ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА – 1 ЖЫЛ! ТАРИХИ ӨЛКЕ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

17 июля 2019

Биыл Түркістан облысының құрылғанына бір жыл. Атаулы дата. Тек қана еліміздің ғана емес, күллі түркі жұртының рухын оятқан бұл тарихи шешім Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының бір көрінісі еді.

Осы орайда, Түркістан облысының жариялануы және облыс орталығын көшіруі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Нұр-Сұлтанға алып келген идеясымен сәйкес дегім келеді, — деген танымал журналист, тележурналист, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы, «Алтын жұлдыз» сыйлығы, Қазақстан Президенті степендиясының иегері, «Деректі фильмнен үлкен киноға дейін» кітабының, 25 деректі фильмнің авторы, философия ғылымының докторы, Халықаралық Телевидение және радио Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Махат Садық – Түркістан – үлкен мәдени орта, тарихи орын, — деп атап өтті.


— Жалпы, біз сонау тоқсаныншы жылдары журналистиканы енді бастаған кезімізде, Өзбекстанда талай болдық. Марқұм Ислам Кәрімов біршама уақыт — Түркістан – өзбектің жері. Мәдени орталық тек қана өзбектерге қатысты, — деген пікірлерін көп айтатын. Бұл туралы біраз әңгімелер болды шыны керек. Осы жөнінде Ислам Кәрімовке сұрақ қойған кезімде, сол кездегі өзбек Президенті – Қазақтар да Ташкентті өзіміздің астанамыз деп санайды, біз де Түркістанды өзбектің мәдени орталығы деп санаймыз, — деген. Ол кезеңдер өткен секілді. Дегенмен де Түркістан – бұл тек қана түркі мәдениетінің ғана емес, бүкіл әлемдік өркениеттің орталығы деп мойындалуы керек. Басты мәселе – Өзбекстандағы Самарқан, Бұхара, Хиуа, Қоқанға жыл сайын жүз мыңдаған туристер келеді. Енді Түркістанды облыс орталығы еткенде, тек қана шенеуніктер мен құрылысты қаптатып, ақшаны жүргізудің ғана жолын ойламау керек. Қазіргі облыс әкімі мәдениет орталығын ашып, мықты ғалымдарды жинағаны жөн секілді. Орталық Азияны әлеуметтік-экономикалық, әскери тұрғыдан зерттеп, барлап, алға қалай жылжитынымызды айқындайтын ғылыми-зерттеу институтын ашып, оның штаб-пәтері Түркістан қаласында болғаны дұрыс қой деп ойлаймын. Ал Түркістан қаласының басты мақсаты – Самарқанд, Бұхара секілді әлемдік мәдени орталықтардың біріне айналуы тиіс. Сонда ғана Түркістанға облыс орталығын көшірудің біз экономикалық-әлеуметтік, мәдени мәселесін шеше аламыз. Кез-келген қаланы облыс орталығы етуге болады.
Бірақ мәселе, аумағы 117,3 мың шаршы шақырымды құрайтын құрылғанына 1 жыл енді толған облыстың қойылған мақсатты орындауында! Республика бойынша халық саны жөнінен екінші орын алып тұрған облыстың әлеуеті жетеді деген ойдамын. Сондықтан да, жаңа облыс пен жаңа облыс орталығынан күтеріміз мол, — деп сөзін түйіндеді

***

«Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой» — деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай Түркістан ғажап өлке. Түркістанға дәл Мағжандай баға берген ешкім жоқ шығар, бірақ Түркістан туралы толықтыра түсінік бере кетейікші – деген туризм саласының сарапшысы, саяхатшы, Қазақ радиосындағы «Saparlike» бағдарламасының авторы және жүргізушісі Амандық Әмірхамзин Қарнақты еске ала отырып – біріншіден, Түркістан түркі жұртының ұлысы, екінші, Түркістан дегеніміз көп жағдайда Орталық Азияға қатысты айтылады, әрине басынан бағы тайған Шығыс Түркістанымызды (Шығыс Қазақияны) ұмытпақ емеспіз. Түркістан облысы және оның бас қаласы Түркістан туралы жақсы білеміз. Тарихи нысандарды айтқанда әрине «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі есімізге түседі – дейді.
Түркістан жерінің тарихи нысандары да әлімсақтан белгілі, мысалы, Қарнақты алайықшы – деген ол, — Түркістан облысына сапарым барысында ерекше ден қойған жерлерімнің бірі Қарнақ болды. Қарнақтың, Шорнақтың, Жүлектің, Иқанның, Хантағының атына бұрыннан қанықпын. Оқыған тарихи кітаптарымда бұл қалалардың-қамалдардың қазақ тарихында ерекше орын алғанын білемін. Енді, неліктен Қарнаққа ерекше тоқталатынымның себебін түсіндірейін. Қарнақ – Түркістан шаһарының іргесіндегі қала, сол заманның өзінде Қазақ хандығы астанасының қазіргі тілмен айтқанда агломерациясы болған. Оған Қарнақтың тағы бір атауы Ішкі кент — Ишкент те дәлел бола алады. Негізі, Қарнақтың тарихты Қазақ хандығынан да әрі жатыр, дәлірек айтқан оғыздар заманымен байланыстырамыз. Оған дейін де қоныстың болуы әбден мүмкін. Темір дәуірінің қорымдары да бар деседі. Оғыздар мен қыпшақтардың арасындағы текетірестер оғыз тайпаларының батысқа жылжуына себеп болған еді, ал оғыздардың қазақ даласынан кеткенін бәріміз білеміз. Арғы жағын қазбаламай-ақ, Әмір Темірдің Түркістандағы атақты қазандықты осында құйғанын тарихи деректер айтып кетті, соған қарап-ақ, Қарнақтың қару-жарақ, оқ-дәрі, құйма, металлургия өндірісі орталығы болғанын көреміз. Қазіргі Кентау да Қарнаққа тиіп тұр. Шынында да Қарнақтың Қазақ хандығы дәуірінде де мемлекеттің оқ-дәрісін өндіретін, қорғасынын балқытатын орталығы болғаны түсінікті, менің ойымша тіпті Түркістан мен оның іргесіндегі қала-қоныстарда еңбек бөлінісі болған деп ойлаймын. Мәселен, ұстазым Жамбыл Артықбаевтың жазуынша Әз-Тәуке заманында бұл өңірде (оңтүстікте) қазақ жұртшылығының отыз екі қаласы болған екен. Қарнақтың тағы бір ерекшелігі – оның Түркістанда орналасқан қазақ мемлекетінің астанасына келетін меймандары үшін арнайы қонақ үй іспеттес орынның болуы, мейманхана дейміз бе, әлде қонақ үй дейміз бе? Мемлекет болған соң, кейбір мәселелер бойынша өзге елден ат артып келген меймандар ұзақ кідіруі де мүмкін ғой? Осы ретте, ежелгі түркілердің жатжұрттықтар келген кезде оларды оттың арасынан өткізіп, аластайтын дәстүрі есіме түсіп отыр. Сол сияқты өзге елдіктерді де әуелі арнайы зерттеп көрген шығар? Кім білсін?! Былайша айтқанда, мұнда дипломатия орталығы орналасқан, қазақтың сұлтандары мен батыр-билерін бала жастан тәрбиелеп, мемлекет ісіне дайындаған ғой. Қарнақтың тағы бір ерекшелігі, оның ислам діні, білім-ғылым орталығы болғанын да айтып өтейік. Айтқандай, исламның қазақ даласына таралуымен сәйкес келетін 1300 жылдық (кейбіреулер мың жылдық деседі) тұт ағашы Қарнақта әлі жайқалып тұр. Ортасы шіри бастағанымен ағаштың бұтақтары әзір мығым. Дәл осы жерде оңтүстікте көп өсе бермейтін ақ қайыңдар да жайқалып өсіп тұр. Жаңағы тұт ағашын 5-6 адам қоршап барып қаусырған кезде ғана құшаққа алуға болады. Жан-жағы ескі қорым екен. Дәл осы жерде қазандық құйылған деген жерді көрдім (әрине, нақ осы тұт ағашы түбінде құйылғанына нақты дерек жоқ). Қарнақта заманында жиырма екі медресе болыпты, кейінгі белгілісі әрине үш-төртеуі ғана. Мәселен, кейінгі заманның өзінде Қарнақта қазақтың біртуар ұлдары – Шортанбай Қанайұлының, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Мұса Байзақұлының тәлім алғаны белгілі. Бұл белгілілері ғана, тіпті аталған дәстүр кеңес заманында да жалғасын тауыпты. Қарнақтың дін ордасы ретіндегі рөлін айттық, әрине жиырма екі медресе болса, халқы да көп деген сөз ғой. Мысалы, 18-19 ғасырларда кентте 10-11 мың халық түрса, 19 ғасырдың соңында Қарнақта әлі 2 мың халық тұрған екен, ғасыр басында халқы қайта төрт мыңға дейін көтеріліпті. Қазір білуімше кент халқының саны 15 мың шамасында екен. Қарнақтың бірде өсіп, бірді құлдырауы бұрын да болған, мәселен, монғол шапқыншылығы кезінде қала күйреп, 15 ғасырда қайта қалпына келтіріледі. Кейінгі тағдыры белгілі. Тағы бір деректерде мұнда да қылует болғаны айтылады. Қалай десек те қазақ халқының рухани һәм мәдени-тарихи өмірінде Қарнақтың алатын орны айрықша – деп ой түйіндеді.

А.Әмірхамзин сондай-ақ — ЮНЕСКО тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Йассауи мавзолейінен кейінгі маған өте ұнаған кешен — ол Аппақ ишан сәулет кешені болды. Дәл осындай деңгейдегі ерекше құрылысты бірінші рет көруім – деген пікірін де жеткізді.
— Әрине, сондықтан да өзге де тарихи нысандардың өлкенің туризмін дамытуы жолындағы рөлі күшті, ежелгі қала – Сауран мен Отырар жазирасы да туристерді ұялмай апарып, көрсететін жерлер. Облыстың туризм басқармасы Арыстан бап пен Отырарға, оларды дамыту және абаттандыру үшін және техникалық-экономикалық құжаттарын жасау үшін тиісінше 252 млн. және 7,6 млн. теңге (Арыстан бап) және 224 млн. және 5,9 млн. теңге (Отырар) бөліп отыр деген сарапшы құрылғанына бір жыл толған өлкенің туристік әлеуеті зор екенін жасырмады.

Түркістан облысының құрылуының бірнеше астары бар, — деген журналист-әлеуметтанушы Амангелді Құрметұлы өңірдің рухани және әлеуметтік, экономикалық сипаттағы астарына тоқталды.
— Өздеріңізге мәлім былтырғы жылға дейін елімізде түркілік атауға ие қала немесе елдімекен саны көп бола қойған жоқ. Шығыс облыста Алтай атауы қалаға берілсе, Тұтас Түркістан деп бір облыс аталды. Күллі түркі өркениетінің киелі атауы ғой бұл. Рухани тұрғыдан күллі түркі баласының бірігіп, бір-бірін тани түсуіне ықпал етері сөзсіз енді. Өңір атауы Түркістан деп өзгертілген кезде әлеуметтік желілерді түгел қарап отырдық. Түркия, Әзірбайжандағы әлеуметтік желі белсенділері мен түркі тілдес көрші ел халықтарының қуанып, оң бағасын бергеніне куә болдық. Аталмыш тақырыпты рухани тұрғыдан бағалауымыздың да өзіндік себебі бар. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен соңғы жиырма жылда түркі интеграциясы әжептеуір деңгейге көтеріліп қалды. Рас, түркі халықтарының саяси немесе экономикалық одақ құрау қоюы әзірге неғайбыл. Аймақтағы геосаяси жағдайларға байланысты түркі одағын құру әзірше мүмкін емес сияқты көрінеді. Супердержавалар мүмкіндік бере қоймас. Бірақ,ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар түркі халықтарының мирасын түгелдейтін қор да құрылды. Түркі кеңесі тұрақты жұмыс істеп отыр. Түркі тілдес мемлекет басшылары жыл сайын саммит өткізуде. Меніңше интегарцияның мәдени-гуманитарлық тәсілі түптің-түбінде саяси-экономикалық ынтымаққа алып келері сөзсіз. Түркістан атауының облысқа беріліп, қаланың өңір орталығына айналуы осындай интеграциялық үрдістерге ықпал етеді деп ойлаймын. Түркістан атауы тұтас бір облысқа берілгенде шағын шаһардың мәртебесі күрт өсті. Бұл – күллі түркі әлеміне тасталған және нақты істерді талап ететін меседж десек те болады, – деген сарапшы аталған тақырыптың әлеуметтік-экономикалық астарына да тоқтала кетті.
Бұл шараның әлеуметтік-экономикалық астары да бар. Өздеріңіз білесіздер, оңтүстік өңірде жұмыс күші мол. Еңбек нарығында қайшылық бар. Сұраныс көп, жұмыс ұсынушы аз. Аймақтың демографиялық өсімі жоғары. Шымкент қаласын қоса есептегенде өңірде 3 млн халық бар. Облыс аумағының аса үлкен еместігін ескерсек, мұндағы халықты толық жұмыспен қамту қиын іс. Сондықтан, халықтың төлем қабілеті мен әлеуметтік жағдайын бірқалыпты деңгейде ұстап отыру үшін уақытша бола да жұмыс ұсыну қажет. Түркістанынң облыс болып құрылуы аймақта екі ірі мегажобаның басталуына себеп болды.Екі қала жаңғырып, дамитын болады. Демек, кемі бес-он жылға жұмыс бар деген сөз. Шымкент қаласының 117 мың гектар территориясының өзі ірі құрылыс алаңына айналғалы тұр. Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы халықтың әл-ауқатын арттырары анық. Қалада ірі құрылыс нысандары салынып, инвестиция тартылады. Соңғы жылдары елімізде ішкі миграцияны реттеп тұрған мегажобалардың азайғанын байқаймыз. Бұрын түстіктегі азаматтардың біраз бөлігі елордаға келіп еңбек етті. Маусымдық жұмыс болса да теріскейден нәпақа іздеді. Астана 20 жыл бойы елдегі еңбек күшінің біраз бөлігін өзіне тартып тұрды. Енді ондай мүмкіндік төмендеп отыр. Ірі жобалар түгел аяқталды. Дәл осы сәтте Түркістан өңірінің құрылуы аймақта жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болып отыр. Меніңше бұл тиімді болмақ. Сонымен қатар, өңірдің
дамыту ісі ел азаматтарының шетелдерге, соның ішінде Ресейге барып жұмыс істеуін аздап болса да тежеген сыңайлы. Мұны да тарихи шешімнің жағымды әсері ретінде бағалау керек.

Тарихи Түркістан ұғымы ХІХ ғасырда Орталық Азия елдерінің ортақ атауы болды. Бертін келе Түркістан Автономиялық Республикасы да тарих сахнасында дәл осылай аталып, Орталық Азия елдерін біріктіргенімен кейінірек Кеңес үкіметінің құрамында жұтылып кетті, — деген белгілі саясаттанушы, Еуразиялық интеграция институтының Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Қазбек Майгельдинов, — Орталық Азиядағы геосаяси жаңа бағытта Түркістан облысының дербес шығуы Қазақстанның күллі түркі әлеміне үлгі көрсетіп, нақты шешім қабылдауы құптарлық жайт, — деп өз пікірімен бөлісті.
— Жаңа ашық бағыттағы экономикалық-саяси бағытқа көшіп жатқан Өзбекстан үшін де аталған аймақтың геосаяси маңызы зор. Осы орайда, Елбасы дер уақытта нақты әрі тарихи шешімді қабылдады. Жаңа облысты құрды. Түркістан облысы мен Шымкентте ел халқының жиырма пайызы қоныстанған ғой. Оған қоса аймақтың әлеуеті де өте зор. Бұл – Қазақстан үшін ғана емес, батыс елдерімен өзара байланыста транзиттік көлік инфрақұрылымына өз әсерін тигізетін фактор. Елбасы айтқандай, биыл құрылғанына бір жыл болған облыс инвесторлар мен түрлі қаржы көздерін және жаңа технологияларды тартуда таптырмас территория. Облыстың импульсті дамуы үшін, жаңа ғана сөзіміздің басында айтып өткен Өзбекстанмен бәсекеге қабілетті болуы үшін аймақты көтерудің маңызы зор.
Рас, бір жыл аз ғана уақыт. Облыстың құрылып, оның орталығындағы түрлі инфрақұрылымдық мәселелердің шешілуі, құрылыс обьектілерінің жаңаруы жергілікті тұрғындарға да шарапатын тигізуде. Түркістан – тек қана дамушы қала, дамушы облыс емес. Бұл – біздің және түркі тілдес халықтардың мәдени-тарихи және рухани орталығы. Ойымды былай айтайын, Нұр-Сұлтан – еліміздің саяси-әкімшілік басқару орталығына, әлемнің бейбітшілік платформасына айналса, Алматы – қаржы мен бизнестің шоғырланған нүктесі деп танылды.
Түркістан да жаңа статусына орай, дәл сондай мәдени-гуманитарлық бағыттағы рухани орталығымыз болуы керек. Алдағы жылдары атқарылуы тиіс қаншама жұмыс бар. Халық тығыз орналасқан аймақ даму тұрғысынан еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда жоғары рейтингтерді көрсетеді деген үмітіміз бар. Себебі, аймақтардың дамуында тепе-теңдік болуы қажет. Өйткені, оңтүстік аймақтар халықтың тығыз орналасуына сай жалақы, жұмыспен қамту тұрғысынан өзге өңірлерге қарағанда артта қалып келген еді. Сондықтан, жаңа облыстың құрылуымен түйтілік шешілмеген түрлі мәселелер өз шешімін табады деген сенімдеміз.
Мықты мемлекеттің тұғырын құруда Түркістан секілді қазақтың игі жақсылары жатқан қаланың бұл тұрғыдағы потенциалы еліміздің өзге
қалаларына қарағанда әлдеқайда жоғары. Тарихи шындық қой бұл? – деген Қ.Майгельдинов — күтетініміз Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің өсуі, — деп ойын түйіндеді.

Түркістан облысының әлеуметтік аспектілеріне тоқталған белгілі әлеуметтанушы, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты (Оңтүстік Калифорния және Манчестер университеті) Исатай Мінуаров – Бұрыннан периферия деңгейінде болмаса да, өзіндік ерекше статусы болған Түркістан өлкесіне деген қазақстандықтардың көзқарастары мүлде ерекше. Біраз шаруа атқарылып жатыр. «Түркістан» ӘКК» АҚ қолдауымен тұрғын-үй құрылысы қарқынды жүруде екен – деген ол жыл соңына дейін статистикалық деректерге сүйенсек, әкімдік қызметкерлері мен жалпы жоспар бойынша 44 тұрғын үйдің қолданысқа беретінін тілге тиек етті.
— Бұл үйлердің технологиялық ерекшеліктері де бар. Қыста – жылы, жазда – салқын әрбір үйдің бағасы да қолжетімді. Көпбалалы отбасыларға үлкен көмек берілуде. Өздеріңіз білесіздер бұл қазір бізде күн тәртібінде күйіп тұрған мәселелердің бірі. Шыны керек біздің көп басшылық қызметтегі кісілер осы көп балалы аналардың мәселесінен кейін шыңдалды-ау деймін? Бұл менің жеке пікірім.
Одан бөлек 2022 жылға дейін толық газдандыру жұмыстары аяқталады. Әлеуметтанушы ретінде бір байқағаным – 1600 жуық Шымқаладан көшіп келген әкімдік қызметкерлері жыл соңына дейін баспаналы болмақ. Бұл көңіл қуантарлық жайт. Батыстық үлгідегі призмамен қарайтын болсақ, алдымен қызметкерге жағдай жасалуы керек, сосын барып, нәтижені талап ету қажет. Бұл тұрғыда Түркістан облысының әкімдігі жан-жақты жұмыс істеуде, — деген И.Мінуаров – 1032 көпбалалы отбасы 2020 жылға дейін өз үйлерінде қоныс тойын тойлады деген сүйінші хабарды жеткізді. – Қазіргі қоғамда белең алып келе жатқан наразылыққа қарсы жергілікті билік тарапынан жасалған бұл оңтайлы қадам алдағы жылдары өз жемісін береді. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 70 жуық үй соғылуда екен.
Әлеуметтану саласындағы ең маңызды мәселенің бірі – жұмыспен қамту деген күн тәртібіндегі проблема да шешіледі. Жуырда ғана орын алған Түркістан облысы, Арыс қаласындағы оқыс оқиғадан ел тұрғындары тыс қалмады. Мәселен, мендегі бар 6 шілде күнгі дерек бойынша Арыстағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға көмек беру мақсатында «Түркістан» әлеуметтік даму корпоротивтік қорына 1 652 359 888 теңге, 89 тиын түсті. Оның ішінде 258 802 780 теңге, 16 тиын жеке тұлғалар шотынан түскен.
Бұдан бөлек, қорға өзге мемлекеттерден де көмек ретінде 105 049 рубль 25 тиын және 7 810 доллар қаражат аударылған.
Сондай-ақ тұрғындарға гуманитарлық көмек ретінде 519 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек, құрылыс заттары жиналса, 493 тоннадан астамы таратылды. Қоймада 30 тоннадай қажетті заттар қалды. Гуманитарлық көмек
әлі де келіп жатыр екен. Сондықтан құрылып жатқан жаңа облыстың жұмысынан тыс қалмай, әрбіріміз қолымыздан келгенше үлес қосуымыз керек, — деген әлеуметтанушы И.Мінуаров Арыс қаласындағы жағдайға да тоқталып, қолдағы бар деректермен бөлісті.

Өткен жылы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізген ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев – Түркістанды заманауи технологияларды қолдана отырып, өз мәдениетімізге сай қайта жаңғырту керек. Бұл орайда оның ежелгі сәулет өнерін сақтап қалу қажет. Үкіметке, облыс әкімдігіне халық санының өсу қарқынын есепке ала отырып, қаланың бас жоспарын дайындауды тапсырамын, — деген еді. Сол уақыттан бері де бір жыл өте шықты. Жаңарып, түлеген облыстың бір жылда жеткен жетістіктері де аз емес. Сондықтан да елге танымал сарапшылар мен ақыл-ой иелерінен құралған бұл жазбамыз түрленген өлкенің тыныс-тіршілігін аз да болса, айтуға тырысты ғой деген сенімдеміз.

Олжас УӘЛИХАН


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика