Түрмеде орындалған тілек

10 Сәуір 2018

Бұл әңгімені Түркия мен Қытайдың тас қабырғалы түрмелерінде жапа шегіп жатқан мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерге, момын жігіттер мен момын қыз-келіншектерге, ақжаулықты аналар мен батагөй аталарға арнаймын.

(Автор)

Шағын ауыл мешітінің алды. Бір топ жігіт өзара әңгімелесіп тұр. Жасы ересек тартқан біреуінің сөзіне өзгелері ентелей түседі. Бурыл сақалды, еңселі, басындағы тақиясы төбеден бүріле тігілген жігіт ағасының тілі жатық, қазақша мақалдап сөйлейді.

– Этно-мәдени орталықты ақыры өткізіп беретінім белгілі болған соң түрлі қорқытулар, үркітулер басталды. Ананы салды, мынаны жұмсады, болмады. Бір күні прокурордың рұқсатымен қамауға алды. Сондағы айтқандары біреуге пәре берген көрінем. Бәле-жала, ауру-сырқау, өлім-жітім бір Алладан екенін жақсы ұғынғанмын. Сондықтан оған аса бас ауыртпай, құлдық деп ілесіп жүре бердім. Басында ештеңеге көңіл аудармай, өзімді сабырлы ұстадым, әйтеуір бір күні бостандыққа шығарыма сендім. Өйткені, сүттен ақ, судан таза екендігім өзіме белгілі. Бірақ түрмеге жеткенде түрлі ой келді дейсің, саулап. Алдымен миымды: «Неге бұлай болды? Біреудің көз жасына қалдым ба? Әлде кешірілмес күнә жасап қойдым ба?», – деген сұрақтар анталап, жегідей жеді. Алайда бірде бірінің жауабы жоқ.
Қойшы, ақыры ол жайында ойлауды да ұмыта бастадым. Тергеу жүріп жатыр. Кейде апта аралатпай шақыртады, кейде бір айға ұмытып кетеді. Сонда да айтқанымнан танар емеспін. Тергеушім: «Нағыз вахаббитсің!», – деп тілдейді ашуланған кездерінде. Сосын көзін қарашығыма қадап тұрып, маған жаны ашитынын, сол үшін келісуім керектігін барынша жұмсақ тілмен жеткізуге тырысады. Ондайда өз айтқанымнан танбаймын. Кей күндері кәдімгідей әңгімелесіп қаламыз. Бір күні күтпеген жерден:
– Вахаббитсің, оңбаған! – деп салды. Оның сөзіне сабырмен:
– Олай демеңіз, уахаббит дегеннің не екенін қайдан білесіз? Адамға жалған айып тағу күнә, тіпті, адамдар арасында ұят болады, – дедім шынайылықпен. Ойланып қалды. Бірақ тағылған айыпты дәлелдеу керектігі есіне түскенде қайта түйілді. Ол өзінің дұрыстығын дәлелдегісі келеді. Мен де танбадым. Сөйтіп, тергеу жалғасып жатты. Түс қайта әкетететін түрменің тар дәлізіндегі сызды ауаны қараңғы түсе бір-ақ иіскейтін күндерім де болды. Тергеушім тағылған айыптарды маған мойындатқысы-ақ бар, бірақ істемеген қылмысқа қалай қол қояйын?! Ол да қайтпады, мен де өз сөзімнен бас тартпадым.
Бірде капитан шенді тергеушім бір айдан аса уақытқа жоғалып кетті. Келе сала:
– Сен мені қарғадың ғой, айтшы, бір ай бойы ауырып қалдым?! – деп бастырмалатты. – Басым солқылдап ауырады, көтере алмаймын. Ондайыңды қой, менде нең бар?! Мен жәй ғана тергеушімін, жұмысым сондай, бұйрыққа мойынұсынам. Соны дұрыс түсін, бірақ, істегеніңді мойындап, істеген қылмыстарыңды растасаң жеңілдік беріледі.
– Қандай қылмыс? Нендей қылмыс жасаппын, соны дәлелдеп беріңіз, – дедім аз-кем үнсіздіктен соң. Өйткені, іштей Аллаға сыйынып, сөзімді бісмілләмен бастаған болатынмын. Айтқанымнан танбайтынымды ұғынған болуы керек тергеуші сол күні сұрайтынын қысқа қайырды. Бірақ ойланып кетті. Өйткені, мен оған уахаббизмнің артында не тұрғанын тәптіштеп түсіндіргендей болдым және мені ол топқа қоспауын өтіндім. Арадағы әңгіме үнсіздікпен аяқталды. Содан жолай көп-көп истиғфар айтып, камераға оралдым. Алланың кешірімінсіз ештеңеге қол жеткізбейтінім анық еді.
Шынында тар қапасқа түскен адам ең алдымен өзінің істеген істерін ойша шолып, жасаған жақсылығын, жіберген кемшілік-қателігін саралайды екен. Мен де сөйттім. Басында біреуге қиянат жасаған болармын, сол арқылы осындай күйге түскен екенмін деп ойладым. Себебі, пайғамбарым Мұхаммед мұстафа саллаллаһу алейһи уә сәлләм бір хадисінде: «Үш адамның дұғасы қабыл. Бірінші – мазлұмның, екінші – ата-ананың, үшінші – жолаушының дұғасы. Ал, мазлұмның наласы мен Алла Тағаланың арасында перде болмайды. Сондықтан кәпір де болса біреуді жәбірлемеңдер», – деп ешкімді де ренжітуге, назаландыруға болмайтынын ұғындырады. Осы хадис ойымнан шықпай, өзімді іштей жазалаймын. Өйткені, күтпеген жерден істі болып, жауапқа тартылу расында да сондай ойға жетеледі. Жатып алып жалғыз ойлағаным кімді жәбірлегенімді табу. Алайда есімнің түзуінде бірде бір пендені тікелей ашуландырып, бетінен алып, төсіне шаппаппын. Оллаһи-билләһи есімде жоқ. Мүмкін жасаған ісім арқылы жанамалай, алыстан орағыта қапаландырдым дегеннен де бейхабармын. Ақыры ойлайтыным сол болды. Жатсам да, тұрсам да ойымнан бір шықпады, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылдым. Соның маған септігі тиді ме деймін. Себебі, тәубені көп-көп жасап, Алла Тағалаға жалбарынуды көбейттім. Түнгі намазға жиі тұра бастадым. Сұрайтыным – ақ-қарасын ажырату, жабылған жаладан құтқару. Бір жақсысы қолымда бар кітаптардың арасында өзіміздің ғалымдар жазған «Ислам ғылымхалы» деген кітап бар еді. Содан бір істің қайырын білу мақсатында оқитын Истихара намазы жайлы дерекке қанықтым. Соны медет тұтып, тағдырымды жаратқан Аллаға табыстадым. Содан кейін-ақ, көңілімдегі күдік сейіліп, күнделікті тіршілікке еніп кеттім.
Абақтыда қайдағы тіршілік дерсіз?! Таңертең ұйқыдан тұрған соң әркім өзі білетін шаруаның басын қайырған сияқтанады. Сондағысы әрлі-берлі сенделіп жүру ғана. Бойға қан ұйып қалмас үшін қамақтағы адамға қозғалыс, жүріс пайдалы. Мен де олай-бұлай теңселіп, ұзақ жүремін. Жүрген сайын тілмен Жаратқан Аллаға шүкірлік айтып, ойша кешірім тілеймін. Бір шетінен мен үшін үлкен мектеп еді. Тіпті, әрбір сәтті жаратушыға арнап, көп сөйлемеуге айналдым. Андыздап келер ойлар мен жайларды парықтай әрі пысықтай жүріп, Жүніс пайғамбардың да осындай халге тап болғаны, қапаста жатып, Құдайымен тілдескені ойыма оралады. Оның басына түскен Алланың сынағы маған да берілгенін ойлағанда көңілім серпіліп, кәдімгідей қуанып қалам. Себебі, Жаратқанның назарында болу барша мұсылманның арманы емес пе?! Сөйте жүріп, арасында дәлізді күзеткен жауынгерлерге уағыз-насихат айтамын. Әлемнің жаратылысы, жер шарының айналысы, ондағы тіршіліктің қайнар көзі, жанды мен жансыздың өзара байланысы, мықтының әлсізді жүндеуі, жыртқыштың момынды жем қылуы, бәрі-бәрі бір Алладан екенін өз әлімше ұғындырғандай болам. Әр тақырыпты сөз қылған сайын өзімнің рухани байи түскенімді сезем. Бала күнімнен жадымды жаңғыртқан қазақ тілінің байлығын осындайда ұғынады екенсің.
Бір күні түрменің бастығы резеңке сойылды жауынгердің айдауымен алдына алдырды. Әлденеге басы әбден қатса керек, көзі қызарып, түрі әбіржіген түрме бастығы салған жерден:
– Сені адасқандарды тура жолға түсіреді дейді ғой. Сол рас па? – деп сұрады. Тап басып айтуға қиын сауалдың жауабын кейін түсіндім. Сөйтсем, түрмеде қысым көрген жастардың арасында өз-өзіне қол салмақ болғандар шығыпты. Әсіресе өткен түні тергеуден шаршаған бір жас жігіт білегін тіліп жіберіп, күзетшілерді әбігерге салыпты. Қиылған тамырдан атқылаған алқызыл қан камерадағыларды шошындырып, айғай-шу шыққан. Абақты дәрігерінің жедел жәрдемінің арқасында әупірімдеп жаны қалған бейбақ қатаң қадағалауға алынған. Енді психикалық науқасқа айналмай тұрғанда уағыз-насихат айтылуы тиіс көрінеді. Соған менің көмектесуім керек. Ондайдан несіне тартынайын?! Іштей жүрегім қуаныштан алып ұшса да, сыр білдірмегенсідім. Шынында бұл Жаратқанның берген мүмкіндігі еді. Алла Тағаланың дінін түсіндіру, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру мұсылманның ең сүйікті ісі. Менің ішкі қуанышым осыған негізделген болатын. Сондықтан бірден келісіп, әлгі жігітті камераға алдырдым. Санитарлық бөлімнен келген жас жігіттің жүзі ақсұр тартып, бет-әлпеті қуқылданып тұр. Аз-кем тілдескен соң басындағы жағдайды сұрап біліп, өмір адамға берілген зор нығмет, үлкен байлық екенін аздап ұғындырғандай болдым. Қазақтың: «Мұсылман болмақ әсте, әсте» – деген сөзі рас екеніне тағы бір мәрте көз жеткізіп, іштей шүкірлік білдірдім. Күн санап беті бері қараған әлгі жігіт біртіндеп оңала бастады.
Суды да қаңсыған жерге құю керек. Тусырап тұрған топырақ өмірдің нәрін бірден сіңіріп алып, өсімдік атаулыны қаулатып жібереді. Көктемнің алғашқы күндерінде сіркіреп жауған жаңбырды көрген адамға жақсы таныс табиғи құбылыстың аяғында өнім мол түсетіні шындық. Дәл сол секілді денесін жарақаттаған жігіт ақиқатты тануға құлшына кірісті. Ә, дегенде, бес парызды ұғынған ол кәлима-шаһадатты оңай қабылдады.
«Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деген сөзді бала күнімде көп естідім. Алғашында халық ауыз әдебиетінен алынған шығар деп жүретінмін. Кейіннен Абай Құнанбайұлына тиесілі екенін білгенде қатты таңғалдым. Сол айтқандай, қасыма алынған жас талапқа бар білгенімді үйретіп, шынайы мұсылман қандай болатынын барынша түсіндірдім. Алғашында сүлесоқ, немкеттілеу көрінген ол өмірдің мәнін ұғынған сайын қарыштай адымдады. Жаратқан өзі уәде еткеніндей қадам басқан құлына құлаш аша жүгірді. Аз уақыттың ішінде кішігірім медресеге пара-пар біліммен сусындаған шәкіртімнің ынта-ықыласы арта түсті. Күнделікті ұзақ-ұзақ дұға жасаймыз. Сұрайтынымыз – елдің, жердің, мемлекеттің амандығы, халықтың имандылығы, басшылықтың адалдығы, пенделердің тура жолға түсуі. Аттарын атап-атап таныстарымыздың, жақындарымыздың, дос-жарандарымыздың құлағын ертелі-кеш шулатамыз.
Сөйтіп жүргенде асылып өлмек болған тағы бір жігітті қатарымызға әкеп қосты.
Құдайдың құдіретіне шек жоқ. Алыс, жақындағыны айтқызбай біліп, пендесінің сұрағанына лайықты жауап қататын Алла адам баласының нені көтеріп, неге шамасы жететінін жетік білетініне тағы көз жеткізе түстім. Соны ұғынған сайын көкірегімде өзіме деген сенім нығайып, Жасағанның мейірімі шексіз екенін терең түсіне түстім.
Арада біраз уақыт өткенде қарнына пышақ тығып, өмірмен қоштаспақ болған бозбаланы әкелді. Келгендердің бәрінің де көкірегінде үміт оты өшіп, белгісіздіктен қажығандық байқалады. Бір сәттік қиындыққа мойыған жастарға білгенімді айтып, бар оқығаным мен көңілге тоқығанымды үйрете бастадым. Жақсылыққа құштар көңілдер қамыққанын, қажығанын ұмытып, кемелдікке ұмтыла түсті. Күнделікті бес уақыт намаздың ләззатын татып, әрбір сәтте Алланың есімін ұлықтай алатындай күйге жеткен, адам баласына жүктелген ұлы міндет – жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру екендігін түсінген жігіттер біртіндеп, нәпсімен күрестің не екендігін ұғына бастағандай күйге түсті. Соларға қарай жүріп, өзімнің иманым күшейді, о дүниеге, қабір азабына, тозақ отына деген сенімім нығайды, сол арқылы білімім молайды. Өзің байқамағанмен сырт көзге бірден білінетіні қабілет-қарым екен. Сол арқылы адам ұстаздыққа қол жеткізеді. Мені де қасымдағылар «Ұстаз» деп атауға айналды. Ай сайын қатарымыз молайып, камерадағы намазхандардың саны арта бастады. Күннен күнге Ислам дінінің асыл құндылықтарымен танысып, Жаратқан Алла Тағала бұйырған үкімдердің сырын ұғыну мен үшін де үлкен мектеп еді. Оған Құран Кәрім көмекке келді. Аудармасын оқыған адамның өзі ондағы мысалдардың бекер айтылмағанын ұғынуға тереңдеп, өзіне қажетті жауаптарды таба түседі. Менде сөйттім.
Бір күні мұсылмандықтың көркем мінезбен өлшенетінін түсінгенде барып, есіме неліктен түрмеге тап болғанымды білдім. Санама ашық бір нұр құйылғандай миым жарқ ете қалды. Сонда барып, намазды алғаш бастаған күннің бірінде іштей: «Е, Аллам, маған адамдарға өзіңнің ақиқатыңды үйретуді нәсіп ете гөр! Қиын күннің өзінде өзіңе қызмет етуге даярмын. Тіпті, қамауда да өзіңнің хақтығыңды айтудан танбаймын!» – деп жалбарынғаным есіме түсті. Осы уаққа дейін неге ұмытқанмын? Неге еске түспеді? Бір Аллаға мәлім. Анығы тілеуімнің дәл осылай болғанында. Қасиетті Құран кәрімге жүгініп, басымдағы хәлдің себебін анықтамақ болған күндердің бірінде «Жүсіп» сүресінің 100-ші аятында Жүсіп пайғамбардың Жаратқан Алла Тағалаға арнап: «Раббым, шынында да қалағанын ең жақсы түрде әрі ешкімге сездірместен жүзеге асырушы. Ол сөзсіз, Алим (шексіз ілім иесі), Хаким (әр үкімі мен әр ісі көптеген хикметтерге толы асқан даналық иесі)» – деген мадақтауын оқығанмын. Сонда көңіл аудармаған басыма осы аят сап ете қалды. Бірден оқып, аяттың растығына көз жеткіздім. Міне, барша ғаламның, күллі жаратылыстың иесі Алла Тағала ешкімнің, ештеңенің тілегін аяқсыз қалдырмайтынын осылайша ұғып, осылайша түсіндім. Түсіндім де дәл осы сәтте мені көріп тұрғаны санамда қылаң беріп, денем дір ете қалды. Қарсы алдымда барша жанды мен жансыздың, күллі әлемнің жаратушысы бар екенін ойлағанда еріксіз сәжде жасадым. Сөйтіп, өзімнің Иеме құлдық ұрып, басымды идім. Әлсіздігіме, қауқарсыздығыма шағынып, жәрдем сұрадым. Көзімнен қуаныштың ыстық жасы тамшылады…

Қызық… Адам баласы қол созған нәрсесіне ұмтылған сайын көздеген межесі жеткізбей, әне-міне қолға түсетіндей, күтпеген жерден келе қалатындай көріне түседі. Соған бар назарын аударған пенде шіркін өзге дүниені көзге ілмей кетеді. Айналаны дұрыс бақылай алмай, ненің не екенін ажыратудан қалады. Соның кесірінен жақсы мен жаманды парықтамайды. Күллі ғаламдық жаратылыстың сыры туралы мүлде ойламай, қайдағы бір керексіз нәрселерді ойша қорытып, өзінше пікір қалыптастырады. Алайда Жаратқан Алла Тағаланың адамзат үшін жасаған жоспары бәрінен үстем түсіп, өзекті пенденің оңай адасатынын ұғындырады. Сондықтан Алла қаламаса ештеңе болмайтыны қазақтың «Құдайсыз қурай сынбайды» деген тәмсіліне айналған-ау?! Мысалды алыстан іздемей-ақ, менің басымдағы жағдайды алайықшы. Жасағаннан өзім тілеп алғанымды ұмытып: «Қандай күнәм үшін айыпты, жазықты болдым?» – деген ойдың ұшығына шыға алмағаным күні кеше емес пе?! Неткен парықсыз едім…
Жаратқан Алла Тағаланың басыма салған сынағы өз тілеуімнен екенін ұғынғаннан сәттен бастап, үстімнен қозғалған қылмыстық істің тергеуі жылдам жүріп, сотта тағылған айып толық дәлелденбей шартты жазамен босап шықтым. Аллаға шүкір, «Ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде» – дегенді айтқан қазакеңнің даналығына көзім жете түсті, – деген жігіт ағасы әңгімесін тәмәмдағанда күн ұясына қонып, ақшам кірген-ді.
Шағын ауылдың аспанын азан даусы керней түсті.

Мәди Алжанбай

«Ислам.kz»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика