Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Семейдегі 28 300 клиенті 2017 жыл қорытындысы бойынша мемлекет сыйлықақысын алады

27 декабря 2017

2017 жылдың қорытындысы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) Семей қаласындағы 28 300 салымшысы мемлекет сыйлықақысын алады. Бұл туралы бүгін банктің Семей филиалы қызметінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында филиал директоры Равиль Сәбитов мәлімдеді. Ол мемлекет атынан бонус алу үшін ТҮҚЖБ салымшыларына 29 желтоқсан сағат 18.00-ге дейін депозиттерін толықтырып үлгеру керек екендігін еске салды. Бұл уақыттан кейін аударылған салымдар 2018 жылдың қаңтар айында есептеліп, жаңа жылдың есебіне кететін болады.

— Бүгінгі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымдар бойынша 13,3%-ға дейін баратын ең тиімді мөлшерлеме ұсынып отыр. 2%-дық негізгі мөлшерлемесі бар депозит бойынша мұндай табыс дәл осы 20% көлеміндегі мемлекеттің сыйлықақысы есебінен қалыптасады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіштен, басқаша айтқанда 453 800 теңгеден аспайтын сома бойынша есептеледі. Яғни жыл бойы біздің клиент осындай сома жинаса не оны бірден шотына салса, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 90 760 теңгеге тең ең үлкен сыйлықақыны алады, — деп түсіндірді Равиль Сәбитов.

 Ол 2017 жылы Семейде тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы 12 000-нан астам келісім-шарттің бекітілгенін атап өтті. Жалпы сомасы 6,8 млрд теңгені құрайтын 850 займның берілген, оның ішінде 306 салымшы аймақтық тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында төмендетілген бағамен баспаналы болды. Олар үшін арнайы 9 үй тұрғызылған. Банктің тағы 544 клиенті қолжетімді заем ресімдеп, қайталама нарықтан үй сатып алған.

2018 жылы Семей тұрғындары дайын жер үйлер сатып ала алатын болады. «Нұрлы жер» бағдарламасының пилоттық бағыты аясында Ақсай кентінде 60 үй салу жоспарланып отыр. Үйлер тұрғызылатын жер телімдерін үміткерлер тегін ала алады, ал баспананың өзін сатып алу керек болады. «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттары бойынша, 1 шаршы метрдің бағасы 120 мың теңгені құрайды.

— Жергілікті әкімдікте кезекте тұрған азаматтар бұл үйлерден үміткер атана алады. Мұндай жеке үй сатып аламын десеңіз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне барып, жеңілдетілген заем алу керек. Ол үшін қазір банкке барып, алғашқы жарнаға деп ақша жинап бастау қажет. Алғашқы жарна үй бағасының кем дегенде 30%-ын құрауы қажет. Жетпейтін соманы банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын заем түрінде береді, — дейді Равиль Сәбитов.

2018 жылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әскери қызметкерлерге арналған жаңа өнімді ұсынуды жоспарлап отыр. Әскери қызметкерлер бюджеттен үй жалдауға деп берілетін тұрғын үй төлемақысын пайдалана отырып өз баспанасын сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен заем ресімдей алады. Қазіргі уақытта «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында 54 әскери бөлімше бар. 4 500-ден астам әскери қызметкер тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет етеді. 

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика