Тас жүрек. Деректі әңгіме

13 марта 2019

Ауыл шетіндегі бір үйде екі әйел, бір еркек тұрады.Үшеуі де қартайған.Сырттай қараған адам екі әйелдің бірін бәйбіше, одан бес-алты жас кішісін тоқалы деп ойлауы мүмкін.Себебі шалдың ас-ауқатын беретін де, кір-қоңын жуатын да сол. Бірақ шалдың қасына ешкім жатпайды. Екі әйел бір бөлмеде, шал жалғыз өзі түкпіргі бөлмеде. Неге екені белгісіз, бұл кісіге немерелері де көп жолай бермейді.Ал жалғыз ұлы әке деп иіліп тұрғанымен, шал көп ашыла қоймайды. Лажы болса, ұлының көзіне түскісі келмейді. Көбіне саяқ жүреді.
Өмір бойы аңдамай айтқан бір ауыз сөзі үшін өзін іштей кеміріп жеп келеді. Әйелі де сол сұмдық сөзін еш кешіре алмады.Бір шаңырақ астында тұрып жатыр демесең кемпірі үшін шалының бар-жоғы бәрібір. Баяғыда-ақ оған деген сезімі де, сенімі де сөніп, жүрегі қатып қалған.

…Күйеуі қаншама рет жылап кешірім сұраса да жүрегі еш жібімеді. Жас кезінде талай рет басы ауған жаққа кетіп қалып та жүрді.Тіпті бір рет күйеуі қайтқан бір келіншекпен бас та қосты.Перзент сүйе алмады.
Ақыры әйеліне қайта оралды.Кей күндері үйде әйелі жоқта жалғыз ұлын бауырына басып еңкілдеп жылайтын.Ұлы ол кезде кішкентай. Әкесінің неліктен жылайтынын біле алмады. Анасының әкесін көрсе неге кірпідей жиырылып қалатынын да түсінбейтін. Ешқашан екеуінің емен-жарқын отырып әңгімелескенін көрмепті. Әкесі үнемі түзде жүретін. Анасы оны іздемейтін, сағынбайтын. Бір дастархан басында отырып ас ішкен күндері де тым сирек еді.
Жалғыз ұлы жиырмаға толып, үйленемін дегенінде әкесі қатты қуанған. Үйге келін келсе әйелі өзгеріп, бұған басқаша қарайтындай көрінген. Қайдан, өзгерген ешнәрсе жоқ. Келін келді. Беташар жасалды.Ертеңіне әйелі енді құдағидың өздерімен бірге тұратынын айтты. Себеп, жалғыз қызынан басқа ешкімі жоқ.
Құдағи біржола көшіп келген соң үшеуі бір үйде тұрды да жапсарлас салынған үйге екі жасты бөлек шығарды. Екі құдағи бір-бірімен сыйласып жақсы тұрды. Құдағи басында құдасымен де шер тарқатып әңгімелескісі келген.Бірақ құдағиының көңіліне қарап, алаңдай берген. «Бұл күйеуіне неге соншалық суық?
Неге екеуінің бір жастықта басы қосылмай-ды? Құда қақ-соқпен ісі жоқ, жап-жақсы адам ғой «деп ойлайтын. Құдасына қатты жаны ашып, қызына «Қарағым, атаңның жағдайын жаса. Иіліп қызмет істей бер»-деп ақылын айтатын. Құда жас күнінде не бүлдірді екен? Кешірмейтіндей қандай іс жасаған?

Құдағиды осы ой мазалап, тыныштық бермейтін еді. Арада алты ай өтті. Қызы тұңғышына аяғы ауыр еді. Бір күні мазасы болмай ерте жатып қалды. Үйде құдасы да, күйеубаласы да жоқ болатын. Екі құдағи сүт қатқан қою күрең шайды ұзақ ішті. Құдағи өзінің марқұм күйеуі жайлы айтып «Адамның асылы еді, әттең, тым ерте кетті. Ол тірі болғанда ұл да туар едім ғой… Осы үйге амалымның жоғынан келген жоқпын ба? Ай, бір кем дүние-ай!» — деп көзі жасаурап, жалын ата күрсінді.
Сосын күтпеген жерден «Сіз осы құданы неге жек көресіз? Жастау кезінде көңіліңізді қатты қалдырған-ау шамасы. Дәу де болса араларыңызға әйел кіріп» дей беріп, сөзінің аяғын жұтып қойды. Тіктеп қараса, құдағиының жүзі өрт сөндіргендей екен. Екі көзінен парлай аққан жас бетін жуып кетіпті.
Бір кезде дауысы қарлыға шығып » Құдай-ай, жанымды қаншама жыл өртеп жүрген бір сыр бар еді. Бұл сырды менің әкем мен анам білуші еді. Ешкімге айтпай, өздерімен бірге көрге әкетті. Осы беріде құдаңның өзі күйіктен ішіп отырып, жылап, мастықпен бір досына айтыпты. Мені тасжүрек деп кінәлапты. Тасжүрек мен бе? Ол ма? Бәрін бір Алла көріп тұр ғой. Айтайын сізге. Тағдырдың тауқыметін бір кісідей-ақ тартқан жансыз. Бәрібір біреулер арқылы құлағыңызға жетер. Тек менің ұлым мен сіздің қызыңыз бұл әңгімені естімесін. Жас қой, олар. Жүректері ауырар. Сізге айтуға ауызым да барар емес. Ол… Ол тасжүрек жалғыз ұлын сойып жемекші болған. Бұл ашаршылық жылдары болған оқиға еді…
-Ойбай, Құдайым-ау не дейді? Сұмдық-ай! Керең болғыр құлағым не естігелі тұр? Осылай деген құдағидың өңі бұзылып кеткендей болды. Бірақ сабыр сақтап, әңгімені аяғына дейін тыңдайын дегендей құдағиына жақынырақ отырды. Ол әңгімесін әрі қарай жалғастырды:

…Ел басына нәубет келіп, ашаршылық жайлаған уақытта менің құлыным төрттен енді ғана асқан еді. Атам ілгеріде көз жұмған. Енем мен күйеуімнің жалғыз қарындасы аштықтан өлді. Далада кездескен саршұнақ пен кірпіге дейін ұстап, пісіріп жедік.Тірі қалу үшін не жемедік? Небір шөптің тамырын жеп,тасбақаны да, жыланды да қорек еттік. Жаяу-жалпы шұбырып бара жатқан жұрттың соңынан ілесіп көп жүрдік. Ұлымды біресе мен, бірде күйеуім арқалайды.Не тапсам да әуелі кішкентайымның аузына саламын.Өзім өлсем де аштықтан соны аман алып қалсам деймін.
Бірде құлыным қатты ұшынып ауырды. Жүріп-тұруға шамасы болмай, аппақ қудай болып жатып қалды. Түннің бір уағына дейін сандырақтап ұйықтай алмады. — Апа, апа,- деп әлсіз қолдарымен кеудемді тырмалай берді. Бір кезде шаршап, мен де, ұлым да талықсып ұйық-тап кетіппіз. Таң ата түс көріппін. Түсіме боз айғырға мінген әкем кіріп» орныңнан жылдам тұр да баланы ұшықта. Тәуір болады. Кері қайтыңдар. Тауға қарай. Мені іздеп табыңдар»-деді. Таң енді атып келеді екен. Ұлымды ұшықтау керек, ұшықтау керек деп қайталай бердім. Әбден қалжырап қалғандыкі ме санама қалай, немен ұшықтау керектігі келер емес. Бір уақытта өзімнің кішкентай кезімде анамның мені қалай ұшықтағаны есіме түсті. Дереу күндіз көрген, су ағып жатқан арыққа қарай жүгіре жөнелдім. Су болар-болмас шылдырап жатыр екен. Жата қалып, ауызымды суға толтырып алдым. Суды жұтып қоймауға тырысып, күйеуім мен ұлым жатқан жаққа қайта жүгірдім. Келдім де көзін зорға ашып, әлсіреп жатқан ұлымның бетіне бүркіп жібердім. Қорыққанынан қатты селк ете қалған ұлым «апа» деп бақырды. Оның дауысынан әкесі де шошып оянды. «Ұшықтадым ғой сені енді жазыласың» деп ұлымды құшақтай алдым. Ұлым көзін жұмып, қайта ұйықтап кеткендей болды.
Күйеуіме әкемнің түсіме кіргенін, ұлымыздың енді тәуір болатынын, әкемді тауға іздеп баруымыз керектігін айттым. Мұны естіген күйеуім қатты ашуланды.» Бұл не сандырақ? Әкең мен шешеңді көрмегелі үш жыл болды.Баяғыдай жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп бағып жүрген малы да жоқ. Сеніп жүрген байдың бар малын конфиске жасап, өзін итжеккенге жер аударып жіберген.Мынау ашаршылықта сенің кәрі әке-шешең түгілі, жастардың өзі қынадай қырылып жатыр.Олар өлі ме, тірі ме, Құдай білсін? Мүмкін әлдеқашан сүйектері қурап қалған шығар. Түс көрдім дейді ғой. Түс-түлкінің боғы. Мына алдымызда шұбап бара жатқан жұрт қайда барса сонда барамыз.Солар не жесе біз де соны жеп аман қалудың жолын іздейміз…
Күйеуімді көрген түсіме сендіре алмасымды білген соң үнсіз қалдым. Көп ойландым.Расында әкемді қай таудан іздеймін? Тұрмысқа шығып, ұлды болған соң әке-шешемді бір-ақ рет көрдім. Жалғыз қыздарының ана атанып, ұлды болғанын естіген ата-анам ұлыма бәсіре деп тай атаған.
Ол да бір молшылық заман еді-ау. Өзім үйімде бір сиыр, бір бие сауатынмын. Құрт қайнатып, май шайқап, дастарханымыздан ақ үзілмей отыратын берекелі отбасы едік.
Табаға нан жауып, қып-қызыл болып піскен нанның бетіне сары май жағып, енеме ұстататынмын. Енем нанды әдемілеп турап біздің алдымызға тастайтын. Шөлдей қалсақ, мұздай су емес қымыз немесе айран ішкенді жақсы көруші едік. Жолаушылап бара жатқан жандарға да ағарған құйып беретінмін. Осындай жаймашуақ, бақытты күндер көзден бал-бұл ұшты.Тып-тыныш , мамыражай тіршілік кешіп жүрген ауыл адамдары біртіндеп қолындағы барынан айырыла бастады. Ақыры мынандай бейшара күйге ұшырадық. Аштықтан қынадай қырылып жатқан адамдардың жазығы не?..

Менің ойымды ұлымның «апа, нан жеймін» деген әлсіз дауысы бөліп жіберді. Ұлымның беті бері қараған сияқты. Қуанып кеттім. Қазір күнім, қазір дей бердім. Біздің нан жемегенімізге бір айдай уақыт болып еді. Исінің өзіне зар болып қалдық. Қанша аштық қысса да әлі керек болып қалар деп орамалымның ұшына түйіп, ешкімге көрсетпей мойныма іштен асып алған бір уыс бидай бар еді. Содан титтей алып, ұлымның аузына салдым. Ұлым кешегідей емес, басын көтеріп отыруға жарап қалғандай. Аузына салған бидайды сорып жатып»апа,ауылға қайтайықшы» -деді. Оның бұл сөзін естіп, еріксіз жылай бердім.
Бір уақытта жеуге бірнәрсе іліге ме деп кеткен күйеуім келді. Екі қолы бос, зорға теңселіп келеді. Ендігі жерде кең мынау құла түзде біз жейтін ешнәрсе қалмағандай. Әлі барлары бізден көш ілгері кетіп қалған. Бидайдан кішкене алып, күйеуіме бердім. Ол жалма-жан аузына салып, дәмін ала бастады. Бір уыс бидай біздің ең соңғы азығымыз еді. Қос уыс бидай мен қос уыс талқанды енем екеуміздің күміс сақина-білезігімізді беріп алған едім. Бір уыс бидай мен талқанды енем алып, қайынсіңілімді ертіп нағашысының ауылын жағалап кетіп еді. Кейіннен олардың қайтыс болып кеткенін естідік. Бұл хабарды естігенде әбден жыладым. Дәл бүгін бір тоқтамға келе алмасақ бізге де ажал жақын қалғандай еді…
«Әкең тірі! Іздеңдер! Әйтпесе аштан өлесіңдер! — дейді ішкі бір дауыс. Сол сәт ұлыма қарасам, орнынан тұруға талпынып жатыр екен.Бойы сергіп, жазылып қалыпты.
Алыстан мұнартып тұрған тауға қарадым. Одан басқа бұл маңда тау жоқ. Әкем сол тауда. Қалайда сол тауға жетуіміз керек!

— Анау таудың етегіне жетейік. Бидайымыз бар. Жолай кездескен, бұйырған нәрсені талқалжау етерміз. Көрдің бе, ұшықтап едім, балаң да жазылды.Әкем түсіме бекер енген жоқ. Ол бізді аштықтан құтқарады.Біз өлмейміз,-дедім күйеуіме. Бұл жолы ол маған қарсылық білдірмеді. Күн тас төбеге көтерілгенде біз ұлымызды кезек-кезек арқалап тауды бетке алып, жылжып бара жаттық…
Аш адамның жүрісі қайбір өнсін? Екі-үш шақырымнан кейін-ақ қалжырап қалғандаймыз. Есілдертіміз аш өзекті жалғар, ыстық сорпа болар бірнәрсе кездессе дейміз. Қас қылғандай көзімізге ешнәрсе түсер емес. Бір уақытта жолай бір төмпешік кездесті. Байқап қарасақ, ана жерде, мына жерде жыланның іні бар секілді.
Қолына таяғын ұстаған күйеуім төмпешікті шыр айналып шықты. Әбден ашыққандықтан кеңірдегі сорайып шығып, өңі түтігіп кеткен оны аяп келемін. Өзімнің де оңып тұрғаным шамалы. Көзім ішіне кіріп, шүңірейіп, екі қолым тарамыстанып қатып қалған. Әйтеуір кеудемде жан бар. Арқамда ұлым. Күйеуімнің арқасында кішкене құрым киіз, бір алаша. Біресе сорпа, біресе шай қайнатып ішетін темір тостақ. Үстіміздегі киіміміз еш шешілмейді. Су кездескенде ғана бір шайып, тер иісін кетіріп қайта киіп аламыз.
Күн ұясына батып бара жатыр еді. Әлім құрып жерге отыра кеттім. Ұлымда арқамнан сырғып түсіп, аспанға қарап қимылсыз жата берді. Кенет дәл қарсы алдымда ақ түсті бірдеңенің ирелең ете қалғанын көрдім. Жылан екен. Жер бауырлап төмпешікке қарай жылжып барады. Артынан жайлап ілесе бердім. Қолымды бұлғап күйеуімді де шақырдым. Ол қалайда жыланды ініне жеткізбей таяқпен ұрып өлтіруі керек. Бізге бұйырып тұрған ас па, әлде жыланның көзі көрмей ме жүрісі тым баяу. Жыланды күйеуім таяқпен қақ бастан қатты бір соғып еді, қимылсыз қалды. Екеуміздің сол сәттегі қуанғанымыз-ай! Ол дереу жыланды таяқтың ұшымен жерден көтеріп алды да «ыстық сорпа ішетін болдық-ау» деді. Жаңадан бері байқамаппыз, дәл осы кезде жасы бізбен шамалас, өздері аш әйел мен еркек жанымызға келіп, жыланға жұтына қарап тұр екен. Менің көзіме олар ірілеу көрінді. Екеуінің жыланды әлімжіттік жасап, тартып алуы да мүмкін еді. Соны сезгендей күйеуім қалтасынан өткір бәкісін шығарып, ұшын кірш еткізіп жыланның басына қадады. Төртеумізде де үн жоқ. Іштей арбасып тұрмыз. Екі аш бізден жыланды тартып алмақшы. Олардың бұл маңнан оңайлықпен кетпейтінін білген күйеуім бәкіні оң қолына ұстап, жыланды сол қолына орап бар дауысымен» кетіңдер бұл жерден» — деп айқай салды. Олар кейін шегіне берді. Әкесінің дауысын естіген ұлым орнынан тұрып, бізге қарай келе жатыр екен. Екі ашқа жаным да ашып тұр. Бірақ жалғыз жыланды олармен бөлісер жағдайда емес едік. Күйеуіме төбешіктен аулақтау кетіп, қонуға әрекет жасайық дедім.

Біраз ілгері жүріп, киізді жерге төсеп, ұлымды отырғыздым. Жыланның терісін сыпырып алған күйеуім бөліп-бөліп темір тостаққа салып берді. Астына от жағып қайнатып жатырмын. Шіркін, оттың жылуы-ай! Тоңази бастаған денем жылына бастағандай. Бір сәт өзімді өз үйімде, ошақтың басында от жағып, қойдың етін пісіріп отырғандай сезіндім.
Көп ұзамай жыланның еті де пісті. Темір тостақты ортаға алып, бір ағаш қасықпен кезек-кезек сорпа ішіп отырмыз. Ыстық сорпа денемізді жылытып, әл бергендей болды. Өлмейтінімізге көзіміз жеткендей екеуміз де көңілдене бастадық. Ұлым басын менің тіземе қойып ұйқыға кетті. Күйеуіме түнде отты өшірмей, сергек болуымызды ескерттім. Бағанағы екі аштың қайта айналып соғып, ұлымызды алып кетуінен қатты қорықтым…
Құдай сақтап, түніміз тыныш өтті. Әлгі екеуі де жыбырлаған бірдеңе тауып, аш өзектерін жалғады ма, әлде өздері бізден қорықты ма, әйтеуір қайтып қара көрсетпеді.Таң ата біз үшеуміз де әлденіп тұрғандай болдық. Суды қайнатып, ішіне бір шөкім бидай салып ішіп алған соң жолға шықтық. Тау жеткізер емес. Күн шыжыған ыстық. Түске таман тағы да әліміз құрыды. Жерге киізді салып, үш таяқты бір-біріне байлап,үстіне алашаны жауып көлеңке еткендей болдық. Қарны ашқан ұлым анда-санда қыңқылдап тамақ сұрайды. Орамалымның ұшына түйген бидайдан титтей алып, оның аузына салдым. Бұл жолы бидайдан өзім де жемедім, күйеуіме де бермедім.
Бидайдың мүлдем аз қалғанын көрген соң ойыма небір нәрселер орала берді. Біз өлсек те жалғыз ұлым аман қалса екен. Елден бір адамдар шығып, аштарды жинап жүр деп те есіткен едік. Ең болмаса ұлымды солардың қолына табыстап барып көз жұмсақ деп те ойладым. Бірақ біз жұрттан мүлдем бөлектеніп кеттік. Тауға, әкемді тапсам деген үмітпен келе жатырмыз. Біраз жатып демалып алған соң тағы да алға жылжи бастадық. Жүріс өнбейді. Ілгері кеткен аяғымыз кейін кеткендей бола берді.Теріп жейтін де, ұстап жейтін де ешнәрсе жоқ. Құлазыған далада екеуміз үн қатпай келеміз. Ұлым тіптен әлсірей бастады. Оған үш-төрт түйір бидай бердім.
Сол түні күйеуіміз екеуміз нәр сызбай жаттық. «Ертең тау етегіне жетіп жығыламыз. Шыдайық, дедім әкесіне. Ол үндемеді. Түнде күйеуім сандырақтай бастады. Түні бойы шошып, қасқыр келіп қалды деп бәкісін жалаңдатып шықты. Таңертең жүзіне қарасам, екі көзі құтырған иттің көзі сияқты қып-қызыл. Орнынан тұрып, тіл қатпаған күйі бәкісін қайта-қайта қайрай берді. «Әне, таудың етегі көрініп те қалды.Тауға жетсек өлмейміз» деймін оған. Ол мені мүлдем естімейді. Құлағы таскерең сияқты. Бір кезде үлкен бір тастың үстіне теріс қарап отырды. Бірақ бәкісін қайрауын тоқтатар емес. Жайлап оның жанына келдім. Таудың жап-жақын қалғанын тағы да айттым. «Әзірге кеудемізде жан бар ғой, алға қарай жылжи берейік. Саған не болды? Бәкіңді неге қайрай бересің? Қалтаңа салып қой. Жейтін бір нәрсе кездессе керек болар» дедім.

Менің сөзім миына қонғандай болды ма, күйеуім бәкісін шалбарының қалтасына салды. Сосын ұйықтап жатқан ұлының жанына барып, бетіне ұзақ үңілді. Оның жуық арада қозғала қоймайтынын білген соң жанына бардым. Әуелі ұлымды оятайын деп қолыммен басын ұстап едім, жанып тұр екен.»Апа, су ішемін» деді зорға көзін ашып. Аузына аз ғана су тамыздым. Үшеуміздің де хәліміз сәт санап төмендеп бара жатқандай. Тезірек алға жылжымасақ дәл сол жерде жан тапсыратын сияқты сезімде болдым. «Тұршы орныңнан! Осы маңнан жейтін бірнәрсе табайық. Балаң да әлсіреді, өзімізде де қауқар қалмай барады. Тауға жетсек, аман қаламыз» -деп күйеуімді орнынан тұрғызып, жақын маңнан қыбырлаған жәндік іздей бастадық. Маған бұл жолы ешнәрсе кездеспеді. Күйеуім бір сарышұнақтың соңынан әбден қуып діңкелепті.Тіпті інін де қазған екен, зим-зия жоқ дейді.
Ыстықтан тіліміз салақтап, ұлымыз жатқан жерге қайтып келдік. Көзіміз қарауыта бастады. Күйеуімнің жақ сүйектері шығып, екі көзі ішіне мүлдем кіріп кеткен екен. Бір кезде ол маған өңі түтігіп, ызалана қарап «Тауда бізді кім күтіп тұр еді? Неге жұртпен бірге жүре бермедік? Енді осы жерде аштан өлетін болдық қой. Мына бала да көпке ұзамас. Басын көтере алар емес. Үшеуміз бірдей босқа өлгенше, бір амалын жасайық. Аман қалсақ,тағы бола жатыр… Осы бала арам өлмей тұрып…Құрбандыққа шала салайын…»деді. Оның соңғы сұмдық сөздерін естігенде менің жүрегім тас болып қатып қалғандай болды…

Жалғасы бар


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика