Сырбай Мәуленов. Қасым туралы өлеңдер

21 октября 2016

Бірінші өлең

Алақандай бұл жерге,
Қалайша енді сиярсың.
Жақын ең кеше жүргенде,
Бүгін сен алыс қиялсың.

Жырладың өзің өлкенің
-Даласын, тауын, көлдерін.
Көре алмай кеттің ертеңін,
Көре алмай кеттің көп жерін.

Сілтедің ұшқыр қаламды,
Өмірдің сырын ерте ұғып.
Алшаңдап бастың қадамды,
Өсірді елің ерке ғып.

Ой тізгінін ірікпей,
Күнде жаңа жыр туып.
Дауылмен ойнап бүркіттей,
Алушы едің сілкініп.
Өлді деу сені қиянат,
Өлмейтін жан дер едім,
Әр жүректе ұялап,
Жатыр тулап өлеңің.

Екінші өлең

Теректерге асыла
Шықты ол таудың басына.
Ой жүгіртіп, кез салды,
Құздың қия тасына.

Ойнақ салып лепіріп,
Жатты бұлақ өкіріп,
Табиғатпен сырласты,
Ақын жалғыз отырып.

Қонды ойына құбылып
Жұмбақ сырлы дүние.
Айқай салып жыр буып,
Жүгірді ақын үйіне.

Сүйді бұлақ Қасымды,
Құлағына сыбырлап
Қайта-қайта ашылды,
Дәптер беті судырлап.

Үшінші өлең

Нық бұралып құлағы,
Домбырасы тұр әлі.
Шертпейді ақын сені енді
Алысқа ол жөнелді.

Жаңғыртты да жер, көкті,
Ерте бастап, ерте өтті.
Өленде үлкен орны бар,
Соған көңіл орнығар.

Төртінші өлең

Бар еді жырдың кеңесі,
Кешікті неге ол енді.
Болаттай балқып денесі.
Отыр ғой құйып өленді.

Алдында оның көп арман,
Артында өзен, көк тоғай.
Асыға аттап Оралды,
Тартады қиял тоқтамай.

Арпалысқа кеуде де,
От жалынды бір тасқын.
Дүние қалды төменде,
Кезеді ақын бұлт астын.

Табиғатпен тұтасып,
Туысты барып ол енді.
Қиялдың бұлты от шашып,
Құяды нөсер еленді.

Бесінші өлең

Көк жүзінде көк жұлдыз бар,
Бірі сөніп, бірі қалар.
Кейде жылы, кейде ызғар,
Табиғаттың күні болар.

Күндер шіркін өте берер,
Зырлап, зулап, асыр салып.
Ақын даңқы кете берер,
Алар оны ғасыр танып.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика