Тұңғышты түлеткен өңір

26 Қараша 2017

Қылышынан қан тамған Кеңестік жүйедегі тәртіп қаншалықты қатал болса, партияның бақылауы да сондай болатын. Елдегі социализмнің жаршысы жарғақ құлағы жастыққа тимей ұрандайтын коммунистер еді. «Газеттен, радиодан Теміртауда алып комсомолдық құрлыс Қазақстанның Магниткасы салынып жатыр. Онда барған жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Қазақстан Магниткасына келіңдер!» – деген ұранды естіп Теміртауға келсек, аты жер жарған құрлыс тұрмақ ештеңе жоқ, жазық дала. Күрек, кетпенмен жер қазып барлығын өз еңбегімізбен салдық. Мен кеңестік коммунистік идеологияның жоқты бар етіп көрсететін саясатын 18 жасымда Теміртауға келгенде көрдім» – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.  

 

Ердің еріне еңбек етудің жөнін ұқтырып, қолына көрік ұстатқан Теміртаудың Домнасы болатты қалай балқытса, Магнитканы салуға келген сан жүздеген жастардың ғұмырын солай қайнатты. Қайнатып қана қойған жоқ құрыш етіп шығарды. Шынықтырды. Соның нәтижесінде атасынан металлург болған әулеттер қалыптасты. Бұл Орталық Қазақстандағы шежіреге бай Теміртау шаһарының нағыз металлургтер қаласына айналуына себеп болды.  

Елдің әр аймағы мен Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен келген тағдырларды тоғыстырған қала екенін айттық. Түрі-мен түсі ұқсамаса да сан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері металлургиялық комбинаттың жұмысына келгенде жұдырықтың бес саусағындай жұмылды. Аянбай еңбек етті. Соның арқасында 1971 жылы Теміртау Қазақстанда тұңғыш қала болып Еңбек Қызыл ту орденіне ие болды. Бұл – еңбекқор жандардың маңдай терімен жазылған тарих. Тағлым алатын тұстары да көп.

Алып зауыт алғашқы шойынын 1960 жылдың 3 шілдесінде берді. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де бір тыным таппай, жылына миллиондаған тонна болаттан өзен ағызып, құрышты суша сапырған комбинат мемлекет басшысының да ұшқан ұясы болып қала бермек. Бұл туралы: «Егер Теміртау болмаса, ондағы Қазақстанның Магниткасы болмаса мен ешқашан Президент болмас едім. Теміртау маған жол сілтеген алғашқы өмірлік мектебім болатын» – дейді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өз естеліктерінде.  

Тарихын тізіп қарасақ Жауыртаудан бастау алып, әйгілі Самарқанд су қоймасы аттас кентке айналған, одан әрі Теміртау болып аталған өңірдің өзі бір шежіре, бір дастан. Атасы металлург болған әулеттер бар дедік. Оған қазақтың маңдайына біткен Тұңғыш Президенттің жүріп өткен жолын қосыңыз. Қарағандының кіндік тұсы болған Теміртаудағы оқиғалар, өңкей  зерттеу, зерделеуді қажет ететін қыруар шаруа болып  кейінгі тарихшыларға қалары белгілі еді. Осыны ерте ойлаған қаланың ауызы дуалы ақсақалдары бастамашы болып 2011 жылдың 22 қарашасында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы құрылды. Артылған жүк жеңіл емес. Іске береке берсін десті жұрт.  

Қаладағы қоғамдық-әлеуметтік шаралар мен қатар тарихи-мәдени жиындарды, әдеби-шығармашылық басқосуларды, бұқаралық жұмыстарды  өткізуге арналған үлкен залдармен жабдықталған Орталықтың музейі де еліміздегі ең таңдаулы мәдениет ошақтарының қатарына кіреді. 6 көрме залмен жабдықталған Орталық музейіне келуші қазақ, орыс, ағылшын тілдерін таңдау арқылы экскурсияда болып, жаңа заманғы ақпараттық-технологиялардың көмегімен өзіне қажет деген мағұлматқа қол жеткізу мүмкіндігіне ие.

Қазақ баласына ес білгенінен ақ өткен тарихын ұқтырып, жеті атасын түгендеуді үйреткен. Заманның аласапыран шақтарының өзінде қабырғалы қазақ жұрты үшін ат үстінен түспеген Қарасай, Көшек батырлардың есімдері жазылған ерекше шежіре Елбасының музейінде сақталып тұр. Тектіден текті туады деген тәмсіл бар. Сол шежірені бойлай қараған адам Кенбаба, Еділ, Сапақбай есімдерінен кейін Назарбай, Әбіш, одан туған ұл Нұрсұлтанды көре алады. (фото 4) Мұндайда атасы  Алаш деп атқа қонған ұлдың ел тағдырын ойламауға құқығы жоқ дерсіз. Елдіктің тізгінін ұстаған 1991 жылдан бастап «қайтсем қазақты тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында» кетпейтін  ауызбірлігі мықты, төрт құбыласы түгел ел етемін деген Нұрсұлтан Әбішұлының өнегелі өмір жолы жайлы дерек көп. Тың ақпараттар топтастырылған. Тіптен магнитканың іргетасы қаланып жатқан шақтағы иен даладағы құрлыс жұмыстары, палаткаларды паналаған алғашқы металлургтер өмірі мен тұрмысы жайындағы небір көркем видеокадрлар мен фотосуреттерді тамашалауға болады. Ал, Қарағанды металлургиялық комбинатының шағын көшірмесі сияқты дайындалған «Қазақстанның құрыш келбеті» залына енген адам станоктар мен алып моторлардың үнінен, зауыт цехтарының көрінісі ретінде жасалған макетті көру арқылы Домна қазандығында жүргендей әсер алады.  

Басынан бақ таймаған, ырысы Домна болып еліне береке әкеліп жатқан Теміртау жұрты әлі талай ұлдарын тұғырына қондырары анық. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын?!»  деген мәтелдің бұл шаһарға қатысы жоқ. Өйткені, сан жылдар өтсе де металлургтер қаласын сағынып жететін Сұлтандай ері бар, «құрыштай ұлым» деп қарсы алатын Теміртауы бар ер де, ел де жетім емес. Перзентін Президент ете білген шаһар Қазақ елініндегі 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күнін де лайықты түрде атап өтеді.

 Қуаныш Тыныбекұлы,

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени

                                                                            Орталығының Экскурсия жетекшісі


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика