Төрт тентекке құн төлеткен бала Мөңке

21 июня 2019

Бұл оқиға қазіргі Ақтөбе өңіріндегі кіші жүздегі шекті руынан шыққан атақты Мөңке бидің бала кезінде болған екен.

bala-Monke-bii
Жайлаудан күзеуге еңкейген бір бай көштен озып кетеді де, үш күн бұрын жоғалған түйелерін қарап жүріп, бір ауылдың ту сыртынан өтіп бара жатады. Ауыл сыртында асық ойнап жүрген балаларды көреді де, жөн сұрамаққа бұрылып келіп, балаларға жолығады. Балалардың бірі байдың атын үркітіп жібереді. Оған бай ашу шақырып, ат үркіткен баланы тұра қуады. Бала шапанының етегі желбіреп тұра қашады. Байдың астындағы мінген байтал баланың етегінен үркіп одан сайын мөңкиді. Асау байталдың басына ие бола алмай жатқанда басындағы бөркі де ұшып кетеді. Байтал одан бетер тулап ала қашқанда бай аттан құлап басы жарылады және құлағанда мойыны қайырылып кетіп тіл тартпай қаза болады. Байдың сүйегін туған туыстары алып кетіп, арулап көмеді. Үш күннен кейін бай ауылының игі жақсылары жиналып келіп, адамдарының құнын даулайды. Екі ел арасындағы дау шешімін таппай, келіссөз бірнеше күнге созылады. Байдың байталдан құлағаны туралы әңгіме лезде балалар арасына жыр болып тарап кетеді. Ел аузындағы сөз де сан саққа жүгіріпті. Ақылдының ақылы сарқылып, шешеннің тілі шаршаған әдеттегі бір отырысқа бала Мөңке де қатысады. Әбден қиюы қашқан әңгіменің төркінін түсінген Мөңке шыдамы таусылып орнынан тұрады. Сонда бала оң қолын жоғары көтеріп билерге сай биіктікпен жиналған жұртқа былай депті:
«Иә, ағалар, Уа, құрметті билерім. Сіздер бұл кеңесті тым ұзаққа созып жібердіңіздер. Қарап отырсам бір шешімге келетінге ұқсамайсыздар. «Бала» деп сөз бермей қоймасаңыздар, бұл даудың билігін мен шешсем деймін», — депті.
Көпшілік баланың ықыласына разы болып, бір ауыздан «билікті бердік», енді айта ғой депті. Сонда бала Мөңке арқасы бар адамға ұқсап бір жөткірініп алып, түгел жұртты жанарымен сүзіп шығып:
«Бұл кісінің өліміне кінәлі кімдер?», — деп сұрайды. Бай жақтың адамдары бірінің аузына бірі түкіріп алғандай «төрт-тентек, төрт-тентек. Төртеуі құнды бөліп төлесін», — деп асық ойнаған балаларды айтып, жамырайды. Сонда Мөңке:
«Е, мұнда кінәлі тентек төртеу. Ендеше сол төрт тентек құнды бөліп төлейтін болады. Бірінші, мың жылқыдан бір жуас ат тауып мінбей асау байтал ұстаған, елде адам құрып қалғандай асық ойнаған баладан жөн сұраған бай тентек. Екінші, өмірі адам көрмегендей баладан үркіп, қарадай тулап,  байды жыққан байтал тентек. Үшінші, баста тұрмай ұшып кетіп, жерде домалап байталды үркіткен бөрік тентек. Төртінші байталды үркіткен бала тентек. Ал енді ердің құны жүз жылқы», — депті.
Мөңкенің бұл шешіміне разы болған екі жақтың адамдары дау-дамайсыз тарқайды. Айып төртке бөлінеді. Сөйтіп, байталды үркіткен бала айыптың төрттен бірі, яғни жиырма бес жылқы төлеп құтылады. Бұл бала Мөңкенің болашақ би болуына басты себеп болған оқиға деседі.

Дереккөз: «Мұнара»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика