Терминқұмарлық та – тілбұзарлықтың бір түрі

21 Қараша 2017

 ТерминқұмарлықОрысша, ағылшынша араластырып сөйлегені аз болса, қазақ енді терминді ең көп пайдаланатын терминист ұлт болғалы отыр. Қазір қазақтың оқыған-тоқыған-шоқы(н)ған атаулысын былай қойғанда, кейбір тіл мамандары мен тіл басқармалары, тілдерді дамыту (қалай дамытады, сөз ойлап табатын шығар?!) орталықтары, қазақ тілі қоғамы деп аталатындардан нәфақа тауып, қатын-баласын асырап жүргендердің өзі мына сөздің қазақшасы бар ғой немесе қазақыландырайық та десең «Ойбай, бұл термин сөз, оған тиісуге болмайды» деп шыж-быж болады. Солардың тиісуге болмайды, термин сөз деп жүргенін түптеп қарасаңыз, ол тек француз, ағылшын, неміс, итальяндардың ғана ортақ сөздері екен. Олардың өздері де ол сөздерді өз тіліне бейімдеп, өзгертіңкіреп айтады. Ал термин деп жүрген бұл сөз сымақтарды 2 миллиардқа жуық қытай өз тілінде, 1 миллиардтан астам үнділер өз тілінде, жапон, араб, парсы, корей, қысқасы әлем халқының жартысынан астамы өз тілінде айтады екен. Тек, азаттық алып шортигінен бастап беретка, капюшонына, яғни басынан аяғына шейін «европейский стандартқа» көшкен қазақтың ғалымсымақтары ол сөздерді термин сөздер деп атайды. Сонда өздері бір-бірімен орысша сөйлесетін, әкімдері бүкіл жиын-терімін орысша өткізетін, телеарналары күндіз-түні орысша шүлдірлеп тұрған, тәмпіштанау, қысықкөзді қарадомалақтары орысша араластырып сөйлегені аз болғандай, мектептерінде ағылшын тілінде оқу мәжбүрленген қазақтың тіліне енді «термин» деп аталатын «тиісуге болмайтын» сөздерді араластырса, сонда қазақ тіліне неше түйір сөз қалады?

Осының бәрі «егемендік» дегенді ойлап тапқаннан бас­тап қазақтың ұлттығын қалпына келтіруге арналған бірде-бір заң, не жарлық шығармағандығымыздың, әр қазақ азаматын ең әуелі өз ұлтын құрметтеуге үгіттемегеніміздің кесірінен болып отыр. Яғни бізде қазақтың ұлттық намысы, ұлттық санасы толық оянуына деген қарсылық бар. Сондықтан да болар әнебір кезде кейбір ғалымсымақтар «аурухана», «асхана», «дәріхана», «емхана», «наубайхана» деген не, «хана» деген не пәле деп жазды. Олар бұл сөздердің «больница», «столовая» деген орысшалары керемет, киелі сөздер деп ойлайтын болуы керек. Олар аптека деген грек сөзінің қазақшасы «қойма», «қамба» ғана екенін, «поли» – көп, әртүрлі, ал «клиника» – күтім деген сөз ғана екенін білмейді, білсе білгісі келмейді. Өйткені санасы да, сөйлеуі де соған қалыптасып кеткен. Оны өзгерту үшін құлмінезден арылу керек. Ал «хана» сөзі көне түркі тілінде осы күні қазақтар бөлме деп, жетіскендері «комната» деп жүрген үй-жайдың атауы. Көршілес түркі халықтары қазақтар сияқты комната демейді әлі де хана дейді. Ал «КТК» телеарнасындағылар осыдан бір-екі жыл бұрын осы хана сөзін қылжаққа айналдырып, «дәріхана», «дәретхана» дейміз деп қазақ тілімен қоса бүкіл түркі халықтарының намысына тиді. Ол журналист солай деп тұрып, өзінің екенін көрсетіп тұрғанын да байқаған жоқ.
Біле-білген адамға түркі тілі дүниежүзіндегі ең көркем, ең бай тілдің бірі. Атақты академик Марр кезінде әлемнің ең бай тілдерін төрт топқа жіктеп, соның ішінде біздің түркі тіліміздің қазыналылығына зор маңыз берген. Сол Марр айтқан ең бай тілдің ішінде орыс тілі деген тіл жоқ. Орыс тілінің жартысынан астамы біздің түркі тілі екенін көзі ашық әркім-ақ біледі. Орыстың арақ құйып ішетін стаканы да түркінің «тостаған» сөзінен шыққан. «Утюг» сөзі түркілердің «оттығы» екенін сонау ХІ ғасырдағы Махмұт Қашқаридың жазғанынан білеміз. Оны айтасыз-ау, асханаға барып «меню» дегеннен бастап сондағы тағам аттарының арасынан орыстың бір тағамын таба алмайсыз. Біз бұл жерде орыс тілін мүлдем жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Орыс тілі түркі, латын, грек, көне славян сөздерінен құралған тіл, ол сондықтан да қазір бай тілдің қатарына еніп отыр. Бұны талай-талай тіл білімінің біліктілері айтқан. Біздің айтпағымыз орыстар қай тілді болсын өзіне бейімдеп алады да ақыры ол орыс сөзіне айналып шыға келеді. Кейінгі жылдары орыстар плас­тиктен жасалған шишаға «баклашка» деп ат қойып алды. Бұл өзіміздің батыс қазақтары айта беретін бақыраш. Яғни темірден жасалған ожаудың сабы бар үлкендеу түрі.
Мұны айтқызып отырған тағы бір себеп: жаңағы терминқұмар қазақтар тиісуге болмайды деп жүрген латын, грек, ағылшын сөздерінің (оларды орыстар бұзып айтады) бәрі дерлік түркі, араб, парсы, көне шағатай тілдерінде бар сөздер. Және бір ғана емес баламаларымен бар сөздер. Сондықтан әлгі «термин сөз» деп жалған мәртебе беріп жүрген батыс сөздерін өзімізбен тарихы да, діні де, тілі де, дүниеге көзқарасы да еуропалықтардан әлдеқайда жақын көне шағатай, түркі, парсы, араб тілдерінен өзімізге бейімдеп, үндестіріп қолдануымыз өте орынды болар еді. Әсіресе зат есімдерді. Бұл орайда бүкіл ғұмырын қазақтың қамын жеумен өткізген Халел Досмұхамедұлының «…Жат сөздерді қолданғанда оларды тіліміздің өз заңымен өзгертіп, тілімізге ыңғайлап алу керек. Жат сөздерді бұлжытпай со күйінде алатын тіл жердүнияда жоқ. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалпымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық» дегенін мықтап есте тұтқанымыз абзал. Ал Ахмет Байтұрсынов «…біз араб әліпбиінен ажырамауымыз керек» деп қақсап кетті. Бұл қос алып та осы күнгі Сисимбаев, Дюсимбаев, Сатувалдыевтерден әлдеқайда таза орыс тілінде сөйлеген марғасқалар.
Әрине, соңғы ғасырларда, әсіресе біресе патшалық, біресе Кеңестік Ресей құрамында ұзақ уақыт бодандықта болуымызға байланысты ата-баба­мыз­дың көркем де қазыналы тіліміз өзінің әсем-әлпетінен ажарынан айырылып, мүлде өзгеше күйге түсті. Қазақтың ықылымнан келе жатқан әдеби, тарихи, тіпті күнделікті тіршілігінде кеңінен қолданылып келе жатқан бүкіл түркі әлеміне ортақ сөздер мен тіркестер қолданыстан шығып, олардың орнын өз жаратылысымызға үйлеспейтін орысша сөздер мен өзге де кірме, келімсек сөздер басып салды. Тіпті тұрмыстық зат, бұйымдарымыз, құрал-саймандарымыздың атаулары өзгеріп кетті. Жақында теледидардан біреудің атауыздың (кемпірауыз, қышқаш) сабын атауыздың қолшасы, есіктің тұтқасын есіктің қолшасы дегенін естігенде есеңгіреп қалғандай болдық. Осының өзі-ақ сапты да, тұтқаны да орыстардың «ручка» дегенінен тәржімалап айтатын күйге жеткенімізді көрсетіп-ақ тұрған жоқ па? Иә, қазақтың «термин» деп жүргенінің бә­рі орыстардың латын, ағылшын сөздерін бұзып айтуы ғана екен. Мысалы, қазақтар термин сөз деп жүрген «архив» былайша archiv болып жазылады. Оны ағылшында архив демейді, а:kaiv, а, кэйв деп айтады. Ал орыстар жазылған күйінде архив дей салады. Олардың айтқанын қазақ киелі сөздей қайталай салады да оны термин дейді. Национал (нэшнл), машина, техника (technike) дегендер қалай жазылса, орыстар солай айтып кеткен. Бұрын Махмұт Қашқариды, Жүсіп Баласағұнды, Қожа Ахмет Яссауиді, Сүлеймен Бақырғаниді, Сеиіф Сарайды, яғни бүкіл түркі шайырлары мен ғұламаларының ғажайып мұраларын түпнұсқадан оқитын қазақ бүгінде ХХ ғасырда жазылған шығармалардың ішіндегі көп сөздерді түсінбей, бірінен-бірі сұрап отыратын болды. Бұл өзін қазақпын дейтін, ұлтына жанашыр, сана-сезімі мәңгүрттенбеген, намыссыздық тұманына түспеген әрбір көзі ашық қазақ, әрбір есі дұрыс қазақ еңіреп жылайтын жағдай. Бұл – біздің ұлт ретінде жойылып кетуіміздің ең бас­ты шартының бірі. Ал бізбен арғы тегі, түбі бір әзірбайжан, өзбек, түркімен, түрік, ұйғыр ұлттары бәрімізге ортақ, тек қазақтар ғана ұмытып қалған атауларды әлі де со күйінде қолданып келеді. Назар аударып көріңіз.
Мысалы, біздің тиісуге болмайтын термин сөз деп жүрген «экономика» дегеніңіз бар болғаны көне грек тіліндегі – шаруашылық, шаруашылықты жүргізу дегенді білдіреді. Оны қазақтар ғана қасиетті сөз көреді. Ал әзірбайжандар оны иқтисад, өзбектер иқтисод, ұйғырлар иқтисат дейді. «Диалектіні» әзірбайжан – ләһча, өзбек – лахжа, ұйғыр – ләхжә десе, қазекем ғана «диалект» дейді. «Издательство»ны қазақтан басқаның бәрі нәшрият, нәшриет десе, қазекем ғана «бас­па» деген бұйрық райлы етістікпен атайды, «страница» дегенді де түркі тілдестер түгел саһифа, сохифа десе, қазақтар «бет» дейді. «Кандидатты» қазекемдер ғана сол күйінде бұлжытпай айтады, ол түркітілдес бауырларымызда намизад, намзат, намзет делінеді. Демек, бізден басқа туыстар түп-түгел шығысқа ортақ араб, парсы, түркі атауларын сақтап қалған. Ал қазақтың әлгі «баспа», «бет» дегендерінің жасанды әрі ерсілеу екені көрініп-ақ тұр. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазір тіліміздегі атауларды кім-көрінгеннің «жаңалығымен» өзгерте салатын болдық. Қала, аудан, облыс әкімшілігін тіл ғылымында аты-жөні жоқ біреулердің «ұсынысымен», «дәлелдеуімен» «әкімдік» деп жазып қойдық. Олардың сондағы дәлелінің түрі «әкімшілік» дегеніміз клуб, кинотеатр әкімшіліктері ғана екен. Бұл да нағыз кісі күлерлік жәйт емес пе?! Ал терминологиялық комиссиядағылар талай сөзімізді мүлде өзгеріске ұшыратты. Солардың белгілеп берген «тәртібіне» қарап, қазір қазақ газет-журналдары ықылым заманнан келе жатқан «жәйт» деген жұп-жұмсақ үнді сөзді «жайт» деп көмейімен бақ еткізіп жазатын болды. Бұл да біздің тіліміздің қалыптасқан үндестік заңдарын белден басудың бір көрінісі. Бүйте берсек, енді кейбір шалақазақтар сияқты «ң»ды айтпай, оның бәрін «н» қып өзгертіп, «жанағы», «жана жыл», «өлен айтындар», «мын тенге» деуге көшеміз. Сөйтіп, біржолата орыспен бір әкеден, болмаса бір шешеден туған бауырлас болып шыға келеміз.
Қайталап айтайық, онсыз да қазақ тілі орысшаның аудармасына айналған, қазақ сәбилеріне мектепте орыс тіліне ағылшын тілі қосарлана оқытуға мәжбүрлеп жатқан бұл елде енді анау да термин, мынау да термин деп бүкіл еуропалық атауларды со күйінде қолдануға шешім қабылдасақ, қазақ тілі бұратола жойылады. Қазақтар қолданатын сөз қалмайды. Тағы да айтамыз, біздің термин сөз деп жүргендеріміздің көбі ешқандай да термин сөз емес. Ол еуропалықтарға олардың бержағындағы орыстарға ғана ортақ. Біз онсыз да ең аяғы кеңсе, дегенді де ұмытып, «офис» деп, көлігіміздің қозғағыш, қозғауышын солай атауға қорқып «двигатель» деп жүрген үргедектіктен 21 жылдан бері арыла алмаудамыз. Егер термин сөздер өзгертуге болмайтын сондай киелі сөз болса, онда Президент дегенді Елбасы деп айтып та, жазып та жүрміз ғой. Ендеше, оған да тыйым салуымыз керек пе? Біз бұрын, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында уәлаят дейтінбіз. Оны қазір область дейміз. Сонда область деген де термин сөз болғаны ма? Оның уәлаяттан қай жері артық? Сол сияқты министрлік дегеннің бұрынғы уәзриятымыздан несі артық. Мүлде жоқ қой! Демек, бұл да біздің қанымызға сіңіп қалған құлмінезден арылуға ынтамыз жоқтығының, орысша акцентсіз сөйлейміз деп мақтанатын надандығымыздың, Абай айтқан мақтаншақтығымыздың кесірі.
Иә, халықаралық термин деген сөз тіркесі бүгінде қазақ тілін кедей тіл, замана ағымына ілесе алмайтын күні өткен тіл деп көрсетудің басты құралының бірі болып тұр. Осы бір кесапатты сөзді кім-көрінген жаттап алып айтатын болды. Әнебір жылы Алматы облысының Саймасай ауылынан Әбдеш Дайрабаев деген «Халықаралық терминдерді қазақша етіп (?) қайта жасаймыз (?) деу де – бос әуре, уақыт ұтқызу. Жақсыны жатырқамай барымен базар жасау қажет» деп жазды. («Ана тілі №33, 2009 ж.) Термин туралы төрелік айтып отырған адамның сөйлем құраған түрін қараңыз (астын сызған біз – М.К.) Оның жақсыны жатырқамайық деп отырған жақсы сөздері қандай сөздер, олар шынында қазақ тілінде жоқ па? «Сауатсыздықтан арылайық» деп бастапты бұл азамат өз сөзін. Оның сауаттылығы әлгіндей сөйлемнен тұрады да ең соңында «Бүкіл дүние тарихында осылай болған» дейді. Әлгінде айттық қой бұл да өтірік. Жұртты адастыру! Дүниежүзінде бір ғана атаумен аталатын, бүкіл әлем халқы бір атаумен атайтын бірде-бір сөз жоқ. Бірнеше ұлттарға мысалы, неміс, ағылшын, француз, испандарға ортақ сөздер бар. Олар соның өзін сәл өз тіліне бейімдеп, өзгертіп айтады. Немесе өз ұғымындағы соған жақын атаумен атайды. Мысалы, ағылшындар интуиция деген сөзді мүлде айтпайды, оның орнына инстинкт сөзін қолданады. Сонда мен «кварталды» – махалла, «террасаны» – айбан, «фирманы» – шұрқат деген көне түркі тілінде неге айтпаймын?
Әдетте, ойы тайыз, өз білім-білігі жоқ адамдар өзгенің қаңсығын таңсық көретіні белгілі. Кейбір терминқұмарлар да солардың бір түрі. Осы күнгі ең бір ұлтшыл («Ұлтжанды» емес!), туған тіліміздің үлкен жанашыры әрі біліктісі, тіл ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлының Алаш қайраткерлерінің бірі Қошке Кемеңгерұлының өмірі мен қызметіне арналған көлемді мақаласын («Ана тілі», 13-қараша, 2008 ж.) оқығаным бар. Сонда ол жасаған «қазақша-орысша тілмашта» («сөздік» емес «тілмаш!») осы күнгі терминқұмарлар тиісуге болмайды деген орыс, шетел тілдерінің балама атау­лары толып тұр. Ол еңбекте сол шетел сөздері қазір тіл маманы атанып жүрген кім-көрінген орысшадан тікелей аудара салғандай емес, таза қазақы өрнегімен берілген. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазіргі қайсыбір ғалымсымақтар орысша подорожникті – жолжелкен, венерин башмачокті – шолпанкебіс, носорогті – мүйізтұмсық деп жан қинамай, орысшаның аудармасына айналдыра салған. Бұл – ұрпағымызға жасалып отырған нағыз қаскөйлік. Әйтпесе подорожнигіңіз – иманжапырақ, екіншісі – шәнтек, үшіншісі – керіске деп аталады. Қошке Кемеңгерұлы кредиторды – аласылы, нагрузканы – артыс, должникті – бересілі, коллективті – бірік, справочникті – білдіргіш, пленканы – үлдірік, коммунисті – ортақшыл, федерацияны–құрама, антитезаны – шендестіру, метафизиканы – дерексіз даналық, керосинді – жермай деп жазған. Біздің тіліміздің құдіреттілігі сондай осы қазақы атаулардың өзінің бірнеше балама атаулары бар. Мысалы, аласылыны – алажақ, бересіліні – бережақ, коллективті – ұжым деп айта беруге әбден болады. Сол сияқты дезинфекцияны – алас, гуманизмді – шафқат, шауқат,интерпретацияны – тәпсір (түсіндіру, ұғындыру, зейіндеу, т.б.) десек, бұл сөздер еуропалықтардың атауынан гөрі өз тілімізге әлдеқайда жақын, әлдеқайда үндес емес пе?!
Біз бұл жерде бүкіл термин атаулыны түп-тамырымен жояйық деген ұрда-жық мінезге басып отырған жоқпыз. Айтпағымыз, соңғы жылдары ананы да, мынаны да термин деп өзіміздің тілдік қорымызда бар сөздерімізді ұрпақ жадынан ұмыттырып, тілімізді кедейлендіріп бара жатқанымыз жанға батады. Біз бүгінде онсыз да ұрпағымыздың сөйлеу мәнері орысшаның аудармасына айналып, бірауыз сөз айтса соның жартысынан астамы орысша болып, тіліміз сұрқай күйге түсіп бара жатқанының көрермені болып отырмыз. Ол аз болғандай, дүние есігін енді ашқан ботақан сәбилерімізге ағылшын тілін үйреніп, миына жүк түсіру міндеттелді. Біз осынау бүкіл тағдыр тәлкегінің мойынсұнған, үн шығармайтын көрерменіне айналып отырмыз. Енді осының бәріне бүкіл еуропалықтар мен орыстардың сөзін термин деп қосып, былықтыра берсек, тіліміз көп ұзамай-ақ түкке қажеті жоқ, дастарқани тіл деңгейінде қалады да, бірте-бірте мүлде жойылып бітеді. Тіліміздің қазіргі халі онсыз да мүшкіл екенін жасырып, өйтіп жатырмыз да, бүйтіп жатырмыз деген алдарқатудан абайлайық, ағайын!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика