СОҒЫС ОТЫ ШАРПЫҒАН АҚЫН!

2 Мамыр 2018

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жыр тұлпары Сырбай Мәуленовтің портретін осы образда жазып шықтым. Өйткені, өз ғұмырында қырықтан астам жыр кітаптарын шығарған ақын «Апрель жаңбыры», Жапырақтар жанады», және т.б. жинақтарында алапат соғыстың зардаптарын ерекше ақындық үнмен жүректерге жеткізе білген үлкен ақын.
«…Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бір қолымды бердім» деп айтқан да осы Сырағаң еді.
С.Мәуленов Ленинград маңындағы Волхов майданындағы үлкен шайқастарға қатысып, нағыз оттың ортасында жүрген, соның жалыны шарпыған ақын:
«Жауыр болды жауырын,
Зеңбірекке жегіліп,
Астында оқ дауылдың,
Тірідей біз көмілдік.
Жер де, су да, аспан да,
Көрінбейді жер түбі,
Соқты бізді тастанға,
Ауаның отты толқыны…» деп суреттейді шайқастардың ауыр халін.

Соғыс тақырыбына лирика жазу қиын шаруа. Бірақ, С.Мәуленов зеңбірек оқтары бүркіп, от боп жанып жатқан жерден өмірге талпынған құлынның дауысын шығарады. «Құлын» деп аталған жырында зеңбірекке жегілетін биенің құлындап жатқан сәтін суреттеген мынадай жолдар бар еді:
«…Шашыраған көк жалын, бүркіп темір,
Орманның іші үрейлі,
Ал, орманның ортасында
Шіркін өмір,
Құлын боп кісінейді» деген суретті соғыс лирикасын оқығанда, жаның темір болса да, тітіркеніп кетер еді.
Сырбай Мәуленов қазақ поэзиясына өзгеше дауыспен, жаңа ырғақпен, жаңа формамен келген ақын.
Оның өзіндік тұлғасы, жыр әлеміндегі өзіндік өрнек нақышы оқырмандар жүрегінде мәңгі сақталмақ.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, журналис жазушы, суретші
Суретте «Соғыстың оты шарпыған Ақын» атты картинада жыр тұлпары, ақын Сырбай Мәуленовтің портреті берілген.
Портреттің авторы – суретші Жұмат ӘНЕСҰЛЫ


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика