Туған тілім — тұғырым

24 февраля 2018

Тіл – адамзаттың басты қазынасы. Ол тек қана пікір алмасу құралы емес бір халықтың тұнып тұрған тарихы, мәдениеті мен дәсүрі. «Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт». Алаш арысы Хәлел Досмұхамбетұлы осылай деп кеткен. Ана тілінің қадірі туралы басқа да ақын-жазушыларымыз қалдырған көптеген афоризмдер бар. Олардың құндылығы сол, өмірдің ащы шындығын баяндап беруінде.
Адам баласы пайда болғалы бері қанша заман өтті. Сол аралықта көптеген ұлттар жер бетінен жойылып үлгерді. Ұрпақтары қалған болар, бірақ ұлттық рухтары өшті. Неге? Себебі тілдерінен айырылды. Ана тілін тәрк еткен жан өзінің ұлтты мен мәдениетіне пысқырып та қарамайды. Қай тілде сөйлесе сол елге қарай бейім болып тұрады. Бұл өмірдің ащы заңы.
Бір замандарда қазақ ұлтының басында да жойылып кету қаупі тұрған болатын. Ұзақ жылға созылған Жоңғар шапқыншылығынан аман қалған ұлтымызға Қызылдар қырғыны үлкен қасірет алып келді. Сүт бетіне шыққан қаймақтай оқыған, көзі қарақты азаматтар абақтыға жабылды. Олардың орнын жылпықай, пайдакүнем жандар басты. Қалтаның қамын ғана ойлайтын азаматтар ұлттық мүдені не қылсын. Ана тілімізді шофинисттік пиғылдағы Мәскеудің табанына салып берді. Қазақстанда жергілікті ұлтқа  қазақ тілін ұмыттыру саясаты белең алды. Бірақ тіліміз өшкен жоқ. Сақталып қалды. Өзіне лайық бағасын алып «Мемлекеттік тіл» лауазымын иеленді. Бұл әрине ұлы күн еді. Қазақтың рухы асқақтап, өшкені жанып, өлгені тірілгендей болды.
Біздің халық ежелден дархан елғой. Сталин зобалаңы кезінде қазақ даласына келген түрлі ұлттың өкілдеріне пана болды. Аштан өлтірмеді, суыққа қалдырмады. Тіпті тәуелсіздік алып жеке отау болып шыққан тұста да  басқа ұлт өкілдеріне жанашырлық танытудан жалықпады. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алған күнін «Қазақстан Республикасының Тілдер күні» деп жариялады. Сол арқылы өзгелерге өз ана тілдерін ұлықтап, дамытуға мүмкіндік берілді.  Бұл мереке қазір жалпы халықтық сипат алып, жыл сайын тойланып келеді.
Бұл үрдістен Қарағанды «Болашақ» академиясы да шет қалмады.  Қазақ тілі мен әдебиетін кафедрасының ұйымдастыруымен тілдер күнінің құрметіне «Туған тілім – тұғырым» атты  кеш өткізілді. Мерекелік кеш қазақ халқының дархандығын айқындайтын салттың бірі «шашу» шашумен басталды. Осыдан соң, Академия ректоры, профессор  Құралбай Несіпбекұлы студенттер қауымы мен оқытушыларды құттықтап, оқуда табыс тіледі. Қазақ елінің әрі қарайғы дамуы үшін жастардың көп тілді еркін меңгеруі керектігін жеткізді. Әрине ең алдымен ана тілін қадірлеу қажеттігін де ескеріп өтті. Ректордың құттықтау сөзінен кейін сахнаға Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, профессор Құрманғазы Зәкірұлы шықты. Ол кісі де мерекенің маңызы туралы сөз қозғап, құттықтау тілегін жеткізді. Басшылар құттықтауынан кейін кезек студенттер дайындаған мерекелік  қойылымға берілді.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика