Түркі өркениетінің түйткілді мәселелері

7 апреля 2016

Қазақстан тарихын оқыған оқушы түрік мәселесін айналып кете алмады. Себебі түрік халықтарының тарихы біріншіден, ирандықтар арасында Феридун заманынан белгілі, екіншіден, семиттер арасында Нұқ пайғамбардан көп ұзамай пайда болады. Біз түрік тілі ғұндар заманында Еуразиялық далада үстем ете бастаған болар дейміз, одан әрі барғанымыз жоқ. Түрік тілінің Еуразиялық құрылықта орта ғасырлар бойы негізігі қатынас құралы болып келгені белгілі. Түрік тілі тек Қазақстан жерін мекендеген біздің ата-бабаларымыз үшін ғана емес, тұтас Еуразия құрлығының ішкі дәнекері қызметін атқарды. Түркі өркениетінің түйткілді мәселелері
Осыған байланысты түрік тілінің көне және орта ғасырларда өзге әлемге тарауы, қарым-қатынас құралуына айналу тарихы әлі де түсініксіз. Қалай 552-ші жылы ғана мемлекет құрған түркілер осыншама кең-байтақ Еуразия даласына тарап, бас-аяғы он жылдың ішінде үстемдік орната қойды деген занды сұрақ бар. Бұл өте заңды сұрақ және орта ғасырлар туралы зерттеулеріміздің нашарлығынан туындайтын мәселе. 
Шын мәнінде түрік халықтарының тарихы қола дәуірінде Қазақстан жерін арий, қиян / қият/ елдерімен қатар қоныстанған тур /тұран/ елімен байланысты екені күмән тудырмайды. Белгілі дәрежеде кейбір көне деректерге сүйене отырып /Авеста, Гаржасп-наме/ арий тайпаларының б.з.б. ІІ мыңжылдықта Иран мен Үндістан жерлеріне қоныс аударуына турлардың тікелей қатысы бар сияқты. Арий тайпаларының арасында кең тараған Зәрдүш /Зороастризм/ уағыздарын тур /тұран/ қабылдамағаны белгілі. Тур (Тұран) елінің одан арғы тарихының қыр-сырын анықтаудың бір кілті протооғыз және қаңлы проблематикасында деп ойлаймыз. Осыған байланысты «сақ», «скиф» атауларының мән-мағынасына, осы атаулардың «Оғыз қаған» аясында қолданылуына арналған жаңа зерттеулер қажет болады. 
Қалай болғанда да түрік атауы Ұлы даладағы оғыз (саһа, қаңлы) қауымдарының ортасында сақталып, VІ ғасырда Алтай тауларын мекен қылған Ашина әулетінің арқасында қайта жаңғырды. Біз Еуразиялық кеңістікте көп заман екі идея қатар өмір сүрді деп есептейміз, бірі -Алаш, екіншісі -Тұран. Қағанат, яғни орта түркі дәуірінде Тұран идеясы жаңғырып қана қойған жоқ, тез арада Еуразиялық елдердің басын қосатын қасиетті ұранға айналды. Кейін ашина әулетінің билігі әлсіреп түрік тайпаларының ішіндегі өзге күштілері билік олимпіні көтерілді, бірақ бір лаулап жанған түрік рухы содан бері сөнген жоқ. Егер алғашқы Түрік қағанатын көтерген азаматтар өздерінің хандарының тарихын Бумын мен Естемиден бастаса, дамыған орта ғасырларда Қарахан дәуірінде түрктің шежірелері тур заманының қаһармандары Алып Ер тоңға /Афрасияб/ рухына қайтып келді. 
Біз орта ғасырлар тарихын оқыған уақытта хан әулеттеріне қатысты деректерді жеке жүйелеп отыруға күш салуымыз керек. Бұл тұрғыда қазақ аңыз әңгімелерін, шежірелерін пайдаланған жөн. Оған себеп қазақ тарихының негізгі белестерін қазақ шежірелері белгілі бір хандардың өмірімен байланыстырады. Алып Ер тоңға мен Гаржасп туралы тарихи аңыздардың қайта жаңғыруы орта ғасырлық түрік халықтары үшін аса қажет еді. Себебі олар ислам дінін қабылдау барысында өзінің түріктік болмысын, рухын сақтауды көздеді. Әрине, түрік халықтарының бәрі де ортақ саяси дәстүрлерін ұстанып, Афрасиябты дәріптеген жоқ. Бүгінгі күнге дейін түрік халықтарының ішінде әр діннің, әр мемлекеттің шылауында жүргендері көп. Қазіргі күні жер бетінде түрік тілдес елдердің жеті дербес мемлекеті бар, өзге мемлекеттердің құрамында тұратын жүзге жақын ұлыстары мен тайпалары бар. Барлық саны 160 миллионға жуықтаған осы түрік дүниесінің басын қосып тұратын негізгі арна біреу ғана –ол тіл. Олай болса түрік руханиятының қайнар көзі де, ортақ тамыры да тіл мәселесіне аса көңіл бөлген дұрыс. Түрік тілі орта ғасырлар тарихының ең құнды қазынасының бірі- түрік сына жазуларынан да, ру таңбаларынан да, шежіре деректерінен де, батырлық жырларынан да, тіпті жер – су атауларынан де мен-мұндалап түрік дүниесінің басын қосып тұрады.

Жамбыл Артықбаев


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика