СҰМДЫҚ! Өзен жағасынан мыңдаған өлі балық табылды

3 апреля 2017

Қызылтал ауданындағы Қарасу өзенінің жағалауы өлі балыққа толып қалған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар қыс бойы әкімдікке балықтарды құтқару керектігін айтып, бірнеше мәрте ескерту жасаған. Алайда құлақ асқан пенде болмапты. Нәтижесі міне, қырылып жатқан мыңдаған балық, -деп хабарлайды Qasym.kz тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, балықтар ауа жетпегендіктен қырылған. Қыс айында әкімдік балық аулауға тыйым салыпты. Құлақ аспай мұзға шыққандарға ірі мөлшерде айыппұл салған. Қалың мұз құрсауынан оттегі өтпегендіктен балықтар қырыла бастапты.

— Біз әкімге балықтарды құтқару керектігін айтқан болатынбыз. Олар қыс айында тұншығып қалды. Алайда әкімдік балық аулуға рұқсат бермей қойды. Бізге айыппұл салды, — дейді ашынған тұрғындардың бірі Інжумаржан Ғазизова.

Өлі балықтардың өзен жағасында жатқанына екі айға жуық уақыт өткен. Оларды тазартуға жергілікті әкімдік құлықсыз. Ал бұл орында балалар ойнайды. Күн жылына балықтардың өлекселері иістеніп кеткен. Егер осылай жалғаса беретін болса, онда жұқпалы ауру тарап кетуі де мүмкін.

— Ешкім де тазалап жатқан жоқ. Айналаны сасық иіс алып кетті. Бірақ бас қатырған адамды көрмедік. Әкімнің бізбен жұмысы жоқ. Ол бүгін осында ертең басқа жаққа ауысып кетеді. Ал біз мұнда өмір сүреміз. Көмектесіңіздерші, — дейді Інжумаржан Ғазизова.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика