Светқали НҰРЖАН. «Еңсегей бойлы Ер Есім»(Дастан)

1 октября 2019

(Дастан)

 

Бисмилләһи-р-рахмаани-р-рахиим!..

…Біздің заманымыздың VIII ғасырының басы. Осыдан 12 (он екі) ғасыр бұрын Ескендір Зұлқарнайынның ғаскері жөңкіп келген жолмен араб халифатының қолбасшысы Құтайба ибн-Мүсілім Сойқандарияның жағасына жетіп тоқтады. Жүріп өткен жолының бәрі: қираған қала, опат болған орда, өртенген дала, қырқылған бас, күйреген сүйек, туралған тән, шашылған қан еді.

Расулдан соңғы төрт Дос өмірден озып, дін бұзылған кез-тін. Алла Тағаланың қасында қабыл болған дін – Исламды араб басқыншылығының құрал-қолжаулығына айналдырған, қасиетті Қағбаны манжынықпен атып қиратпақ болған залым Хажжаждың Бас қолбасшысы Құтайба, сөйтіп, Сейхунға тірелді. Алда – түтіні түзу ұшқан түркінің елаты, қордалы құт қонысы жатыр еді. Иә, Алланың ақырғы пайғамбарының өзі: «Түркілер – Исламның қылышы. Түркімен соғыспаңдар!» – деп аманаттап кеткен мөрлі жұрт, арлы қауым!

Құтайбаның: «Кәпір ордасын ойрандаңдар!..» – деп бұйрық бере бергені сол еді, алдан дулығасы бұлт жайқаған, табаны алты айшылық жер сойқаған айырауытты құба нар мінген, тізесі нардың топшысын қаққан алып адам көрінді. Шудақақпай жүріспен асықпай келеді. Бойында жігіттің жеті жарағы түгел сай: асфаһани – сиырма қылыш, сары ырғай садақ, құрұғұлығы тола болат йасышты сарнама жебе, қатұғ оқ, құрыш башақты сегіз қырлы қималы найза, шомақ гүрзі, береңгілі айбалта, болат қалқан, қырпы жығалы ашұғ-дулыға, үстінде – аймауыт-сауыт!.. Жасанып тұрған қалың қолға қырық қадам қалғанда түйеден түсті. Дүңк ете қалған жоқ. Тайдан сыпырылғандай-ақ. Сонау қарта-тереңнен күңіреніп шыққан ерен дауыспен келте сауал қойды:

– Елмісің? Жаумысың?!

Мынау аспан-жерді алапаты басып тұрған Ерге жауап бермеуге Құтайбаның әдді қалмағандай:

– Мен – Құтайба ибн-Мүсілім, жер бетін кәпір қауымынан тазартушы, Аллаһтың хақ дінін жер бетіне қылыштың жүзімен таратушы, Аллаһтың пәрменімен әрекет етуші сардармын. Өзің кімсің?

– Мен – Есекей-мерген, Алланың құлымын, содан соң түркінің ұлымын!.. Қылыштың жүзінен дін тарамайды. Дін – жүректен тарайды. Қылыштың жүзінен тек қана обалдың қаны мен көздің жасы ғана ағады. Саған біздің даламызда орын жоқ. Есің барда – елің тап!..

– Қалай Аллаһтың құлысың!.. Аллаһтың сүйген жұрты араб қылышының жүзінен харам қаның дірдектеп ақпай тұрып, сен қалай Аллаһтың құлы болмақсың?!

– Мен – әл-Мисақтан мұсылманмын. Біз Озған пайғамбар жұртынанбыз. Ол мүбәрәктың Аманат етіп кеткені бойынша, Хақ Расул Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.у.)-ның даңқы жеткен күні өз еркімізбен ол Ұлық Затқа үмбет болғанбыз!

– Сенің қонысыңда Ібілістің ордасы бар. Пұт-құдайлар бар. Біз соны өз қолымызбен ойрандауымыз керек. Ол – Аллаһтың бұйрығы!.. Сендер Аллаһқа серік (ширк) қосасыңдар!

– Ібілістің ордасы – сенің жүрегіңде. Аллаға серік қосушы – өзің! Ол cерік – сенің қанға қанбас, малға тоймас ындын-нәпсің! Ал біздің даламызда ешбір пұт-құдай жоқ, болған да емес! Өліге құрымет, тіріге үрмет үшін қойылған белгі-тастар мен сол тастарға – ұрпаққа үлгі болсын деп қашалған, «Елім!» – деп еңіреп өткен ерлердің ерлік істерінің баяны ғана бар. Ол – біздің шежіреміз. Шежіремізді кеудеде жан тұрса, ешкімге таптата алмаймыз. Сөз – тәмәм!

Ашудан жарылардай болып өңі қарталақтанып кеткен Құтайба жанын қарманды.

Қолы қылышының балдағына бара бергені сол еді, Есекей-мергеннің арт жағындағы жаңа ғана жым-жырт, моп-момақан күйде монтиып жатқан өлі далаға жан бітіп жүре берді. Әуелі Ұлы Сарын естілді. Сосын: «Алла-һу!», «Алла-һай!»-лаған күңіренген үн аспан астын алып кетті. Артынша: «Әр-руақ! Әр-руақ!! Әр-руақ!!!»-таған алапат дауыс көк шынысын күлпарша қыла жаздады. Өлі даланың бетінде осы мәурітте жерден өсіп шыққандай – кілең-бұздай кілшейген көк темір құрсанған жауынгерлер пайда болды. Қосын туын көтерген туғашының соңынан тоғыз түменнің: ақ ту, қара ту, қызыл ту, ала ту, көгала ту, шұбар ту, жасыл ту, аққарабас кіс ту, айкөнелі айдынала тулары бой түзеп тұра қалды…

Шарасы таусылған Құтайба тұңғыш ірет атының басын кері бұрды. Жыландай ысқырынған дауыспен:

– Сартауылдар мен соғдыларды талқандаймыз!.. Дінге кіргіземіз. Мұсылман қауымына қосамыз!.. – деді.

«Әлқисса, – дейді кәрі тарих, – содан бері Алланың Хақ дінін өз еркімен, жүрек қалауымен қабылдаған Халық ешқашан тура жолдан айнып көрген жоқ. Ал қылыштан қорқып мұсылман болғандар, кейін Зымиян-Тор ордасы жасап берген әр түрлі азғырынды ағымдарға ілесіп, әлі күнге дейін ылаң салумен, адасумен келеді».

Ult.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика