Соңғы вальс

10 Қаңтар 2017

Соңғы вальс… Үстелінің үстінде конвертке салынған шақыру билеті жатыр. Абзал үйлену тойына шақырыпты. Суретті ұстаған саусақтары діріл қағып, жанарына жас іркілді. Жүрегінің соғысы да өзгергендей… Айналасына сездірмеуге тырысқанымен, ақ шүберектей қуарған өңі өкінішін білдіріп-ақ тұр.
Әншейінде гуілдеп жататын хореография залында тыныштық орнаған. Жаңа биге дайындалып жатқан бишілер мұның әр ісін бақылап, тапжылмай қарап қапты. Көздер… Бірі кінәлап, бірі аяйтын сұқ көздер… Өзіне мүсіркей қарағандарды жек көретін әдеті. «Сіздер менің мұңымды тыңдар психолог емес, бишісіздер! Неге билемейсіздер?» Бишілер орынсыз айқайды ұнатпай күңкілдей бастады. «Таз ашуын тырнадан алады», – деді бірі күбірлеп. Өз қатесін ұғып, жанарын терезеге аударды. Күн күліп тұр екен. Өзіне қараған көзден ол да ұялып, еріксіз жанарды жұмғызады…
Залға әкімнің көмекшісі кірді. «Үлкен адамның» келгеніне бишілер таң қалып қарай қалды.
– Сіз басқарып отырған би ұжымы қаламыздағы атақты ансамбльдердің бірі. Билеріңіз де, бишілеріңіз де әдемі.
– Рахмет.
– Бишілер тойда ұлттық билер билей ме?
– Әрине, «Буын», «Балбырауын», «Келіншек», «Шашу», «Мереке», «Қоштасу», «Кербез», «Алқақотан»… Біз биді той иесінің өтініші бойынша билейміз. Әлем билеріне сұраныс көп.
– Қазақта билер көп екен ғой… Кейбірінің аттары мүлде таныс емес.
Әкім көмекшісі күлген сыңай танытты.
– Қазақ биі десе көпшілік «Қамажай» мен «Қара жорғаны» айтады. Шын мәнінде біздің би өнеріміздің «қоржыны» бай ғой.
– Дұрыс айтасыз, би өнері бізде кенже қалған, дамытуымыз керек.
Ол «үлкен адамның» сөзін құптай басын изеді.
– Жақында інім үйленеді. Құдаларымыз өзге ұлт өкілдері болғандықтан, тойда оларға қазақтың бар өнерін көрсеткім келеді. Бишілерге жаңа би қоюға мүмкіндігіңіз бар ма?
– Сізге уәде ете алмаймын…
– Би – бекзат өнер. Сіз мұны жақсы білесіз… Тойда осы өнердің құдіретін бишілер арқылы көрсетуіміз керек.
– Би қою үшін де ізденіс, ой, идея керек. Бұл дәуірді бейнелейтін ұлы өнер.
– Шығармашылық жұмысқа «бап» керек екенін білемін. Дегенмен де құдаларды тосын сыймен таң қалдырғым келеді. Сондықтан Абзалдың тойына бишілер атынан сценарий дайындасаңыз.
Тынысы тарылып кетті. Абзалдың тойына би қоюы керек. Өмірінде бір рет болатын үйлену тойында мұның өнер көрсеткенін Абзал қалай ма? «Үлкен адамның» өтінішін де қайтара алмайды. Би – оның мамандығы ғана емес, «өмірі…»
«Үлкен адам» қоштасып шығып кетті.
Үстел үстінде жатқан суретті қайта қолына алды. Қалыңдық сұлу екен. Ақ көйлек ажарын тіпті нұрландырып тұр. Әсем жамиып, Абзалдың иығына басын сүйепті. Ал оның қабағы түюлі.
Ол абзалға ғашық еді. Әр кездесу сайын Абзал бұған гүл сыйлайтын. Әр кездескен сайын: «Саған би театрын ашу керек», – дейтін. Екеуі отау құруға да уәделесті. Бірақ оның «ақсүйек» туыстары «әртіс саған әйел болмайды», «биші бағыңды ашпайды», «некесіз туылған қыз…» деп екеуін қоспады. Тағдыр Абзалды басқа арнаға бұрды. Ол енді орыс шенеунігінің күйеу баласы…
«Соңғы рет бір билейік…» Абзал қоштасар кезде осылай деген-ді. Саябақ ішінде екеуі жауған жаңбырға қарамай вальс билеген. Музыка болмаса да өкініш шері бұларды баяу ырғағымен тербеткен еді…
Суретті қолына ұстап тұрған ол кенет өз-өзінен тырқылдай күлді. Бишілер аң-таң. Тағы да жанарлар жәудірей қарасты. Күбір көнбейді.
– Су ішесіз бе? – деді бишінің бірі жанына келіп.
– Шөлдегем жоқ.
– Бәлкім, таза ауа жұтып келерсіз, күн тамаша болып тұр…
– Бұл тойда би құдіретін, биші шеберлігін көрсетуіміз керек. Олар менің хореография мамандығын не үшін таңдағанымды білсін…
Ол «үлкен адамның» ұсынысын өзіне берілген мүмкіндік деп ұқты. Қазақтың биші қызын менсінбей, байлық үшін өзге ұлттың «күшік күйеуі» атанғалы отырған жігітті өкіндіруге ұмтылды… Жігітке деген сезімін, ішкі жан сырын, сағынышын жеткізу үшін вальс шығарды.
Той… Жас жұбайлар мейрамханаға кірген кезде бишілер «Шашу» биімен шашу шашты. Жігіт көпшілік ортасынан мұны іздеп тауып, басын изеді. Риза болғаны болар. Беташар рәсімі жасалғаннан кейін бишілер «КЕліншек» арқылы қазақ келіндерінің ибалығын, іскерлігін көрсетті. Қалыңдықтың енесі бұған күлімсірей қарады. Жаңа құдалар отырысы қызған шақта бишілер мың бұралып, «Мерекені», «Шаттықты» төгілдірді. Сансыз шапалақтар соғылды. Жаңа құдалар төс қағыстырып, жастарға ақ тілегін арнағаннан кейін жас отаудың табалдырығын аттаған жас келінге арнап «Қоштасу» биі биленді. Өзге ұлттың қызы болғанымен, қалыңдық та би мазмұнын түсініп көзіне жас алды. Құдалар отырысы қыза түсті.
– «Қазақта би жоқ», – деген пікірді естуші едім. Бос сөз екен. Міне, қазақтың биі! Нағыз қонақжай халықтың дәстүрін көрсетіп тұр, – деп бас құда бишілердің өнеріне ақша тастады. Ол намыстанып: «Біз биімізді сататын ел емеспіз, біз өнерімізді насихаттайтын халықпыз», – деді. Мұның сөзін бишілер бимен іле кетті. Кең сахара ойналатын ұлттық ойындарды сахнаға тоғыстырған «Алқақотан» биі биленгенде тойшы қауым шапалақ ұрды. «Балбырауынмен» қазақ азаматтарының жігерлілігін, қайсарлығын танытты. «Үлкен кісі» дән риза…
Той соңында бишілер аққудай бұралып, вальс биледі. Сценарий бойынша жас жұбайлар ортаға шығуы тиіс болатын. Бірақ күйеу жігіт сценарийге өзгерту енгізді. Абзал қалыңдығын емес, мұның жанына кеп: «Соңғы рет бір билейік», – деді. Алғашында абдырап қалған ол ұятты кері «ысырды». Баяу музыка ырғағына сай екеуі шыр көбелек айнала биледі. «Соңғы вальс»…
– «Вальс – қарапайым би емес. Бұл бидің мазмұны романтикаға, лирикаға, мөлдір махаббатқа толы», – деді жігіт. Қыз да үнсіз қалмады.
– «Вальс – шынайы сезімді, ғашықтықты көрсететін би. Және бұл мен үшін қоштасу биі», – деп жауап қатты…
– Сіздің өнеріңізді байлыққа «айырбастап» жібергеніме өкінем…
– Мен тұңғыш рет өз-өзіме риза болдым.
– Сізден кешірім сұрауға дәтім бармайды. Өйткені мен қазақтың биін ақшаға сатқандай сезініп тұрмын…
– Тойға Сіз үшін емес, жаңа құдалар үшін келдім.
– Сонда қалай?
– Қазақтың биіне күллі әлем бас июі тиіс!
– … «Қоштасу» биі қайын жұртымды ерекше әсерге бөледі.
– Бұл балетмейстер Дәурен Әбіровтың туындысы. Бишілер бүгін Шара Жиенқұлованың, Зәуірғали Райбаевтың, Меңтай Тілеубаевтың билерін биледі.
– Керемет! Ал мына вальс…
– Бұл менің қос ғашыққа арнап шығарған…
– Бидің аты қандай?
Үнсіз қалды. «Соңғы вальс», – деді құлағына сыбырлап. Жігіт оны құшағына қыса түсті. Оның бауырына тығылған сайын жүрегінің соғысы күшейе түсті. Ыстық құшақ, жылы леп…
– «Соңғы вальс» – мен мүмкіндігімді жіберіп алдым, – деді жігіт сыбырлап.
– «Соңғы рет бір билейік», – деді қыз…
Қос құшақ ажыратылды. Ол енді қалыңдық пен күйеу жігітті «табыстырды». Жас жұбайлар билегенде жұрт алақан соқты. Отшашулар шашылды. Жігіт мұнан көз алмады. Тойшықауым Абзал екеуінің «соңғы вальсін» сценарий бойынша деп ойлады. Шынында бұл екеуінің қоштасуы еді…
Той аяқталды… «Үлкен адам» бишілердің еңбекақысын берді. «Би театрын ашып беремін», – деді бұған. Ол басын шайқады. Өзінің сезімі арқылы «Соңғы вальсін» дүниеге әкелгенінеқуанды. Бәлкім, мұнан кейін биші болмас…
Оны Түркиядағы хореографиялық театрға қызметке шақырды. Ұшақ ішінде ой құшағына оранды. Аспандағы ақ бурыл бұлттардың өзара тербеліп тұрғаны бұған вальс билеп тұрғанындай сезінді. Ол дереу елге қайтуды ұйғарды. Өйткені ол түріктің емес, қазақтың биін жандандыруы тиіс.
«Соңғы вальс»…

Айгүл Жұбаныш

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика