Суға батып қаза тапқан үш оқушыға қатысты жаңа дерек жарияланды

10 июня 2017

1 маусым — балаларды қорғау күнінде үш ақтөбелік жасөспірім қайтыс болды. Олар саябақтан келе жатып, судың тереңдігін білмек болған. Кенеттен аяғы тайып, суға түсіп кеткен балаға көмектеспек боп екі досы бірінен соң бірі суға секірген. Бірақ үшеуі де тілсіз жаудан құтыла алмады…

Қайғылы оқиға 1 маусым күні түскі сағат төрттер шамасында болған екен. Балалар судың жиегінде аяқтарын суға батырып, судың тереңдігін тексермек болады. Сол кезде Сәлімнің аяғы тайып суға батып кетеді. Оны құтқармақ болып Ернат, артынша Шыңғыс суға секіріпті. Болған жағдайға куә болған Нұржан жан-жағына көмек сұрап айқай салады. Жан ұшыра көмек сұраған оқушының жанында адамдар болмапты. Сол маңнан өтіп бара жатқан орта жастағы кісіден көмек сұрағанда, “мен жүзе алмаймын” деп кете барыпты. Содан Нұржан өзінің анасына, төтенше жағдай департаментіне, жедел жәрдем бөліміне, полиция бөліміне қоңырау шалған. Нұржанның анасы сыныптың ата-аналарына қоңырау шалып бәрін хабардар еткен. Полиция жақын жерде болғасын тез келген. Құтқару қызметкерлері аздап кешігіп келіпті. Құтқару қызметкерлері келгенде бәрі кеш болды. Сазды өзенінен тек қана балалардың мәйітін алып шыққан. Қайғылы жағдайда ажал құшқан үш жеткіншектің екеуі бала кезінен айнымас дос екен. Балабақшаға бірге барған. Мектепте де бірге оқыпты. Тіпті біреуі басқа мектепке ауысқанда, екіншісі досының соңынан сол мектепке оқуға келген екен.

Ақтоты Сұлтанова, №31 қазақ орта мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары:
— Біздің мектептің 8 сынып оқушылары Ернат Жасқайратов, Шыңғыс Нұрғазы, Нұржан Есжанов 1 маусым балаларды қорғау күнінде “Керуен сити” ойын-сауық орталығына бірқатар сыныптастарымен қыдырып шыққан. Оқушылар біраз жүріп қыдырған соң, Ернат, Шыңғыс, Нұржан, Нұржанның туысқан інісі бөлініп одан әрі қыдырып 12 мөлтек шағын ауданына қарай жүре берген. Шыңғыс пен Ернат сабақты жақсы оқитын. Достыққа адал, үнемі жан-жағына көмек беріп жүретін оқушылар еді,- дейді ұстазы.

Мектеп басшылығының айтуынша, Ернат спортқа бейім болған. Футбол ойнағанды ұнатады екен. Әдебиет сабағын жақсы көріпті.
— Ернатты анасы тәрбиелеп отыр еді. Артында 2 сыныпта оқитын қарындасы мен анасы қалды. Ал Шыңғыс ағылшын, география, информатика пәндерін жақсы көріп оқитын. Шыңғыс үйдің жалғыз баласы еді. Анасы вахтамен жұмыс жасайды. Шыңғысты ата-әжесі бағып, тәрбиелеп отырған. Оқиға болған күні анасы жұмыста екен. Шыңғыс атасына қоңырау шалып, “Керуен сити” ойын-сауық орталығына ойнап, қыдырып қайтамын деп рұқсат сұраған. Атасы сол күні жұмыста болады. “Жұмыстан келгесін бірге барамыз, мені күт” деген екен атасы. Алайда Шыңғыс ертерек кетіп қалған. 9 сыныпқа көшкенде Шыңғысты ғылыми жобаларға, олимпиадаларға ұсынсақ деген ойымыз болып еді. Бұлай боларын кім білген?- дейді Ақтоты Сұлтанова.

Ұстаздарының айтуынша, Нұржан салмақты, көп сөйлемейтін, ұяңдау бала екен. “Болған қайғылы жағдайдан соң қазіргі жағдайы қиын” дейді ұстаздары. Көз алдында екі бірдей досы, бауыры суға батып кеткенін көру кімге болса да оңай соқпасы анық.
— Шыңғыс пен Ернат екеуі бала кезден дос болған. Бір балабақшаға барып, бір мектепте, бір сыныпта оқитын ажырамас дос еді. Енді міне екеуін бірге ажал алып кетті. Шыңғыс пен Ернаттың отбасы балаларды бір жерге жерлеген. Қайғылы жағдай ең алдымен оқушылардың отбасына өте ауыр тиді. Бізге де оңай емес, әлі күнге сене алмаймыз. Ернат Жасқайратов пен Шыңғыс Нұрғазы мезгілсіз келген ажал тырнағына ілінді. Олардың ертеңгі күнде алар белесі, асқақ армандары бар еді. Өкінішке орай, өмір сол күндерге жеткізбей өз дегенін істеді. Олардың үні мен күлкісі құлағымызда жаңғырып, бейнесі мәңгі жадымызда сақталады. Қабырғамызды қайыстырып, арамыздан тым ерте кеткен оқушылардың Ернат Жасқайратов пен Шыңғыс Нұрғазының ата-аналары мен бауырларына, туған-туыстарына №31 қазақ орта мектебі ұжымы атынан күйзеліспен қайғыра отырып көңіл айтамыз,- дейді №31 мектептің ұстаздары. Жұптары жазылмаған достар қатар жерленді…
Мерт болған үш жеткіншектің бірі Сәлім Аяберген №21 мектептің 7«Ә» сыныбында оқитын. 1 маусым балаларды қорғау күнінде Сәлім өзінің туысқан ағасы Нұржанмен, оның сыныптас достары Шыңғыс, Ернатпен орталық саябаққа қыдыруға шығады. Бірақ, мерекенің соңы ауыр қайғыға ұласты.

Маржанкүл Тойшыманова, Ақтөбедегі №21 үш тілде оқытатын орта мектеп-гимназиясының директоры:
Балалар сол күні “Керуен сити” ойын сауық орталығының маңынан ағып жатқан өзеннің тереңдігін тексермек болады. Балалар өзеннің жиегіне түсіп, аяқтарын батырып көреді. Сол уақытта Сәлімнің аяғы тайып суға батып кеткен. Оны құтқармақ болып Ернат, оның артынша Шыңғыс суға батып кетеді. Нұржан болған оқиғадан соң жан ұшыра айқай салып жан-жағын көмекке шақырады. Оқиға орнына құтқару қызметкерлері келгенде бәрі кеш болды. Сәлім ата-анасының мәпелеп өсіріп отырған ұлы еді. Мінезі ашық, жылы шырайлы, көргенде үнемі сәлемін беріп жарқырап жүруші еді. Өзі сабақты жақсы оқитын. Ағылшын пәнін тереңдетіп оқытатын сыныпта оқыды. Мектепте түрлі шараларға қатысып жүрді. Ұйымдастырушылық қабілеті өте жақсы. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын оқушы. Мезгілсіз келген қайғылы қаза бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Ең алдымен ата-анасына, бауырларына, туыстарына өте ауыр соққы болды. Қайғылы қаза болған күні №21мектептің басышысы, әкімшілік ұжымы, ұстаздар қауымы, сыныптастары Сәлімнің үйіне кіріп шықтық. Оқиға болған күні бала анасынан, ағасынан қыдыруға сұранып кеткен екен. Сәлім үйінде үш ағайынды. Үлкен ағасы,өзі және інісі бар. Ата-анасы дәрігер, қаламыздағы жедел жәрдем ауруханасында жұмыс жасайды. Ағасы біздің мектепті бітіріп шықты. Озат оқушы. Мәнерлеп оқу бойынша республикалық марапаттаулардың иесі. Қазір студент. Біздің мектебімізде 2сыныпта інісі оқып жатыр. Сәлімнің ата-анасына Алла сабыр берсін,- дейді.

“Себебі белгісіз”
Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті суға кеткен үш жеткіншектің өлімінің себебі анықталған жоқ дейді. Құтқарушылар қала тұрғындарына балаларға сақ болуын ескертеді.
— Балаларды қараусыз қалдыруға жол бермеу бойынша тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан түсіндіру-алдын алу жұмыстарына қарамастан 1 маусымда қаланың қақ ортасында, көптеген адамдардың көз алдында «Нұр ғасыр» ауданындағы Сазды өзеніне анықталмаған себептермен үш жасөспірім суға батып кетті. Ақтөбе облысының ТЖ департаменті ата-аналардан мүмкіндігінше балаларды су қоймаларына жақын жерлерде қараусыз қалдырмауды және сол қайғылы оқиғаны мысалға ала отырып, балаларға суға шомылу үшін белгіленбеген жерлерге барудың, ойланбай әрекет ету мен алысып ойнаудың ықтимал зардаптары туралы түсіндіруді сұрайды,- делінген департамент таратқан баспасөз парағында.

Басқарма мамандары судың әлі қызып үлгермегенін, бұл адам денесінің құрысып қалуына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді.
— Балалар тек ересектердің бақылауымен шомылуы тиіс. Оларды бір сәтке де қараусыз қалдыруға болмайды. Ауаның температурасы кемінде 25°С, судың температурасы кемінде 22°С жеткенде ғана шомылуға болады,- дейді төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

kerek-info.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика