Татьянаның қырдағы əні

23 сентября 2016

Келесі жылы оның шыққанына 120 жыл толады

Татьянаның қырдағы әніƏнеу бір жылы «Егемен Қазақстан» газетінде «Абайдың романы» атты мақалада Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» романының Абай жасаған қазақша нұсқасы аударма емес, төл туынды екенін дəлелдеуге тырысқан едік. Бас абайтанушы Мұхтар Əуезов жанрын эпистолярлық роман деп анықтаған бұл туындының əлі де тексере, зерделей түсетін тұстары жетерлік. Жалпы, көркем шығарма табиғатында – нақтылы құбылыс. Уақыт озған сайын жаңа қыр-сыры ашыла бермек.
Жуықта осы жолдардың авторы Федор Достоевскийдің 1880 жылғы 8 маусымда Орыс тілді əдеби шығармаларды сүюшілер қоғамында, Мəскеудің Тверь бульварында Пушкинге ескерткіш орнатылуына орай жасаған баяндамасын тəржімалады… Студенттік шақ. Оқу бағдарламасы бойынша Виссарион Белинскийдің А.С.Пушкин туралы мақалалар шоғырын оқығанбыз. Ал Пушкин жайлы ұлы орыс сыншысының еңбектерімен қатар, орыстың тағы бір кемеңгері Федор Достоевскийдің Александр Пушкин туралы мақаласы барын ол кезде естіп білмеген едік. Кеңес кезінде дүниетанымы жағынан көп қайшылықтары бар деп саналғандық салдарынан болса керек.
Достоевскийдің бағалауында, Онегин – əрі өр адам, əрі ақсаусақ («праздный человек»), халық өмірінің «қарғыс атқан мəселелерінен» бойын аулақ ұстайтын, туған жерінің уайым-қайғысына жаны ауырмайтын өзімшіл, эгоист. Сөйтіп, Достоевский Онегинді Белинскийден гөрі қатаңырақ сынайды. Татьяна образын зерделегенде, Онегинді, казақшалап айтқанда, жермен-жексен етеді.
Ал Абайдың хат түрінде жазылған романындағы Онегин образы бірі ақын, бірі прозаик орыс əдебиеті классиктерінің идеялық-эстетикалық бағамдарына ұқсайды да, ұқсамайды да. Абай романында ең əуелі «Онегиннің сипаты» суреттеледі. Онегинді ұлы ақынымыз өзі көздеген нысанасына сай орыс данасы романының бірінші тарауының оныншы, он бірінші шумақтары жəне он екініші шумақтың алты жолын іріктеп алып, сол жыр жолдарының сарыны бойынша бейнелейді. Александр Пушкин аталған тарау шумақтарын:
Как рано мог он лицемерить,
Таить надежду, ревновать,
Разуверять, заставить верить,
Казаться мрачным, изнывать,
Являться гордым и послушным,
Внимательным и равнодушным!
Как томно был он молчалив,
Как пламенно красноречив,
В сердечных письмах как небрежен! – деп бастаса, ұлы Абай бұл жолдарды былайша өрбітеді:
Жасынан түсін билеп сыр бермеген,
Дəмеленсе, күндесе, білдірмеген,
Нанасың не айтса да, амалың жоқ,
Түсінде бір кəдік жоқ алдар деген.
Кейде паң, кейде көнгіш орныменен,
Кейде үндемей жүрсе де, сөзге баяу.
От жалындай жауапкер құрбыменен.
Салыстырып көріңіз. Қазақ ақыны, біріншіден, Пушкин романынан Онегиннің күрделі характерінің оңды сипаттамаларына көбірек зер салған. Қай тұстардағы сынының эпистолярлық романының түпкі мақсатына сəйкесетін жағын едəуір жұмсартқан. Тіпті жоғарыда келтірілген шумақтың бірінші жолын түбірлі өзгерткен десе де болады. «Как рано мог он лицемерить» деген жыр жолы қазақ ақынының нұсқасында «жасынан түсін билеп, сыр бермеген» делінген. Яғни, эпистолярлық романның Евгений Онегині екі жүзді оңбаған емес. Қайта жөпшеңділікпен сырын аша қоймайтын, түсін билегіш, ұстамды адам.
Екіншіден, Абай романындағы Онегинге қаратып айтылатын əшкере сынның өзі де, сайып келгенде, сипап-қамшылау ғана болып шыққан. Онегинді «дем алысым, құмарым – бір сен» деп, «жанын құрбан жолына қылған жансиды» деп келемеждегенімен, оның бұл айыбын да оншама ауырлатпайды, «жастық жеңіп, көңіл шайқағандық» деп жуып-шаяды.
Александр Пушкин қазақ жерінде, Орынбор мен Орал қалаларында 1833 жылы болғаны, қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын əдейілеп жаздырып алып, ол жөнінде шығарма жазуды ойластырғаны атам заманнан аян ақиқат. Мұхтар Əуезов бұл тарихи шындықты біле тұра, «Осылайша, 1887 жылдың қысында орыстың данасы Пушкин өзінің сүйіктісі Татьянасын қолынан жетектеп кеп, кең қазақ сахарасына ең алғаш рет қадам басты» – деп жазады.
Заңғар жазушымыздың бұлайша келуінің, нақтылы образ арқылы белгілі бір идеямен арқауланған аллегориялық көркем тəсілді қолдануының өз сыры бар. Ол сырдың өзегі ұлы орыс халқы мен қазақ халқының достығы идеясы еді. Орыс данасының қазақтың ұлан-ғайыр даласына қолынан жетектеп келген Татьянасы, дана ақын Пушкиннің өзі де тыңдаушысын ұйытқан қадірлі, биік образдарға айналды.
Татьяна – Пушкиннің, Белинскийдің, Достоевскийдің, Абайдың ғана емес, романды оқыған жанның бəр-бəрінің сүйіктісі.
А счастье было так возможно,
Так близко!..Но судьба моя
Уж решена…
Я вышла замуж. Вы должны,
Я вас прошу, меня оставить;
……………………………………..
Я вас люблю (к чему лукавить?),
Но я другому отдана,
Я буду век ему верна.
Виссарион Белинский осы жыр жолдарын талдай келе, Татьяна өз болмыс-табиғатынан айны майтын орыс əйелінің типі деп бағалайды.
Федор Достоевский де Татьянаның: «Басқаға мен бұйырғанмын, Адалмын оған əрдайым», деген ақтық сөзін нағыз орыс əйеліне тəн мінезге балайды. Сонсоң сауал қояды: бірақ сонда қалай болғаны Татьяна Онегинге «мен сізді сүйемін» дейді, сонысына қарамай, оны етегінен ұстаудан бас тартады, өйтуінің себебі неде? Ұлы жазушының бұл мəселеге байланысты ұзақ-сонар толғаныстарын қысқаша қайырғанда, себеп екі түрлі: біріншісі – Татьянаның пəк жүрегінің шешімі: «мейлі мен-ақ бақытсыз болайын, менің бақытсыздығым анау шалдың бақытсыздығынан əлдеқайда ауыр болсын, бірақ мен басқа біреудің түбіне жету арқылы бақытты болғым келмейді», дейді. Екінші себеп – Достоевскийдің жорамалы бойынша, Татьяна тіпті қарт күйеуі дүниеден озып, басы босаған күнде де Онегиннің соңынан ермеген болар еді. Өйткені, оның қандай адам екеніне Татьяна сонау қыз кезінде-ақ, Онегин жоқта оның кабинетін аралап, оқыған кітаптарын, зат-бұйымдарын ақтарып-төңкеріп жүріп, көзі жеткендей болған. Ернінен ерсілеу күлкі жүгіріп: «Сайқымазақ емес пе екен бұл жазған?» – деп ойлаған-ды.
Ал «Татьяна хаты» туралы қазақ нұсқаларында: Мұхтар Əуезовтің роман-эпопеясында, ұлы жазушының көркем зерттеулерінде, мысалы, «Пушкин жəне Абай» атты мақаласында ұлы Абай «Евгений Онегин» романының ішінен «тек Онегин-Татьяна арасында кезек ауысқан күшті махаббат күйлерін ғана сөз қылатынын айрықша бөліп айтқан. «Абай өз жанынан Онегинге ақырғы сөз береді. Бұл – Пушкинде жоқ», дейді.
Абай кейіпкері хат түріндегі романдағы характерінің даму логикасына сай өлім құшады. Онегин «Татьяна хатына» ілкі жауабында-ақ:
Пенде көрген бар қызықтың
Бəрін ішкен сұм жүрек.
Айныған соң сен жолықтың,
Айтып-айтпай не керек?!
Тəтті дүние көңілімнен,
Кетті менің нан маған.
Енді бізге бір өлімнен
Басқа түк жоқ арнаған, – деп жол таба алмай дүние салатынын мəлімдейді. Ал Пушкин романында Татьяна хатын алған соң Онегин өлім деген сұмдық сөзді аузына да алмайды. Паң жігіт – жиырманың алтауында. Бұл жасына дейін сүйіп-жанудың талайын басынан кешіріп үлгірген. Енді сол
қызық-шыжықтың бəрінен мезі болған.
Но я не создан для блаженства;
Ему чужда душа моя;
Напрасны ваши совершенства;
Их вовсе недостоин я.
Поверьте (совесть тому порукой),
Супружество будет нам мукой,
Я, сколько ни любил бы вас,
Привыкнув, разлюблю тотчас;
Начнете плакать: ваши слезы
Не тронут сердца моего,
А будут лишь бесить его…
Өзінің бүгін жақсы көргенінен күні ертең айнып кететінін жасырмайды. Жас қызға дəріс оқығандай:
Арман етпе, жас күнің көп,
Игілік көр, ерге бар!
Бұл заманның қашқыны деп,
Мен ғарыпты есіңе ал, – дейді.
Тағы бір ерекшелік, эпистолярлық романның геройы Пушкин романындағы Евгений Онегинмен аттас болғанымен, ұлттық заты бөлек! «Онегиннің Татьянаға жазған хатында» былай делінген:
Михрабым сен, бас ұрамын,
Тіл жете алмас гүзіріме.
Жептпедім, не жасырамын,
Гауһарымның қадіріне.
Михраб мешітте құбыланы көрсететін, имам тұра тын орын. Ендігі бір шумақ: «Тəңірі добы – бұл ғаріп бас» деп басталады. «Адамның басы – Алланың добы» деген мəтел де христианның аузы нан шықпаса керек. Қысқасы, эпистолярлық романның геройы – мұсылман, айтты-айтпады – қазақ!
Абай романындағы Татьянаның да есімі орысша болғанымен, заты – қазақ қызы. «Татьянаның сөзі» былайша жұпталады:
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
Тірі қалдым, өлмей əрең,
Қатты батты тырнағың.
Немесе:
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де сорлы – бақыт кем.
Бұл сөздерді Пушкин романынан мүлде ұшыратпайтынымыз – заңды нəрсе. Өйткені, мұндай тіркестер христиан, орыс атаулының аузына ешқашан түспек емес. Орыс дворянының қызы сүт пісіріп, қазанның қаспағын қырмайды ғой!
Эпистолярлық романның Татьянасы соңыра жұрттың өсек, қаңқуына қалмауын тілей отырып, сөзін былайша тəмамдайды.
Ғашық ақпын еш күмəнсіз,
Ырыс емес, сор үшін.
Көрісуге шыдамаспыз,
Айырылалық сол үшін.
Бұл шумақтың Пушкин романына ұқсайтын жері – несін мекерсиін, мен сізді сүйемін дейтін мұң-зары. Ал көрісуге шыдамаспыз» дейтін сөздері Шығыстың Лəйлі-Мəжнүн дастанын еске түсіретіні даусыз.
Хат түрінде жазылған романдағы Татьяна бұрын қазақ сөзімен айтылып көрмеген, əр сөзі анық естілетін көркем тілмен жəне бір кереметі – Абай шығарған шерлі, мұңды сазбен əндетеді.
Татьяна əнінің қазақ сахарасында шырқалғаны на енді бір қыс өткен соң 120 жыл толмақ. «Абай жолы» роман-эпопеясында Татьянаның əні, наз-мұңы Абайдың сүйікті жары Əйгерімнің жүрегінен жан-иманындай, мінəжат құпия дұғасындай үзіліп шықса, бүгінде дəл солай əр жас жүректі ерітіп, көңілін əсем күйге бөлемек.
Тəңірі қосқан жар едің сен,
Жар ете алмай кетіп ең.
Ол кезімде бала едім мен,
Аямасқа бекіп ең.
Татьяна жасындағы бүгінгі бұрымдылар бұл əнді таза сезіммен, ыстық жүрекпен айтса, оның қисыны жетерлік. Қыз – жат жұрттық. Туған əке-шешесінен жырақтап, басқа бір шаңыраққа келін боп түседі. Жас аруға не ой келіп кетпейді дейсің. Татьяна əнін шырқатса, болашақ тағдырын жауапты ойлағаны. Татьяна əні – қанат біті ретін бөлек сазды, мұңды, назды əн.
Ресейде қазірде Пушкин туралы жыл сайын 500-дей кітап шығады екен. «Литературная газета», басқа да бұқаралық ақпарат құралдары ұлы ақын жайлы жаңа бір дерек пе, əйтеуір, себебін тауып құнарлы материал жариялап жатады… Пушкин – орыс данасы болғанда, Абай – қазақ данасы. «Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» дейді атам қазақ. Айтпағым, келесі жыл – Татьяна əнінің жылы болып жарияланса. Əншілер бəйгесі, тағы да басқа айшықты іс-шаралар белгіленсе… Бүгінгі жас ұланды смартфонға күнді-түні үңілуден басын бір көтертсе, ол Абай өлеңі, Татьяна əні болар.

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
«Егемен Қазақстан» газеті
23.09.2016


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика