды. Есік алдына шығып, жан-жағына асықпай көз тастап, өзінің үйреншікті аллеясына түсті. Шамдарды санап, таңертең теледидарда айтқан әлдебір ән жатталып қалған екен, соның әуенін ыңылдап айтып келе жатыр. Оның осындай өгіз аяңмен ыңылдып әндетіп көше шамдар санауды ұнататыны бар. «Әне бір шам өшіп қалыпты. Жанып кеткен болар сірә. Ал мынау шам ше? Бұны жақында жөндеген болу керек, сәулесі ерекше бір реңкте. Өзге шамдарға ұқсамайды. Әне бір шам қисық ілінген екен. Сәулесі басқа жаққа шашырап тұр. Адамдардың тағдыры тура осындай ғой. Біреудің жарығы өшкенде, екінші бір шам өзінің жарығын шашады. Еш өзгеріссіз, айналып жатқан бір тірлік, бір қозғалыс. Тек бұл жарық қана емес, жылу да береді ғой. Жарықтың жарып шықпайтын түнегі бар ма? Кез-келген саңылаудан өтіп кетеді. Адам жаны түнерсе, сен де жақсылық жасап, жарығыңды, нұрыңды осы шам жарығы сияқты шашасың ғой. Иә, адамдар»… кенет әлдебіреу қағып кетті. Зейінін бірден соғылысып қалғант адамға аударуға тырысты. Әдемі ойын бұзған кім болғанын білгісі келгендей. Тек бұрылып бір қарап қалғанда бет-әлпетін байқап үлгерді. Қайдан көрдім деп аңтарылып қалды. Қызығушылық па, жоқ басқа бір тылсым күш пе, Ерқанатты осы қыздың артынан ертуге мәжбүр еткізді. Белгілі бір қашықтықты ұстап, қыздың артынан білдіртпей ерді. Неге еріп жүргенін өзі де білмейді. Кенет әлгі қыз бір қиылыстан бұрылып, жүрісін үдете түсті. Бұл да. Өзінің түсінде елес қызды осылай қуып жүруші еді ғой. Міне солай қуып жүр. Тек түсін есіне неге алғанын біле алмады. Әлгі қыз ақыры жүрісін баяулатып, сыры өшкен ескі ағаш аялдамаға барып отыра кетті. Бұл аялдаманың екі жағында жақтауы болғандықтан, арғы жақ бұрышына тығыла түсті. Бұны бергі жақта тұрған дүңгіршек тасасынан сығалап Ерқанат көріп тұрды. Бұндай уақытта автобус жүрмейді ғой, ендеше бұл не істеп отыр. Әлде ауырып қалып, жүруге шамасы келмей қалды ма деп ойлап, жақындай беріп еді «өлемін» деген ащы айқай шықты да, сұлқ етіп құлап бара жатты. Дереу жүгіріп барып, ұстай алған Ерқанат әлгі қыздың талып қалғанын білді. Дереу жұлқылап есін жиғызды. Қай танысы екен деп жүзін анықтап көріп алмақшы болды. Әлгі қыз көзін әлсін-әлсін ашып бұған қарауы мұң екен, Ерқанаттың құйқа шашы шымырлап кетті. Түсіндегі елес ару, нақ сол өзі. Көзқарасы, ажары, барлығы-барлығы. Не қуанарын, не мұңаярын білмеді. Талай ұйқылы түнін ұрлаған аруды тапты. Ерқанат ернін ғана жыбырлатып «Таптым» деуі мұң екен, әлгі қыздың жымиысы жан түршігерліктей кейіпке енді. Ішек сілесі қатып күле жөнелді. Ерқанат кейін шегіне беріп еді, әлгі қыз желкесінен шап беріп жанарына қадала қалды. Қыздың жанары түсіндегідей кейіпте. Бірақ бұл түсі емес, өңі ғой. Иә, өңі, себебі көмекке шақырған өз даусын естіп тұр. Кенет даусы кілт үзіліп, талықсып құлап бара жатқанын сезді. Көзін ашса әлгі тоғайда. Тек басын әлгі қыздың тізесіне қойып жатыр. Жұмыр саусақтарымен шашын сипап, бұған күлімсіреп қарап тұр. Әне әкесі деқолш бұлғап шақырып тұр.
Мен қайдамын? Сен кімсің? Жана ғана қалада едік қой?
Сен енді мәңгі түс әлеміндесің. Сені бұрыннан бақылап жүрдім. Маған серік болуға нағыз таптырмас жансың. Себебі сенің жаның әлсіз. Ал мен қорғай аламын. Қорықпа, өлген жоқсың, тек ұйқыдасың. Сенің денең түк мәні жоқ анау өмірде қалды.
Сонда мен ес түссіз жатсам, бәрібір оянамын ғой, денемді ауруханаға жеткізеді
Жоқ, оята алмайды. Менің көзімде ерекше сиқыр бар, ол сиқырды ешкім жеңе алмайды. Тек мен қаласам ғана, болмаса өлсем ғана ояна аласың. Бірақ ол мүмкін емес дүние.
Сұрағыма жауап берші, сен кімсің?
Мені қалай атасаң да өз еркің. Мен бұл әлем жаралмай тұрып жаралғанмын. Енді сенде де осындай көз болады. Екеуміз бірігіп жер шарын түгел түс әлеміне айналдырамыз. Барлығы өзінің қиялындағы өмірде сүреді. Сендердің құлшылық етіп жүрген құдіреттерің осы өмірде бере алмас өмірді сыйлаймыз. Кіршіксіз әлем, арман әлемі, түс әлемі. Онсыз да бұл өмір қылмыс пен екіжүзділікке толып кетті. Тазарту керек. Ол тек екеуміздің қолымыздан келеді. Сенің сеніп жүрген ғашығың шынында өз еркімен кетті. Ол сенің арманыңды аяқ асты етті. Ал анаңның қатерлі ісікке шалдыққанын білесің бе?- деген кезде Ерқанаттың бойынан ток жүріп өткендей болды. Аспан көбесі сөгіліп төбесіне жай оты құлағандай қалыпта сілейіп қатып қалды. Сенгісі келмеді.
Өтірік… өтірік бұның бәрі. Сен мені алдап тұрсың. Тоқта бұл түсім ғой. Мен қазір оянамын, және бұл көрген сандырағым да ғайып болады, иә солай. Сен тек менің қиялымсың, басқа түк те емес.
Бұл түс, рас айтасың. Алайда менің түс әлемімдесің. Бұл кәдімгі түстен айырмашылығы, адам өңіндегідей бәрі айқын. Еш айырмашылығы жоқ. Айырмашылық сол, бұл жерде армандар орындалады, кіршіксіз мөлдір әлем бола алады. Ал анаңа келер болсақ, айтқаным рас. Сенің мүжіліп жүргеніңді көріп, сыр ақтарғысы келмеді. Ол жайды естісе, мүлде тауы шағылып, сағы сынар деп ойлады. Ол дертке шалдығуына кінәлі жұмыс істеп жүрген зауыты. Жалғыз анаң емес, талай жұмыскердің денсаулығына залалын тигізді. Ауруға шалдықтырғанын біле тұра, ешқандай көмек көрсетпеді, керісінше жұмыстан шығарғанын өзің де білесің. Сендердің әлемдердің әбден кірлеген. Менің түс әлемімде бәрі басқаша болады. Бұл әлем жаман ба? Әкең де, анаң да қасыңда болады. Барлық бақытсыз жандар бақытын табады. Барлық адам мәңгілік ұйқыға кеткенде, табиғи тепе-теңдік орнайды. Өндіріс тоқтайды, әлем кең тыныс алады. Ешқандай соғыс, қантөгіс болмайды. Сонда ғана тазарады. Ол үшін сен өз жаныңды құрбан етуің керек. Қорықпа, сен өлмейсің, бірақ мәңгі менің құрсауымда боласың. Анаң құлан-таза дертінен айығады. Жүрегі жаралы, бірақ жаны таза адам ғана ерекше сәуле шаша алады. Сенің жаныңның сәулесі менің көзіме ерекше күш бере алады…
Түн көрпесін жамылған қаланың шамдары бірте-бірте өшіп жатты. Кенет аспанды қап-қара бұлт торлап, сәулесін шашып тұрған күміс түстес ай қап-қара түске боялып, ортасында қызыл дақ пайда болды. Ай үлкен көзге айналды, елес арудың сиқырлы көзіне айналып кетті. Көшеде келе жатқан адамдар жаппай талықсып құлап жатыр. Өзгеше кейіптегі айдан тараған қызыл сәуле әр үйдің терезесіне де кірді. Ол сәуледен ешкім құтылар емес. Барлық саңылау тесіктен өтіп кеткен қызыл сәуледен құтылған тірі пенде қалмады. Әлем мәңгі ұйқыға кетті…

Ерзат Ермағамбетов


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика