СОНЕТТЕР ГҮЛТӘЖІ, БҰРЖЫ ТАҢБАЛАРЫ

29 Тамыз 2018

Сонет секілді өлең жанры туралы бұрынырақта жазғанымыз бар еді.
Поэзиялық шығарманың уақытпен тыныстап, көркемдік-эстетикалық деңгейінің биік болуы, яғни қиыннан қиыстыра алар шеберліктен туып, рухани қажеттілікті өтеуі – оны шынайы өнер туындысы ретінде айғақтайтын негізгі өлшемдік белгілер болмақ. Поэзияның дамуы түр, жанр байлығымен де өлшенеді. Осы орайда қазіргі қазақ назымына (поэзиясына) кейіннен қосылса да, ұлттық ою-өрнегімен бедерленіп үлгерген өлең түрлерінің бірі – сонет десек, ақиқаттан алыс кетпеспіз. Демек, мұның өзі төл өлеңіміздің үздіксіз даму, өсу үстінде екенінің айғағы. Өйткені сонет – жалпы өлең өнеріндегі ерекше көркем құбылыс қатарына жататын сұлу поэзия түрлерінің бірі. Сондықтан да ол шын мәніндегі талант құдіретін керек етеді.


Әр халықтың ұлттық табиғи бітім-болмысынан, қабылдау қабілеті мен ойлау стилі, ой кешу үрдісінен туындайтын тәндік ерекшеліктері олардың поэзиясындағы поэтикалық түрлерден де анық байқауға болады. Осы тұрғыда салыстыра кетсек, мәселен орта ғасырлардың ортасы (Х-ХV ғғ.) мен соңғы кезеңінде (ХVІ-ХVІІ ғғ.) қазақ топырағында жыраулар тудырған пәлсапалық ойға жүгінген «толғау» жанры өз дамуының айрықша сапалы шарықтау шегіне жеткені аян, ал сол кезеңдердегі еуропалық батыста «сонет» те сондай биік дәрежеде дамыған.
Поэзиялық шығарманың уақытпен тыныстап, көркемдік-эстетикалық деңгейінің биік болуы, яғни қиыннан қиыстыра алар шеберліктен туып, рухани қажеттілікті өтеуі – оны шынайы өнер туындысы ретінде айғақтайтын негізгі өлшемдік белгілер болмақ. Поэзияның дамуы түр, жанр байлығымен де өлшенеді. Осы орайда қазіргі қазақ назымына (поэзиясына) кейіннен қосылса да, ұлттық ою-өрнегімен бедерленіп үлгерген өлең түрлерінің бірі – сонет десек, ақиқаттан алыс кетпеспіз. Демек, мұның өзі төл өлеңіміздің үздіксіз даму, өсу үстінде екенінің айғағы. Өйткені сонет – жалпы өлең өнеріндегі ерекше көркем құбылыс қатарына жататын сұлу поэзия түрлерінің бірі. Сондықтан да ол шын мәніндегі талант құдіретін керек етеді.
Жалпы оқырман көпшілікке түсінікті болуы үшін сонет тарихына шағын шолу жасап, азды-көпті мағлұматтар беріп өткенді ләзім көремін. Сонеттің туып, қалыптасу, даму төркініне зер салсаңыз, бұл жанрдың ХІІІ ғасырда Сицилия аралында дүниеге келгенін анықтау онша қиынға түспейді. Ол аз уақыт ішінде Италия, Франция, Германия (Алмания) елдеріне тарап, қанатын кеңінен жайып гүлденген тұсы А.Данте, Ф.Петрарка ғұмыр кешкен уақыттарға дәлме-дәл келеді. Со кездерде У.Шекспир, П.Ронсар сынды поэзия саңлақтары сонеттің небір озық үлгілерін жасаған. Сонет ХІХ ғасырда Ресейде қайта жанданып, сыртқы пішінге аса ден қойған символистердің сүйікті өлең түріне айналады. А.С. Пушкин, Антон Дельвиг, Денис Давыдов қаламынан туған сонеттер орыс поэзиясының інжу-маржандары қатарынан саналады.
«Сонет» итальян тілінде «үндесу, үйлесу» деген ұғымды білдіреді. Оның ішінара «классикалық сонет», «еркін сонет», «сонет шоғы» немесе «гүлтәжі» (венок сонетов) деп аталатын түрлері бар. Еркін сонеттен классикалық сонеттің айырмашылығы қалыптасқан канондық дәстүрді берік сақтауынан байқалады. Ол он төрт жолдан тұрады. Гүлтәжі (сонет шоғы) бөлек-бөлек он бес сонетті қамтиды. Ондағы әр сонеттің соңғы жолы келесісінің бастауы болып, ал «магистрал» деп аталатын он бесінші шумақ (тұтас өлең) он төрт шумақтың алғашқы жолдарынан құралады.
Он төрт жолдан тұратын дәреже-деңгейі жоғары бұл өлең түріне екінің бірі бара алмауы себебі – қалыптасқан дәстүрлі форма пішінін берік сақтай отырып, өлеңнің ішкі мазмұнының идеялық-көркемдік жағын да үйлесіммен тең ұстау керекті, шектеулі үдеден шығу қиындығында жатса керек.
Сонет – қазақ поэзиясынан да қағажу көрмей, биік төрінен еркін орын алуда. Оған қазақ ақындары Қ.Аманжолов, Қ.Бекхожин, Х.Ергалиев, Е.Әукебаев, К.Салықов, Иранғайып өлеңдерін мысалға алсақ та жеткілікті.
Десек те, әділін айту керек, төл өлең өлкемізде сонетке алғаш қалам тартып, соны түрен салған тарлан талант Қасым Аманжолов екенін мойындаған абзал. Бұл жерде Қасымдай кемел ақынды өлеңнің сыртқы қалыбын бір сәт назарынан шығармаған құдіретті Абайдың шәкірті дерсің. Сонау отызыншы жылдарда-ақ жазылған өлеңін «Сонет» деп айдар тағып атауы бекерден-бекер емес. Бұл сонет қазақ поэзиясына «мен жаңалық әкелдім!» деп сүйінші сұрай кірген кереметтей ақынның дарын қуатын көрсетеді:
Түн ортасы ауғанда көше жым-жырт,
Жұпар жаңбыр себелеп ойнайды бұлт.
Таң асырған тұлпардай тұр тыпыршып,
Қақпа алдында қалшиып жалғыз жігіт.
Жүрек лүп-лүп соғады, ұйқы сергек,
Көкірегін кей кезде ыза кернеп.
„Әлде басқа жігітпен кетті ме екен?
Неге алдады япырау түнде кел деп».
Ақынның халық өлеңінің элементтері, образды жүйесі бар (“таң асырған тұлпардай») жылы әзілге құрылған бұл сонеті ғаламат дарынын бір ойнатқандағы туған дүниесі. Қ. Аманжолов бұл өлеңінде сыртқы формаға ғана көңіл қойғаны аңдалады.
Бір анығы ақынның ақындық болмысын танытатын көп қырлылық, ең әуелі оның поэтикалық арсеналының байлығын білдірсе, оған үлкен ізденістің, шығармашылық өсудің, таным өрісінің кеңеюінің нәтижесінде ғана жетуге болады. Ғажабы сол, Қасым Ботановтың да дарын қуатымен ерекшелігі мол, еуропалықтарға тән өлең түрі поэтикалық қалыбы бөлек қазақтың қолтума қара өлеңіне оп-оңай айналып, келісті үйлесімін табады. Тар аяда ақын айтам деген ойын емін-еркін жеткізеді. Бұл – сөз шеберінің ақындық диапозоны мейлінше кең екендігінің дәлелі.

СОНЕТТЕР ГҮЛТӘЖІ
БҰРЖЫ ТАҢБАЛАРЫ
(«Мәңгі қазақ  календарын» ашқан Сайлыбай Бекболатовқа)

1. Кіріспе

Мейірімді  Алла  атымен  бастадым!!!
Тәуекелге  мініп —  ескі  қайыққа,
Көкжиекті  адам  болып  аттадым,
Адам  болып  еніп  барам  ғайыпқа.

Жарықтың  да  жолы  түспес  түнекке,
Телміремін  жанарымды  талдырып.
Жаратушым,
жұдырықтай  жүрекке,
Сыйғызыпты  адамзаттың  тағдырын.

Менің  бейне,  болмысымды  мүсіндеп,
Аят  оқып,
аян  беріп  түсімде,
Жүрегімді  нұрландырған  жұлдызым,

Құдіретінің  құзырына  қаратқан,
Жарылыстан*  бар  ғаламды  жаратқан,
Жаппар  ием  болам  сенің  құлдығың.
***
*Жиһан  алғашқы  жарылыстан /дүмпуден/  жаралған  дейді  ғалымдар.

2 Балықтар  
(12 наурыз  — 18  апрель)

Жаппар  ием  болам  сенің  құлдығың,
Жан  бітіріп  жасушаны  шайқаған.
Кезіп  кеткен  мұхиттардың  құрдымын,
Тірлік  басы  балықтар  деп  айта  алам.

Пайыз  таппас,  әлде  неге  әбігер,
Сәттері  көп  аярларға  алданған.
Кек  сақтамас,
кешірімшіл  бәріне,
Келгендейін  «жанамалы  жалғаннан».*

Кемелденген  сезімі  мен  түйсігі,
Өкпелесе,
шыбын  жаны  түршігіп,
Қапаланып  қалуы  да  қас  қағым.

Кезбелерді,
күтсе  де  сан  сергелдең,
Ультра  күлгін  сәулесімен  дем  берген,
Жұлдыздармен  бәдізденіп  аспаным.

*нана  бөлшектер  бір  мезетте,  бірнеше  жалғанда  өмір  сүреді, 
біздің  екінші  болмысымыз  /рухымыз/  сонда  деседі  көріпкелдер.

3. Тоқты – Хамал*
(18 сәуір – 14 мамыр)

Жұлдыздармен  бәдізденіп  аспаным,
Құлпырады  алтын  жүні  тоқтының,
Махаббат  пен  ғадауаттан  басталып,
Бұл  сапарда  тоқтыларға  жоқ  тыным.

Жаңалыққа  жаны  құмар  және  де,
Қошқар  осы,
отызда  орда  бұзатын.
Айлық  жерден  аты  шыққан  пәлеге,
Іздеп  барып  соқтығатын  бұзақы.

Мақсатына  Хамал  сызып  төте  жол,
Тағдырымен  тайталасып  өтеді  ол,
Көктей  басып  кеңістіктің  құрдымын.

Бұл  фәниде  бұлар  аспас  жоқ  бөгет,
Тағдырына  тура  қарап  бетпе-бет,
Бал  ашады  таңбалары  бұржының.

        4.Торпақ /Үді/ – Сәуір. 
         /14 мамыр – 21 маусым/

Бал  ашады  таңбалары  бұржының.
Үді-Торпақ  таңсық  көрер  бұндайды.
Бар  міндетін  өгіз  күшпен  тындырып,
Бағаланбас  іске  мойын  бұрмайды.

Қуаты  мол,
махаббатқа  тұрақты,
Тіршілікте  жүреді  елмен  силасып.
«Қызылменен  құтыртпаңдар»  бірақта,
Бұқалығы  кетер  бәрін  қиратып.

Өнерсүйгіш,
Икемі  жоқ  айлаға,
Қабілетін  асырмайды   пайдаға,
Жұрт  алдында  көрген  емес  бұлданып.

Қулығыңа,
сұмдығыңа  көнбейді,
Қиялына  бірақ  маза  бермейді,
Көңіл  жетпес  кеңістікте  нұр  жанып.

     5.Егіздер /Ерентүз/ – Зауза  
       /21маусым – 20 шілде/

Көңіл  жетпес  кеңістікте  нұр  жанып,
Сан  сауалдың  сәті  түсіп  тұрғанда,
Тапқырлығы  ағаттыққа  шырмалып,
Жетістігі  шалынады  құрбанға.

Өткір  ойлы,
тіл  табысқыш,
жанжақты,
Ойлап  пішіп  отырады  дұрысын.
Тек  жеңілтек,
мінезі  бар  қаңбақтың,
Тиянақты  тындырмайды  бір  ісін.

Тыйанақсыз  тіршілікке  тез  көніп,
Мінезі  де  тұрады  кіл  өзгеріп,
Күрмеуіне  келмей  кейде  қысқа  жіп.

Байсалдыққа  жеткізгенше  тәрбие,
Желеп  жебеп  әулие  мен  әнбие,
Бағдарлайды  болашақтың  тұспалын.

     6.Сушаян /Құшық/ – Рак 
         /20шілде – 11 тамыз/

Бағдарлайды  болашақтың  тұспалын,
Көрсе  қызар  бикештерше  қызығып,
Құшықтардың*  шегінетін  тұстары,
Тәулігіне  тұрады  төрт  құбылып.

Тым  ұялшақ,
сүйкімді  һәм  сымбатты,
Отбасының  кемелдігін  силайды.
Әзілді  де  көтермейді  тым  қатты,
Жақындардың  сынағаны  қинайды.

Күдікшіл-ақ,
өзіне  де  сенбейді,
Бірақ  қайсар,  қолдан  намыс  бермейді,
Сезеді  алда  Ұлы  жеңіс  тұрғанын.

Биігіне  көтерсе  де  ел  мейлі,
Алақанға  бақытты  сап  бермейді
Қай  жұлдыздың  қамқорында  туғаның.

*шаянды  қайталамай,  ракты  Құшық  деп  атаған  жөн  болар.

              7.Арыстан –Әсет
          /11шілде – 17 қыркүйек/

Қай  жұлдыздың  қамқорында  туғаның,
Сол  кеседі  тағырыңның  тұсауын.
Арыстанға  бұйыртыпты  мырза – күн,
Еркелік  пен  махаббатың  құшағын.

Қайрат  берген,
парасат  та,
жігер  де,
Айбат  берген  сипатпайтын  жалынан.
Өзін  өзі  ұстасын  деп  шідерлеп,
Азын  аулақ  менмендік  те  дарыған.

Ұлық  болса  кішілікке  көне  алмай,
Кісілікте  өзін  өзі  жеңе  алмай,
Сезбей  қалар  ұтылғанын,  ұтқанын.

Астамдықты  тежей  біліп,  егер  сен
Ата  жұрттың  алғысына  бөленсең,
Тағдырыңа  тигізеді  ықпалын.

              8.Бикеш /Сүмбіле/,
        /17  қыркүйек – 31 қазан/

Тағдырыңа  тигізеді  ықпалын
Бикеш  қана!
Бірақ  мына  халыққа,
Қатын – билік  ұнамайды,
ұққаным,
Жарытпайды  әділдігін  танып  та.

Жұмыстағы  тәртібі  де  темірдей,
Қимылыңды  сезіп  тұрар  қиырдан.
Соқыр  сезім-махаббатқа  берілмей,
Бикештерге  бастық  болу  бұйырған.

Сене  тұрып,  махаббаттың  барына,
Ене  тұрып  құшағыңның  бағына,
Сүйетінін  жасырады  қырсығып.

Тәтті  жалап  сезімнің  бал  тілінен,
Ғашық  жұлдыз  дөңбекшиді  түнімен,
Түпсіз  ғалам  тамылжытып  тылсымын.

          9.Таразы /Мизам/ -Өлкі
            /31 қазан – 22 қараша/

Түпсіз  ғалам  тамылжытып  тылсымын,
Ғайыпан  бір  самала  саз  құйылып,
Аспан  асты  ынтымаққа  ұмтылып,
Таразының  тең  түседі  иығы.

Сұлулықты  құдай  тұтып,
қысылмай,
Бірге  туып,
біте  қайнап  өнермен,
Өмірді  де  өнер  туындысындай,
Эрмитаждан  іздейтұғын  өлермен.

Жеті  муза  әлемінде  жүргесін,
Табиғаттан  таба  қалса  үйлесім,
Қиыстырып  келтіреді  қисынын.

Экспонаты  секілді  бір  көрменің,
Әдіптетіп  әсемдіктің  өрнегін,
Сәуегейге  сыбырлайды  түн  сырын.

          10.Сарышаян /Ақырап/
         /22қараша – 30 қараша/

Сәуегейге   сыбырлайды  түн  сырын,
Тек  шаяндар  тағдырына  бағынбай,
Қасарыспай  таңы  атпайды,
күн  шығып,
Жан  мен  тәннің  үйлесімі  табылмай.

Жаратылған  осыншама  күрделі,
Кейде  пері,
кейде  аппақ  періште.
Жан  берсе  де  жеңіп  алар  жүлдені,
Махаббатта  ес  білмейтін  желікпе.

Ақша  табар  айла  амалын  асырып,
Құпиясын  қап  түбіне  жасырып,
Қулығы  төрт  құбыланы  тең  басқан.

Қаймықпайтын  жау  шапса  да  анталап,
Өз  өлімін  жүреді  өзі  арқалап*,
Кешіп  өтіп кеңістікті  сел  жапқан.

*Шаяндар  қауіп  төнгенде  өзін  өзі  шағып  өлтіреді.

11. Жыланды 

/30 қараша – 18 желтоқсан/

Кешіп  өтіп  кеңістікті  сел  жапқан,
Шаяннан  соң  жолығады  Жыланды*.
Жібімейтін  жүрегінде  шер – батпан,
Мойындамас  құдайың  мен  құранды.

Алғаш  ашқан  Анамыздың  түйсігін,
Қияметті  жер  түбінен  сезетін,
Аңыз  қылып  айтады  жұрт  сүйсініп,
Құтқарғанын  пайғамбардың  кемесін.

Тапқан  осы  сан  жұмбақтың  шешімін,
Атамызға  ашқан  фәни  есігін,
Қысылғанда  керек  жерден  табылып.

Оқытады,
азғырады,
арбайды,
Данышпанның  даналығын  жалғайцды,
Сана  жетпес  заңдылыққа  бағынып.

*Бұржы  таңбаларына  енбей  қалған,
   элипсойд  жолында  кездесетін   шоқжұлдыз

12. Мерген /Қауыс/
         /18 желтоқсан – 19 қаңтар/

Сана  жетпес  заңдылыққа  бағынып,
Сүйсінісіп-ақ  тұратындай  ел  ішкі.
Сый, құрмет,
атақ, ырыс,
қазылық,
Үйіп  төгіп  мергендерге  беріпті.

Бәрін  көріп,
ашпақ  болып  жаңалық,
Сөз  бен  ісін  шығаратын  бір  жерден.
Жеті  жұртта  жатса  дағы  тоналып,
Нысанадан  жаңылмайтын  Сұрмерген.

Қастерлеумен  қасиетті  сезімін,
Жүз  алданса  жоғалтпаған  сенімін,
Көрмеген  еш  жақсылықтан  жаңылып.

Сан  сүрініп,
қиындықпен  күресіп,
Келеді  олар  ел  көшіне  ілесіп,
Жаратқанның  жасыл  нұрын  жамылып.

             13.Ешкімүйіз /Ұғылақ/
              /19 қаңтар – 16 ақпан/

Жаратқанның  жасыл  нұрын  жамылып
Құбылмалы  тағдырымен  санасқан.
Әр  қадамын  аңдап  басқан  тағылық,
Шыңды  кезген  тауешкіге  жарасқан.

Жанарының  түнегі  бір  ашылмай,
Қабақ  шытып,
қынжылып-ақ  жүріп  те,
Еңбегінің  берекесін  қашырмай,
Өрмелейді  өзі  шығар  биікке.

Сауға  сұрап  ешкімге  бас  имейді,
Жағынуды,
табынуды  білмейді,
Тек  жақсылық  күтеді  олар  ел  жақтан.

Махаббаты  салқын,
темір – төзімдей
Болашақты  бағдарлаудан  көз  ілмей,
Төбемізден  телміреді  зерлі  аспан.

             14.Суқұйғыш /Дәлу/ 
         /16  ақпан – 12  наурыз/

Төбемізден  телміреді  зерлі  аспан
Зерделіге  сәуле  құйып  шырағы.
Арасынан  пенделердің  жер  басқан,
Жүзден  жүйрік,
мыңнан  тұлпар  шығады.

Атой  салып,
ат  ойнатып,
ту  алып,
Халық  үшін  қарсы  жүзер  тасқынға.
Дархан  пейіл,  дарындылар  туады,
Суқұйғыштың  жұлдызының  астында.

Еншісіне  еңбек  қана  бұйырып,
Ел  жүгінен  жауыр  болып  иығы,
Бар  жазуын  сарқып  лаһул  тақтаның,

Хақ  жолына  тіреледі  түбінде…
Бар  ғаламды  сыйғызған  бір  түйірге,
Мейірімді  Алла  атымен  бастадым!!!

15. Кілт

Мейірімді  Алла  атымен  бастадым!!!
Жаппар  ием  болам  сенің  құлдығың.
Жұлдыздармен  бәдізденіп  аспаным,
Бал  ашады  таңбалары  бұржының.

Көңіл  жетпес  кеңістікте  нұр  жанып,
Болашақтың  бағдарлайды  тұспалын.
Қай  жұлдыздың  қамқорында  туғаның
Тағдырыңа  тигізеді  ықпалын

Түпсіз  ғалам   тамылжытып  тылсымын,
Сәуегейге  сыбырлайды  түн  сырын,
Кешіп  өтіп  кеңістікті  сел  жапқан.

Сана  жетпес  заңдылыққа  бағынып,
Жаратқанның  жасыл  нұрын  жамылып,
Төбемізден  телміреді  зерлі  аспан.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика