Түргенде зәбір көрген қыздың сараптама қорытындысы жарияланды

15 апреля 2017

Бүгін Алматы облысына қарасты Түрген ауылында мектеп оқушысының педофилден зорлық көргені туралы ақпарат тарады.  Қызын белгісіз азамат қорлағанын айтып ашынған әке, бұл істі соңына дейін жеткізетіндігін айтқан болатын. Жәбірленушіні бақылауға алған дәрігерлер оның сараптама қорытындысын жариялады, — деп хабарлайды Qasym.kz тілшісі.

Дәрігерлер сараптама жүргізу барысында сегіз жастағы қыздың  түрлі жарақат алғанын анықтаған. Оның  бас сүйегіне, миына және көз алмасына зақым келтірілген. Алайда гинекологтар оның денесінен зорлау белгілерін таппады.

«Қазір сот-медициналық сараптаманың ресми қорытындысы бар. Оны анасының көз алдында сотсарапшысы мен гинеколог маман тексеріп шықты. Жәбірленушіге жыныстық сипаттағы зорлық әрекеті жасалмағаны анықталды. Анасының айтуынша, қыз бала оған шабуыл жасалған кезде есінен танып қалған. Оған зорлық жасалды деген болжам болған еді. Алайда, қуанышқа орай бұл күдігіміз дәлелденбеді», — дейді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері Ролан Нұрбаев.

Айта кетейік, Алматы облыстық ІІД өкілдері мектеп оқушысына шабуыл жасалған күдіктінің қолына кісен салынғанын хабарлады. ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті Еңбекшіқазақ ауданының 1985 жылғы тұрғыны. Қазір ол уақытша тергеу изоляторына қамалған. Жәбірленуші қыздың ата-анасы жазған арыздың негізінде тергеу амалдары жүргізілуде.

Жәбірленуші қазір Іле ауданындағы Өтеген батыр елді-мекеніндегі аймақтық балалар клиникалық ауруханасының травмотология бөлімшесінде жатыр. Оқушы дәрігерлер мен психологтардың көмегіне жүгінуде. Болжам бойынша ол емдеу мекемесінде әлі 10 күндей болады.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика