Сүйе білсең,сүйдіре білесің… (Жалғасы…)

29 Шілде 2018

b4eb8362bbd7f1fa811ad4405dc54d8b  ПРОФЕССОРДЫ АУЫЛ МЕКТЕБІНЕ ЖҰМЫСҚА ӘРЕҢ ҚАБЫЛДАҒАН

Бас қосқан бастапқы жылдарымыздан бастап-ақ қиындыққа тап болдық. Ерекеңнің докторлығының мәселесі екі жылдай қаралды. Ермұхан үйде өзінің ғылыми жұмысын достарымен талқылап, қызылкеңірдек болып отыратын. 1947 жылы «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монографиясы алғаш басылып шықты. Кітап шыққаннан бастап біздің басымызға қара бұлт үйірілді. «Феодалдық жүйені көксейді, Кенесарыны идеал ретінде көрсетеді, ұлтшыл» деген айыптар тағылды.
Ермұхан қарапайым ауыл мектебінде сабақ беруге рұқсатты әрең алған. Әйтпесе, білдей профессор деген атағы бар ғой. Әуелі оны Алматы облысындағы Нарынқол ауданының мектебіне жіберді. Бірақ оқу тоқсаны аяқталмай жатып, Жамбыл облысы Шу ауданы Новотроицк ауылындағы Горький атындағы мектепке ауыстырды. Себебі, Нарынқол шекаралы өңір болғандықтан, Қытайға қашып кетуі мүмкін екен. Бірақ Ермұхан мойымады. Жазғы каникул кезінде «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты жаңа монографиясына материалдар жинау үшін ғалымдармен ақылдасып, кітапханалар мен архивтерде жұмыс істеуге Мәскеуге барды. Бұл сапардан кәдімгідей рухтанып келді. Өйткені, ғылыми жұмысына қатысты біраз деректер тапқан еді.
1950 жылы қыркүйек айында Ермұханды тұтқындады. Үйімізде тінту жүрді. Бүкіл кітап-қағаздарымызды шашып-төгіп, үйдің астан-кестеңін шығарды. Тергеу кезінде Ерекеңе әбден қоқан-лоққы көрсеткен. Өзінің айтуынша, «жансыздар» Әуезов пен Сәтбаевты Ерекең арқылы жазалағысы келген. Бірақ Ермұхан қадірлі азаматтар туралы тіс жармады. Үш ай бойы тергеу жүргізді. 4 желтоқсанда соттың шешімі шықты. Ерекеңді 25 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдады. Соттың үкімі оқылғанда, менен көз алмай қарап отырған асыл азаматым еріксіз жылап жіберді. Сондағы жанымның ауырғаны-ай…

«АҚ ЖАУЛЫҚ» ТА СЫНАЛАР КҮН…

Мені «халық жауының» әйелі ретінде түртпектейтінін сездім. Сосын Алматыдан кетуге шешім қабылдадым. Сол кезде үш жерде жұмыс істейтінмін: ЖенПИ-де, №12 мектепте, құрылыс техникумында. Үшеуінен де өз еркіммен жұмыстан шықтым. Сөйтіп күйеуімнің ісін қайта қарау жөнінде арыз жазып, Мәскеуге бардым. Онда Ермұханды сыйлайтындар маған ақша беріп, жұмыстар ұсынды. Бірақ олардың көмегінен бас тартып, Тәшкенге кеттім. Институтқа жұмысқа орналасатын болдым. Бастапқыда жұмысқа қабылдауға келісім берген кафедра меңгерушісі ертесі өз шешімінен айнып қалыпты. Сөйтсек, жоғарыдан қоңырау түсіпті. «Халық жауының» әйеліне жұмыс істеуге болмайды екен. Алайда, біз заң жүзінде некелеспеген едік. Балаларымыз Ермұхан мен Сермұхан да менің фамилиямда болатын. Сегіз жыл бойы ажырасуға рұқсат бермеген Ерекеңнің бірінші әйелі Әмина 1953 жылы өз еркімен сотқа арызданып, заңды некелерін бұзды. Себебі, әкелерінің аты қыздарының болашағына зиян тигізуі мүмкін екен…
Рона деген құрбымның арқасында Тәшкендегі қыздар педучилищесіне жұмысқа орналастым. Сонда жүріп Алматыда қалған отбасымды асырадым.
Сталин өмірден өтіп, Хрущев билікке келгенде ғана Ермұханның ісі ақталды. Ермұханнан білместік үшін кешірім сұрады. Бірақ Сібірдің суығы Ерекеңнің өкпесінен өтіп кетіпті…
Ол мұғалім болып жұмыс істеді ғой. Сосын ба, балалардың болашағын көп ойлайтын. «Тарихты жазғанда, ең бірінші кішкентай балалар түсінуі керек. Сонда ғана еңбегіңнің ақталғаны», – дейтін. Ауылды жерде мұғалім болса да, өте сәнді киінетін. Тіпті шұлығы мен бет орамалының да үйлесіп тұруына мән беретін.

БЕКМАХАНОВ ӨЗІН БАЛАЛАРЫНЫҢ КӨЗ ЖАСЫНА ҚАЛДЫМ ДЕП ЖАЗҒЫРЫПТЫ…

Жиырма жыл отасқанымызда Ерекең мені бірде-бір рет алдаған емес. Тіпті ұрсысып та көрмеппіз. Ол кісіге «сен» деп емес, «сіз» деп сөйледім. Егер шын сүйсең, екінші жартыңның жанын ауыртып алмауды ойлайды екенсің. Ерекең екеуміз бір-біріміздің қас-қабағымызға қарап жүретінбіз. «Мен қиындық көрсем көрейін, тек оның жаны ауырмаса екен», – деп тілейтінмін.
Бірінші әйелі татар ұлтының қызы еді. Мінезі адуындау болған екен. Ерекең ауырып, қайтыс болар кезінде: «Ешкімге жамандық жасамап едім. Осындай күйге душар болуым қыздарымның көз жасы шығар», – деді. Ол өзіне осылай сын көзбен қарай алған азамат.
Ол бірінші отбасынан ешқашан қол үзген жоқ, араласып тұрды, 7200 сом айлық алатын. Соны екі отбасына теңдей бөлетін. Жиырма жылда ешқашан ақшаны сөз қылмадық. «Ақшасын санап, мынадай асыл азаматтың басын қорламауым керек» деп ойладым. Жазған мақалаларының, кітаптарының қаламақысын бәйбіше алып отырды.
Ғылымда да, тұрмыста да қиыншылықты көп көрді. Біз айлықтан-айлыққа үнемшілдікпен әрең жеттік. Бірге санаторийге бара алмайтынбыз. «Елдің бәрі демалыс орнына әйелімен барады. Келесі жылы бірге барайық», – дейтін. Бірақ, келесі жылы да бірге баруға мүмкіндік болмайтын. Кейде жұмыстарында бірдеңелерге ақша жинайды ғой. Сонда: «Менің қалтамда тиын-тебен болмай, ұялып қалдым», – деп келіп отыратын үйге.

«10 МАМЫРҒА ДЕЙІН ЖАНЫМДЫ САҚТАЙ ТҰРЫҢЫЗДАРШЫ» 

Ол кісімен кездеспесем, қарапайым мұғалім болар едім. Ерекеңнің қамшылауымен аспирантураны бітіріп, Мәлік Ғабдуллин басқарған кезден бастап 40 жыл бойы Абай атындағы ҚазҰПУ-да жұмыс істедім. Күйеуімнің арқасында диссертация жаздым. Ерекең жиырма аспирант шығарса, мен 19 аспирант дайындадым, оның ішінде төртеуі ғылым докторы болды. Ерекең жазғандарымды үстінен түзеп беретін. «Сен қалайда ғылыми жұмысыңды қорғауың керек. Сонда ғана мен кеткенде балаларды жетілдіре аласың», – дейтін. Ауырып жатқанда дәрігерлерге: «Менің жанымды 10 мамырға дейін сақтай тұрыңыздаршы», – депті. Өйткені, 10 мамырда менің қорғауым еді. Бірақ, Ерекең 1966 жылдың 6 мамыры күні үзілді. Жетісіне жер қойнына тапсырдық. Оны күні бар күшімді жинап, жасымды тыйып, қорғауға бардым. Себебі, ғылыми жұмысымды қорғап, балаларды жетілдіру ол кісінің соңғы аманаты еді.

КҮЙЕУІНЕН ҚАЛҒАН АСТЫ ІШІПТІ…

Ермұхан қомағай емес еді. Қазақтың етін асып берсең, одан артық ештеңенің керегі жоқ. Екеуміз мейрамханаға барғанда мен оған: «Сіз қалағаныңызды алыңыз», – деп өзім ешқандай тамаққа тапсырыс бермейтінмін. Күйеуімнен бәрібір тамақ артылып қалады. Мен соны жей салатынмын. Ол кісінің өкпесі ауырды ғой. Бірақ, мен сол үшін одан жиіркенбеуші ем. Өйткені, ол асыл жігіт қой, бармағынан башпайының қара тырнағына дейін қасиетті болатын.

АТТАС ҰЛЫ ӘКЕСІНІҢ АРТЫНАН КЕТТІ…

«Біздің үлкен ұлымыздың аты да – Ермұхан. Негізі қазақтарда әкесінің атын баласына қою деген дәстүр жоқ қой. Бірақ, Ерекең бірінші әйеліндегі үш қызынан кейін ұлды болуын қатты қалады. Аяғым ауыр кезде іштегі баламызды «Кішкентай Ермұхан» деп еркелетіп, сөйлесетін. Құрсақта қойылған атын туылғанда өзгерткісі келмей: «Мен ұзақ өмір сүрмеймін. Менің қалған ғұмырымды балама берсін», – деді.
Ермұханнан кейін Сермұхан мен Қарлығаш дүниеге келді. Ерекеңнің соңында қалған 5 баласы да қазір аман-есен, бір-бірімен араласып тұрады. Тек өзімен аттас ұлы 57 жасында әкесінің артынан кетіп қалды… Соңында ұрпағы қалмады. Мәңгіге ұйықтап кетсем, баламның аты аталмай қала ма деп те қорқамын. Өзінің мамандығы математик болатын. Бірақ кино саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Өте зерек бала болған. Кішкентай кезінде көпқабатты үйлердегі жарықты үнемдеу үшін күндіз подъездегі жарықты сөндіріп қоятын құрылғы ойлап тапқан. Сөйтіп, Алматыдағы біраз үйлердің жарығын үнемдейтін. Ерекеңнің кітабы алғаш басылғанда, кітапханалардан қайта жинатып, өртеп тастаған. Сонда ұлым Ермұхан әкесінің кітабын сақтап қойыпты. Соның арқасында тарихшы Бекмахановтың жазғандары бүгінгі ұрпаққа жетті», – дейді баласы мен жан жарын сағынған апа. «Күйеуімнің 100 жылдық мерейтойын өзім басы-қасында жүріп ұйымдастырсам арманым жоқ еді. Бір жыл шыдасам болды. Кітаптарын тағы да бастырып шығарсам», – деп қалған мұрасын буып-түйіп отыр.
Құдай-ау, адамның жасы тоқсанға келсе де, жанары жанып кетеді екен ғой. «Асыл ерім» деп елжірегенде, Халима апаның екі көзінде нұр ойнайды. Әлі ғашық. Әйтпесе, ол әйел ретінде күйеуінен кітаптан өзге сыйлық алып көрмеген. Керісінше, күйеуінен көбірек жұмыс істеп, отбасының негізгі асыраушысы болған. Бірінші әйелі қаламақыны сыпырып алып кетсе де үндемеген. «Жаспын, екі ұл таптым» деп міндетсімеген. Араларына басқа әйелдер киліксе де, күйеуінің айтқанына ғана сенген.
Халима апаның үйінен келгендегі әсерімді бір заманқұрбыға айта қойып едім, түсінбеді. «Мейрамханада күйеуінен қалған тамақты ішу – күйеуінің әйелін сыйламағаны ғой», – дейді. Бәлкім, адами құндылықтар арзандап кеткен қазіргі көзқараспен солай шығар. Бірақ күйеуінің қара тырнағына дейін қадір тұтқан әйел оның аты жаман ауруға шалдыққанын білдіргісі келмеген, «өлсем бірге өлейін» деген ғой. Егер қара басын ойласа, одан қалған ас-ауқатты ішпес еді. Абақтыдағы ауру күйеуін күтпей, жаңа өмір бастап кетіп жатса, оған кім қой деп жатыр. Өйткені, оқыған қыздың айналасында қаншама «менмін» деген жігіт жүрді емес пе? Егер шын сүймесе, мұның біріне төтеп бермес еді… Егер Бекмахановтың сүйегі асыл болмағанда, Халима апа оны сонша құлай сүймес те еді-ау… Жігіттердің төресі ғана шынайы махаббатқа, құрметке лайық емес пе?!

Жадыра НАРМАХАНОВА


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика