«Тамды аруы» туралы талас толастар емес…

28 января 2016

Тамды аруыБұл әнді Ақтөбе, Жамбыл облыстарындағы Тамды деп аталатын ауылдардың қауымы: “Бұл ән біздің ауылдың қызына арналған” деп, әрқайсысы өз аудан-облыстарының баспасөзінде жариялап, әлі күнге дейін қызылкеңірдек болып жүр. Әсілі, бұл сұраққа жауапты бепгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің(Қ.Мырзалиев) ” Иірім” атты кітабынан табуға болады.
«Иірімде» сазгер Шәмші ақын Қадырды үйіне шақырып, Өзбекстанның Бұхара облысының Тамды ауданына барып қайтқанын, сондағы елге ”Тамды туралы ән жазам” деп уәде бергенін, бірнеше ауылдарда да болғанын айтады. Барған ауылдардың атауларын қағазға түсіріп, осы елден ойша бір қызды “табуын” және сол қызға “ғашық болуын”, сөйтіп, сол аруға арнап өлең жазуын Қадыр ақыннан өтініпті. Қадыр ақын сол естелігінде, «Мыңбұлақ» атауының көңілге қонғанын, трамвайда үйіне қайтып бара жатып, «Бұрымың, Мыңбұлақта туған ару, Сол жердің мың бірінші бұлағындай» деген тіркес туғанын айтады(Мыңбұлақ ауылы – «Мыңбұлақ» ұжымшарының орталығы-Қ.Ж.)… Қысқасы, жоғарыдағы тамдылықтардың таласы — бос әурешілік. Ән Өзбекстандағы Тамды ауданының аруларына арналған.
Тамды ауданы – 1928 жылы 12 сәуірде Қазақ АССР-інің құрамында құрылған, Қызылорда облысына қараған аудан. Кейін еріксіз Өзбекстанға берілген. Аудан тұрғындары түгелдей қазақтар. Аудандағы 36 мектептің 36-сы да қазақ мектептері. 70-жылдардың ішінде Шәмшіден кейін Тамдыда болған Бауыржан Момышұлы: ”Тілі мен дәстүрінің қаймағы бұзылмаған, барлық мектептері қазақ тілінде дәріс беретін дүниедегі жалғыз аудан – Тамдыға келгеніме қуаныштымын” деп, Құрмет кітабына естелік қалдырған.
-Тамдыдағы кездесуде залдан біреу: «Шәмші аға, Тамды туралы да ән жазыңыз» деп өтініш айтты. Сонда тағы бір қыз: «Әнді Тамдының қыздарына арнаңызшы, «Тамды қыздарына» немесе «Тамды аруына» деп қойсаңыз болады» деген өтініші мен ұсынысын қосты. Сол кездесуден соң Шәмші көпке дейін «Тамды аруы, Тамды аруы…» деп күбірлеп жүрді,-деп еске алып еді Шәмшінің Тамдыға келуіне себепші болғандардың бірі, журналист, марқұм Алашбек Елмұратов.
Соңғы жылдарда «Тамды аруы» әні туралы газеттерде, әлеуметтік желілердегі мақалаларда дәйексіз деректер қылаң беріп жүр. Әсіресе, тамдылықтардың арасында: ”Бұл ән менің әжеме, жеңгеме, әпкеме жазылған” деген, тіпті көзі тірі әжелердің (менің білетінім – бес-алтау-Қ.Ж.) арасында: ”Маған арнап жазылған ән бұл” деген талас толастар емес. Бұл таласқа тоқтау салу керек. Өйткені, бұл ән жеке бір қызға емес, Тамдыдағы бүкіл әйел затына, Тамдының барлық аруларына арналған ән!

ТАМДЫ АРУЫ

Әні: Ш.Қалдаяқовтікі.
Сөзі: Қ.Мырзалиевтікі.

Жамалың жас көктемнің жамалындай,.
Жүрегің махаббаттың қамалындай.
Тамдының тамылжыған әнші аруы,
Лебізің таңның уыз самалындай, еркем-ай.

Қайырмасы:
Ебелектей жел аңсаған,
Көбелектей гүл аңсаған
Келем саған.

Сені ойлап құлазыған құла құмдай,
Заулайды қиял қырдың құланындай.
Бұрымың, Мыңбұлақта туған ару,
Сол жердің мың бірінші бұлағындай.

Қайырмасы.

Ілінген ғашықтықтың құрығына,
Әнімді құрбан еттім ырымына.
Мен қашан сүңгір екем мың бірінші,
Бұлақтай тарқатылған бұрымыңа.

Қайырмасы

Кали Жолдасов


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика