ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЛҒАШҚЫ ИДЕЯСЫ ТҮРКІСТАНДА БАСТАЛҒАН

3 июля 2019

Тұрар РысқұловӨз алдына мемлекет құрып, дербес ел атанған қай ұлт болса да, алдымен тәуелсіздігін сақтауға тырысады. 1456 жылы жеке хандық құрған қазақ халқы да, сол уақыттан бергі бес ғасыр ішінде өз дербестігін жанталасып-ақ бақты. Қазаққа әсіресе хандық құрғаннан кейінгі екі ғасыр аса ауыр тиді. Бұл жолда сол кездегі хандарға арғы тегі тамырлас тайпаларды бір Орданың туы астына біріктіру оңайға соққан жоқ. Ылғи жан-жақтан анталаған жау, толассыз соғыс, үздіксіз шайқас, сергелдең кезең… іргесін жаңа қалап, шаңырағын енді көтерген қазаққа кім жау болмаған деңіз. Шығыстағы – Моғолстан, түстіктегі – Бұқар, батыстағы – Ноғай, кейінгі екі жүз жылға ұласқан жоңғар басқыншылығымен арпалыс… Осының бәрі азаттық үшін жеке елдік мүдде үшін күресті.
Жалпы, 1865 жылға, яғни орыс отаршыларды түгел Алаш баласын жерімен қоса отарлап алған уақытқа дейін қазақ сыртқы жаулармен күресін бір мезет те тоқтатқан емес. Әлбетте, қазақ ешкімге өзінше жау болмаған, өздігінен біреудің жеріне басып кірмеген. Ата-бабаларымыздың осынау сан ғасырлық дүрбелең кезеңінің жалпы тарихы казіргі көзіқарақты әрбір азаматқа белгілі-ақ. Солай болса да, бүгінде шартты түрде Оңтүстік Қазақстан өлкесі деп аталатын – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының тарихы, бұл жерлерде бұрынғы ғасырларда болып өткен уақиғалар мен саяси өзгерістер әлі күнге дейін толық зерттелмей келеді. Бұған Тәшкент қаласы мен оның төңірегіндегі қазақтар тарихын да қосу керек. Себебі Тәшкент ілкіде қазаққа қараған әрі әлімсақтан оның тұтас өңірін үш жүздің өрендері жайлаған.
Ертедегі шапқыншы жаулардың ешқайсына дем бермеген Қазақ Ордасы ХVIII ғасырдың орта кезінен бастап әр түрлі саяси себеп-салдарларға байланысты бар тарапта осал тартып, барынша әлсіреді. Осындай осалдықты ұтымды пайдаланған орыстың патшалық империясы біздің даланы жаулауды бастады. Ұзаққа созылған осы жаулаушылық кезеңдерде де азаттық күресі тоқтаған емес. Бұған Иса, Досан, Кенесары, т.б. қаһармандар бастаған көтерілістер куә. Дегенмен патша жаулаушылары ілкідегі Бұқар әмірлері немесе қалмақ қонтайшылары сияқты қазақ даласына түмен-түмен әскер аттандырған жоқ. XVII ғасырдың аяғында бүкіл Сібірді жаулаған патшалық империя нақты да тиянақты жоспар құра отырып, қазақ даласына түрлі жолдармен енуді бастады. Шағын-шағын отрядтарды оңтүстікке қарай ішкерілей ендіріп, сансыз қамалдар мен бекіністер салдырды. Жер-дүниені дірілдеткен отты қарулары бар сол шағын отрядтардың өздері-ақ екі ғасыр ішінде Қазақстанның бүкіл батысы мен шығысын, солтүстігі мен орталығын орыстың қоластына қаратты. Бұл жаулаушылықтың саяси себептері мен кілтипаны көп. Бірақ нақты тарихи ақиқат – орыс отаршылдығы келіп-кететін немесе дүние байлық үшін уақытша ғана шабуыл жасаған жау қатарында саналмады, басып алған жерінің бәрін өз иелігіне айналдырған кәдімгі отаршыл ел болды. Десек те, қазақтың ықылым дұшпандарының да ойлары кейінгі орыс отаршылдарының ниетімен сәйкес-тұғын. Бір айырмашылығы – басқа дұшпандардың барлығының беттері қайтты, ал патша жаулаушылары біздің даланы иемденіп қалды. Сөйтіп XIX ғасырдың басынан күллі қазақтың тағдыры да, бар тараптағы іс-әрекеті де, саяси ахуалы да, тұрмыс-тіршілігі де орыстармен біте қайнасып, байланысып кетті.
Қазақстанның жоғарыда аталған өлкелерін орыс отаршылдары XIX ғасырдың басына дейін құзырына түгел қаратқан болса, оңтүстік облыстарының жерін, атап айтқанда, Қызылорданың оңтүстік және шығыс, Алматы облысының батыс аймақтарын, ал Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарының дерлік өңірін Қырғызстан алабымен қоса Қоқан хандығы басып алды. Ол бұл аймақтарға тұп-тура 56 жыл үстемдігін жүргізді. Оңтүстік қазақтарының қоқандықтарға тез берілуінің бірнеше себептері болды. Біріншісі – бұл кезде бұрынғы тұтас қазақ хандығының іргесі сөгіліп, Алаш баласының негізгі бөлігі орыстардың қол астына өткен. Екіншісі – әлі орыс аяғы баспаған оңтүстік қазақтарында не бір ортақ ханға, не бір ортақ биге бағынатын жүйе, яғни бір орталықтан басқарылатын басшылық құрылым жоқ-тын. Үшіншісі – жұрттың көңілінде елу жыл бұрынғы қалмақ соғысының зардабы әлі кетпеген, әрі сол соғыстан кейін іле-шала басталған, күн құрғатпай қайталанып, әр ауылға үрей құштырған Қырғыз барымташыларының шапқыншылығы елді сансыратып, еңсесін көтертпей тастаған. Иә айта берсек, себеп көп. Әйтсе де, біздің аталарымыз Қоқанға тез берілді деген шартты ұғым. Аталарымыз жоғарыдағыдай көптеген себептермен бірікпек түгілі бас көтеруге шамалары келмей, іштей тоз-тоздары шығып жатса да, бағзы бабалардың өр рухы кеуделері-нен кетпеген жекелеген батырлар басқыншыларға қарсы күресудей-ақ күресті. Бірақ тұрақты әскері жоқ елдің қарсылығы – бос. Соның өзінде қоқандықтар оңтүстік өлкені 1808-14 жылдар аралығындағы алты жыл ішінде әрең жаулады.
Түрлі деректерге көз салсақ, Қоқан хандығының қазақтарға көрсеткен зәбірі қалмақ залымдығынан он есе асып түскен. Оның 56 жыл үстемдігі кезінде қаншама қандасымыз шейіт кетті, халықтың қалыпты тұрмысы бүлінді, мал басы әлденеше мыңға азайды. Бір назар аударарлығы – Қоқан хандығы кейінгі кезеңдерде күллі Орталық Азиядағы ең үлкен әрі ең маңызды саяси уақиғалар бастау алған Тәшкент шаһарының мәртебесін көтерді. Қоқан кезінде Ташкент хандықтың мәртебесі жағынан екінші шаһар атанса, бір жағынан – оны өздері басып алған қазақ даласындағы халықты билеп-төстеп, басқарып отыратын орталық етті. Қазақтардан жиналатын алым-салықтың бәрі Тәшкентке жиналатын. Тәшкент билеушісі құшбегі (қосбегі, яғни ханның бір өлкедегі шексіз билікке ие өкілі) деп аталды. Құшбегі оңтүстіктегі барлық істерге жауапты болумен қатар қазақтар арасындағы датқалар мен бектерді, билер мен хәкімдерді өз таңдауынша тағайындауға құқылы-тын.
Тәшкент Қоқан хандығы алдында оңтүстік аймақтағы қазақтар билеген ең ірі шаһар еді. Оны ертеден-ақ қаңлылар билейтін. Есім хан, Тәуекел хан замандарында онда үш жүз өкілдерінің басы тоғысты. XVII ғасырдың әр жылдарында шаһарға алшын Теке, арғын Сызар (Сибзар), хәкімдік етті. Одан кейін қаңлы Бақташ пен Көше ұзақ уақыт бек болды. XVIII ғасырдың ортасында Төле би және оның ұлы Қожамжар шаһар билігін ұстады. 1784 жылы шаһар Сибзар, Көкше, Бесағаш, Шайхантәуір деген төрт бөлікке бөлініп, төрт бек билеген камалдарға бөлшектенді. 1791 жылы Қожамжар төрт қамалды қайта біріктірді. 1798 жылы Жүнісқожа бек Қоқан хандығының көмегімен Тәшкентті қазақтардан тартып алды. 1806 жылы оны Қоқан бегі Әлім өзіне қаратты. Қоқанның құзырына қараған соң Тәшкенттің көлемі бұрынғыдан да ұлғайып, 1860 жылға таман халқының саны 80 мыңнан асты.
1850 жылдан бастап Ресей империясы территориясын оңтүстікке қарай кеңейтуді басты мақсат етіп, ағылшындар отарындағы Үнді мен Ауғанстан шекарасына дейін өз үстемдігін орнатуды мықтап көздеді. Сөйтіп Орта Азияға иек арта бастаған ағылшындардың алдын орау үшін Памир тауларына дейінгі аумақты тез иеленудің жоспарын құрды. Олардың да ең маңызды нүктесі Ташкент болды. Осы жоспармен 1965 жылы Ташкентке, 1876 Ферғанаға дейінгі алапты жаулады. Орыстар бұл өлкені ілкіден Түркістан аймағы деп атайтын. Осыған байланысты 1865 жылы патша өкіметі бұл аймақтан Түркістан облысын құрды. 1867 жылы ол – Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқан, Закаспи сияқты бес облыстан тұратын Түркістан генерал– губернаторлығы болып қайта құрылды. Осы уақыттан бастап Түркістан өлкесіндегі барлық саяси іс-шешімдер мен уақиғалар Ташкентпен байланысты өрбіді.
XIX ғасырдың аяғында Ташкентте заман ағымына орай білім алған жергілікті ұлт өкілдерінің қатары көбейді. Жергілікті ұлт тілінде 1872 жылдан бастап «Түркістан уәлаяты» газеті жарық көрді. Оған заман ағымына қарай білім алған мұсылман жастарының мақалалары көптеп басылды. Араб әліпбиінің жәдідше немесе шағатайлық үлгідегі әріптерімен жазылған діни мазмұндағы және ауыз әдебиет тұрғысындағы бірнеше кітаптар шықты. Осының барлығы мұсылмандардың, оның ішінде қазақтардың білім жағынан батыс жұртының өкілдерімен теңесе бастағанының белгісі-тін. XX ғасырдың басында бүкіл Ресей жеріне тараған большевиктік үгіт-насихат Ташкентке де жетті. Шаһардағы орыстар көп істейтін зауыттар мен темір жол деполарында болшевиктердің жасырын ұйымдары жұмыс жасады. Ондай ұйымдарға сауатты мұсылмандар да тартылды. Озық ойлы мұсылман жастары большевиктік насихаттар мен бағыт-бастамаларынан ұлт теңдігі туралы көп түсінік алды және өз халықтары үшін осы мүддені іске асыруға талпыныс жасады. Түркістан өлкесінде осындай мақсат-мүдделерге алғаш ұмтылыс жасаған Көлбай Тоғысов, Сералы Лапиндер болды.
Біз «Алаш» немесе «Алашорда» туралы сөз қозғасақ, оның бастауында Әлихан Бөкейхановтың тұрғанын, оның 1917 жылы шілдеде құрылып, 1919 жылы кеңес өкіметі тарапынан қысымға түсіп, таратылғанын ауызға аламыз. Негізі, тарихи құжаттарға ден қойсақ, Алаш идеясын алғаш көтерген жерлесіміз – Көлбай Тоғысов. Ол 1914 жылдың өзінде Ташкентте «Үш жүз» атты топ құрып, соның құрылтайшылығымен «Алаш» деп аталатын газет шығарған. Міне, жалпы «Алаш» идеясы алғаш рет осы газет арқылы көрініс тапты. Газет барлық қазақтың бірлігін һәм тәуелсіздікке жетудің мұраттарын бірінші боп көтерген басылым ретінде тарихқа енді. «Алаш» газетін «Қазақ» газетімен мүлде шатыстыруға болмайды. Бұл екеуінің көтерген мәселелері бағыт-бағдарлары сарындас болғанымен, екеуі екі өңірден шыққан басылым.
Орталық Азиядағы түркі халықтарының Ресей империясынан аулақтау мұраты 1916 жылдың күзіне қарай іс жүзінде көріне бастады. Бұған Николай II патшаның батыста жүріп жатқан бірінші дүниежүзілік соғыстың қара жұмысына мұсылман жұртының жас жігіттерін тарту туралы шығарған бұйрығы себеп болды. Қазақтармен қатар бұл бұйрыққа өзбектер, тәжіктер, түрікмендер де қарсылық білдірді, сонымен қатар ашық көтеріліске шықты. Халық көтеріліс бастағанда Түркістандағы оқыған, көзі ашық азаматтар оған дем берді, сондай-ақ өз араларынан саяси топ құрып, қалайда елді аман сақтап қалудың қамына кірісті. Солай десек те, жергілікті көсемдер ойлағандарына жете алмады. Сөйте тұра, азаттыққа бастайтын жолдың алғашқы баспалдағын жасап үлгерді. Ол кезде Түркістанның оқымыстылары көбіне-көп дін ілімін жетік меңгерген адамдар еді. Сондықтан да олардың басым бөлігі бостандыққа діндік ұстаным жолымен жетуге ниеттенді.
Азаттық туралы бастаманы ұстанғандарды патша үкіметі көзге ілмесе де, олардың насихат-үгіттері 1917 жылы өңірге кең тарап, солардың негізінде кім болса да санасатын беделді ұйымдар құрылды. Ондай ұйымдардың дерлігі 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін пайда болды. Өйткені аталмыш төңкеріс Түркістан жұртының көңіліне азаттық алуға, өзі алдарына автономия болуға деген сенімді ұялатты.
Ғылыми айналымда бір патша билеп-төстеген самодержавиялық билік деп аталған өкіметті тақтан құлатқан Керенскийдің уақытша үкіметі әу баста жергілікті ұлттардың өзін-өзі билеу жүйесін жақтағандай көрінген. Алайда уақытша үкімет мұндай жүйені іс жүзіне асыруға асықпады. Қалай айтсақ та, патша уақытындағыдай емес, уақытша үкімет тұсында орыс тарихшылары атап жүрген «майда халықтар» өз мүдделерін ашық білдіретін демократияға қол жеткізді, яғни сол шақта Ресейдің шығысындағы түркі жұртының баршасына еркін сөз айту һәм өз құқықтарын талап ете алатын кезең туды. Осының арқасында Түркістандағы ұлттар жеке-жеке оқшауланбай, исламдық бірлік талабына сәйкес бір ортаға жұмылды. Олар уақытша үкіметтен өлкеде дербес автономия құрылуын және ұлттардың өзін-өзі билеу құқығына ие болуын талап етті. Осы мақсатпен сол жылдың ақпанының аяғында Ташкентте Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен Түркістан өлкелік мұсылмандар кеңесі өз жұмысын бастады. Бұл кеңестің басты міндеті – өлкедегі барлық мұсылмандарды қай жағынан болса да орыстармен теңестіріп, басшылық қызметтерде жергілікті халықтар өкілдерін көбейту болды.
13 наурызда жәдидші-реформатор М.Әбдірәшитов басшылық жасаған «Шураи Исламия» комитеті өмірге келді. Мұның да мақсаты – мұсылман жұртының тәуелсіздігіне қол жеткізу болатын. Бірақ «Шураи Исламияны» комитет деуден гөрі тек исламдық бағытты ұстанған, барлық заңдары мен іс-әрекеті Құран, шариғат қағидаттарына үйлестірілген ұйым деуге болатындай-тын. Бұған қарағанда Сералы Лапинның бастауымен пайда болған «Шураи Улем» (Үлемдер кеңесі) саяси партиясының авангардтық рөлі маңыздырақ еді. «Шураи Улемнің» де бағыт-бағдары ислам тезистеріне сәйкестендірілгенімен, өркениетке заманауи ілім-біліммен жету керек деген ұмтылысы көңілге қонарлықтай-ды. Аталған екі ұйым дербес құрылым ретінде жұмыс атқарғандарымен, Түркістан өлкелік мұсылмандар кеңесіне кей ретте бағыныштылық танытты. Әрі Түркістан жұртының азаттығына алғаш үн қосқан партиялардың қатарынан саналды.
Қазан төңкерісіне дейін бостандықты аңсаған, өз ұлттарының мүддесін көздеген партиялар бұлармен шектеліп қалмады. Ташкенттегі «Улеми Жамиғат» (Үлемдер қоғамы), Самарқандағы «Иттихат Уа Тарақһи» (Бірлік және өркениет), Әндіжандағы А.Темірбеков ұйымдастырған «Хүрийат уа Маһрифат» (Бостандық және ағарту) ұйымдары 1918 жылдың аяғына дейін қызмет етті. Сайып келгенде бұлардың бәрі – Түркі жұртының тәуелсіздігі үшін қызмет етті.
1917 жылдың орта шетіне қарай Түркістан өлкелік мұсылмандар кеңесіне балама ретінде құрылған әлгі аталған ұйымдардың әмбесі патша үкіметінен жапа шеккен мұсылмандарға азаттық әпереді деген ниетпен уақытша үкіметке жазбаша түрде үлкен сенім білдірді. «Шураи Улемнің» жетекшісі С.Лапин өзі туып-өскен Перовск және Шымкент уездеріне келіп, қырғыз (қазақ) депутаттарының уақытша уездік кеңестерін ұйымдастырды. Бұл да, түркістандықтардың Керенский басқарған уақытша үкімет кезінде тәуелсіздікке талпынған әрекеттерінің бір көрінісі-тұғын.
Бәрімізге белгілі, «Алаш» партиясы 1917 жылдың желтоқсан айында дүниеге келді. Ал біз әңгіме еткен ұйымдар мен партиялар одан сегіз-тоғыз ай бұрын Ташкентте пайда болған. Әрі олардың бәрін, мейлі діни бағытта болсын, мейлі батыстық үлгіге бір табан жақын заманға орайғы бағытта болсын, қайсысын болса да қазақтан шыққан қайраткерлер басқарды. Демек, түркі халықтарын патша езгісінен де, кейінгі коммунистік идеялардан да аулақтауға алғашқы бастамашылар болған қазақ қайраткерлері екені дау тудырмас ақиқат.
Уақытша үкімет кезінде Түркістан комитетіне орыстармен бірге М.Шоқай, М.Тынышбаев, Ә.Бөкейханов, П.Тоқтаров сынды қазақ қайраткерлері мүше болды. Олардың бастауымен, әлгінде айтқанымыздай, уақытша үкімет тұсында түркістандықтар ұлттық мүддеге орай өз саяси бағыттарын ашық білдіре алды. Азаттық ұранын көтеруші көсемдер мен бостандық аңсаған Түркістан жұрты қазан төңкерісінің алғашқы жылдарында да осы ниеттерінен арылмады. Петерборда большевиктер партиясы жеңіске жеткен күннің ертесіне-ақ Лениннің басшылығымен қабылданған «Ресей халықтарының бәрі тең праволы. Әр ұлт Ресей құрамынан бөлініп шығып, дербес мемлекет құруға, ерікті түрде өзін-өзі билеуге құқылы» деген принципке сай тармақтары бар декреттен кейін қазақ оқығандары мен түркістандық көзі ашық азаматтар тәуелсіздік алудың қамына бұрынғыдан да бетер белсене кірісті. Алайда уақыт өте келе, аталмыш декреттің тармақтары тек қағаз жүзінде ғана екеніне түркі көсемдерінің көздері әбден жетті. Оның айқын мысалы — 1917 жылдың қараша айында Ташкентте өткен Түркістандағы большевиктік кеңестердің III съезінің шешімдерінен анық көрінді. Съездің шешімі бойынша, жергілікті халық өкілдерінің жаңа өкімет басшылығының құрамына қатысу құқығы жойылды. Осыған жауап ретінде түркістандық зиялылар сол жылдың 20 қарашасында Қоқанда жалпы мұсылмандардың IV съезін шақырып, түркі халықтарының жеке елдігін және өзін-өзі билеу құқығын анықтайтын Түркістан республикасының құрылғанын жария етті.
Оның алғашқы жетекшісі болып, М.Тынышбаев, сәл кейін М.Шоқай сайланды. Қоқанда құрылған осы Түркістан республикасы (кеңестік тарихшылар оны кекетіп, Қоқан автономиясы деген) шын мәнінде түркілік жұрттың азаттыққа қол созған алғашқы мемлекеттік құрылымы болды. Бірақ оны 1918 жылы 22 қаңтарда Ташкенттегі большевиктер басып алып, таратып жіберді, басшыларын қуғынға ұшыратты. М.Шоқай, С.Лапин, А.Әбдірәшитовтар шетелге кетуге мәжбүр болды. Осылайша, шовинистік пиғылды ұстанған уақытша үкімет басшылары да, бұрынғы отаршылдардың басқару және үкіметтік жүйесін ғана өзгерткен, ал ой-ниеттері ұлы орыстық менмендік санадан арылмаған кейінгі большевиктер де түркі, қала берді, қазақ жұрты қайраткерлерінің мақсат-мүдделерін тас-талқан етті. Тағы бір көңіл қынжылтарлығы – әлгіндей зиялылар басқарған ұлттық-демократиялық ұйымдардың барлығына кеңестік тарихшылар буржуазияшыл-ұлтшылдар партиялары деген ат берді.
Жалпы орыс билігінен ажырауды көксеген Түркістан республикасын құрушы қайраткерлердің көбісі кейін өз тағдырларын қазақ даласында кең етек алған «Алаш» партиясымен, «Алашорда» үкіметімен байланыстырды. Дегенмен пролетариат диктатурасымен бірге бүкіл ұлттарға бюрократиялық пиғыл ұстанған кеңестер «Алашорданы» да көп ұзатпай тұншықтырып тастады. Десе де, Түркістан жерінен бастау алып қазақтың өз алдына ел болып ұйысуы мен болашағы үшін көнермейтін үлгі-өсиет пен мұра қалдырған ардақтылар соңдарына өшпестей із қалдырып кетті.
Негізінде Түркістан өлкесіндегі қазақтардың бостандық туралы ой-мұраттары – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде қатты оянған болатын. Осы мақалада аттары аталған ұйымдар мен партиялар сол кезде оянған ой-мұраттар арқылы өмірге келген. Және бір ашып айтатын тарих – 1916 жылғы бұлғақ кезінде Түркістан генерал-губернаторлығына қараған Сырдария және Жетісу облыстарында ұлт-азаттық күрес деңгейінде ірілі-ұсақты 31 көтеріліс болды. Оңтүстік Қазақстан аумағында сол жылғы көтерілістердің дені Шымкент, Ташқазақ, Түркістан уездерінде өтті. 29 шілде күні Мошқал Тоқтамысұлы, Әлнұр Қожаназарұлы тәрізді болыстар бастаған 700 қаралы адам Николай патшаның бұйрығын орындауға кіріскен бірнеше ауылдардың старшындары мен сатқын болыстарын жазалап, Шымкенттегі уезд орталығына, қала приставы отырған кеңсеге шабуылдайды. Бұлардан жеңілген қала горнизонының тірі қалған солдаттары Ташкентке қарай қашады. Осы жеңіске масаттанған қазақтар барлық болыстықтардағы халықты жаппай көтерілуге үндейді. Әр жер-әр жерге жиналған топтардың бастары қосылмаса да, бір жарым ай бойы батыстағы майданға жігіт бермеуге жанталасып, патша отрядтарымен шайқасқа түседі. Бірақ көп ұзамай Ташкенттен шыққан жақсы қаруланған жазалаушы отрядтар ауыл-ауылдардағы бас көтергендерді аяусыз жазалайды. Сол зұлматта Сырдария және Жетісу облыстарында 20 мыңға жуық адам шейіт кетіп, 70 мыңға жуық қазақ жат елге ауады.
Уақытша үкімет билік құрып тұрған 1917 жылдың наурызынан 1918 жылдың наурызына дейінгі аралықта Сырдария және Жетісу облыстарының аумағында жергілікті жұрт «Жылантақыр» деп атаған ұлы жұт өткен. 1917 жылдың басында Сырдария облысында 1 миллион 100 мыңдай, Жетісу облысында 810 мыңдай қазақ болған. Ал 1920 жылғы есеп бойынша, Сырдарияда 875 мың, Жетісуда 415 мың қазақ қалған. Сонда бір жылғы жұтта екі облыста 500 мыңнан аса қазақ қырылып, 100 мыңдайы басқа елдерге ауып кеткен.
1918 жылдың 30 сәуірінде орталығы Ташкент болған РСФСР құрамындағы Түркістан автономиялы кеңестік социалистік республикасы құрылды. Осы республикамен бірге Т.Рысқұлов, С. Қожанов, Д. Жайнақов, Қ. Сармолдаев сынды 1920 жылдардағы қазақтың көрнекті қайраткерлерінің есімдері тарих сахнасына шықты. Бұлардың да барлығы халық үшін өлшеусіз еңбек етті. Т. Рысқұлов Түркістан жерінде Түркі кеңес республикасын құру керек деген бастама көтерді. Алайда үстемшіл пиғылдағы Мәскеу коммунистері бұл бастаманы да қолдамады.
1924 жылы Орталық Азиядағы ұлттардың шекарасын межелеу саясаты іске асты. Осының негізінде Өзбек, Түрікмен КСР-лары пайда болды. Ташкент қаласы Мәскеудің біржақты шешімімен Өзбекстанға қалдырылды да, бұрын Түркістан автономиялы кеңестік республикасына қараған Сырдария мен Жетісу облыстары ҚазАКСР-ы құрамына берілді. Сөйтіп біртұтас қазақ ұлтын құраған өңірлер бір республикаға айналды.
Алайда бір республикаға біріккен қазақ халқы бұдан кейін де көп теперіш көрді. 1928 жылғы бай шаруашылықтарын тәркілеу, оның артынша басталған ұжымдастыру саясаты да халықтың басына талай нәубет тудырды. Әсіресе 1931-33 жылдардағы ашаршылық зұлматы қазаққа өлшеусіз қайғы, орны толмас шығын әкелді. Бір ғана Сырдария округінде (бұған Қызылорда, Жамбыл облыстары да қараған) осы ашаршылық жылдары 500 мыңдай қазақ аштан өліп, 200 мыңдайы басқа республикаларға ауып кеткен…
Айта берсек, сыры ашылмаған тарих көп. Қалай десек те, өткен ғасырлар безбенінде ата-бабаларымыз қаншама зобалаңды кезеңдер мен аласапыранды дәуірлерді бастан өткерсе де, сол замандарда жасаған қаһармандардың аңсаған тәуелсіздігіне қазақ ақыры жетті. Бірақ XX ғасырдың басында осы тәуелсіздік үшін басталған арман-мүдделердің ең алғашқы үні Түркістан жерінде көтерілгені туралы шындықтың әлі күнге ашық айтылмай келе жатқаны өкінішті. Иә, тарих болған күйінде айтылмағы ләзім. Сол үшін де бүгіндегі «мәңгілік ел» идеясының бастамасы XX ғасырдың басында алғаш рет Түркістан орталығы болған Тәшкентте көтерілгені хақында және оның маңындағы қазақтар тарихы жайында қысқаша сөз етуді парыз деп таптық.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика