Сүйе білсең, сүйдіре білсең…

24 Шілде 2018

f0ba2bfd8f936a77d3b146acfe9443c7_LМен өткенде «Титаниктегі» Роза­ның әже кейпіндегі бейнесінің қазақы прототипімен жолықтым. Біз оқушы кезде әйгілі «Титаник» фильмі шыққан. Алып лайнердегі Джек пен Розаның махаббаты аяулы, һәм аянышты. Шашы әппақ қудай әженің баяндаған махаббат хикаяты бізді әліге дейін тамсандырып, көзімізді телеэкранның алдына байлап қоятын еді.
Махаббат деген – кинода махаббат, ал өмірде ол жоқ. Көпшілігіміз солай ойлайтынбыз. Өйткені, өмірде сүйген жүректер қосылып, шаңырақ көтеріп, бала-шағаны жетілдіруі керек. Кәдімгі күйбең тірлікпен жан бағып, тіршілік жалғаса береді. Бұл – отбасылық қалыпты жағдай сияқты. Ал махаббат деген – бір-біріне қолы жетпей сағынысу, аңсау, қысқасы, өткен күннің тәтті естеліктерімен өмір сүретін сезім сияқты көрінеді ме? Әйтеуір қол жетпей қалғандар мен болмай қалған баянсыздықтың бәрі махаббатқа ұқсайды кейде.
Ол Алматы қаласында, Панфилов көшесіндегі №126 үйдің отызыншы пәтерінде тұрады. Роза әжейдің немере қызы отырушы еді ғой жанында. Есіңізде болса, кемпірдің айтқанын сценаристер, режиссерлар, операторлар таспаға түсіріп алатын. Біздің күй де сол болды. 30-пәтердің қоңырауын басқанымда, сол кинодағыдай мен іздеген апаның қызы есікті ашты. Ол отырған бөлмеге бастап барды. Шашының бір тал қарасы жоқ қария орындықта отыр. Қарсы алдында жап-жас жігіттің портреті. Портреттегі бейне 30-35 жастамын дейді көрген көзге. Ал оған тамсанып, табынып отырған бейне 89 жаста! Бірақ, оларды «Титаник» секілді алып лайнер үлкен мұхитқа лақтырып сынамады. Оларға «Титаниктегіден» мың есе ауыр жүк артты тағдыр. Қазақ деген тәлейлі ұлттың болашағы жолында көрмегенді көрсетті. Біз кездескен қария әйгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың ошағының отын өшірмей отырған Халима Бекмұхамедова еді.
Мен енді сол кісімен бірге өткен күндерді еске аламын. Өткен уақыт пен бүгінгі күннің арасында «елші» болам. Менімен бірге «Махаббат деген не? Аңыз махаббат қандай болады?» деген сұраққа жауап іздеп көрерсіз, бәлкім.

ОЙЫ БҰЛДЫРАМАПТЫ

  Халима апаның қолында қағаз, айналасы толған кітап. Қағазға күйеуі туралы айтпақ ойын қазақшалап түсіріп алыпты. Ал кітаптардың не кітап екенін сіз де іштей сезіп отырсыз. Иә, күйеуінің жазған еңбектері, күйеуі туралы жинақталған деректер.
«Жадыра қызым, Ерекеңнің заманында көбіне лекцияларды орысша оқитын еді ғой, кейде арасында қазақша дәріс оқып қалады. Сондай кезде үйге ерекше қуанып келетін: «Біздің қазақтың балалары білімге, ғылымға ұмтыла бастады. Бұл деген қазақтың болашағы бар деген сөз», – дейтін. Аталарыңның аманаты бойынша үш немерем де Алматыдағы №12 және №159 қазақ мектептерін бітірді. Қазақтың баласын басқа тілді мектепке берудің қажеті жоқ екен. Мысалы, Ерекең ауылдан шыққан нағыз қазақтың жігіті еді. Қазақтың атын әлемдік деңгейде асқақтатқан Қаныш Сәтбаев та, Мұхтар Әуезов те өз ана тілінде оқып, ешкімнен кем болған жоқ, керісінше, ұлтының атын асқақтатты. Заман орыстыкі болған соң, біздің балалардың барлығы орысша оқыды», – деп күрсініп алды әжей. Дауысы саңқылдап тұр, тың. Мен атымның кім екенін осы кездесуден төрт күн бұрын телефон арқылы айтқам. Ұмытпапты. Осынысынан-ақ ойының бұлдырамағанына кәміл сеніңіз.
Әрі қарайғы әңгімені Халима апа өзі баяндасын.

«АЙТТЫМ СӘЛЕМ, ҚАЛАМҚАСПЕН» СӨЗ САЛЫПТЫ

1946 жылдың мамыр айы. Тәшкендегі Әлішер Науайы атындағы кітапхана. Дипломдық жұмыс жазып жүрген кезім. Ермұхан докторлық жұмысымен ізденіп жүр екен. Ол кезде оның жасы отызда. Бірақ ол өз жасынан әлдеқайда жас көрінді. Орта бойлы, денесі тіп-тік, ойлы көзі мені өзіне бірден баурап алды. Оны көрген кез-келген қыздың ғашық болмауы мүмкін еместей көрінді. Өте сымбатты болатын. Әйгілі композитор Евгений Брусиловский: «Ермұхан кинода ойнайтындай көрікті азамат», – деп тамсанып отыратын. Ерекеңнің сыртқы сымбатынан бөлек, оның «Туркестанские сборникиді» оқитыны қатты қызықтырды. Кітапханада ылғи оның не оқып жүргенін бақылап жүретінмін.
Ерекең де маған ғашық болды. Біріншіден, мен жаспын, ол менен он жас үлкен. Екіншіден, мен оның жанын түсіндім, айтқанын екі етпейтінмін.
Бір күні ол мені кездесуге шақырды. Мен кешігіп қалдым. Ол мені күтпей, кітапханаға іздеп келіпті. Ренішін, уәдеде тұрмайтын адамдарды ұнатпайтынын жеткізді. Сосын екеуміз бірге театрға бардық. Антрактіде тысқа шықтық. Сөмкесінен кітап алып, маған сыйлады. Алғаш басылған Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы екен. Кітапты беріп тұрып, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін ақырын орындап берді. Қазақстанда оқыған адамдар арасында бұл әннің тап сол кезде кеңінен айтыла бастағанын айтты. Содан бастап Абайдың әні біздің махаббатымыздың символына айналды. Ал Ермұханның алғаш сыйлаған сол кітабы әліге дейін өзімде сақтаулы тұр.

ҮСТЕЛДІҢ ҮСТІНДЕГІ БАУЫРСАҚТАР МЕН БӘЛІШТЕР

Мені бірінші рет мейрамханаға шақырған жігіт те Ермұхан болды. Оған дейін ешқашан мейрамханаға барып көрмеппін. Қатты толқыдым. Сол сәтте не ішіп, не жегенімізге дейін әлі есімде. Ерекең мені Мәскеуде болатын диссертациялық жұмысын қорғауға қатысуға шақырды. Біздің енді жолымыздың екіге айырылмайтынын, мәңгілік бірге болатынымызды, өзін күтуімді өтінді. Қайтар жолда ол кісі тұратын қонақүйге соқтық. Бөлмесіне кіре сала көргенім – үстелдің үстіндегі Алматыдан әкелінген бауырсақтар мен бәліштер. Сол кезде ғана оның отбасылы адам екенін сездім. Сонда да оны шексіз жақсы көре бердім. Миымнан, жүрегімнен бір сәтке де жұлып алып тастай алмадым.
Өзімнің жаңа танысым туралы анама айттым. Ол кісі бірден үйге шақырды. Анам мен сіңілім Хадиша Ерекеңді асыға күтті. Үйге келгенде ол анаммен ұзақ сөйлесті. Шешем өзінің зайсандық көпес Пидахметтің қызы екенінен бастап, «халық жауының» әйелі ретінде Тәшкенге бас сауғалап келгенін, алашордашы әкем Адамбектің өмірден өткенін, бәрін-бәрін жылағандай болып баяндап берді. Екеуінің әңгімесі жарасып кетті. Анама оның оқығандығы, қазақ зиялыларын білетіндігі қатты ұнады. Ал ол менің текті жерден шыққаныма көз жеткізгендей болды. Апамның сондағы бар ойы – мені өзбек жігітіне тұрмысқа бермеу еді.
Мәскеуде жүрген кездерімізде Ермұхан букинистік дүкендерді жиі аралап, кітаптар сатып алатын. Ол жерде күні бойы жүре беруге бар. Бірде ол Шоқан Уәлихановтың 1904 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген шығармалар жинағын тауып алды. Шоқанды оқыған Ермұхан оны пір тұтты. Шоқан туралы үлкен еңбек жазғысы келді. Өзін де Шоқан сезініп, еліктеді.

ҚАНЫШ СӘТБАЕВ БАНКЕТ ЖАСАП БЕРІПТІ

1946 жылдың 14 қазанында Ерекең диссертациялық жұмысын Мәскеуде қорғады. Қорғауға қазақтың зиялы азаматтарының біразы қатысты. Әйгілі биолог Кәрім Мыңбаев, химик Ерден Әзербаев, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлы, академияның президенті Қаныш Имантайұлы секілді қазақтың аяулы азаматтары Ерекеңнің еңбегіне ерекше ықылас білдірді. Бірақ қорғау өте қызу пікірталаспен өтті. Әлі есімде, сол кезде мәскеулік ғалымдарға арналған дастарханның қаражатын Қаныш Сәтбаев өз қалтасынан шығарған. Бірақ мен ол банкетке қатыспадым. Өйткені, ол жерге баратындардың көбі Ерекеңнің бірінші әйелін танитын еді. Сол кезде банкетке бармай қалғаныма жаным ауырды. Қанша жерден қамықсам да, сыртқа шығарғаным жоқ. Ермұхан кейіннен мені құрбыларыммен бірге «Москва» мейрамханасына апарып, арнайы дастархан жайды. Бірақ, қорғаудан соң Ерекең ашуланып жүрді. Себебі, диссертациялық жұмыстан бөлек оның жеке өмірін де сөз қылып, талқылағандар көп болған. Екі әйел алғаны үшін жерден алып, жерге салған ғой, қысқасы. Ол кезде маған да оңай болған жоқ. Өз тағдырыма риза болмай, қанша түнді жылаумен өткіздім. Біздің бір-бірімізге деген сезімімізді, ынтызарлығымызды өзгеге түсіндіру мүмкін еместей еді.

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВПЕН КЕЗДЕСУІ

Воронежда оқып жүргенде жатақханада тұрған. Жуынатын бөлмеден терезеге қараса, ылғи таңертеңгілік уақытта жатақхананың алдынан бір қазақ өтеді. Содан бір күні Ермұхан әлгі қазақпен арнайы барып танысады. Сөйтсе, ол Халел Досмұхамедов болып шығады. Халел дәрігер болса да, қазақтың әдебиеті мен тарихына бей-жай қарамаған кісі. Негізі Ерекеңе Кенесары туралы жазуды Досмұхамедов айтқан. Әйтпесе, орыстың жерінде орыс тарихын оқып жүрген жігіт оған дейін Кенесары туралы ештеңе білмеген екен. Міне, бұл – сол кездегі қазақ зиялыларының мықтылығы. «Мен медицинаны біліп, адам емдесем болды» деп жүре бермеген. Кейіннен Халелдің қызы Қарашашпен сөйлестім. Ол үйлеріне Ермұханның жиі келіп, әкесімен пікірлесіп тұрғанын айтты.

Жадыра НАРМАХАНОВА
Жалғасы бар


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика