Тәкен Әлімқұлов. Қасым Аманжолов жайлы естеліктер

6 Тамыз 2016

 

Қасым АманжоловАқын, ең алдымен, өз қоғамының мүшесi және мейлiнше белсендi мүшесi болуға тиiс. Олай болса, шын ақын өзiнiң тағдыры арқылы да, өзгелердiң тағдыры арқылы да қоғамдық шындықты суреттейдi. Екiншi сөзбен айтқанда, ол әлеуметтiк маңызы бар шығармалар ғана жазады.

Азаматтық өмiр тарихы кедей автордың шеңберi, тынысы кең шығарма тудыруы қиын. Ондай авторлар өз басы жете бiлмейтiн, жан-жақты зерттелмеген тақырыптарға лажсыз барады да, “шамасы осылай шығар” деп долбар­ға ұрынады. Содан барып өмiр шындығы ақсайды.

Әрине, басыңнан кешкен, жақын байқаған шындықтың бәрi, өзiң сезiнген әсерлердiң бәрi шетiнен сәттi табысқа алып барады деген ойдан аулақпыз. Бiрақ бұл айтылғандар жазушылық еңбектiң негiзi екенi де даусыз. Творчестволық лабораторияға үнемi қосылып, оны байытып отыратын мол қор да солар. Жөндi зерттелмеген бейтаныс тақырыптарға барудың, әдетте сәтсiздiкке ұшырататыны да сондықтан деп бiлемiз.Өмiр шындығын бұрмалап, ойдан оқиға жасау, қоғам тiршiлiгiндегi көрiнiстердiң мәнiн диалектикалық жүйемен шебер аша бiлудiң орнына көз жұмып, жорамал жасау сияқты жәйттер автордың теориялық әзiрлiгiнiң жеткiлiксiздiгiнен ғана тумайды, өмiрден алған әсерiнiң, соның iшiнде, әсiресе, балалық, жасөспiрiмдiк әсерiнiң аздығынан да туады.

Әлбетте, әсердiң ұдайы ұлғайып, байып отыратыны да түсiнiктi. Тәжiрибе ақылға ақыл қосады. Бұл жерде көркем творчество үшiн азаматтық өмiрбаянның маңызы мол екенiн, өмiрдi жете зерттеу жазушы үшiн ауадай қажет екенiн айтып отырмыз.

Көрнектi ақындарымыздың бiрi Қасым Аманжоловтың үлкен бiр қасиетi сол, ылғи жүрегiнiң қалауымен ғана жазады. Сондықтан да оның шығармалары отаншыл болды. Шамалап айтқанда, Аманжоловтың әдеби мұрасы көлемi жағынан 75 баспа табақ. Қасымның аз жылдың iшiнде осыншалық мол мұра жасап кеткенiн ендi ғана бiлiп отырмыз. Көзiнiң тiрi кезiнде өлең жинақтары сирек шығатын бұл ақын өзiн-өзi қайталамаушы едi. Бұл – ақынның өз басына қойған талабы сондайлық жоғары болғанын да танытса керек.

***

Үлкен әдебиеттiң алдында үлкен критерий тұрмақ. Әдебиет шаруашылыққа да қолқабыс тигiзiп жатса, оған тек қуану жөн. Бұл әдебиеттiң формаларының ұшы-қиырсыз екенiн танытады. Бiрақ, әдебиеттiң негiзгi мақсаты – адамның санасын жетiлдiру, мейiрбандылығын молайту, сезiмiн тереңдету. Бұлай болса, адамның миына, жүрегiне игi қасиеттер дарытатын шығармалардың бәрi бiздiң қоғамға қымбат. Ал бұл – поэзияның басты парызы. Осыған орай, Қасымның лирикалық поэзиясына соқ­пай кетуге болмайды. Махаббаттан тұтанған жалын, албырт сезiм жастыққа көбiрек жарасады. Жасы жарты ғасырға толған ақын “сүйдiм, сәулем” десе ерсiлеу көрiнедi. Сондықтан да ол махаббат туралы жаза қалса да, көбiнесе ақыл-парасат айтады. Ал оқушы махаббат лирикасынан жүректi баурап әкететiн ыстық сезiм көргiсi келедi.

Қасымның махаббат лирикасы, тұтас алғанда, оқушының көңiлiне қонатын, жанына жағатын, асыл қасиетке баулитын лирика. Махаббатқа берiктiк, шексiз iңкәрлiк, тату достық, рухани пәктiк – Қасым лирикасының лейтмотивi. Әрине, сүйiспеншiлiк мәселесiнде албырт жас ақынның оқыс айтқан пiкiрi, аяғын шалыс-шалдуар басқан жерi жоқ емес. Бiрақ бұл оның жалпы лирикасына сондайлық мiн бола алмайды.

Екiншi бiр ескеретiн жай, ақынның махаббат туралы өлеңдерi түгелге жуық Марфуға деген қызға және кейiн қосылған зайыбы Сәпенге (Сақыпжамалға) арналған. Әр кезде әртүрлi сүйiнiш, күйiнiш, қызғаныш, сағыныш сезiмi билеген ақын бiр ғашығына әлденеше өлең шығарған.

Пушкин мен Лермонтовтан бастап Блок пен Маяковскийге шейiн, солардан бүгiн Константин Симоновқа шейiн көптеген орыс ақындарының махаббат жайындағы жырлары белгiлi ғашықтарына арналғанын бiлемiз. Сондай жай бiздiң Абайда да, Сұлтанмахмұт Торайғыровта да бар. Ендеше, осындай дәстүрдi жатырқауымыз мақұл болар ма едi?

Қасымның бұл қарайлас өлеңдерi көзiнiң тiрi кезiнде жарияланбаған. Жарияланбауы орынды ма, орынсыз ба, ол өз алдына мәселе. Ал бiрақ өзi өлгеннен кейiн жарық көруi, мұрасына қосылуы әбден орынды. Ақынның көзi тiрiсiнде кiшiпейiлдiкке симайтындай көрiнетiн кей жайлардың кейiн мұрасына жарасып кететiн шағы болады. Қасымның ғашықтық жырлары да сондай мұраға жатады.

Ләйлi мен Мәжнүн, Фархат пен Шырын, Ромео мен Джульетта, Қозы мен Баян, “Евгений Онегин” туралы аңыздарды құмарта тыңдайтын халқымыз бүгiнгi жастардың ғашықтық көңiл-күйлерiн оқығысы келедi. Моральдiң тазалығы, махаббаттың берiк­тiгi, сезiмнiң тереңдiгi Қасым поэзиясынан мол табылады. Мұндай поэзия оқушының жүрегiне игi қасиет дарытады.

1940 жылы жазған “Орамал” атты романсында махаббат берiктiгi тамаша сурет­теледi. Майданға кетiп бара жатқан жауынгерге сүйген жары орамал ұсынады:

Айрылмасқа серттескем,

Айғағым бұл орамал,

Орамалға, тiлесең,

Жүрегiмдi орап ал!

Кiршiксiз ақ орамал,

Көз жасыммен жуғанмын;

Жаным сендiк – қабыл ал,

Бiр сен үшiн туғанмын.

Жүрегi адал, жаны сұлу адамның ғана аузынан шығатын осынау сөздер ерекше шырайлы образ жасап тұр. Оқушыға тым ыстық.

Өлеңнiң әлеуметтiк мотивi бiрте-бiрте ашыла түсiп, күшейе бередi.

Жаудан елiн қорғауға,

Жарым, кетiп барасың;

Бәлкiм жарар орауға,

Бiлегiңнiң жарасын.

Бәлкiм осы орамал

Қызыл қанға боялар;

Жанға тисе жат хабар,

Жарың шошып оянар…

Махаббаттағы осындай тұрақтылық, бiр сырлылық ақынның басқа кейiпкерлерiнiң де басында бар. “Ғашық едiм, қайтейiн” деп бас­талатын өлеңiнде ғашық болған қызына қосыла алмай қалған жiгiт бар арманын, бар сырын ақтарып: “Қайда жүрсең аман бол, өмiрiңдi тiлеймiн” дейдi. Өлең былай аяқталады:

Ғашық едiм, қайтейiн,

Оны бiлер жан қайда?

Арманда боп өтейiн,

Армансыз боп не пайда?

Шын ғашығына қосыла алмаған жiгiттiң жүрегiнде өмiрлiк ғазиз арман қалады. Тәттi арман! Мұның азабы да бар, ләззаты да бар. Өмiрде ғашық болмай армансыз өткенше, ғашық болып арманда өткен артық. Мiне, өлеңнiң негiзгi идеясы осы.

Қасым “Алдында мен махаббат-әулиенiң” деп басталатын өлеңiнде қу нәпсiнiң махаббатты жұлып алып, сонан кейiн көрiнген жерге тастап кетер гүл сияқты бағалайтынын шенеп келедi де:

Жоқ! Махаббат – гүл емес, жанның күйi,

Табиғаттың адамға тартқан сыйы.

Кеуде бейне күй сандық, бiлсең ойна,

Оның да бар До, Ре, Ми… Соль, Ля, Сиi –

дейдi.

Тауып айтылған сөз! Гуманистiк ұғымы мол ақын ғана махаббат мәселесiне осылайша трактовка жасай алмақ!

Ақын “Жылқышы жыры” дейтiн романсында жалқышының сезiмiн әдемi бередi:

Жылқым жатыр жайылып көкорайда

Аш қасқырлар ұлиды әлдеқайда;

Жерде тұрып ым қағам қалғыма деп,

Аспандағы серiгiм алтын айға…

Бұлбұл қақты қанатын, таң да таяу,

Мезгiл жеттi салатын әнге баяу.

Жас жүрегiм тербетсiн, әнiм жетсiн,

Жатқан шығар жан сәулем ұйқылы-ояу.

Осындай шынайы махаббатты қастер­лей­тiн ақын желiккiш сезiмге дедектеп ере беретiн қауқарсыз сорлыларды аяусыз әжуалайды:

Қара түндi жамылып,

Қайда кеттiң қайқаңдап.

Тыным таппай сарылып

Шаршадың-ау бай таңдап.

***

Қайтыс болғаннан кейiн жарияланған “Өзiм туралы” атты дастанында ақын:

Өкiнбе мен де бiр күн өлемiн деп,

Өкiнем ұқсата алмай келемiн деп.

Күнiне жүз ойланып, мың толғанам,

Өзiммен бiрге өлмесiн өлеңiм деп, – дейдi.

Осынау арман ақын шығармасының басынан аяғына шейiн тұтас тартылып жатқан өрнек сияқ­ты. Әрине, әлеуметтiк мәнi зор мәселелер­дi қозғаған өлең ғана ұзақ өмiр сүре алатынын Аманжолов жақсы бiлдi.

Сондықтан да ол қоғамдық өмiрдегi ұлы оқиғаларды жан-жақты суреттеп отырды. Көркем әдебиет дегенiмiз адам санасын жүректi тербету арқылы оятатынын терең ұғынған ақын өмiр қайшылықтарын оңай шешуге бармады. Ол, А.М.Горький айтқандай, нағыз “адам жанын зерттеушi” бола бiлдi.

…Қасым өмiр бойына туған жердiң тамаша табиғатын жырлап өттi. Сол табиғаттың құлпырған құбылыстарын көргенде Қасым еске түспей тұрмайды. Рауандап атқан “таң-жеңгенi”, “қанаты қанға малынған ақша бұлтты”, кешкi шымқай арайды көргенде Қасым еске түседi. “Алыстағы нажағайдың қара түнгi қанаты” жарқылдағанда, аспан сатыр-сұтыр жарылғанда, дауыл ысқырып соққанда арасында Қасым жүргендей сезiледi. “Сiркiреп жаңбыр жауғанда ақын жаны ауамызда қалықтап жүзiп жүргендей” болады. “Қарауылға тұрған ай” да, “заңғарда жүзген жұлдыз” да, “Сарыарқа жақтан ескен жiбек қанат самал” да Қасымды еске салады. Тауға шығып, жаңарған кең далаға көз жүгiртсек, қатарымызда Қасым тұрғандай әсер аламыз.

Шықшы тауға, қарашы кең далаға;

Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға,

Ол шетi мен бұл шетiне жүгiрсең,

Шаршайсың ба, құмарың бiр қана ма?

О, дариға, алтын бесiк туған жер,

Қадiрiңдi келсем бiлмей кеше гөр!

Жата алмас ем топырағыңда тебiренбей,

Қасым болмай тасың болсам мен егер,

Неткен байтақ, неткен ұлы жер едiң!

Нендей күйге жүрегiмдi бөледiң?

Сенде тудым, сенде өстiм мен,

 сенде өлсем, –

Арманым жоқ бұл дүниеде – дер едiм.

Мен де өзiңдей байтақ едiм, кең едiм,

Қызығыңды көрiп еркiн келемiн.

Сен де аямай бердiң маған барыңды

Мен де аямай барым саған беремiн.

Болдым ғашық, туған дала, мен саған,

Алыс жүрсем арманым – сен, аңсаған

Жақын жүрсем, мен – төрiңде жаннаттың,

Алтын дiңгек – өзiм туған босағам! –

деп туған жердi Қасымға қосыла жырлағымыз келедi.

Сол сияқты, Қасымның “Көкшетау”, “Бурабай толқындары”, “Жайық”, “Сырдария аңызы”, “Бетпақ дала”, “Алматы” тәрiздi өлеңдерiнен де туған өлкенiң бүгiнгi гүл-гүл жайнаған бейнесiн көремiз, ақынның ынтық лебiзiне балқып, онымен қосыла сүйгендей боламыз.

***

Ол Ұлы Отан соғысының соңғы жылында жаз­ған “Қызғалдақ” атты лирикалық өлеңiнде:

Өртенген үй орнында

Өскен жалғыз қызғалдақ,

Кез боп қалдың жолымда,

Аялдаттың азырақ.

Өртенген үй жұртында

Қып-қызыл боп желбiреп

Қалай өстiң сен мұнда?

Нендей сыр бар, нендей кеп?

Қансың ба әлде тамған бiр

Күнәсiз жас жүректен?

Сен екенсiң жас өмiр

Ескi жұртты күзеткен? –

дейдi.

Өртенген үйдiң жұртында қып-қызыл болып желбiреген қызғалдақ жаңа өмiрдiң жалауы сияқты болып та көрiнедi. Бұл жолдарда сағыныш та бар, шаттық та бар, жалпы өмiрдiң мәңгiлiк екенiне такаббар мақтаныш та бар. Қасым поэзиясының әрбiр жолының астында осындай бұрқыраған сезiм, мол пiкiр жатады.

***

…Қасым қазақ сахарасында искусство үшiн туған жан едi. Ол өз текстi бойынша бiрнеше ән шығарған композитор да болатын. Мәселен, атақты “Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз” өлеңiнiң арнаулы әнi бар.

Қасым аудармаларын шығармашылық жарыс аудармасы деп айтуға әбден болады.

Өтедi күндер, өтедi түндер,

Өтедi жазым зымырап:

Соғады дауыл, солады гүлдер,

Сарғаяды жапырақ.

Ой ұйқыда, жүрегiм жым-жырт,

Сөнедi көздiң жанары;

Бәрi ұйқыда, жатыр ғой мүлгiп,

Тiрлiктiң жоқ еш хабары…

Бершi өмiр, бер махаббат

Жүрекпен сүйсiн адамды

Ол болмаса, етiп талақ

Өртесiн мына жалғанды.

Сыбағам қайда, сыбағам,

Жоқ па, сiрә, ешқандай?!

Жақсылық менен аясаң

Жамандық бер, а, Құдай!

Тарас Шевченко өлеңiнiң осы аудармасынан мiн табу қиын. Қазақ тiлiнде Тарастың өзi жазған секiлдi болып тұр. Аударма атаулының ең бiр үлкен қасиетi осында болмақ. Ләйлi мен Мәжнүн хаттарының, “Полтаваның”, “Маскарадтың”, “Василий Теркиннiң” аудармалары әрқайсымызға да үлкен ой салады, өнеге бередi. 

***

Қасым Аманжолов “Нар тәуекел” дейтiн өлеңiнде шығармашылық сапарының қиын сапар екенiн, бiрақ соны бiле тұра, “қиынға құлаш ұруға” бiржола бекiнгенiн, бұл жолда мүлги, iлби алмайтындығын айта келiп:

Жығылсам да жүгiрумен өтемiн,

Аяңшының ақылын мен не етемiн.

Жығылармын, алқынармын, шаршармын,

Барар жерге бұрынырақ жетемiн, –

деген едi.

Сол өзi айтқандай, ол шығармашылық аз өмiрiн жарыспен, жүгiрiспен өткiздi.

“Аманжол Рақымжанның Қасымы едiм, мен қалған бiр атаның ғасыры едiм” деген Қасым ақын, шынтуайтында, бiр атаның ғана ғасыры болып қалған жоқ. Ол халқымыздың адал һәм ардақты ұлы болды. Ел-жұртын шексiз сүйе бiлдi. Қолынан келгенше қызмет еттi. “Әрi-сәрi болмай, жүрегiнiң күйi неде екенiн бiлген” ойлы ақын Аманжолов бiзге үлкен өнеге қалдырды.

Өмiрiнiң ең соңғы күндерiнде, төсек тартып хал үстiнде жатқанда жазған “Нұрлы дүние” атты өлеңiнде марқұм былай деген:

Нұрлы дүние, шiркiн, дәурен,

Ойлаймын мен ғой сенi ылғи!

Көкейiмнен кетпей сәулең,

Көкiрегiмде толқиды күй.

Қатты сырқат үстiнде де

Бiр сенi ойлап қиналамын,

Өңiм тұрсын, түсiмде де

Сенi қайтiп қия аламын!

Тiршiлiкте тыпыршыған

Бiр күнiңе не жетедi!

Аулақ, ауру ыңырсыған,

Өмiр күйi тербетедi!

Шығармашылық зар күйiндегi жас өмiрiн және осынау нұрлы дүниенi қия алмай, “арызын қағазға жазып”, оқушы достарымен жылай-жылай қоштасқан, артында таусылмас арманы қалған аяулы ақынымыз Қасым Аманжолов әрқайсымыздың жүрегiмiзде мәңгi-бақи сақталатын қасиеттi есiм болмақ.

Тiрлiкте тербелейiн, тебiренейiн,

Бiр күнi ұйықтап кетсем, оянбаспын, –

деген Қасым өзi айтқандай оянбайтын ұйқыға шомды. Жыр дауылы толастап, қыран қиял тұғырына қонды. Тулаған жүрек тұнды. Халыққа қадiрлi үлкен бiр өмiр үзiлдi. Бұл өмiрдi әлi талай адам сағынады; мезгiлсiз, ерте үзiлгенiне шексiз өкiнедi. Сонда қазiргi замандастарымыз бен келешек ұрпақтар ақынның томдарын ақтарып, жүрекпен сөйлесiп отыратын болады.

Поэзия халықтың рухын көрсетедi. Қасым поэзиясынан халық жанының батырлығын, жомарттығын, бауырмалдығын, мархабаттылығын, алғырлығын мол табамыз. Бұл поэзияның тәрбиелiк күшi де көбiнесе осы жағында. Қасымның мейлiнше жалынды, лептi, күйлi сыршыл поэзиясы – әр ұрпақтың да көңiл серiгi бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия. Қасым халықтың жанына үңiлiп, оның шаттығына бiрге шаттанады, мұңына бiрге мұңаяды. Жалпы адам­ға тән сезiм Қасымға да тән едi, әрине. “Кең жайдым құшағымды дүниеге, бiлдiм мен қайғыра да, сүйiне де” деп сырын жасырмай, “жанының терезесiн айқара ашып” отырған ақын оқушының қайғысына да, қуанышына да ортақтасады. Оған көңiл жабыққан шағында рухани медеу болады, күресте жасымас жiгер қосады, тыныс сәттерiнде құлақ құрышын қандырып, көңiл хошын келтiре түседi. Қасым поэзия­сы домбыраның сағағынан күмбiрлеп сор­ғалаған қоңыр күйге ұқсайды. Бұл күйден көңiлiнiң санасы барлар әрқашан да мол ләззат, нәр алып, кең тыныс табады. Қаншама тыңдасаң да жалықтырмайтын өмiршiл күй бұл! Сезiмiңдi тереңдетiп, мейiрiмiңдi молайтып, қиялыңа қанат қақтыратын, жаныңды шабыттандыратын Қасым поэзиясы жаңарған өмiрге әржақты жараса бермек! Сондықтан да өлiмнiң құшағына сыймайтын ақындардың бiрi өзiмiздiң Қасым деп бiлемiз.

***

Қазақтың аяулы ақыны Қасым Аманжоловтың дүниеден өткенiне де жиырма жыл толыпты. Осы мезгiл iшiнде ақынның аты халықтың көңiлiнде жатталып, жүрегiнде мәңгi сақталыпты.

Әдебиетке отызыншы жылдардың орта шенiнде келген Қасым Аманжолов бұғанасы бекiмей жатып Ұлы Отан соғысына аттанды. Соғыстан кейiнгi өмiрiнiң 3-4 жылында ол төсек тартып жатты. Бұл кезде бұрынғы жинап-тергендерiн бiр iзге түсiрiп, реттеуден әрiге бара алмады. “Арнадым жинағымды бәрiңiзге” деген жолдың астарында жүрек шошырлық сыр бар едi. Сонымен, оның бiлек сыбанып жұмыс iстеген мезгiлi – он жыл шамасында. Оның iшiнде сапалы жазғаны соғыс жылдары мен соғыстан кейiнгi жылдар. Бұған шейiнгi шығармаларын “Шимайлаппын көп қағаз” деп сынай қарайды. “Сен айтсаң мен де айтайын айым-қайымның”, былайша айтқанда, инерцияның кезеңiн бастан кешкенiн мойындайды. Әдебиетте көштен қалмау бар да, көш бастау бар. Абай айтқан керуен басына айналу үшiн парасатқа тәжiрибенiң қосылуы шарт. “Аяғының желi бар, алынбаған терi бар” деген дәсүрлi сөз ақын-жазушының жас шағына арналады.

Оның мұрасы арнаулы зерттеудiң мойнында. Бұл арада топтап айтсақ, оның ең күштi өлеңдерi “Майданнан хат” деп аталатын дестелерге саяды. Тұрғылас ақын-жазушылар Ғали Ормановтың, Ғабдол Слановтың, өзiнiң туған ағасы Ахметжанның және басқалардың атына жазылған бұл хаттар өмiр мен өлiмнiң арасында жүрген жауынгердiң iшкi сырын паш етедi. Бұл – жауынгер ақын. Оның тебiренiсi, толғанысы, аңсары, күдiгi, мұңы жалынды жыр боп төгiледi. Қаламдасқа, құрбы-құрдасқа, туысқанға деген бейiл мен сағынышта күйректiк жоқ, қайрат бар, торығу жоқ, үмiт бар, енжарлық жоқ, iңкәрлiк бар. Жалқыдан жалпыға айналған шындық жанды шежiре боп сайрайды. Ет-жүректi елжiретер шыншыл лебiз асып-төгiлiп жатады. Дестелi өлеңдер бiрте-бiрте басталып, өсiп, өрбiп, заңды дүниелiкке айналады. Осының баршасында ақынның өз кескiнi, өз бейнесi араласып жүредi. Окопта өлең жазған ақын:

Оңаша ойдың күркесiн,

Дауылға тiгiп, ұрланып:

Отырмын қымқап iргесiн,

Қаралы кеште сұрланып! –

деп, iшкi әлемi терең, қиын адамның келбетiн көз алдына келтiредi. Бұл – шиыршық атардағы ақынның бейнесi. Шабыт сәтi. Ойлы, әсершiл ақын ендi бiр өлеңiнде “мыңға қарсы” шабудан тайынбайды. Жүрек батыры деген осы! Жауға берiлмей өртке күйiп өлген Абдолла да осындай жүрек батыры едi.Нағыз ақын сегiз қырлы, бiр сырлы болады екен. Қасымның майдандық өлеңi “өртке тиген дауыл” болса, махаббат сазы – жатқан наз, iзет, әдеп!

Осындай санқырлылық Қасым поэзиясының iшкi, сыртқы пiшiнiне тән. Дүниеде формасыз нәрсе жоқ болса, поэзия дөңгеленген пiшiмге, қонымды формаға дiлгер. Белгiлi нәшiрияты жоқ кездiң өзiнде Абайдың он жетiден астам өлең түрiн енгiзуiнде гәп бар. “Көлеңке басын ұзартыптың” ырғағымен болыстарды шенеуге болмас едi… Пушкиннiң “Евгений Онегин” сынды романды ямбадан басқа ырғақпен жазуы мүмкiн емес-тi. Поэзияның мазмұны өмiр болса, сол өмiрдi көкейге қондыруға қызмет ететiн – түр. Мазмұн мен түрдiң ымы-жымы осы арадан басталады. Осы жағынан келгенде, Қасым Аманжоловтың жаңашылдығы Абай үлгiсiне жатады. Оның майдандас офицерге арнаған “Құттықтаймын бiрiмен майдың, подполковник жолдас Альпинi” сегiз буын мен тоғыз буын айқасқан өлең. Бұрын қазақта болмаған ырғақ. Сол секiлдi, оның “Дариғасы” да, Тарас Шевченкодан аудармасы да поэзиямызға тың ырғақтар әкелдi. Бұл ырғақтар заңдылыққа айналып кеттi.

***

Естелiк әдебиеттiң дербес бiр тарауы. Ол – тарихи шындықтың қаз-қалпында сақталуымен қымбат. Маған, мәселен, Абай хақындағы естелiктер өте-мөте күштi әсер етедi. Сол сияқты Сәкен Сейфуллин, Iлияс Жансүгiров туралы ауызекi куәлiк мен үшiн құнды. Бұларда әдеби әдiптеу, әрлеу жоқ, сорғалаған шындық бар. Қасым Аманжолов жайынан естелiк жаз­ғанда мен осы жайттарды есте тұтамын.Әлбетте, жазушы естелiктiң өзiнде де өз стилiн, өз мәнерiн, өз концепциясын танытпай тұра алмайды. Бiрақ бұның бәрi өткендегi деректi, шындықты сүйемелдеп жеткiзуге қызмет етедi. Мәселен, Ғабит Мүсiреповтiң Бейiмбет Майлин туралы естелiгi осы жүйеге жатады.

Бесенеден белгiлi жайтты айтуда бiр себеп бар. Қасым Аманжолов жөнiнен естелiк жаз­ғандар, жазып жүргендер аз емес. Оларды қайталасаң, дәмi кетедi. Ал дәмсiз сөз оқу­шыға обал. Қайталамаудың менiңше, үш түрлi тәсiлi бар. Бiрiншi, тың дерек ашу. Екiншi, өзгелер келтiрген деректерге басқа бiр қырынан келу. Үшiншi, жазушы ретiнде өз әсерiңдi қосарлау.

Ендi тақырыптың өзiне келсек, менiң Қасымнан алған әсерiм тiптен көп. Онымен кездескен, бiрге өткiзген кезеңдi тiзсем таусылмайды. Сондықтан басты-бастысын және Қасымның кiсiлiгiн, мiнезiн, ақындық ерекшелiгiн ашатынын келтiрудi жөн көремiн.

1949 жылы мен Жазушылар одағына мүшелiкке өттiм. Кепiлдеменiң бiрiн Қасым Аманжолов бердi. Оқып шығып:

– Орысша келiп жатыр ма? –   деп бiр қойды.

Ол орыс тiлiн тәуiр бiлетiн едi. Майданда жүргенде орысша өлең де жазған. Сөйте тұра аударма үстiнде “мынау қалай?” деп сұрауды, ақылдасуды бойына мiн көрмеушi едi. “Полтаваның” аудармасы теруге кетiп қалғанда ол “iлермiсiң –   бiлермiсiң” деген жеңiл ұйқасқа өкiндi. Маған: “Сен осыны түзетiп жiбер” деп күрделi ұйқас келтiрдi.

Сол жылдары бүгiнгi “Жазушы” “КазОГИЗ” аталатын-ды. Баспаның бас редакторы Ғалым Ахметов бiр күнi маған бiр ақынның өлеңдер жинағын рецензиялауға бердi. Мен жинақты жаратпай тастадым. Қолжазбаны Қасымға оқығанымда ол: “Әй, өзiңде критический разум бар екен ғой!” деп риза боп қалды.

Осыдан кейiн менi Есмағамбет Ысмайыловтың үйiне ертiп барды. Есмағамбеттiң әйелi киноға бара жатыр екен. Үшеумiз оңаша қалдық. Қасым: “Қатып қалған котлет бересiң!” деп қағытты. Бiрақ екеуiнiң тату екенiн байқадым. Қасым Есмағанбеттi Естай деп те атайды екен.

Мен Есағаңның мақалаларына бала жастан жетiк екенiмдi айттым. “Темiртас романына жаз­ған журналдың мақаласынан мысал келтiрдiм. Осыдан кейiн әдебиет сыны ауызға iлiнiп, Белинский әңгiме болды. Тiлi келмей ме, қайдам, Есағаң “Беленский” деп атап отырды. Мен ұлы сыншының ескi әрiппен басылған үш томдығын соғыс жылдары оқып едiм. Таланттың үш сатысы туралы пiкiрiн айта бастағанымда Қасым:

–   Сiз бен бiзге соның ең төменгiсi де жетедi! – деп қағытты. Артынша Белинскийдiң шығармасымен таныс екенiн танытып өттi.

Кейiн көзiм жеттi, Қасым Шоқан Уәлихановтың томдарын түгел оқыпты. Осы сияқты ол өзiне керегiн қадағалап бiлетiн адам екен. Бiр ретте психология оқулығын ақтарып отырғанын көрдiм. Қасым кiтаптың бiр бетiн нұсқап:

–   “Сочетание многих способностей – есть генниальность дептi!” – деп ойға шомып кеттi.

Көрiп отырсыз, ақын оқымайды деген бос сөз екен. Сергей Есениннiң бiлiмдарлығы бертiнде ашылды. Есенинге телiнетiн Қасым Аманжолов орыс өлеңiнiң жүйесiн зерттеген-дi.

Задында, ол өте алғыр адам едi. Бе­линскийдiң “Гогольге хатын” бiр кеште аударғаны есiмде. Және қандай аударма! Өлеңдi ол шабыты келгенде жазып тастайтын. Қалың қара дәптерi бар-ды. Соған өлеңдi бiрден түсiредi. Бiр жолы мен үйiне барғанымда маған арнап табан астында өлең шығарды. Сырбай Мәуленов екеуiнiң бiр-бiрiне арнап суырыпсалма өлең шығарғаны менiң есiмде. Елубай Өмiрзақовтың тойына арнаған өлеңi бiрнеше минутта туған. Мұхтар Әуезов лауреат болғанда оған өлең арнады.

Қасым Аманжолов өзiнiң мұрасына өте салақ адам болатын. Ол керек кезiнде ертеде шыққан өз кiтаптарын өзгелерден iздейтiн-дi. Осындай жағдайды мен өз көзiммен көрдiм. Учпедгиздiң директоры Әбу Сәрсенбаев Қасымның өлеңдер жинағын шығаратынын айт­ты. Қасым ырза болып, кiтаптарын iздестiре бастады. Атақты “Дауылдың” бiр-ақ данасы болатын-ды. Мен: “Бұл қалай?” деп сұрағанда Қасым: “Алда-жалда керек болса жұрт өзi тауып алады” деп жауап қайырды. Бiрақ кейiн денсаулығы нашарлап, төсек тартып жатып қалғанда баяғы райдан қайтып әдеби мұраларын толық құрастыра бастады.

Әлi есiмде. Бiр әдеби жиналыста Қасым Аманжолов қатты шенелдi. Мен осыны оған келiп айтқанымда, ол: “Сен неге сөйлемедiң?” деп сұрады. Мен сөз тимегенiн айттым. Үйiнде сырқаттанып жатқан Қасым столды қойып қалды: “Сөз бересiң деп қасарысып тұрып алмайсың ба?” деп зекiдi. Артынша: “Ах!” деп жылап жiбердi. “Мыңға жалғыз шабар едiм!” деп жазған қайсар ақын осылайша оқыс жарылды.

Қасым, асылы, жастарға үйiрсек едi. Бiрақ пiкiрiн тура айтатын. Мен пәленше боламын, түгенше боламын деген Төлеужан Ысмайылов­қа: “Баймұқанша-ақ басташы!” деуi мiнезiнiң тiктiгiнен едi.

Осы мiнезiн ол iрiлерге де iстедi. Қазақ әдебиетi мен өнерiнiң Мәскеуде өткен онкүн­дiгiнде қасына келгiштеген аудармашыларды қуып жiбердi. Кейiн бақсам, кiмдi болса соны аударатын базбiреулерге iштей наразы екен.

***

Үйден шықпай iшқұса болған ақынды Горький атындағы демалыс паркiне апармақ болдым. Мен қыстағанда: “Өзiң кете бер!” деп домбырасын шертiп кеттi. Мен қасында ұзақ отырдым. Ол Тәттiмбеттiң “Қоссбасарын” қайта-қайта тартып отырды. Менiң ықыласымды байқаған ол: “Домбыра үйрену керек” деп қояды. Мен оған бала кезiмде домбыра дыңылдатып көргенiмдi, бiрақ, әкем “әулекi болып кетедi” деп домбыраны бiреуге берiп жiбергенiн, бұл күнде қолым жуыспайтынын айт­тым. Ол күлдi. Адамға бiтпеген күлкi едi.

Ол кезде Сырбай Мәуленов Қостанайда, Қуандық Шаңғытбаев Ақтөбеде тұрады. Қасым маған екеуiн де  сыртынан мақтаушы едi. Кейiн олармен Қасымның отбасы, ошақ бұтынан кездестiм. Ғафу Қайырбековты де алғаш рет сол үйден көрдiм. Ол кезде Ғафу Алматыда Жоғарғы партия мектебiнде оқиды екен. Бiр күнi ол Қасым екеумiздi қонаққа шақырды. Домбыра тартып, терме төктi. Қайтып келе жат­қанда Қасым:

–   Бұл ауылдан келген бала жырау. Бiрақ келешекте мәдениеттi ақын болады, –   дедi.

Соғыстан кейiнгi жылдары таршылық болды ғой. Қасым мұқтаждықты көп көрдi. Әлi есiмде. Кейде базардан қойдың басын алып қайтамыз. Екеу ара немесе үшеу ара жiпке тiзiп, өзен бойлап келе жатамыз. Ет ырымға жоқ. Ет емес-ау, ақша жоқ. Бiрақ Қасым тұрмысқа сыр бермеушi едi. Оның бiр қайсарлығы да осында!

Күн артынан күн өтiп жатты. Мен бiр жылдай Городская көшесiнде Қасыммен көршi тұрдым. Оның үйiнен Сырбайды, Ғафуды, Садықбек Адамбековты, Қасым Тоғызақовты жиi көрiп жүрдiм.

Мен Мәскеуге оқуға кетерде Қасым Аманжолов қарсы болды:

– Өзiң жаңадан ес жинап келе жатқанда жылы орныңды неге суытасың! –   деген. Көп ұзамай Қасым менi екiншi Алматыға (вокзалға) шығарып салды. Қоштасар алдында:

–   Саған шынымды айтайын, сенсiз iшiм пы­са ма деп қорқып едiм. Әрине, оқығаның дұрыс! – дедi.

“Шынымды айтайын” деп сөйлейтiн сөзiнiң салты едi. Осыдан кейiн ол нағыз шынын айтты. Ол өзi әскерде жүргенде өз қатарынан қа­лып қоямын деп уайымдағанын, соғыстан кейiн қайтып оралғанда өз “қатарының” баяғы төбеде тұрғанын көргенiн айтты. Сөзiнiң соңында:

–   Сен бес жылдан кейiн ораласың, олар баз-баяғы орнында тұрады! –   дедi.

Мәскеуде мен екi ай бойына оқуға түсе алмай жүрдiм. Елге қайтудан ұяламын. Ұятты күн iлгерi аршу үшiн бiр күнi Қасымға: “Оплакиваю судьбу” деп телеграмма жiбердiм. Тәңiр жарылқап ақыры оқуға түстiм. СССР Жазушылар одағына мүшелiгiм септестi. Мен билеттi бетке тұтып, дәрiске кiре бердiм. Ақырында директор аяп, бiрiншi курсқа түсiрдi.

Мәскеуден мен Алматыға 1953 жылы оралдым. Iлияс Омаровтың көмегi арқасында Қасым Түркiсiб басқармасының еншiсiндегi үйден үш бөлмелi пәтер алыпты. Өзi iлгерiректе: “Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тас­тамаспын астанамды” деген ғой. Сол баспана оған ендi табылды. Бiрақ бұл кезде оның денсаулығы тым нашар едi. Осыдан ол айықпай қойды. Шақалақ ақын: “Аурудай өз әлiмдi шамалаймын, Өзгеге бар болсаң да маған жоқсың” деген. Сол айтпақшы, Қасым сырқат меңдете бастағаннан-ақ қағаздарын жоғарыда айтқандай, ретке келтiрумен болды. Оған Бай­мұқан Тоқтаров көп жәрдемдестi. Бiр қызығы, қолтаңбасы Қасымның қолтаңбасынан айнымайды. Әсердiң құдыретi деген осы!

***

Қасым Аманжолов қайтыс болғанан соң оның сүбелi екi томдығына мен көлемдi алғысөз жаздым. Кейiн ол орыс тiлiнде мақала боп, менiң “О прошлом и настоящем” деген кiтабы­ма ендi. Күнi кеше “Художественная литература” баспасынан шыққан 1-томына жаңадан алғысөз жаздым. Баспаның өзi жаздырды. Демек, мен Аманжоловты зерттеушiнiң бiрiмiн деген сөз. Осыған орай айтатын бiр шындық, ақынды таныту бар да, ақын арқылы өзiндi таныту және бар. Бұл жағынан Қасым мұрасы менi ұятқа қалдырған жоқ. Бұған Қасымның көзi тiрiсiнде айтылған инабатты пiкiрлер де сеп­тiгiн тигiздi.

Қасым қайтыс болған жылы (1955 жылы едi) оның 2-томдығына жазған алғысөзiм дау-шарға ұшырады. Кiтап шығарда алғысөздi тастарманға келдi. Бiз Сырбай Мәуленов екеумiз Мұхтар Әуезовтiң үйiне барып, оқып бердiк. Ол кiсi: “Эмоциально окрашенная статья” екен деп мақтады. Өз пiкiрiн тиiстi жерде айтты да. Талқылау кезiнде бiз жеңiп шықтық. Сондағы дау не деңiз? “Октябрь революциясы сөз болса Қасым еске түседi” деген тәрiздi сөздер. Мен: “Ау, Қасымның октябрьдi жырлағанын айттым ғой” десем, шағымшы: “Жоқ, сен оның өзiң теңей­сiң!” деп өзеурейдi. Осындайда солақайлық болған!

Естелiктi шегерерде Қасымның ақырғы күндерi көз алдыма келедi. Ол тынысы тарылып, жарық дүниемен қоштасқалы жатқанда күнi кеше үстiнен ғайбат айтып, жүйкесiн тоздыр­ған адамдарға кектенбей, “кештiм” деген. Бұл – ұлы жанның ғана қолынан келешек едi!

Қасым Аманжолов туралы некрологта менiң қолым жоқ едi. Кейiн бақсам кейбiреу оған да таласады екен. Жазушылар одағында сөз сөйлендi. Кейiн бақсам, жұрт оған да мән бе­редi екен. Менiң есiмде қалғаны басқа нәрсе. Сұмдық сурет. Қасымды табытпен сыртқа шығарғанда өлiк тербелгендей шалқақтап бара жатты. Сол сәтте менiң есiме Қасымның өлеңi түстi: “Өмiрге келдiм еңбектеп, шалқақтап әкем шықты үйден” деп едi-ау.

Бейiтке жұрт көп барды. Қыс айында күн жылы едi. Өлiктi молаға түсiрерде белгiлi бiр жазушы:

–   Жанынан артық емес, –   деп су жаңа сұр бешпеттiң жағасын тiлгiледi. Жағаның кенебi көрiнiп, бiлемденiп қалды.

Менiң өлiктi жерлеудi бiрiншi көруiм де осы едi. Мола үйiлгенде жұртпен бiрге топырақ тас­тадым. Әлгi жазушы:

–   Қош, Қасым! –   дегенде көзiнен жас шықты. Бұрын Қасыммен көп ұстасқан көз жасы жас бейiтке тамды…

Тiршiлiк деген осы. Қасымның: “Заманның жеңiл ауыз джентельменi, бiлемiн мақтар едiң өлсем менi!” дегенi де осы.

Қасым жерленген соң жұрттың бiр тобы зираттан тура қаралы үйге тартты. Әрине, көрген-қайтқандар ауыл адамынша “оу, бауырымға” баспайды. Ендiгi сөз басқаша болмақ. Дағдылы өкiнiш айтылмақ. “Қасым өлген жоқ” деген тәрiздi уаныш және айтылмақ. Ақын мұрасы жайынан бәтуа, уәде мегзелмек.

Аруақ тербеткiм келмедi ме, қайдам, мен орта жолдан түсiп қалдым. Сол сәтте күндердiң күнiнде естелiк жазамын деп те ойлаған жоқ едiм.

Тәкен Әлiмқұлов

1975 жыл.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика