«Тіл – болашақ ұрпақтың кепілі»

12 октября 2017

Елбасымыздың қазақ тілін латын графикасына біртіндеп көшіру жобасы студенттер мен оқытушылар арасында қызу қолдауға ие болды. Бүгін «Болашақ» Академиясында «Тіл – болашақ ұрпақтың кепілі» тақырыбында кураторлық сағат өткізілді, — деп хабарлайды Qasym.kz

Бүгінде еліміздің рухани жаңғыруының алтын арқауы тіліміздің табиғи болмысын сақтап қалуға бағытталған және көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан өркениет көшінен еліміздің қалып қоймауын көздейтін тағдыршешті мәселенің түйінін тарқатуға белсенді атсалысуымыз керек. Соның бірі қазақ тілінің латын графикасына көшу мәселесі.

Кураторлық сағатқа 1 және 4 курс аралығындағы академияның қазақ және орыс топтарының студенттері қатысты. Қазақ тобына Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Жүнісова Баян Аманжолқызы «Тіл – болашақ ұрпақтың кепілі» тақырыбында дәріс оқып, студенттерге қазақ-түркі жазуының қалыптасу кезеңдері мен латынға көшудің өзектілігі туралы ақпарат ұсынды.

«Латын графикасына өту идеясын сонау тоқсаныншы жылдардың басында академик Әбдуали Қайдар ағамыз көтерген болатын. Орыстан кетсек, оңбай қаламыз деп, өре түрегелгендердің қарасы ол кездерде өте көп еді. Солардың бел ортасында қазақ руханиятына сіңірген еңбегі үшін алған атағынан ат үркетін, бірақ бала-шағасымен орысша сөйлесетін тілші-ғалым аға-апаларымыз да болды. Пәлен ғасырғы жазуымыз арабқа оралсақ қайтеді дейтін пікірлермен қатар түбі бір түркі түгелденіп, орхонға қайтса жөн болар еді – деген асқақ армандар да болған еді. Бүгінгі қазақ қоғамы орыс, араб, латын, көне түркі сияқты әліпбилердің ішінен латынға тоқтап отыр. Бірақ арамызда оны жақтыртпайтындар да өкінішке орай баршылық. Алайда ғылымы мен мәдениеті дамыған еуропа елдері латын әліпбиін қолданады. Қазіргі ақпараттық-қатыстық электронды құрал-жабдықтардың тілі де латын қарпіне негізделген. Латын әліпбиінің осындай және т.б. да артықшылығын ескерген қазақ қоғамы осы әліпбиге көшуге басымдық беріп отыр», — деді Баян Аманжолқызы өз дәрісінде.

Дәріс соңында студенттер өздерін толғандырған сауалдарды қойып, тіл мамандарының жауабын тыңдады.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика