Торбаева Әселхан. Қазақ қызының монологы

1 декабря 2018

7uaKC2Ca2RoТорбаева Әселхан Тұрғанбекқызы. 1991 жылы 11 наурызда Өзбекстан Республикасы, Жиззах обылысы, Гагарин қаласында дүниеге келген. ҚР тәуелсіздік күніне арналған «­Сен деп ән саламын, Қазақстан» патриоттық әндер мен авторлық өлеңдер облыстық байқауының жүлдегері. Өлеңдері баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. «Мөлтек мұң» атты жыр жинақтың авторы, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің түлегі.

Қазақ қызының монологы

Қара көзге қарай бердім телміріп,
Жүрегіме хақтан түскен белгі ғып.
Құшағында еріп кеттім бірер сәт,
Сүйеді деп өз-өзімді сендіріп.

Қыз-қайың ем келе жатқан бүр атып,
Бұла жігіт кете барды құлатып.
Өмір ғой деп, көндігемін деп қоям,
Құлап жатқан өз-өзімді жұбатып.

Жаным, тәнім болар ма мекен енді есен,
Сезімімді қара жерге жерлесем.
Қайтсам кері дәл қазақтың қызы боп,
Қара жерге қайта айналып келмес ем.

Жаным қымбат, арым одан жоғары,
Қапалымын, өз қандасым тонады.
Тегім бірдей, түрім бірдей жігіттей,
Мені басқа табалаған жоқ әлі.

Досым барды, олда мені күндеді,
Мен олардан боп кеттім бе ілгері?
Түрік жігіт түсінгентін күйімді,
Жұбатуға тілі құрғыр келмеді.

Батты арқама «жігітімнің» мақтаны,
Жүрегімнің сүйіп, күйіп, тапқаны.
Бір-ақ теуіп, босап кетер едім ғой,
Аяғымда қазағымның қақпаны.

СУРЕТ СЫРЫ

(Ағамның үйінің төрінде ұлының суреті
ілулі тұр. Өзі жоқ…)

Тесіледі жәудір жанар сыр шалып…
Бос қалғандай жүректегі гүл сауыт.
Қарай қалсам төрде ілінген суретке,
Менің жаным шыр айналар мұң — шарық.

Шым батырар сағынышым тереңге,
Сене алмаймын ол алыста дегенге.
Қос мұңдақтың арқалаған батпанын,
Бала түгіл көтере алмас өлең де.

Тағдыр қалай адасқанды аямақ,
Ақты жүр жұрт қап-қараға бояп ап.
Оңашада ағам сурет сүйеді,
Жан наласы одан қайтіп тарамақ.

Таба алам ба мұның анық бір емін?
Бауырымның оралуы тілерім.
Шаңырақтар шайқалмасын пәниде,
Деп соғады менің жұмыр жүрегім.

ЖАРАЛАСА ДА ЖҮРЕКТІ АЗАП МҰҢ

Жараласа да жүректі азап мың,
Сен бар болсаң бұл ғаламда ғажаппын.
Шумақ болып өрілген күн бақытым,
Дүрияда шырайландым, наз аттым.

Қасаң тірлік ашып алып қабағын,
Жоғалады бойымдағы нала-мұң.
Шабыт барда мен асқарлы биікпін,
Жыр жолымен әрі шалқар,
дарамын.

Жалған мынау баурап алып сыры көп,
Сезімімді жалындатар тілі от.
Өлең – өмір қанжығаңа байландым,
Жүруге жаз сардарыңның бірі боп.

АПАМА СЫР!

Батыстың үні ме, орасан,
Найзағай бір жырдың сыры мың.
Ақұштап апама қарасам,
Өрлік пен нәзіктік бір ұғым.

Ақұштап апама жетсем бе,
Сөз жиып жаныма асыл кіл.
Жайыққа жол тартып кетсем бе,
Кеудеме симай жүр Қасым жыр.

Апамның жырына қосылып,
Жайықтың толқыны тербесе.
Кеудемде бос қиял, бос үміт,
Қиялдап көрейін еңдеше.

Ғажап қой!
Апам тұр алдымда,
 «Қыз» деген  «анасы ұрпақтың»
«Сүйгенді сүю» деді.
Бағым ба,
Уақытқа сезімді ұрлатым.

Ақұштап апам — ау, айта түс,
Мен деген қыз едім бүрмелі.
Басыма болады салған іс,
Жүрегім қинап — ақ жүргені.

Жырыңыз жаныма медет деп
Шағала жыр іздеп жүрегім.
Жайықтан жаңа жыр келед(і) деп,
Ертісте елеңдеп жүрем

СЕН НЕГЕ МҰҢАЯСЫҢ БАҒЫ БАР ЖАН?

Сен неге мұңаясың бағы бар жан?
Ада екен санаң бір сәт сағынардан.
Жылаймынмен жыласам сезім өшіп,
Тұрғанда қара салып сағым алдан.

Бұла күн бұлдырығын қылаңдатып,
Тұрғанда басылады шүбам қайтіп…
Күдіктің шырмауында бұлқынамын,
Жазира жайлауына құмар артып.

Осылай алдырамын күйікке мен,
Сонда да құлатпайды сүйікті өлең.
Сірә да типың тірлік жалықтырды,
Ал, кеттім көз ұшында биікке мен.

ӨМІР – АЗАП ӘРІ ҒАЖАП

Бұл фәниден бақыт іздеп әуре болма, Хафиз-ау,
Өмір деген өксік пенен қастық толы бірдеңе!
Хафизден.

Бұл өмір – азап, азап үшін жаратылған пендеміз.
Шешемнен.

Аттасам да өмір атты есіктен,
Бақыт мәнін ұқпағанмын бесіктен.
Ғажаптықтың дәмін татпай келемін,
Көктемдейін мезгілінен кешіккен.

Қаша берер ақ жаймалы түс дәйім,
Қалай ғана көздегенді ұстайын?
Талпынғанмен ұша алмай-ақ қойдым ғой,
Қауырсынын қатайтпаған құстайын.

Қойсаңшы бұл бұйырмаған тәттіні,
Қайда ғана жасырынған бақ гүлі?
Өндіршектеп келем іздеп,
жеткенше,
Басылмайды көңілімнің аптығы.

Тіршіліктің құпиясы сан қырлы,
Десе дағы місе тұтпай там-тұмды.
Алып шығам мен өзімді биікке,
Бұзабай сәтке өрекпіген қалпымды.
Сенгейсіздер, адамдар!

ҚАРАШАНЫҢ ЫЗҒАРЫ ӨТТІ БОЙЫМНАН

Қарашаның ызғары өтті бойымнан,
Адамдарға қарай-қарай тойынған.
Балық – тағдыр жұтылуға дайын тұр,
Қоғам асып кеткендейін жайыннан.

Жан-жағымда ойран-асыр бір ғажап,
Байқасаңыз жетем деген жүлде – азап.
Арса-арса заманада ақыр бар,
Тірі түгіл кебіндегі тұл мазақ.

Мөңіреген сиырдайын тұлыпқа,
Әуейіміз бүтін емес, сыныққа.
Айна беті айғыз-айғыз келбеттер,
Сандаламыз мөлдір қалып,
тұйықта.

Жоғалады бір қапымнан бір қапым,
Көргім келмес айналамның тұрпатын.
Есіріктің соңы және есірік,
Кім жазады мына ғасыр сырқатын…

СІЗ

Сіз мені ұмытқан шығарсыз,
Кеттіңіз өзгемен…
күмәнсіз…
Жастыққа жас тамды мөп-мөлдір,
Күндерім күн емес,
тұман күз.

Дәл сізді сүйген мен ақымақ!
Күй мендік –
сарғайған жапырақ.
Бірақ та үзіліп түспедім,
Қол бұлғап
келешек шақырад.

Елітіп уақыт сазына,
Беттеймінжазиражазыма!

БАҚЫТ

Мұндай сәттің дәмін де татыпты кім,
Өмір өзі сыйлап тұр ақық гүлін.
Сүюдің де бар екен қасыреті,
Тәттісі де –
Мен бүгін бақыттымын!

Қуанышын кім қазір қалады іркіп,
Оттай жанып,
жүзім де алабұртып.
Жар салғым кеп кетеді дүниеге,
Ауыр шақтар әнеки барады үркіп.

Барады үркіп беймезгіл басқан қайғы,
Мұны айтудан жүрек те жасқанбайды.
Кеңістікте қалқимын қанат қақпай,
Хош көңілім құстайын аспандайды.

Дариға шақ жанға енді жатық берен,
Жанартауын сеңгірге атыпты өлең.
Құшағыма қысқым кеп тұр әлемді,
Дәл осылай болар да бақыт деген!..

МАХАББАТ пен ОТ

Қыз баланы келемежге қалдырма,
Мыңға жауып әлдебірдің жаласын.
Қара бұлттан нөсерлеген жаңбырда,
Өзің дағы малмандай боп қаласың.

Біле-білсең сен де тудың анадан,
Ана деген дүниенің негізі.
Уақытта –
дүбірлеген аламан,
Мейірімнің ол болады теңізі.

Парақтасаң тарих бетін дұрыстап,
Аналардың көп қой онда таң ісі.
Сондықтан да түсінгейсің —
ырыс-бақ,
Қыз беделі — бүкіл елдің намысы.

Еркелігін көтере біл азамат,
Түсінерсің сонда сүю әлемін.
Сезіміңді арнай білсең
ғаламат,
Сіңлілеріне Томирис пен Зеренің.

Солай, құрдас, шөлде тұрған қаталап,
Деміңді бас,
кетпегейсің кектеніп.
Ана деген – болса ұлы махаббат,
Ал, жүрегін жалын атқан от деп ұқ.

ДЕМЕЙМІН ТҮНДЕРДЕ КӨЗ ІЛДІМ

Демеймін түндерде көз ілдім,
Өртін бұл махаббат сезіндім.
Күйдім де,
жандым да,
жыладым –
Құшақтап жастықты езілдім.

Жоғалтып бойдағы қуатты,
Қойдым көп өзіме сұрақты.
Ойламай қояйын десем де,
Бір сиқыр тартатын сияқты.

Бір сезім баурайды,
арбайды,
Бір үміт жүректі алдайды.
Соларға сенемін баладай,
Бәрінен жаныма сол қайғы.

Ақтарам естелік беттерін,
Сенімен кеткендей көктемім.
Көк белде жайқалған гүлдейін,
Жұп едік көз арбар көп-көрім.

Дегенде алдымнан бақ күтті,
Тағдырым долыдай шаптықты…
Бақытты болғайсың тілерім,
Молынан кешкейсің шаттықты.

КӨҢІЛІМНІҢ КӨГЕРІП ЖАЙМА БАҒЫ

Көңілімнің көгеріп жайма бағы,
Жаным менің мұң емес, ой бағады.
Жұлдыздардың қарасы қолын бұлғап,
Таңға асырып тастайды ай қабағы.

Бәлкім осы жүректің аңсағаны,
Сезімімді тербетіп таң самалы,
Мен бақыттың дүрия белін кешем,
Жалған мынау құйқылжып ән салады.

Ән салады дүние,
тыңда, адам!
Ақтарылар ғажап күй тұнбалардан.
Бақыт деген осындай сәттер шығар,
Үзілмеуін тілеймін бір Алладан!

МАҒАН АЛҒАШ ГҮЛ СЫЙЛАҒАН СЕН ЕДІҢ

Маған алғаш гүл сыйлаған сен едің,
Беткейінде қызғалдақты төбенің.
Жерге қонбай, бұлтқа сонда сіңіскем,
Үстінде бұл бақыт атты кеменің.

Тәтті шақты сезінбеп ем бұрында,
Дәл осылай,
ұшпағанмын қиырға.
Менің жаным ақ ұлпаға айналған,
Әппақ болып төгілген-ді сырым да.

Тірлік атты керемет-ті айдыным,
Пұшпағы жоқ титімдей де қайғының.
Бас айналған қуанышты күйден бір,
Деп ойлағам: бар мейірін жайды күн.

Шуағын да төккендейін ғұмырым,
Тастай берік көрінген-ді тұғырым.
Жер бетінде тек екеуміз қалғандай,
Қалқып алдық сезімдердің тұнығын.

Дала естіді сыңғырлаған күлкімді,
Жаным менің тұңғиыққа түртінді.
Дәл осылай кештік біздер теңізді,
Бір күндік бақ…
ғажайыпты бір күнгі…

Қайда сол шақ?..
Тасасында уақыт,
Елес өмір жүрер ылғый жұбатып.
Шын сүю де азап екен,
байқасаң,
Шын сезім де,
қарап тұрсаң –
бір бақыт!

МЕН ӨРТЕНЕ СҮЙЕ БІЛДІМ

Мен өртене сүйе білдім,
таң қалма.
Ой өргіздім жаңа атар таңдарға.
Көз ілместен өткерген түн –
естелік,
Ол баспалдақ бастар алғы арманға.

Қуаныш та,
күйініш те арбады,
(Менің ғана салған ізім ол дағы.)
Бүгін, міне, айналамда орман тұр,
Жалғыз-жарым жолаушы ем жолдағы.

Сыбағасын тосқан күнге салауат,
(Мен емеспін қамшы сүйер шабан ат.)
Көкжиектер көгілдірін жаймалар,
Бәріне де берерінің қанағат.

Қанағатқа тойындырып көңілді,
Таптым бүгін өзімдік өр,
төрімді.
Ең әуелі алмай ешті мұрат қып,
Жанға серік ете білдім сенімді.

Осылайша ғұмырымды екшедім,
Қазір белес емес екем –
Көкшемін.
Бәрі осының іңкәрлігім тек саған,
Махабатың қолдағаны тек сенің.

Тербеп тұрар әрқашанда жыр-ағыс,
Жыр жолында тебіреніс,
жұбаныш.
Менің сені ұнатқаным сияқты,
Тағдырымның арқауы да –
қуаныш!

БӘРІ ЖАЛҒАН

Бәрі жалған,
жалған екен сезімің…
Таусылғандай бүгін, міне, төзімім.
Өтірікке малшыныпсың белшеден,
Дәл осыны ойлаудың да өзі мұң.

Мұң бәрі де –
шарам да жоқ, демеске,
Қалтыраймын түсе қалса тоң еске.
Бұлдырлықтың арасынан бұлдырар,
Тәтті шақтар айналған бір елеске.

Елес күндер,
елес енді өткенім,
Жалғандықты бақыт деппін көп-көрім.
Есті жиып алған сәтте байқадым,
Шытынаудан тұрыпты-ау өткелім.

Шытынаған,
бірақ әлі сынбаған,
Өткенімнен енді келіп сыр бағам.
Тұмандарда адасқаным түс бүгін,
Ал өңімде үміттімін тұнбадан.

Үміт мені жетелейді ертеңге,
Ұмтылады жаным менің көркемге.
…Бақыт деген гүл екенін сезбедің,
Гүл өседі, білесің бе, өртеңде.

ОЙ

Серігім ой,
мүлгіген түн далада,
Жымыңдайды толысқан ай аспанда.
Қиял құмар құнжыңдап үр жаңаға,
Жан беймаза ақ-қара таласқанда.

Арбасқанда сезім мен сенім талмай,
Қашып кеткім келеді жапанға бір.
Жүрек шіркін дәл сонда омартадай,
Шашып-шашып тастамақ жаһанға гүл.

Ол жақсылық тілейді маңайына,
Езілсе де өзі мың батпан зілден.
Бұйырғанын көтеріп талайына,
Нәсіп тілер арайлай атқан күннен.

Дүрмегі көп дүние мазалайды,
Кетіп қалған сияқты сиқы бастан.
…Жан осылай өз-өзін тазалайды,
Түндер куә дәл бұған ұйқы қашқан.

СЕЗІМ

Білдіңіз бе қадірімді кеш менің,
Қайта-қайта мазалайсыз хабар сап.
Жанып едім,
байқадыңыз өшпедім,
Сонда дағы өтіп кеткен қонар шақ.

Бақ дегенің білсеңіз бұл ақ мамық,
Үп еткен жел ұшырады жыраққа.
Өткен күн жоқ енді бізге жап-жарық,
Сондықтан да алмағайсыз сұраққа.

Дүрмек дүние даңғазасы басылған,
Құсы кеткен көлге ұқсап күздегі.
Болса да мың кездерім де жасынған,
Жасырынған өткен шақтың іздері.

Жасырғанмын сенім деген жоғалып,
Шыдаңыз сіз.
Тоспа емес күрмектер.
…Өз-өзімді ұстасам да,
ол анық,
Әлдилейді санамдағы суреттер…

МАЗАСЫЗ ЖАНЫМ БҰЛ НЕГЕ?

Мазасыз жаным бұл неге?
Алмай-ақ қойдым гүлдене,
Тыншымай көңіл бір мезет,
Күндіз де және түнде де.

Бағынбай еркім өзіме,
Сөзім де қиыс сөзіме.
Арылмай күйден әр-сәрі,
Беремін ойға езіле.

Тыныштық қалып жайына,
Шиырлар түсіп ойыма.
Ашпақ боп кейде оқталам,
Есікті жапқан
қайыра.

Қақпаны жапқан…
неге олай?
Тұрғандай артта толған ай.
Қарайлай берем соңыма,
Сорыма менің болмағай.

Сорыма…
әлде бағыма,
Оралсам деймін тағы да.
Ғажабы сонда
не тылсым,
Сағына берем, сағына.

Жарылқа Құдай әлсізді,
Кеш – тұйқы,
ойға – таң сүзгі.
…Алдасам дағы өзімді,
Сүйеді екем мен сізді…


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика