Сталин Германияны басып алудан неге бас тартты?

25 апреля 2019

22 маусымда неміс-фашистердің сол тұстағы біртұтас Кеңес еліне тұтқиылдан шабуыл жасап, басып кіргеніне 78 жыл толмақ. Әрине, төрт жылға созылған қанқұйлы соғыс жеңіспен аяқталғаны белгілі. Бұл қанды қасапқа қазақстандықтарда белсене араласты. Елден аттанған 1 миллион 200 мың адамның тең жарымы сол соғыс даласында қаза тапты.

Бірақ бұл басқа әңгіме. Айтқымыз келгені мынау еді.

Бүгінгі күні әлемнің өткен тарихын есеп-шотқа қағып отырған көптеген тарихшылар, өткен ғасырда 50 миллионға тарта адам басын жалмаған II Дүниежүзілік соғыс «қай кезде басталды?» деген даулы тартыс өткізуде. Әрине бұрынғы КСРО халқы үшін Ұлы Отан соғысы 1941 жылдың 22 маусымында басталғаны белгілі. Бірақ, қазір бұрынғы посткеңестік кеңістікте өмір сүріп жатқан тарихшылдардың өзі КСРО үшін соғыс 1941 жыл емес, одан бұрын басталды деген дау айтады.

Оған мынадай дәлелдер келтіреді. 1939 жылы КСРО өзін «бейтарап» ел ретінде жариялады. Алайда сол кезеңде (1941 жылға дейін) кем дегенде 23 миллион адам тұратын аймақты басып алды. Мұны қалай түсінуге болады? Мәселен, Германия 1939 жылы 1 қыркүйекте Польшаға басып кірді. Және II Дүниежүзілік соғыстың бастамашысы һәм кінәлісі болды. Дәл сол жылы, сол айда Польшаға екінші бір жағынан басып кірген КСРО-ға ешқандай айып тағылған жоқ. Басып алынған жерде НКВД мыңдаған әскерилерді қырды, тұтқынға қамады. «Бейтарап» ел ешуақытта тұтқынға ешкімді алмаған және еш елдің тұтастығына қауіп төндірмеген. «Бейтараптықтың» заңда қатталған қағидасы солай.

Ал КСРО әлемдік заңды белден бірақ таптағаны анық. Солай бола тұрса да, дүниежүзілік соғысқа КСРО бар жоғы 1941 жылы 22 маусымда ғана араласты делінеді. Неге?

Тағы бір мысал, Германия Данияны басып алды. Бұл соғыс актісі саналады. Ал Кеңес елі сол тұста Үш Балтық мемлекетін басып алып, өзіне қаратты. Бірақ бұл басқыншылық әрекет деп танылмады. Артынша Германия Норвегияға баса-көктей енді. Бұл агрессия деп саналды. Дәл осының алдында Кеңстік империя Финляндиямен соғысты. Бұл да санатқа енбеді. Германияның қанды қылмыстары 1939 жылдың 1 қыркүйегінен (Польшаны басып алған уақыт) басталса, неге екені қайдам КСРО үшін соғыс 1941 жыл 22 маусымнан бастау алады.

Шындығы керек, КСРО жағарғы Кеңесі 1939 жылы 1 қыркүйекте кезектен тыс сессия өткізіп, онда жалпыға бірдей әскери міндетті бекітті. Оған дейін мұндай шешім болған жоқ-ты. Бұл КСРО тарапынан үлкен соғысқа дайындықтың бастамасы болатын. Ақиқатында, сол 1 қыркүйекте Польшаға басып кірген Гитлер, тіпті Батыс елдері жер-жаһанды жайлайтын екінші дүниежүзілік соғыстың дәл сол жерде басталғанын білген жоқ. Алайда коммунистер білді және үлкен соғысқа үлкен дайындық жүргізуді бастап кетті.

Осы тұрғыдан келгенде тарихшылар КСРО үшін соғыс 1939 жылы 19 қыркүйекте Польшаны басып кірген кезден бастау керек деп айтады. Ал 1941 жылдың 22 маусымы текетірес екі елдің бірі-бірімен қоян-қолтық келіп қатығысқанын айтады. Кеңес империясы құлаған соң, бұрынғы құпия сақталып келген мемлекеттік маңызы бар құжаттардың біразы мұрағаттан шығарылып тасталғаны белгілі. Солардың баспасөз беттерінде жарияланған кейбір деректеріне назар аударатын болсақ, фашистік рейх емес, импералистік КСРО Германия алдымен басып алуға тырысқанын байқаймыз.

Немістер ағылшындармен басы қатып жатқанда Мәскеу Германияны қиратудың амалын қарастырып, сұңғыла жоспар құрып үлгерді. Оны Ресей (ҚМ) мұрағатында 1941 жылғы қорғаныс халық комиссары С. Тимошенко мен Бас штаб басшысы Г. Жуков және А.Васильевскийдің бірігіп Сталинге осындай жобамен шыққанын растайтын хат әлі сақтаулы. Онда «алдағы міндет – мамыр айында Вермахтың алдын алып, (немістер 22 маусымда соғыс ашқаны белгілі) неміс әскерлерін Польша жерінде, Висла өзені мен Краков маңында талқандау керек» деп көрсетіледі. Мұндағы КСРО-ның ойы ағылшындармен алысып жатқан Германияның бір бүйірінен тап беріп, бүріп тастау еді. Және Қызыл әскер бұған біршама жақсы даярлықтар жүргізді. Шабуыл жасау үшін Батыс шекараға ірі әскери техника мен жүздеген дивизияны шоғырландырды.

Тіпті Германияға шабуыл жасау 12 маусымға белгіленді

Бірақ бұл алдын ала соққы беру жоспары Сталиннің табансыздығының арқасында іске аспай қалды. 13 маусым күні Батыста шоғырланған барлық әскери бөлімдерге «кез-келген уақытта Еуропаны азат етуге даяр тұрыңдар деген бұйрықта беріліп үлгерді. Міне, 1939 жылы соғыспау жөнінде Молотов-Риббентроп қол қойып, шарт жасасқан екі елдің жасырын ойы осындай болатын.

1941 жылдың 22 маусымында Қызыл әскердің қолында 25 мың танк болды. Оның 14 мыңы Батыс шекарада тұрды. Ал әскери жағдайға кірісіп кетуге дайын тұрған 19 мың әскери ұшақтың 11 мыңы сол Батыста еді. Ал немістер КСРО-ға қарсы небәрі 4 846 ұшақ пайдаланды. Қызыл әскерде 60 мың миномет пен өзге де зеңбіректер болса, немістерде ол құралдардың саны 43 мыңды ғана құрады. Батыс шекарада тұрған Кеңес әскерінің саны 2 миллион 719 мың болса, Вермах әскері 2,5 миллион еді. Ал 22 маусымға қарсы Кеңес елі тағы да 77 дивизияны Батыс шекараға жақындатты.

Қысқасы, соғыс басталар күннің қарсаңында Батыс аймақта тұрған Қызыл әскердің қолы 4,3 миллион, сонымен қатар 59 787 зеңбірек және 15 687 танкпен жарақтанды. Бұл кезде Вермах әскерінің Шығыс майданында 3650 танк бар еді. Тіпті оған 86 фин, 60 румын және 160 венгр танксін қосқанның өзінде немістер Кеңес әскерінің санына да, техникасына да жете алмады. Қысқасы, 166 неміс дивизиясына 190 кеңестік дивизия қарсы тұрды. Сонымен қатар, 800 мың резерв әскерге шақырылып, Батыстағы шекара дивизияларын толықтыруға жіберілді.

Шындығында КСРО үлкен соғысқа сақадай-сай тұрған болатын.
1941-45-жылдары кеңестік ресми дерек бойынша, ұрыс даласында және жарақаттан 9 миллион жауынгер қаза тапты делінген. Ал шындығына келсек,

майданда және жарақаттан, түрлі аурудан, кезейсоқ жағдайлардан кем дегенде 22,4 миллион адам шейіт болды.

Бұған қоса 4 миллионға жуық (1941-45-жылдары немістерге бес миллионнан астам Қызыл әскер тұтқынға түсті десек, соның 4 миллионға жуығы соғыстың алғашқы жарты жылдығында болды) командирлер мен жауынгерлер тұтқында жан тапсырды.

Ал неміс жағы КСРО-мен соғыс кезінде шамамен 2,6 миллион адамынан айырылды. Мұның сыртында әскерилерден тыс 17 миллион адам түрлі аурудан, аштықтан қайтыс болды. Жалпы, КСРО сол жылдары 42-43 миллионға жуық адамынан айырылды. Ал Германияның жоғалтқаны – 6,5 миллион адам.

Қай ел қанша адам жоғалтты осыдан пайымдай беруге болады.

Ақшарқат Ахметбек
Дереккөз: 365info.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика