Тәттімбет атындағы VI Республикалық конкурс

1 августа 2018

IMG_5258Шертпе күйдің атасы Тәттімбет Қазанғапұлының туғанына 200 жыл. Қазақ өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, дамуына үлес қосқан күйшінің мерейтойына байланысты елімізде жыл бойына түрлі іс-шара атқарылған болатын. Енді қорытындылайтын сәт те жақындап қалды. Күйшінің тойы Қарағанды қаласында жас күйшілердің дәстүрлі VI Республикалық конкурсымен қорытындыланбақ.
Байқаудың ашылу салтанатына арналған мерекелік концерт К.С.Станислав атындағы облыстық орыс драма театрында өтті. Әуелі осы байқауға үкілеген үмітпен еліміздің әр өңірінен арт арытып келген жас таланттар халыққа таныстырылды. Ел ағаларының батасын алды.
Облыс әкімінің орынбасары Жандос Ақылсерікұлы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, байқауға қатысушы жастарға ізгі тілегін жеткізді. Ол кісіден соң құттықтау сөз Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, профессор, Тәттімбет атындағы байқаудың әділқазылар алқасының төрағасы Біләл Ысқақ ағамызға берілген болатын. Ол кісі әуелі жиналған қауымды күйшінің мерейтойымен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді. Артынша Тәттімбет Қазанғапұлының ұлт үшін қаншалықты ұлы тұлға екенін айтып өтті.
– Тәттімбет – тек күйші ғана емес, мемлекет қайраткері. Қазақ даласындағы алғашқы алтын кен орнының ашылуына себеп болған. Сонау Петербургке дейін барып, ақ патшаның алдында домбырамен төгілдіре күй ойнап, қазақтарды мәдениеті жоқ, жабайы ел деп санаған орыс ақсүйектерінің ойы қате екенін дәлелдеп берді. Домбыраның үніне елтіген патша орнынан тұрып, Тәттімбетке күміс медаль тағады. Бірақ бұл сөзіміз оның орыс басқыншыларын жақтады дегеніміз емес. Өткен жолы Ресейде күйшінің Құнанбайға арнап жазған хаты табылды. Онда Тәттімбет Қазанғапұлы Кеңесары ханға көмек көрсету қажеттігін айтқан екен. Яғни өзі болыс болып, Ресей империясына қызмет қылса да, ұлттың азаттығы, елдің бостандығы жолында лауазым мен атақтан бас тартуға дайын екенін көрсете білген, – дейді Біләл Ысқақ.
Расында, Тәттімбет – басқа күйшілер тәрізді емес, бұл өнер саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, соңынан мектеп қалыптастырып кеткен ұлы тұлға. Біләл Ысқақ мырзаның айтуынша, шетелде жүрген бір сапарында Тәттімбеттің күйлерін тыңдаған африкалық бір азамат ерекше тамсанып, күйдің авторымен кездесуді сұраған көрінеді. Оған бұл күйлердің авторы осыдан 200 жыл бұрын дүниеге келгенін айтқанда, таңдай қағыпты. «Бұл қалай болғаны? Мына күйлер нағыз қазіргі заманға сай дүниелер емес пе?» – деп бас шайқаған көрінеді.
Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы VI Республикалық конкурс «Домбыра-тенор», «Прима-қобыз», «Қылқобыз» тәрізді бірнеше аталым бойынша өтеді. Талапкерлер Тәттімбет күйлерінен басқа да қазақ күйшілерінің шығармасы мен шетелдік классиктердің еңбектерін нақышына келтіре орындауы тиіс. Әр аталым бірнеше кезеңге бөлінген. Осы арқылы үздіктер іріктеліп отырады. Конкурстың әр кезеңі жабық түрде,әділ қазылардың,үміткерлердің және қатысушыларға жанкүйерлік етуге келген аз ғана адамдардың алдында өтеді. Қатысушыларды іріктеп, жеңімпаздарды анықтап, қалың көрерменге гала-концерт беріледі.  Ұйымдастырушылар алқасының айтуынша, байқаудың қорытындысы 27 қараша күні сағат 17:00-де Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында жарияланып, үздіктерді марапаттау шарасы өткізіледі.

ТӘТТІМБЕТ АТЫНДАҒЫ VІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫНЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫ

Домбыра-тенор номинациясы бойынша

І – кезең
1. Шетел, орыс және қазақ композиторларының 1 күрделі шығармасы;
2. Ә.Хасеновтың нұсқасы бойынша Тәттімбеттің күйі «Сарыжайлау» міндетті түрде орындалуы тиіс;
3. Қ.Ахмедияровтың нұсқасы бойынша Махамбеттің күйі «Жұмыр қылыш» күйі;
4. Қыздарбек, Аққыз, Сүгір, Ә.Хасенов, М.Хамзин, Т.Момбековтың 1(бір) күйі.
ІІ – кезең
1. Ә.Хасеновтың нұсқасы бойынша Тәттімбеттің күйі «Көкейкесті» күйі;
2. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай халық күйі «Ақсақ құлан» (Н.Тілендиевтің нұсқасы);
3. Таңдау бойынша 1(бір) төкпе күй;
4. Таңдау бойынша 1(бір) шертпе күй (Сүгір, Қыздарбек, Аққыз, Раздық, Т.Момбеков, С.Тұрысбековтердің шығармалары);
ІІІ – кезең
1. Тәттімбеттің күйі «Бестөре»;
2. Жеңістің 70 жылдығына орай М.Хамзиннің «Белгісіз солдат» күйі; 
3. Таңдау бойынша 1(бір) төкпе күй; 
4. Жабық түрде жеребеге түсетін күйлер тізімі: «Секіртпе», «Сылқылдақ», «Айдос», «Азамат қожа», «Бозайғыр», «Қосбасар VI», «Көкейкесті», «Көш жанаған», «Молқара», «Қосбасар V».

Прима-қобыз номинациясы бойынша

І – кезең
1. Қобыз-примаға лайықтап өңделген Тәттімбеттің күйі (таңдау бойынша);
2. Орындаушылық шеберлікті көрсететін шетел композиторларының шығармалары;
3. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Ж. Тұрсынбаевтың «Махамбеттің ұлы арманы» шығармасы міндетті түрде орындалуы тиіс.
ІІ – кезең
1. Қобыз-примаға лайықтап өңделген және міндетті түрде сүйемелдеумен Тәттімбеттің 1 (бір) күйі (таңдау бойынша);
2. Орындаушылық шеберлікті көрсететін шетел композиторларының шығармалары;
3. Қазақстан композиторларының шығармалары.
ІІІ– кезең
1. Күрделі шығарма; концерт немесе соната (І бөлім немесе ІІ – ІІІ б.б.);
2. Қобыз-примаға лайықтап өңделген Қазақстан композиторларының 1 шығармасы.

Қыл-қобыз номинациясы бойынша

І- кезең
1. Ә.Хасеновтың нұсқасындағы Тәттімбеттің күйі «Айдос» (Е.Үсенов өңдеуіндегі фортепиано сүйемелдеуінде);
2. Ж.Қаламбаевтың нұсқасындағы Ықыластың күйі «Жезкиік» (міндеті түрде);
3. Қорқыттың күйі (таңдау бойынша).
ІІ-кезең
1. Е.Үсеновтың өңдеуіндегі Тәттімбеттің күйі «Бестөре» (Фольклорлық ансамблдің сүйемелдеуімен);
2. Арқа мектебінен домбыраға арналған 1 (бір) күй (таңдау бойынша);
3. Д.Мықтыбаевтың орындауындағы нұсқасы бойынша Ықыластың күйі «Ерден» (міндетті түрде).
ІІІ-кезең
1. Қазақстан композиторларының 1(бір) шығармасы (таңдау бойынша, фортепиано сүйемелдеуімен);
2. Қылқобызға арналған 1 (бір) күй (таңдау бойынша);
3. Жабық түрде жеребеге түсетін 1 (бір) күй.

Жабық түрде жеребеге түсетін күйлер тізімі:
Д.Мықтыбаев нұсқасындағы күйлер: Ықылас «Кертолғау», Қорқыт «Қорқыт» І түрі, Ықылас «Қазан», халық күйі «Аққу», Ықылас «Айрауықтың ащы күйі», Ж.Қаламбаевтың нұсқасындағы күйлер: халық күйі «Мұңлық-Зарлық», Шәркеннің күйі «Шәркен», Жаппас Қаламбаев «Марш», Ықылас «Ханшайым», Қазбек Абеновтың орындауындағы нұсқасындағы Баубектің күйі «Қоңыржай».

«Қасым-Ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика