Сұлтан Мұстафин: Екі айналым – екі дүние арасы!

19 Маусым 2018

 Мұстафин Сұлтан (Аrlan) Ұланұлы 1996жылы қазан айының 18 де Қарағанды қаласы Нұра ауданы, Амантау ауылында дүниеге келген. Бүгінде Оралхан Бөкей, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов атындағы жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Мәнерлеп оқу жанры бойынша халықаралық фестивальдің лауреаты. 2017 жылы ұйымдастырылған «Өнер саласының майталманы» атты республикалық байқаудың проза жанры бойынша бірінші орын жүлдегері.

 

 

 

 

Соңғы бәйге

Жарқыраған жасын атып жанары,
Жалған неге қарауытып барады?
Жайын білер арғымақтың бір ағам,
Қаңыраған қораға ауыр қарады…

Күнкілдесіп, тұзын сүзіп тағаттан,

Күнге қарап қызараңдап жаңа атқан.
Құбыладай құлпырған кіл төрттікті
Боран атам осы маңда жаратқан.

Ол күн өтті, селіндей боп көктемнің,
Баяғыдай естілмейді от демді үн.
Атбегілік кәсібі де көкемнің,
Беріліпті еншісіне өткеннің.

Соңғы бәйге, соңғы көптің дағдыры,
Тұяқтардың Сарыарқада қалды үні.
Соңғы аламан, соңғы шайқас, соңғы шу,
Теңбілкөктің шешілетін тағдыры.

Тұлпар тұғын, жеті бастау бермеген.
Жақпады екен жексұрындау елге нең?!
Жеті жылда бұғып жатқан қасиет
Жетектеді жұлып алып кермеден.

Екі айналым, екі дүние арасы,
Екі айналым көрсетпеді қарасын.
Жер бәйгесін өзге атқа еншілеп,
Көкке қарай құйғытуын қарашы.

Солай болды, пырақ өлді, құлады.
Жамырасты жұрт шулады, жылады.
Теңбілкөктің үзеңгісі, ноқтасы
Оттығының бұрышында тұр әлі.

Бәз біреулер көрген еді алысып,
Құмар басар бола алмады жабысы.
Сейілмеген нөсерлердің үнінен,
Естіледі Теңбілкөктің шабысы.

Бұлан аулап жүрген кезді Бейпілдер,
Бір жаңалық ашып ана жатыры.
Сен Қаракер, ал мен адам кейпінде,
Кентаврдан ажырадық ақыры!

Сен бәз қалпыңда, біз тым кеттік өзгеріп…
Жалмауыздар жадау қырдың жауырында желеді.
Жануар деп жұбата сап өздері,
Хайуандықтың алдын бермей келеді.

Тұрпатыңа тимей титтей қасқа мін,
Тарлан күнді тап-таза қып бастадың.
Түнектердің саған атқан тастарын
Тұяғыңмен үгіттің де тастадың.

Ал, менің ше? Менің шарым шайқалды,
Жақынымды бөліп алдым жетіге.
Күкірт қосып, өзін-өзі атқылаған сайтанның
Түкіртсе ғой, Бекторыға бетіне.

Егізім-ау, біздің жаққа бас сұқпа,
Таспих тарттым тымығында түндердің,
Қара Құнан…
Саған қылмақ қастыққа
Сегіз таспа бишік тоқып үлгердім.

Сол құрғырды аламанда қым-қауырт,
Сән келмейді, сауырыңа баспаса.
Сені әлі, жақсы көреді мына жұрт,
Бірақ, сәл-сәл басқаша.

Қара Құнан…
Тұяқтарың Тарбағатай тұрпатты,
Бізге ағалық ақылыңды беріп ең.
Ұрпағыңмен түсініксіз сұхбатты,
Ең бірінші, мен әкемнен көріп ем…

Жанағыңнан бір келеңсіз жайды ұққам,
Құлқынсыздар.
Ой, албасты басқырлар,
Кеше сенің қаһарыңнан қаймыққан,
Қос ұлыңа қас қылады Қасқырлар.

Табаныма таптадым Кер қылыңды,
Тепкіледім бауырдан Бәсіремді ол,
Құндағынан қан жұтқан кенже ініңді,
Қара Құнан…
Кешірші, кешіре көр…

Өлі қала…
Өлі көше…
Тым-тырыс,
Жер жұттырды пендешілік құлқын, іс.
Том тариxқа жарасады жарылыс,
Ескерткішке жарасады бұл тұрыс.

Пенделері босып кеткен дедектеп,
Періштелер жылап кетті, жебеп кеп.
Балалардың сағынатын күлкісін,
Алаңдардың мұңы мына ерекше.

Қара жерге көктен қарап, күрсініп,
Мұнаралар қалғандай-ақ түршігіп.
Тариx болып, жылап жатыр ендігі
Солып қалған.
Өліп қалған тіршілік.

Мылқау, соқыр, жараланған кем көше,
Дүрдараз боп тұра берер,»кем»-десе.
Қасіретте ұлт болмайтын секілді,
Қайғы руға бөлінбейді ендеше.

Мыңның жаның бір-ақ күнде жаралап,
Зілзаланы көре кетті қала нақ.
«Қара Қала» өшпестейін жабысқан-
Адамзаттың маңдайына қара дақ.

Ақ көбік атып аспанға,
Басылмай толқын ыршуы
Жағаға талай жас тамған,
Сезеді нені Сыр суы?

Араға алпыс көктем сап,
Дария тағы қатпады,
Қыс алып келсе көктен xат,
Миықтан күліп жатқаны.

Дария мылқау,тұйықтау,
Шалына қарай беретін.
Солыңқы тартқан иыққа,
Қармағын асып келетін.

Қайығын жүрген көтеріп,
Сен едің шалдың ем-домы.
Арасат жаққа жұрты өріп,
Көтеріп барад енді оны.

Бетіңде жүзген жөңкілбек,
Талқанын шығар кеменің.
Қаралы кемпір еңкілдеп,
«Алпыста қайтты»-деп еді…

Жүректің тұсын байқаңыз,
Мырыштан салған мүсіндей.
«Өмір»-деп, ақыл айтамыз,
Өзіміз де түсінбей.

Найзаны айтсаңшы, тым ірі ә?
Ірілігіңді кім ұғар?
Алтыннан құйған құмыра,
Ішінде бірақ, жыны бар.

Көп көңліндегі өкініш-
«Келеді мына қыс қалай?»
Сәл жымисаңшы өтініш,
Қарағанды ұқсамай…

Арпалысып әлегімен қаланың,
Көмейімде кептеледі нала, мұң.
Бәлкім, жиі аңсайтыным бар шығар,
Кей түсімде ауыл жаққа барамын:

Қаратөбе күлімдейді көмескі,
Ескі мола жатырқайтын еместі.
Бала қиял еркелетіп келеді
Үлкен үйге апаратын жол ескі.

Қазыбектің көлшігінде уайым жоқ,
Қайыңдыда жиылады лайым көп.
Әулиетау күтіп отыр әлек боп,
Қарсы бетте қылаңдайды Бәйімбет.

Амантауды айтады «Ауыл емес»-деп,
Амантаулық, әсте, бұлай демес бек.
Құлын кеуде жусар жерін іздейді,
Найзатаудың наз мүсіні елестеп.

Терісөзек.
Сезеді тар үй нені?
Жасыл түсті Соналы сари ма еді?
Жартастағы бұлақтан жынды көріп,
Заһартаудың зәу шыңына зар иледі.

Жылқышының жылысында жылқы бар,
Жылқы жаққа жұмыр жүрек ұмтылар.
Алтынқұдық деген ақ бас атаның
«Сарыбұжыр«-деген сары мұрты бар.

Жылысайды «жылы мекен»-деседі.
Алпыс шыққан жұмбақты кім шешеді?
Қарасудай тұңғиық қара сырдың
Бір ақындық келте ғұмыр есебі.

Аң атаулы Шаңқұдыққа жығылад(ы),
Қаратаста қара қия тығылад(ы).
Ерте айрылған балалығым қарап тұр
Қордабайдың қыратына шығып ап!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика