Тәттімбет атындағы өнер колледжі жаңа ғимаратқа көшті

27 апреля 2017

Тәттімбет атындағы өнер колледжінің мәселесі оң шешімін тапты. Ұзақ жылдар бойы көшпендінің күйін кешіп, әр ғимаратқа бір көшіп жүрген оқу ордасы енді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің №10 корпусына орналастырылды. Ғимарат республикалық баланстан облысқа ауыстырылды және Тәттімбет колледжінің меншігіне берілді, — деп хабарлайды Qasym.kz .

Жаңадан енді кіріскен облыс әкімі тікелей араласқан Ерлан Қошанов колледж қызметкерлерімен, студенттермен кездесті. Олардың жайын көріп, жаңа ғимарат тауып беруге уәде берді. Уәдесінде тұрды да.

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Ең алдымен барлық терезелерді, санитарлық тораптарды ауыстырып, асхана мен кітапхананы жабдықтап, хореографиялық кабинеттерге линолеум төсеп, сахна шеберлігі аудиторияларында сахналар орнату, музыкалық аспаптар сатып алу керек. Қарапайым есептеулер бойынша, колледжге ондаған рояль, бірнеше фортепиано, үрмелі және ішекті аспаптар, сондай-ақ, дыбыс жазу студиясы қажет.

— Білім басқармасы осының барлығын сатып алуға уәде берген. Бізге он рояль, ұлттық оркестрге арналған костюмдер, компьютерлер, мультимедиялық тақта, дыбыс жазу студиясы керек, — деп хабарлады колледж директоры Мейірхан Адамбеков.

Колледждің жаңа ғимаратындағы жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Студенттер жаңа оқу жылын жайлы ортада бастайды деп күтілуде.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика