Тас монша

20 марта 2018

(Әңгіме)

I

Қаламыздың тау бөктеріне жетіп жығылған тұсында буы бұрқырап тұратын бір монша бар еді. Көпшілікке арналған кең құшақ монша. Сенбі, жексенбі күндері жұрт сыпыртқысын «сүйретіп», артынып-тартынып, әлгі моншаға қарай асыға басып бара жататын. Мен де көптің қатарынан қалған емеспін. Қариялар біздің бала кезімізде: «Беу, тозған дүние», – деп отырушы еді. Сол «тозған дүниеден» тозаң жұқтырмау – қаршадайымнан қалыптасқан әдет. Кейін ептеп жайлы тұрмысқа қол артқанда білдік: өз бабыңды өзің тауып, моншаға түсе білу тазалық қана емес, мәдениет те екен. Бала кезімізде ауылдағы тас моншаға түсетінбіз. «Тас монша» дегеніміз – төрт қабырғасы түгел қалыптап құйылған үш ауызды үй. Моншамыздың қазандығы жұмасына екі рет: сенбі күні – әйелдерге, жексенбі – еркектерге арнап жағылатын. Тас моншаға тайлы-таяғымыз қалмай жиналушы едік. Бүгін міне, еске түсіп отырғаны: әлгі үш ауызды үйдің кіре берісіне киімдерімізді шешетінбіз. Бұл бөлмеде бас-басымызға арналған шкаф, шифонер деген атымен жоқ. Қабырғаға қағылған сояудай-сояудай көршегелер болады. Барымызды сол көршегелерге ілеміз. Көршегелер жетпей қалса, бүктеп-бүктеп апарып, сыртқы дүниені сығырайтып қана көрсететін терезенің көзіне үйіп тастаймыз да, жуынатын бөлмеге өтеміз. Жуынатын бөлме жуынатын бөлмеден гөрі қайнаған су алып қайтуға келген адамдардың ұзын-шұбақ кезегіне ұқсайтын. Кезек болмай қайтсін, ауылдың бар еркек кіндіктісі тұз-түгел осында жүрсек… Өлдім-талдым дегенде шлапшыныңды суға толтырып, кимелескен көптің арасынан енді орын таба бергеніңде, қарулы жігіттерге арқасын ысытып, сай-саласына жұмсақ көбік жүгіріп, арқа басы кеңіп үлгерген шалдардың бірі: «Ай, буланбаймыз ба?» — деп шаңқ ете қалады. Буланатын бөлмеге төрт сатылы биік сәкі қойылған. Сәкінің ең төріне ауылымыздың ақсқалдары жайғасатын. Үшінші саты – көксақалдардікі. Екінші саты жігіт ағасы дейтін жастағы қырма сақалдарға тиесілі. Төменгі, төртінші саты – әскерден оралған ағаларымыз бен солардың ізін басып қалған, бізге кейде аға, кейде құрдас боп жүретін қулардікі. Ал, еден – біздікі. Нағыз иерархия. Буланатын бөлме – біздің ауылда төрт сатылы сәкіден ғана емес, осылайша буын аралық сатылардан да тұратын. Бұл және бұлжымай орындалуға тиісті заң еді. Алда-жалда шалдардың арасына жасамыстау біреу кіріп кетсе, ол байқұс төмендегі орны былай тұрсын, «мойнына ажырық артылып» моншадан қуылатын. Әлгі сорлы содан бірер апта өткенше, айыбын өтеп, тас моншаның табалдырығынан аттамауы керек.
…Сөйтіп, сақалымыз бен жасымызға орай тиесілі орнымызға жайғасып біткен кезімізде төбедегі шалдардың бірі: «Атасына нәлеті, аямай ашшы қақпағын!» — дейді. Құбыр бойымен құйылып келіп тұрған будың бұрандалы құлағы ашылған сәтте төбемізден сұр бұлт жөңкіп өтетін де, алдымен шалдарды көміп тастайтын. Сосын ол буланатын бөлмедегі бұлжымай орындалуға тиіс заң бойынша, үшінші сатыдағыларды, сосын екінші сатыдағыларды «жұтып», соңында ысылдап бізге де жететін. Бұлт па, бу ма, әлде тұман ба – белгісіз, маңайымыз тұмшаланған түнекке айналса да, ешкім отырған орнынан қозғалуға, жылыстап сыртқа шығып кетпеуге керек. Бу ыстық жалынымен буа түседі. Шыдайсың. Бу өрт лебімен өбіп-өбіп өтеді. Шыдайсың. Бу буырқанып, бурадай шабынып «шайнап тастаймын» дегендей екпіндей соғады. Екпеттеп құласаң да шыдайсың. Қалың өрттің қара жалын тіліне айналған бу бір уақытта сені қара тастай қақтай бастайды. Шыдайсың. Шыдауың қажет қайткенде. Өйткені төбедегі шалдар бізді буға көміп, отқа орап, шыңдап жатыр. Жай жатқан жоқ. Бір шамада «жә, жетер» деген дауыс қалың будың арасынан құлағымызға талып естіледі. Ух… Бұлт тарап, тұман сейілген шақта жан-жағыңа қарасаң, бір ыңғай қызыл терілі адамдарды көрер едің. Қызыл терілі адамдар терге шомылып меңірейіп отырады. Сонда шалдардың бірі: «Балдар-ей, сендер жуына беріңдер, біздің қыртысымыз жаңа жазылды» дер еді.
Есейіп, тас моншаның төменгі сатысынан орын таба бергенімізде қалаға тайып тұрдық та, бәрін ұмыттық. Қаланың қарбалас тірлігі қандай қымбат, қандай ыстық шақтарды, әсіресе, ұмытылуы мүмкін емес ұлан кезіңе Күннің көзі ұялаған сәттердің өзін ұмыттырады екен ғой. Жадымыздың көмескі бір түкпірінде көлеңкесі ғана қалған тас монша туралы сөзді қозғауға көз таныс жігіт себеп болды. Оны мен үнемі осы арадан, сенбі сайын көретінмін. Бірақ, жақын таныстығым жоқ. Әлгі жігіт қасындағы біреуге: «Біздің ауылда, тау қойнауында, табиғи монша болған», — деп әңгімені соғып жатқанда, менің ойыма өзімнің тас моншамның орала кетпесі бар ма? «Тас монша қазір бар ма екен?», «Орнында ма екен?», «Әй, қайдам…», «Қабырғасын құлата алмаса да, қазандығын, шатырын ауылдың «іскер» жігіттері баяғыда бір кәдеге жаратып үлгерген шығар…».
Кештетіп ауылдағы досыма қоңырау шалдым.
— Аман-сау жүріп жатырсыңдар ма?
— Шүкір.
— Ай, осы ауылдағы тас монша орнында ма?
— Астапыралла, оны неге сұрадың? Өзіңнің денің сау ма?
— Не, дімкәс, есі ауысқан адам ғана ауылындағы ескі монша туралы сұрай ма? Қызықсың…
— Иә, ол монша… былайынша, орнында тұр. Бірақ, тоналған. Шатыры, қазандығы жоқ. Есік-терезесі аңғал-саңғал. Адамдар маңынан көп жүре бермейді. Әсіресе, түнде.
— Иесіз қалған соң сөйтеді де…

Досым бұдан ары көр-жерді әңгіме қылып, тас моншаны тарс есімнен шығаруға септескен. Мен де тау баурайындағы кең құшақ моншаның буына белуардан батып, рахат күй кешіп жүре бердім. Білесіз, монша деген әңгіменің қыз-қыз қайнайтын ортасы. Жалаңаштардың жиналысы осында өтіп тұрады. Тек құлағыңыз түрік болсын. Міне, су себелеп құйылатын бөлмеге кіріп бара жатып естіп қалдым, бір білгіш қасындағысына: «Инопланеталықтар жер шарына өте ежелгі замандарда келіп-кетіп тұрған. Анау Мысырдағы пирамидаларды салған – солар», — деді. Төбеңнен төмен қарай тебіне төгіліп, шамырқана шашырайтын қанжылым су қандай ғажап. «Инопланеталықтар, — дейді-ә, — жер шарына өте ежелгі замандарда келіп-кетіп тұрған». «Әбден мүмкін». «Әй, инопланеталықтарды қойшы, оданда біз өмір сүріп жатқан мына әйдік әлемді айтсаңшы. Бұл әлем бар ғой, кітапқа ену үшін жаралған». «Әлем жаралған… кітапқа ену үшін». «Қайсысы дұрыс? Мүмкін: жаралған Әлем Кітапқа ену үшін шығар?». «Инопланеталықтар» — «Жат жаһанды жайлағандар».
Душтан шығып, демалатын бөлмеге барып жайғастым. Маған таяу үстелге екеу мінгесіпті. Әңгімелеріне құлақ түрген кезімде:
— Саясатты сен білмейсің, мен білемін — деп отыр екен қарыны тізесінің көзін үйкелеген жуан қара дәл өзіндей жуан қараға.
— Мен білемін демеймін, мен естігенімді айтамын.
— Сонда не естіп жүрсің?
— Ленинді улап өлтірген Сталин дейді.
— Қой-ей!
— Сталин Ленинді өлтірмегенде оған билік тимеген болар еді дейді.
— Қисынды.
Екеудің әңгімесі құлақты қажап, елді әбден мезі қылған қайдағы-жайдағыға ұласарын ұқтым да, олардан күдерімді үзіп, желке тұсымда күбірлескендердің күңкіліне ден қойып едім:
— Арыстанның ұрғашысын.., «қанжыр» дейді екен ғой қазақша, сол қанжыр антилопаның баласын асырап алыпты, — деді бірі екіншісіне. – Бұл өзі Африкада болған оқиға екен. – «Міне, әңгіме» дедім мен ішімнен.
— Асырап, бағып, артынан асап қойып па? – деп сұрады екіншісі.
— Жоқ, асап қоймапты.
— Ал, содан?..
— Содан екеуі де аш, Африканың ну жынысты ормандары мен атырапты даласын күн түн кезіп жүре беріпті. Антилопаның лағы енесінің бауырын екі ай ембейінше шөп жей алмайтын көрінеді. Әйтпесе, баяғыда-ақ отығып, аш қанжырдың аузын аңқитып кете бермей ме? Лақтың сондай аянышты халіне жаны ашыған ұрғашы арыстан аң қағуды қойып, сорлы жетімегінің соңынан салпаңдап ерген күйі күнелетеді екен.
— Әй, мынауың өтірік!
— Өтірік емес, шынның шыны. Рас, бірде аш әрі ашулы қанжыр жыртқыштық қаны басына теуіп, көзі қарауытып гүрілдеп кеп, тірсегіне ілінген сорлыға тісін батыра берген екен, анау оның бауырына тығылып, соқыр түйсікпен мәмәсін түртіп, соруға қам жасапты. Сонда қанжыр бір рахат күйге елітіп аунап жата кетіпті.
— Көсегең көгергір, осының бәрін көріп тұрғандай айтасың-ау?..
— Бұл кереметті көрген мен емес, африкалықтар. Олар тұмса табиғаттың құшағындағы жабайы ел ғой: аң-құспен араласып өмір сүретін ел. Сендер оны білмейсіңдер. Білмеген соң сенбейсіңдер.
— Ары қарай не бопты?
— Бірде жетім лақ арыстан-анасы аштан бұратылып жатқанда, қалтаңдай басып, қара жолға шыққан екен, амал нешік, жортып жүрген жолбарысқа жем болыпты.
— Обал-ай…
— Жетімегінен айрылған соң қанжыр ызаланып ауға аттанады. Сол күні кезіккен нәпақасын тарпа бас салып сылқия тояды да. Жыл өтеді. Қанжырымыз қатып семіреді. Әбден бабына келеді. Сөйтіп, келесі көктемде антилопалар төлдеп біткен соң тағы бір лақты асырап алады.
— Өй, сенің мынауың ұрғашы арыстан… жаңа қалай дедің, «қанжыр» дедің бе? Иә, сол қанжырдан гөрі жетімдер үйінің қатын директорына ұқсайды ғой? Ха-ха-ха!
— Қылжаққа айналдырма сөзді. Бұл да Құдайдың ісі. Африкалықтар мына кереметке таңданып, «Аспаннан Құдай түсті» деп шуласқан көрінеді. Соңынан ғалымдар араласып, анықтап біліпті, сөйтсе, әлгі ұрғашы арыстан құрсақ көтере алмайтын сорлы екен.
— Не дейді-ау?!.
— Иә-иә, орысша айтқанда, львица была бесплодная. Құданың құдыреті емей немене, беліне арыстанның атасы артылса да, бедеуліктен арылмаған байқұс «азық-түлігі» үшін жаралған антилопаның лағын бағып қалған. Бәлкім, бұл қапырық қапқан құрлықта басталып жатқан жаңа нышан, жаңа дәуірдің келбеті шығар. Әйтпесе, жыртқыш пен жемтіктің бұлайша бек жарасып өмір сүруі мүмкін емес қой.
— Бұл сенің әлдебіреуден естігенің, иа, оқығаның ғой, — деді екіншісі. Дауысы біртүрлі таныс сияқты. – Ал, мен саған көргенімді айтайын.
— Айт, тыңдайық.
— Біздің ауылда, — деп сөзін жалғады жаңағы таныс дауысты адам, — тас монша болған. Қазір шатыры да, қазандығы да қолды болып, қаңырап, бос тұр. Сол тас моншаға ауылымыздағы Ақжан деген жынды қатын сенбі сайын барып, түнде өзінше шомылып қайтады. – Менің төбе құйқам шымырлап кетті. Дауыс иесіне жалт қарай жаздадым да, өзімді әрең тежедім. Ие, айта түссін, не дер екен? Дәл осы кезде демалатын бөлмеге буы бұрқыраған бір дүрмекті топтың кіріп келіп, айналамызды азан-қазан қылғаны бар емес пе?.. Іште де осылар лақ текедей бақылдап, қайсыбірі барылдай сөйлеп, моншаға асықпай, баппен түсуді қалайтын жұртты ығыр қылып жүрген. Ішімдікке сылқия тойған ақ көз елірмелердің бүгінгі бас қосуына, сірә, әлдеқандай себеп болса керек, орынсыз ыржақтап, бір — бірін түйгіштеп, былапыт сөйлеп, былықтырып біткен. Енді аңқалары кеуіп «суатқа құлағалы» келе жатыр. Әлгілер ықты-жарға қараған жоқ, сол дүйім дүрмегімен барға таяу маңдағы үстел орындықты тегіс иемденіп алды да, сылқылдатып сыра ішуге құлшына кірісті. Сыраны кезектесе төңкеріп тастаған соң, құлаштап араққа ауысты. Ішіс майданында бәрінің тәжірибелі, сақа жауынгерлер екені қапысыз аңғарылады. Әсіресе, орталарындағы шолақ сарының екпіні өзгелерден тым ерекеше. Әукесін әнтек көтерсе болды, арандай ашылған аузына сыра сыңғып, арақ ақтарыла құйылады. Білем-білем бұлшық еттері былайда қысқа тұрқын тұқыртып әкеп оны қапқа тыға салған сияқты…басы, аяғы, қолы бар бір қап картоп дерсің құдды. Кенет, о, тоба, шолақ сарының көз алдымда домаланып, расында адам кейіпінен айырыла бергені… Қасындағы қара кер жігіттің де түсі көгілжім тартып, түсініксіз мақұлхатқа айналып бара жатты да, ырыл естілді. Айбатты ырыл. Жетім лақты жеп қойған жолбарыстың ырылы екен деймін. Міне, ол шабынып ортаға шыға келді. Ширатылған серпінді ұзын құйрығының күлтесі жоқ, күлте орнында – қайың сыпыртқы. Қайың сыпыртқымен қанды ауыз неме сабалана бастады. Мен қапталдағы үстелге мінгескен жуан қараларға жәрдем тілегендей жанұшыра қарағам: сұмдық-ай! Екі дәу көз алдымда ірік-ірік еткен қап-қара қанды іріңге ұқсап, ұлғая түсті де, тарс жарылды. Содан кейін-ақ, моншаның ішіне қан ба, қара май ма, әйтеуір күлімсі иісі қолқаны қабатын жылымшық жайылып кеткен. Осы кезде бәрімізді көзімен бағып қана отырған бармен — бастық мойнын соза қойып еді, басы тура үстелімнің үстіне кеп түскені: «Сіз ешқандай тапсырыс бермейсіз бе, мырзам?» Жауап қайырғанымша болмады, бармен — бастықтың басынан ысылдап шыққан айыр тіл менің ұлы денемді жалап-жұқтады да, басы, қолы жоқ адам кейіпіне еніп, иесіне қарай тұра ұмтылды. Ананы қараңыз, әне, ананы… сақтай гөр Ием, көзінің ұясынан қара құрт ақтарып отыр. Қасындағы жайын ауыздан жасыл көз, жарық қанат шыбындар ұшып шығып, моншаның ылғал тепкен іргесін кеміруге кірісті. Терісі сыпырылған мысықтар да сайранға салып, көр баланың қорқынышты үнімен табысқан екі жұп мен отырған орындықтың астында мауықты. Қақырық пен құсық араласқан жиіркенішті бейне иығымды қағып өтті. Еденде домалап жатқан бастың ми қақпағын ашып, екі маймыл көрінді де, ыржалақтап бастың ішіне қайта кіріп жоғалды. Дауыс естілді, зор дауыс: «Жайлап аламын, жайлап аламын осылай!». Оған ілесе ойнақшыған жеңіл үн және естілді: «Жайлап аламыз, жайлап аламыз осылай!»
Дауыс естілгенде қалтырап кеткем, тілім икемге келер емес. «Піссім…пісіміл… пісіміллә». Әуелі бар күшімді жинап, жүзімді әрең сипадым, сосын жан шақыру үшін иегіме, жағыма, маңдайыма саусақ ұшын батырып, ысқылауға кіріскем. Бірақ, қолым еркіме бағынбай, зілмауырланып төмен тарта береді. «Бис…» Тілімді кәлимаға келтіруге талпындым. Тап сол сәтте санамда сайқымазақ сөздердің пайда бола кеткенін көрмейсіз бе? «Бис! Бис! Жарайсың, міне, керемет! Бис! Бис! Аямай қол соғыңдар, мыразалар мен ханымдар! Бис! Бис!». Жо-жоқ, «Бис!» емес, биссімилла-хи раххммани рахым! Құлқуазу бираббин-нас, мәликин-нас! Уа, Тәңірім, өзің қолда! Аяғыма әрең тұрып, сүлдерімді сүйретіп сыртқа ұмтылдым.

II

Зәреңді зәр түбіне қуалап, қу жаныңды иманыңнан айырып алардай халді бастан кешкен соң тазалыққа қолымды бір-ақ сілтегем. Алайда, ауылдағы тас монша есімнен бір шықпай-ақ қойды. Таныс дауыс иесінің басталып келе жатып үзіліп қалған әңгімесі де дегбірімді қашырып, мені қырға жетелей берді. «Ақжан, — деді ғой расымен, — жынды қатын. Сенбі сайын түнде тас моншаға шомылып қайтады».
Ақ бота бұлттар ойнақтаған аспанның иіп тұрғанын байқамаппыз, жаңбыр құя жөнелгенде қой бүлдіргеннің өрісіне сұғынған балалар бас сауғалап тұра қаштық. Баданадай жаңбыр тамшылары бармақ басты бұршаққа айналып соққанда, тіпті, жанымызды қоярға жер таппадық. Мен бір үңгір тасты білетінмін. «Еріңдер соңымнан» дегенді айқайлай айтып, қабырға жолмен сол үңгірге тартқам. Екеуміз ғана жетіппіз. Бүлдірген тере барған өзге балалардың қай қуысқа тығылып, бұршақтан бұғып қалғанын білмедік. Біздікі бір керемет жай болды. Жаздың шуағын бойына тартқан тас үңгірдің іші жып-жылы. Төбеден бұршақ ұрмақ түгілі тамшы тамбайды. Үңгірдің аузына жалбыз қалың біткен екен, хош иісі танау астында жүгіріп, жаныңды балқытады. Оны жақын арадан, жақын болғанда демін жұтып, жүрек дүрсілін еститіндей жақыннан алғаш көруім. Көп сөйлемейтін. Тәкаппар көрінетін. Сәл бұртиып тұратын еріндерінің өзі ешкімді менсінбейтіндей ерке сыңай танытатын. Аппақ маңдайы жарқырап ол келе жатқанда көзіне түсіп қалуға тырысушы едік. Оны жалт қарататындай бізде қайбір қайнаған өнер немесе кескін — келбет, түр сипат бар ғой дейсіз? Біздікі сол – қасыңдағы біреуді түртіп қалу, қойып жіберу, боқтау. Соның біріне сәт салмайтын еді-ау, шіркін, сәт салмайтын. Бірде менің елірмем ұстап, можантопайлау Нарұлан деген баланы көзапара шалып жықтым. Ол менің мына «ерлігімді» көрді. Көрді де тура маған қарады! О, сіз білесіз бе, ол маған қарады! Бірақ, миығына күлкі үйірді де, кенет, қабағын шытып, қасымнан өте шықты. Сілейіп тұрдым да қалдым. Оның миығындағы күлкі: «Әй, көк маңқа, су мұрын, тәштиген бойың беліме де жетпейді, бірақ, сенің де менде көңілің бар екен ғой», — деген кекесінді танытып кеткендей. Немесе: «Әп-әйбат баласың, сені бір көрім, тәрбиелі адам ба деп жүрсем, сен де мына көксоққандардың сойынан екенсің ғой», — дейтін реніштің салқынын сездіргендей болды. Содан қайтып беттемеген едім. Оның үстіне екі -үш жас үлкендігі және бар. Енді, міне, ауыз қуысы тар, тас үңгірдің ішінде қатар тұрмыз. Қатар тұрып ләм-мим тіл қатпауға мен мақұл едім, ол жөткерінді. Сөйлеуге ыңғай танытты. Сөйлеместен бұрын сыңқ етіп күліп жіберді.
— Екеуміз осы үңгірде қалып, аңға айналып кетсек?..
— ….
— Сенің қандай аң болғың келеді?
— ….
— Айтсаңшы, қандай аң болғың келеді?
— Арыстан.
— Арыстан біздің өлкеде өмір сүре алмайды.
— Аю.
— Аю маған ұнамайды. Сасық.
— Қасқыр.
— О, міне, ойдағы сөзді айттың. Қасқыр болып кетсек. Мен – ұрғашы қасқыр. Сен – бөлтірік. Бөлтірік болсаң мені емесің ғой? Емесің бе? Әлде күйеуім болғың келе ме? Арлан қасқыр? – Көзіне көзім түскен, біртүрлі құбылып тұр: жанары жалт-жұлт ойнайды.
— Бөлтірігің емес, күйеуің болайыншы, — дедім алқынып.
— Мектепте ешкімге ұқсамайтын сүп-сүйкімді, тәп-тәтті баласың. Сабағың да жақсы, тентек болма, бұзықтарға еліктеме, — деді ол мені бауырына басып. Қайран, Ақжан…
…қара түнді жамылып, қайғы сүйреп, қасырет таратып дәніккен дүлейлер сенің аппақ арыңды лайлап, абыройыңды төгіпті дегенді естегенім бар еді, бірақ, дертке ұшырап, құса құшқаныңды білмейді екенмін. Өтірік шығар. Әлгі естігенім жалған болар. Жалған болса екен. Оу, шұғынық гүл жапқан жазира мекен, жаз өлкем, Ақжаныңды жылатып, оның анау нәркес көздерінен бұлап аққан жасын үнсіз жұтып жата бердің бе сен? Жаның ашымады ма? Тебіренбедің бе? Ау, айнакөл аспаным-ау, сен ше? Сен де бар сұмдықты түнек түнге аударып, түк көрмедім дейсің бе? Көзім алды бұлдырап, жанарымды жас жуды білемін.
— Аға, не, жылап келе жатырсыз ба? – деді жүргізуші інім. – Ауылды сағынғансыз ғой?
— А-а, жоқ-а, қағазға, компьютерге көп қадаламыз. Осылай түйіліп отырып қалсақ, жанарымыздың жасаурайтыны бар.
— Ә-ә, солай деңіз.
— Біздің бала кезіміздегі тас монша бар ма осы қазір ауылда? Жүргізуші інім мырс етті:
— Не, тас моншаға түсейін деп пе едіңіз?
— Жай сұрағаным ғой.
— Ол тас моншаңыздың шыпасы баяғыда біткен. Оны қайтеміз?
«Оны қайтеміз?» — деп ернін сылп еткізген інімнің жеңіне көзім түсті. Кірлеп кетіпті. Жағасына қарадым. Май-май. Шашына да көптен су тимегені байқалады. «Әй, салдыр-салағым-ай, тұяқ қапты тірліктің соңынан салпақтаймын деп, сабалақтанып қалғаныңа мән бермегенсің-ау…»
Ымырт үйіріле құм қойнауындағы ауылымызға да жеттік. Қолқаны қоңырсыған бөтен иіс қапты.

III

Шешесі жарықтық, атаққа шыққан салақ кісі еді, анасына тартса керек, досымның әйелі ұстаған үйдің ұсқыны кетіп-ақ қалыпты. Етегі солбырайған терезе перделердің шаң мен кірге міленгені соншалық, терезеден түскен жарықты тұтып емес, ластап тұр. Үй мысығының нәжісі дымдап сіңген текеметке тізе бүге бергенімде асқазаным ақтарылып аузыма түсе жаздады да, көзім ашыды. Бұрыш-бұрышта, төбеде өрмекшілер айқұш-ұйқыш тор құрып, қара шыбынды қырып жүр. Мынау лас шаңырақтың тазалығын өрмекешілер ғана ойлап, шыбын-шіркейге қарсы майдан ашқан сияқты. Бақырып, жылап кірген баласын досымның әйелі шапалаққа бір салды да, борбайын жалаңаштап қоя берді. Балақай шолақ шалбарын бүлдіріп қойған екен, ішіндегісін шешесі жалаңаш қолымен сыпырып алып еденге тастай салды. Сөйтті де, қолын жуып не сүртпестен білегін түріп жіберіп, қамыр илеуге отырды. Отағасы – Нарұлан бала кезіндегі можантопай қалпынан өсе қоймапты: «Өй, қатын!», «Әй, қатын!» дегені болмаса, баяғы Нарұлан. Сүрініп-қабынып төрге, менің қасыма жақындады. Бұ байқұсты да салақ қатын керзі етіктің қонышындай қылып тоздырып бітіпті: қара тұяғынан бастап, шудаланған сақалына дейін шуаш мүңкіп, сөйлеп отыр.

— Дос, үлкен жерден кеп қапсың, мал сояйын, — деді ол.
— Күнде келіп, күнде бір қойыңның басын мүжіп жатқан жоқпыз, сойсаң – сой.
— Сөйтейін.
Нарұлан сыртқа шығып кеткен соң қатыны маған естіртпей, өзіне өзі сөйлеген болып: «Сорлы әркімге қой сояды. Біреуінен пайда жоқ» деді.
Қой сойылды. Қатынның жаңағы сөзі ойымда: мен досымның мына мырзалығын қалай қайтарып, немен өтесем екен деп, қынжылғандай рай таныттым да, әмиянымнан суырып алып, 100 мың теңгені әлгінде шолақ шалбарын бүлдіріп тастаған балақайдың қолына ұстатқам. «Тәтті алып жей ғой». Қатынның бетіне қан жүгірді.
— Үйбай-ау, — деді сосын ол байына қарап, — қайдағы бір көк шандыр кепені қандағанша, қыс бойы жемдеген ісекті соймадың ба?
Қара қазанға кепенің жарты еті кетті. Мен ошақта жанған отты сағындым дегенді сылтау етіп, қазанды далада көтерткізіп, етті далада жедік. Ауылдың ауасын сағындым деп, далаға жатып қалдым.
Құм қойнауындағы момақан ауылым менің. Қыста қар астында бұйығып, көктемде көк барқыт жамылып, өзгеше реңге енген кезінде анау алыстағы Жоңғар Алатауының бауырындағы барқыт белдерден сылқып есіп, сылқым самал жететін. Сонда қоян жон құм жоталары сылқым самалға құшағын ашып, аңқылдайтын еді-ау…Тәтті еді ғой ауылымның иісі.
Ертеңінде асықпай ауылды араладым. Өзімнің туып-өскен ауылым. Бірақ ол өзгеріп кеткен сияқты. Тұрпатында бүртүрлі жаттық бар, жасықтық бар. Шатырсыз, жатаған үйлерді белуардан құм ораған. Тырбиған кәрі қара ағаштар жапырақсыз жабырқап тұр. Туыстарым да бөтен, бөгде жандардың кейіпіне енген. Қабақтары салыңқы, иіні түскен: кір-қожалақ. Жүздері желге тотыққан. Мені, әсіресе, олардың настығы кейітті. Адам деген осыншалықты ластыққа бой алдырып жүре бере ме екен?.. Сосын ауыл бастық Әменнің кеңсесіне кіргем. Әмен де әбден кірге батыпты. Тырнағы есектің тұяғындай боп қалыңдап, қатып кеткен. Мен кеңсесіне бас сұғып, тізе бүккенімде Әмен мұрнын шұқып отырған. Сәлемімді мұрнын шұқып отырып алды. Әңгімемді мұрнын шұқып отырып тыңдады. Әңгімесін мұрнын шұқып отырып айтты. Бүгін, шамасы, ауыл бастықтың мұрын тазалығын қолға алған күні болса керек. Талабына тоқтау, тыйым салуға ыңғайсыздандым да, жүзімді барынша жылытып: «Әбе, — дедім, — кірлеп кетіпсіздер ғой? Анау тас моншаны қалпына келтіріп, жуынбайсыздар ма, тәйірі?». Әменнің көзі шарасынан шыға жаздады:
— Жоқ, болмайды!
— Пәлі, неге болмайды?
— Болмайды деген соң – болмайды.
— Неге болмайды деймін?
— Ол моншаның ішін жын жайлаған.
— Қойыңызшы?..
— Рас, жын жайлаған.
Әменмен осылай ырғасып отырғанымызда сырттан шаң-шұң дауыс естілді. Ауыл ағасы елең етіп, суық жымиған:
— Әне, тас моншаның тасын қайта қыздырам деп жүріп жын ұрған қатын да келді.
— Ақжан ба?
— Сол, соның өзі.
Әменнің кеңсесінен қалай жүгіріп шыққанымды білмеймін, Ақжанды көрдім. Аппақ Ақжан. Осы ауылда тәніне кір жұқтырмаған жалғыз өзі екен. Көйлегі де аппақ. Қоқырайған қожыр қара біреуге әлденені айтып, ұқтырмақ болып жатыр. Анау ыржың-ыржың етіп, Ақжанды қара көлеңкесімен қалқалай берді. Мен: «Амансыз ба, Ақжан?!» — деп дауыстадым. Ақжан жаныма жедел басып келді де, қолын ұсынды. Сүйрік саусақтары тап-таза. Ерінімді тигізіп, аялай өптім.
— Сіз ауылда екенсіз ғой?
— Ауылдамын. Ауылдан ұзап кете алмадық. Мені мыналар «жын соққан» дейді. Айтшы, мен сап-саумын ғой?
— О не дегеніңіз, Ақжан? Тіпті, ажарланып кетіпсіз. Ақжан күлді. Сосын бетіме бейсаналы түрде қарап тұрып: «Моншаға түсесіз бе?» — деді.
— Түсер едік, тас моншаны тас талқан қылыпты ғой мына жұрт.
— Иә, тас талқан қылды. Соны қайтадан, былай, неғып, жасап алу керек.
— Сөйту керек, Ақжан. Үндеме. Қалпына келтіреміз.
Әменнің кеңсесіне қайта оралдым.
— Әбе, расында, тас моншаның тасын қайта қыздырайық та.
— Әуреленбе, шамаң жетпейді.
— Әбеке, керегі ақша ма? Ол менде жетіп-артылады. Ауыл бастықтың сұқ саусағы танауының тесігін үңгіген қалпында қалып, жанарына жылт жүгірді.
— Ақшаң көп пе?
— Жетеді. Мен – қазір бай жазушының бірімін. Ақшамды қайда жұмсарымды білмей, шашып жүр едім, жақсы болды: тас моншаны тастай қылып қатырып берейін. Бастық үңгірдей мұрнының ішіне сұғынған сұқ саусағын суырып алып еді, «олжалы» шықты. Саусақтың ұшында қара қоңыздай қатып бірдеңе тұр. Әмен оны терезенің көзіне ашулана шертіп жіберді де:
— Нақұрыс! – деді. — Сені жұртта қалған бір жындылар мен жыландар туралы, есі ауысқан суретші туралы жазды деп естіп едім, құлағыма жаңсақ сөз жетпеген екен, сенің өзің де шалыққа ұшырапсың, бауырым. Шалық шалмаса, тас моншада нең бар? Одан да ол ақшаңды маған бер, мен оны игілікке жаратайын.
— Ал, берейін. Сіз оны қандай игілікке жаратасыз?
— Былай істейміз. Ерте көктемде елдің қолындағы арық-тұрақ малды сатып аламыз да, күзде семіртіп, екі есе бағасына сатамыз. Табыс шаш етектен. Пайда – «попалам».
— Әбеке, мен малдың сүмесіне қарап сүмеңдеп жүретін бақалшы саудагер емеспін. Тас моншаны бүтіндеп, мына нас басқан ауылды тазартамын. Айтым – бітті, кестім – үзілді. Әмен мені бала кезімнен біледі: мен тегі алған бетінен қайтпайтын жанмын. Біреу «болмайды», «мүмкін емес» десе ерегесіп, егесіп кететінім бар. Сол мінезіме салып, әйгілі құрылыс компаниясының басшысына қоңырау шалдым:
— Мырза, маған құрылыс заттары мен құрылысшылар керек. «Ақысы» дейсіз бе? Алаң болмаңыз, тап қазір менің менеджерім сіздің есеп-шотыңызға қажет соманы аударады.
…Сөйтіп, құрылыс жұмысы басталып кеткен. Бір айдың ширегінде тас моншаның төбесі шатырланып, су құбырлары тартылды, қазандығы орнады. Қабырғасы сыланып, әктелді. Айналасына гүлзар бақ қонды. Қуанышымда шек жоқ. Ақжан болса да мәз. Аппақ жүзіне қызыл арай жүгіріп, шұғынық гүлдей құлпырған. Ал кеудесін діріл қақтырып, айналақтап, қасыманан шықпайды. Әйтсе де, бірақ, бізді қостап, қолпаштаған пенде туыстарымның арасынан табылмай-ақ қойғаны… Тас монша биіктеп, жаңарған сайын олар қабақтарын теріске салып жүре берген. Ертең тас моншаның қазандығына от саламыз, Ақжан.
Ымырт үйірілген. Түп-түзу жұмыр балтыры мен тоқ мықынына құп жарасқан джинс-шалбар мен етегі кіндік тұсынан байланған ақ кофта киіп Ақжан келді.
— Қыр асып, қыдырыстап келсек қайтеді, Мәулен?
— Еркіңіз білсін, ханым!
Біз қол ұстасып ұлы құмға бастайтын жалғыз аяқ жолға түстік.

IV

— Қайран балалық-ай, соноу тау бөктеріне жаяу-жалпы барып, бүлдірген теріп қайтушы едік қой, — деп мен әңгіме бастадым. Ақжан үнсіз бас изеді. – Біздің өлке керемет қой, Ақжан. Міне – құм, әне – тау. Ал, осы беті жүре берсек, жүре берсек, Балқашқа жетіп шомыламыз.
— Иә, — деді Ақжан, — Балқашқа жетіп шомыламыз. Ұясына қонған Күннің қызыл арай шапағы табанымыздың астына төселіп, құм жалында жайылып жатыр. Ақжан маған жанасып, ырғала басып келеді. Кейде балғын иығы иығыма тиіп кетсе, тұла бойымды тебіренткен қан тасқыны тулап басылады. Мен бір құпияның сырына қаныққым келгенін білдіріп, тағы да сөз бастадым.
— Ақжан, Әменнен тартып бәрі «тас моншаны жын жайлаған деп» неге айтады? Не үшін айтады?
— Соның сырын білмей-ақ қойсаң қайтеді, Мәулен?
— Білуім керек, себебі, ертең моншаға жұрт жиналағанда, тас моншадағы жын — шайтанның өтірік екендігін айтуыма керек.
— Өтірік емес, шын, — деді Ақжан. – Тас моншаның ішінде сайтан бар. Ол – сайтан менмін! Айдала, айқай құм. Мен Ақжаннан қорқайын дедім. Әйтсе де, бойымды жиып, сенбеген сыңай таныттым.
— Қой, Ақжан, қайдағыны айтпа!
— Сен ауылдан ерте кетіп қалдың ғой, Мәулен. Білмейсің. Бәлкім, естіген де боларсың. Осы ауылдың жігіттері менің абыройымды төгіп, қорлады. Түнде түзге шыққам. Аңдып тұрған сұмдар талдыра ұрып, ауылдың сыртына апарып білгендерін қылған. Есімді кезекті біреуінің астында езіліп жатып жидым. Көзімді таңып тастапты. Көзімді таңған қалпы тастап кетті. Содан жаман атым елге жайылды. Қайтейін, қу жаныңды қия алмайды екенсің, кірмегенім қара жер, қалт-құлт етіп жүре бергенмін. Әкем ертерек дүние салған. Соңынан шешем де қайтты. Жалғыз бауырым намыстан өртенді де, қолын тас төбесіне қойып, жанымнан безді. Қазір оның қайда жүргенін де білмеймін. Сондай өлі мен тірінің арасындағы халіме жаны ашыған жақыным – Әмен болған. «Әмен аға» деуші едім. Әмен расымен аға болды. Отын суымды түсіріп беріп, жағдайыма кәдімгідей қарайласатын. Бір күні түнде қызу, қолында жартылай ішілген арағы бар, теңселіп келіп тұр. Содан не керек, Әмен әу баста бекіген ойына жетіп тынды. Сол күннен бастап Әмен ағам «әмеңгерім» болып алды. Менде оған қарсы тұрар дәрмен, күш те қалмаған екен: ырқына бағынып, ыңғайына көне бердім. Ақыры құрсағыма бала бітті. Баланың жайын айтып бір күні Әменнің кеңсесіне соқтым. «Әмен, — дедім бірден, — құрсағымда құлының бар, оны қайтесің?». Әмен шалқасынан түсті: «Салдақы, — деді түтігіп, — қай еркектің белінен жұққан қан екенін сен қайдан білесің, мен қайдан білемін? Бала менікі болмайды. Аулақ жүр. Қараңды батыр. Жолама маған!». «Әмен, — дедім мен тағы да, — осылай ат тоныңды ала қашарыңды біліп едім. Қорықпа, отбасыңа, отаныңа қол сұқпаймын, араласпаймын. Міндет те қылмаймын. Тек ескертейін деп келіп едім». Айтарымды айтып кете барғанмын. Бірақ, алақандай ауыл ішінде сөз жата ма, аз-кем уақыттың ішінде гу-гу сөз тарады. «Е-е, мейлі». Арада төрт-бес ай өтіп, аяғым кәдімгідей ауырлап қалған. Әдеттегідей бір күні түнде Әмен келді де, ай-шайға қаратпай мені тас моншаның ішіне апарып тепкіге салды. Есімнен тандыра сойды. Ол кезде тас монша бүтін, есіктің сыртынан Әбен бұрау салып, тарс бекітіп кеткен екен, айқайымды, ойбай-аттанымды ешкім естімеді. Естісе де, елең қылмады. Сөйтіп мен тас моншаның қараңғы қапасында қалдым. Түнде Әмен тамақ әкеп берген болады. Мен оның аяғын құшып зар илеймін, «босатшы, ағатай, күңің болып, табаныңды жалап өтейін, босатшы» деймін зар еңіреп. Әмен жібімеді. Сорлы-ай, сонша кімнен қорқып, кімнен именді екен? Әйтеуір, мені ел көзіне көрсетпей, жасырып бақты.
— Ауыл халқы қайда қарап отырған? Сені іздемеген бе еш пенде? Ақжан-ау, менің ауылыма не болған? – дедім ышқынып.
— Сенің ауылың жоқ, Мәулен, қайдағы ауылды айтасың? Бұл ауылдағы жұрттың тәнін настық, рухын әбілет басқан.
Абдырап не айтарымды, Ақжанды қайтіп жұбатарымды білмей, қаладағы моншада естіген әңгімемді баяндай беріппін. Ақжан күрсінді.
— Сол жетім лақты асырап баққан жыртқыштың жүрегіндегі мейірім ауылдағы бір ағайынның бойынан табылмаған соң қайтесің? – деді ол содан соң.
— Тас моншаны құртқан Әмен болды ғой, шамасы?
— Иә, шатырын алып қорасының төбесін жапты, қазандығын үйіне қойды. Ал мен сорлы баланы өлі туып, шарананы тас еденге тапсырдым. Міне, содан бері тас монша – менің мекенім. Кірлеген тәнім мен азған жанымды тазартқым келіп, әр сенбі сайын түнде барамын, тас ошаққа от жағып, қазан асамын да, суды жылтпалап, жуынып қайтамын. Менің осы ісімнен жұрт жаман шошиды. Әмен де отқа май құйып: «Тас моншада жын, шайтан бар. Ақжан – Ібіліске жанын сатқан адам», — деп қауесет таратып жіберіпті. Осыны айтып бола бере Ақжан:
— Мәулен! – деп шар ете қалды, — ананы қарашы, өрт, ауылдан қалың өрт шығып жатыр!
Біз ауылға жанұшырып жеткенде, жабдықталып, жаңарып, сыңғырлап тұрған тас монша түгел өртеніп, қабырғалары ғана жалын қауып қалыпты. Әмен бастаған топ қасымыздан қарқ-қарқ күліп өте шықты.
Ертеңінде күн сенбі еді. Ақжан мені танымай қалды. Нарұлан айтты:
— Бүгін түнде тас моншаңа бара ғой, қызықты көресің.
Түн. Ауыл үстін күйік басқан. Бүйіріне қойып көтерген қазаны бар Ақжан тас моншаға келіп кірді. Мен үнсіз қараңғы бұрышта тұра бердім. Ақжан ыңылдап, әндетіп қояды. Моншаның тап ортасына тастан қалап ошақ жасады. Ошаққа қара қазанды асып, су құйды. Астына от тұтатты. От қазанның түбін жалап, жана бастаған. Отқа қарап, мойыл көзі тұнжырап Ақжан отыр. Мұңлы, жүдеу Ай тас моншаның төбесіне келіп, сапарын іріккен. Ақжан шешінді. Аппақ тәні жарқырай сылаң қағып, көзді арбайды. Енді бір сәтте ол тың тыңдағандай тосылып тұрды да:
— Мәуле-е-ен, — деді мақпал үнін созып — кел бері, ұялма. Сені де шомылдырайын, бөлтірігім. Жүрегім атқақтай соғып қасына таядым. Екеуміз айқаласа кеттік. Жоқ, сен жынды емессің, Ақжан! Мұнда жын да, Ібіліс те жоқ, тек сен барсың, Ақжан. Ақжаным менің!
Ентік басып, тоят тапқан сәттен ес жия бергенімізде Ақжан:
— Қош бол, бөлтірігім, арланым, — деді, — бұл менің жер бетіндегі ақырғы түнім. Сені көрдім, қауыштым. Тағдырыма ризамын.
Ол менің құшағымнан сытылып шығып, төрт сатылы сәкінің ең биігіне көтерілді. Сосын, Ай нұрына шомылып ұзақ тұрды да, ақ қанатты періштеге айналып, Құс жолына сіңіп, кете барды.

Дәурен ҚУАТ,

«Жас Алаш» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика