Софы СМАТАЕВ. Серiнiң сертке тартқан семсерi едi

13 Қыркүйек 2016

Қасым АманжоловАт-атақсыз-ақ Абай деген, Мағжан деген ұғым халыққа қандай қасиеттi, қадiрлi болса, Қасым да – ұлт жүрегiнiң бұрын да, бүгiн де дәл сондай ықыласы мен құрметiне бөленген аяулы ұланы. Ол сол даласындай данышпан Абайдың, мөлдiр Мағжанның жалғасы. Өйткенi Шыңғыстаудағы Абай қалыптастырған мәдени орта, әдеби рухани тiрлiк Сарыарқаны кең жайлап кетiп, сұлу Көкше маңындағы Мағжанға мол дарыса, сол қос алыптың поэзиядағы жасампаздығы қасиеттi Қарқаралының Қасымына кәусар боп құйылған.

Қасымның кезiнде:
Неге мұнша, сорлы жүрек, соғасың?
Неге күйiп, неге мұздап тоңасың?
Арпалысып тыныш жатпай ұяңда,
Неге мұнша мазасыз сен боласың?
… Сабыр етшi, қолға қалам алайын,
Толғанайын, ой құдығын қазайын.
Тау суындай сөз шығарыпкеудеден,
Сырыңды мен жырға тiзiп жазайын, –
деп, өз жүрегiне тiл қатуы тегiн бе? Тегiн емес. Ұясында, кеуде-бесiгiнде тыныш жатпайтын, тыныш жата алмайтын мазасыз жүректi ақын ой құдығын қазбаса ақын болар ма едi?! Ендеше, махаббат лирикасына сүйенiп, Абайды – байшыл, Мағжанды – түркшiл, Сәкендi – жапон тыңшысы деген тұрпайы социологиялық сынның нөсерiнiң арасынан сытылып шығып, сол қоғамның шыны мен сырын “кеудеден тау суындай ақтарып жазу”– Қасымның ғана қолынан келген ерлiк. Сондықтан да сыр-сандыққа сыналап енгiзген жүрек құпиясы – сол қањарлы њәм үрейлi 1930 жылдардың бiзге жеткен ақындық, азаматтық аманаты.
Сандығым – тән азығы, жан азығы,
Сандығым – қуат, жiгер, қан азығы.
Сүйдiрген өз заманын, өз қоғамын,
Сандығым – сана-сезiм, ар азығы.
Сандығым – жас жүрегiм, тiлiм кiлтi,
Сұлулап сырдан құйған iшi-сырты.
Сақталған көкiрегiмде сыр-сандығым
“Сенiкi”, “менiкi” емес, көптiң мүлкi.
Жүрекжарды сөзi! Қасым жыры – елiнiң қазынасы. Халқының жауњары. “Ұлы тарих мұрасында сақталып”, “қара жердiң жырасында қалған” ақынның бұл өмiрде ғана емес, қазақ халқы тауарихтан өшпей, көшпей тұратын бар-бар заманда мәңгiлiк сақталатын асыл дүниесi. Рухани шежiресi.
Iшiм пысты. Жалықтым.
Жүре алман ендi аяңдап.
Кенде қаппын. Жаңа ұқтым,
Не болса соған аялдап.
…Жүргенiмде тиiстi
Сыбағамнан құр қаппын.
Егде тартып, сүйiнiштi
Жас шағымды ұрлаттым…
Шырқыраған шындығы осы. Қанша сүйкiмдi де ыңғайлы тақырып болса да, махаббат лирикасы азамат Қасымның асқақ ойына тарлық ете бастаған едi. Екi бүйiрi қысылса да өз үнiмен, өз даусымен аянбай айтқысы-ақ бар. Ауыздық тiстесе де, азуды шақыр-шұқыр егеп тұрып, буындырған көмейден өз ойын, өз түйсiгiн асқақ сөзбен төккiсi-ақ бар. Содан кейiн-ақ нартәуекелге басып, махаббат күйiнiшiнен де ауыр күй барын ерте сезген Қасымның ендiгi өршiл рухты поэзиясы өзгеше нұрға, серпiндi қуатқа ие бола бастайды. Сүйiспеншiлiкке елiткен бозбала емес, зұлымдыққа, зәлiмдiкке қарсы бой көтерген асау да арынды жырдың тоғанын ағытқан қайсар ақын көш бастай жөнелген. Сол-ақ екен қызу қанды Сәкенiнен, жыр селiндей Iлиясынан, нәзiк сезiмдi Бейiмбетiнен айырылған қазақ поэзиясының ендiгi кезеңi – Қасым кезеңi басталады. “Квартбюро тiзiмi” өмiр сыйы емес екенiн ұғынған сайын ақын өзiн-өзi қамшылаудан жаңылмайды. Дарынсыздардың даңғырауық дабылынан қанша безiнсе де, шуылдақтардың өсегi мен кесегiнен құтылған да жоқ. Бiрақ оған да қасарыса қарап, қасқия бiлген Қасым ақындық кеңiстiктiң түпсiз тұңғиығына шарлады да кеттi. Жалғыз шарықтап кеттi.
Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бiр қарашы.
Танисың ба сен менi?
Мен – қазақтың баласы!
… Екi аяқты аң патша
Көп батырды шеңгелiн.
Сар далада сарғайдым,
Қасiретпен шөлдедiм.
Мына қара көзiмнен
Сансыз дария жас ақты.
Өз етiмдi өзiме
Кесiп алып асатты.
 …“Тағы” емеспiн, тағы айтам,
Адаммын-ды бұрыннан.
Адаммын деп жылағам,
Адаммын деп қырылғам.
Ақын – әманда жалғыз. Оның жалғыздығы ғарышпен шеңберлес. Сондықтан да бүкiлғаламдық өксiк те, бүкiл планеталық күрсiнiс те ақын жүрегiнiң бүлкiлiмен тыныстайды. Өйткенi шынайы ақындық дарын бүкiл адамзаттық күйiнiштiң телегейiнде тұншығады да, сол бүкiл адамзаттық арманның қатты серпiген қанатының лебiмен жан шақырады. Ақынның жалғыздығы – бақытсыздығы да. Ақынның жалғыздығы – ғарыштан ғана даралап жеткен құдiреттiлiгi де.
Мүмкiн, Жаратушы Болмыс тек қана шерлiлер мен шерменделердi аялайтын, ардақтайтын болар. Шерлiнiң арманы, шерменденiң үмiтi – болашақтың бұлжымас тiрегi десек, бақытты данышпанды, төрт құбыласы түгелденген генийдi көргендерiңiз бар ма? Жел өтiндегi сарғайған жалғыз жапырақтай дiрiлдеген өз тiршiлiгiнде ғұмырына риза боп, рахат күй кешкен бiр де бiр данышпанның болғанына өз басым куәлiк бере алмаймын. Бағыт-бағдарсыз ұшатын Бақыт атты басыр құстың көбiне-көп “ортақ өгiзден оңаша бұзауын” артық көретiн, өз тiрлiгiн ғана күйттейтiн орташа пенделердiң ғана басына қонатыны қалай? Осыны әдiлет деуге әддiң жете ме? Бiрақ байырғы, бүгiнгi њәм ертеңгi жалған дүние – замананың үрдiсi осылай ауыспай, бұлжымай жалғаса берер болса, солай демеске амал нешiк.
Сондықтан да жалғыздықты құдiреттiлiгiмен қоса маңдайына еншiлеп алған Қасым ақын өзiнiкiнен де бұрын өзгенiң, ең алдымен өз қоғамының сан түрлi сауалына жауап iздегiш елжiреуiк жанын оймен улап, алай-түлей күйге түседi.
… Жел жынданып,ызыңдайды, еседi,
Сұм жалғанның суылдайды өсегi.
Бiрақ оған мойымайды жас ұлан,
Албырт болып, ақын болып өседi.
Ақын ұлан өмiр сырын тередi,
Қырағы көз көрмегендi көредi.
Сезгiш жүрек, асқақ ақыл,алғыр ой,
Қайтпас қажыр ақынға күш бередi.
Ақын ұлан арыстандай айбатпен,
Ар, намыстың майданына ередi.
Замана желi ғана жынданбаған, елi де жынданған. Суылдаған өсек ызыңдап қана еспеген, ызғарлы сесiмен жеткен. Отыз жетiншi жылдың қап-қара “воронка”-машинасымен жеткен. Кеудедегi әндi ұрлап, көкiрекке зәр мен зар құйған. Жүйрiк жүректi үреймен тұсаған,терең жанды оймен улаған, асқақ арманды күдiкпен ауыздықтаған. Жабайы жұртқа ұғымсыз, жат мiнездi тiрлiктен жерiнген Қасым тынымсыз оймен шырмалса да, өзiне ғана тән адуын қайсарлықпен бас шұлғығыш тобанаяқ тобырға арнап пiшкен топыршықтай қалыпқа сыймай, көк төсiне тiк самғар қырандай шалқар кеңiстiкке ұмтылған. Албырт ақын бұрын сұлулыққа табынып, сұлулықты жырласа, ендi мынау “өсегi суылдаған сұм жалғанның” көңiл жұмбағынан гөрi өмiр жұмбағы түйiндiрек түсiп жатқан кезде өзгелерден өзгеше күйге ауысады. Қасымды Қасым еткен де, басым еткен де осы өзгешелiгi. Ақындыққа деген адалдығы, әлеумет алдындағы адамзаттық парызына тазалығы.
Жығылам деп жүре алмаймын тәй басып,
Жүгiремiн киiп-жарып, айқасып.
Мүлги берсiн, iлби берсiн қорқақтар
Iш пыстырып, жалт-жалт қарап, жай басып.
Жығылсам да жүгiрумен өтемiн,
Аяңшылдың ақылын мен не етемiн.
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетермiн.
Бұл – отызға да жасы жетпеген нартәуекелшiл тың серпiн тапқан, жаңаша ырғақпен кең тынысты жаңа жырлар туғызып, өзгелерге ерекше ықпал жасаған Қасым. Бұл – өзiндiк бағыты, өзiндiк бетi, өзiндiк ақындық кредосы бар ойшыл, сергек сезiмдi Қасым. Әлсiзге шiренiп қарап, мықтыға шыбындап бас изейтiн iш пыстырар қорқақтардың мимыртынан мезi боп, жығылса да, қызғаншақтар мен қызылкөздер аяқтан шалып жықса да, барар жерiне өзгелерден бiр дәуiрдей бұрын жеткен Қасым. Сол жүйрiк екпiнмен, киiп-жарған дауылдай адуын қимылымен қазақ поэзиясына соны мәдениет әкелген Қасымды да тежеген дүлей күш, бөгеген сұрапыл болған-ды. Ол соғыс едi. Қырқыншы жылдардың қырғын зiлзаласы едi. “Өмiр деген бiр өзен ғой. Адам сол бiр өмiр өзенiнде домалап бара жатқан тас секiлдi. Толқын қақпақылынан жағаға жеткенше күндер өте бередi. Сұрапыл соғыс жазатын жақсы жылдарымды алып кеттi. Ендi бiр сiлкiнiп алмаса болмас!” деп Қасымды өкiнткен замана қырсығы едi ол.
Iшiмде жанартаудай жатыр жырым,
Ұшқындап, iште қайнап сұрапылым.
Көрерсiз соның бұрқап атылғанын
Жаңғыртып жан түкпiрiн, ойдың шыңын.
Өлеңнiң қаптатармын отты селiн
Толассыз топанындай ертегiнiң, –
деп халқына серт берген ақын жан түкпiрiнен жаңғырып, жанартау боп атылған жырларын майдан даласынан топан судай тоғытқанына “Қоштасу”, “Қанқұйлы жау”, “Ғабдолға”, “Ғалиға жауап”, “Ертiс”, “Орал”, “Сарыарқа” сияқты әлденеше өлеңдерi куә.
Сарыарқа сағындырған атамекен,
Сардала – анам едiң құшағың кең,
Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтiп
Артта – Сен, алда – майдан
Қайтсем екен?
Туған өлке, ыстық ұя, кiндiкжұрт артта қалып барады. Алда – майдан. Өмiр мен өлiм арпалысы. Көңiл мұңы қайсар ақынды елжiретпей қойсын ба. Ал дәл осы жолдарды қырқыншы, елуiншi жылдары Қасымға кiнә ғып тағып, “ұлтшылдықтың анық шыңы, ұлы орыс жерiнен өз қыстауын бөлiп алып, бөлектеп жырлады” деп солақай сыншылар Қасымның соңына шырақ алып түскен едi. Ал бiрақ сол Қасымның:
Қош болшы ендi, Оралым,
Мен үшiн сен күл, сайранда.
Айтпақшы, қайда бораның
Кетейiн алып майданға –
дейтiн өлеңiндегi өзегiн өртеп шыққан қайсарлығын, өксiгi болса да өкiнiшi жоқ өжеттiгiн, өзiн де, өзгенi де кекке қайраған терең әлеуметтiк сырын көргiсi де келмеген ғой, сол әркiмге бiр шала байлағыш “көрегендер”.
Қасым рухы қанша жоғары болса, тағдыры сондай қиын да күрделi болған-ды. Жалынды жырдың Пайғамбарын күйкi тiрлiктiң нашар тұрмысы, ауыр кеселi, күншiлдiктiң дертiне душар болған шәуiлдегiш “қырағы” сыншылар мен бес минуттық “достардың” балтырдан қабуы – еркiн лептi сыршыл поэзиясы әр қазақтың серiгiне айналған Қасымды тағы да өгей жалғыздықтың қазығына қаңтарып қойған едi. Тiршiлiкте тiзе бүгiп көрмеген тәкаппар ақын ешкiмге көз де сатпай, ешкiмге қол да жаймай, өзегiн өртеген өз сырын өлеңiне ғана ашып отырған.
Мен не жаздым, шығармастай үнiмдi,
Әлде маған қырқ дей ме екен тiлiмдi,
Әлде менiң жүрегiме су құйып –
Өшiрмек пе оттай жанған көңлiмдi.
Әлде менi өмiрге жат көре ме,
“Iрткi салар өмiрге” деп сене ме,
Әлде менiң күш-қайратым харам ба,
Ақыл, ойым, тiлiм зиян бере ме? –
деп, көсемдiгiн көре алмайтын iшi тарлар мен тәкаппар басын имейтiн өркөкiрек ақынды мұқатып, жүндеп, жуасытып алуға жанталаса шүйлiгетiн беделдiлер мен билiктiлердiң тәйтiк қылықтарына ашынса да, арқасын жарға тiрегендей, жәрдем мен қуатты көптен, халқынан ғана күтедi Қасым.
Жоқ! Ол болмас!
Мүмкiн емес болмағы!
Көп тұрғанда аздың батпас салмағы!
Мен – көптiкi. Көп те менi өзiнiң
Қолтығына айдан анық алмағы!
Мүмкiн емес аздың тиiп қолдары,
Мезгiл жетпей қызыл гүлдiң солмағы!
Мүмкiн емес көкте жүрген бүркiттiң
Қара құсқа ойдағы жем болмағы.
Әрине, көңлiнен табылған көбi ол кезде де, бар кезде де дәрменсiз едi. Бүкiл кеңес халқын бiр шыбықпен айдайтын Сталинның тұсында көптiң тiлi күрмелiп, қолы шырмалып, iзi аңдылып тұрғанда алып Қасымды ауру Қасымға, аш-жалаңаш Қасымға айналдыру поэзияның иiсi мұрнына да бармайтын тiзгiн ұстағандарға тiптi де оңай едi. Оңаша ойдың тұңғиығына батқан Қасым:
Бiреуге достық жасасам,
Қастық боп қайтар өзiме.
Жүрегiмдi ұқпай, етед шам,
Еркiндеу айтқан сөзiме.
…Ұғынар дедiм достықты,
Болған соң адам баласы,
Осы бiр ойым бос шықты,
Жанымда қалды жарасы –
деп базбiреулерден түңiлсе, өмiрден, келешектен түңiлмейдi. Бәрiбiр сол үндемес, бiрақ жанын, жайын ұғар халқына, қазағына сенедi.
Әлi ұзақ өмiрiмнiң жазы барда.
Сенемiн тесiк өкпем жазылар да,
Кей пасық күрек ұстап асыққанмен
Қабiрiм өлмей жатып қазылар ма?!
“Қасымның өлсе барман өлiгiне”
Дегеннiң түссiн күйiк желiгiне.
Ол сорлы тамырына түк шықпаған
Сұқтанар менiң бiтiк егiнiме.
Қасымның елуiншi жылдардың басында-ақ жыр егiнi өте бiтiк едi. Сол бiтiк егiндi көре алмай, асқақ рухты адал ақынды жапатармағай жанталаса кiнәлап, қаралап, қара бояуын қара атан көтере алмастай ғып газет, журнал беттерiне үйiп-төккен қарау замандастары қаншама едi. Бұл – әрине, Пушкиннiң “Ақын мен тобырынан” да тамыры тереңде жатқан әлеуметтiк құбылыс едi. Дарынсыздардың дарылдақ келетiн әдетiмен шуылдақ тобыр ендi саясат дейтiн сайқалдың етегiне жармасқан-ды. “Социалистiк тұрмысымызды, гүлденген дәуренiмiздi құбыжық етiп көрсеттi. Ұлтшылдықтың туын көтердi” дейтiн кiнә-жалаларымен Қасымның еркiн тұсап, аузына құлып салуға тырысты. Ақындықтың шынайы лебiзiн сұмдықтың салқыны деп байбалам салған тұстастары талғампаз ақынды бiразға дейiн тiлiн тiстетiп, көмейiн тығындап, жiгерiн жасытып, жүрегiн жүдетiп қойған да едi. Ол – кейiннен әмiршiл-әкiмшiл жүйе аталған заманның қысастығы едi. Ол – озық тұлғаның ойшылдығын кешiрмейтiн аярлық пен зұлымдықтың мекерлiгi едi. Ол – қоғамдық болмысты өз қалпында, өз бейнесiнде боямасыз көрсетуге талпынған шынайы суреткердi бұғаулап тастаған тоталитарлық жүйенiң өктемдiгi едi. Бiрақ тәнi ауырса да, мойымаған, өкпесiн дерт тессе де, езiлмеген қайсар ақын балағына жармасып, ит пен биттей өршеленген ергежейлiлерге:
Жазғанымды жамандап,
Сен төккенмен жыныңды.
Мен жатқам жоқ алаңдап,
Ұрдым сенiң сыныңды.
Ауырсам да қажыман,
Құйған қайрат-жiгермен
Сорың үшiн жазылам,
Ауызыңды бүрермiн, –
деп, болашағынан еш күдер үзбейдi. Сол күдер үзбеген қайсар рух 1955 жылдың 18 қаңтарында қазақ поэзиясының көгiнен ағып түседi.
Қасым. Сол Қасым. Отызыншы, елуiншi жылдардың қиын-қыспағында зобалаң көрген Қасым. Баспана ала алмай, баспалардан қолдау таба алмай, бастық пен басқалардан жәрдем, көмек көре алмай көңiлi құлазып, қағажуды көп көрген Қасым. Iстейiн десе жұмыс таба алмай, не кiтаптарын дұрыстап шығара алмай зығырданы қайнап, ауыр тұрмыстың тауқыметiнен айықпас кеселге душар боп, өкпесi тесiлiп, өзегi талып, аштықтан көз жұмған қайран да есiл Қасым.
Бәрiнен де бұрын iште буырқанған жанартаудай бұлқынып жатқан қазынасын толық бере алмай, аузы буылып, қолы байланып, еркi тұсалып, тәуелдiлiк торында бұғауланған Қасым. Егерде ол тағы бiр бес-он жылдай өмiрiн ұзартып… “жылымық” дейтiн жылбысқылау кезеңге жетсе… онда бүгiнгi кейбiр “пайғамбарлардың” қай жерде жүрерiн көрсетер де едi-ау!..
Өкiнесiң. Өкiнесiң де, “Қой! Саусақпен ғана санарлық құдiреттi дарындарымызды бiрiне-бiрiн қарсы қоймайықшы!” дейтiн тәубеге ұйисың.
Бәрiбiр өкiнiш өзегiңдi өртейдi. Қасым… Баяғы сол Қасым. Көзi тiрiсiнде де, көзi жұмылғаннан кейiн де өзiнiң меншiктi орнына бiр отырып көрмеген Қасым. Күншiлдер мен қызғаншақтар, бастықтар мен бақталастар көзi тiрiсiнде әдебиет ордасының босағасынан ғана сығалатса, көзi жұмылғаннан берi көкжиектен қылтитып қана көрсетiп, көк аспанның қақ төрiндегi тұғырына қондырылмаған Қасым. Қасымның қойны-қонышынан өсiп-өнген ақындарға… әрине iздеушiлерi көп, шырқатушы, шарықтатушы кран, домкраттары мықты ақындарға “ұлы”, “данышпан” деген желбуаз атақтарды үйiп-төгiп берiп, Қасымға тиесi киелi үлестi өзгенiң иығына жаба салғанымызға әдебиет төңiрегiндегiлер де, үкiмет басындағылар да мән бермей емес-ау, көңiл қоймай келе жатқаны ақиқат.
Бiрақ халық көңiлiнде, халқының көгiнде Қасым – дара. Қасым – басым. Қасым – Ақын.
Бәрiбiр Қасым – сол баяғы Қасым. Өзгелерге басынан бақайшағына дейiн құйылған аста-төк құрмет-қадiрдiң (көшенiң аты, сыйлық, мектеп аты… ескерткiш… т.б.) оған әлi күнге дейiн бiрде-бiр нышаны жасалған жоқ. 1950, 2001 жылдары жарық көрген төрт томдықтан кейiн, оқта-текте биттiң қабығындай боп шығатын шағын кiтапшалары болмаса, мол мұрасы бүгiнгi бейтаныс ұрпағына… ұрпақтарына жетер емес. Алпыс жыл бұрын шыққан көптомдығының құрдастарының балалары тұрмақ, мектеп есiгiн ашқан немерелерi бүгiнгi тәуелсiз елiмiзде Қасым есiмiнен мүлде бейхабар. “Мерседес”, “Вольво”, “Тойота” машиналарынан, “Анталья”, “Флорида”, “Майами”, “Лазурь жағалаулары” тәрiздес курорт-санаторилардан, “Нұрбанк”, “Қазкоммерцбанк” сияқты банктерден, “Цесна”, “Мирас”, “Қазақойл” iспеттес концерндерден, бесiктен белi шықпай жатып, қазақы тiл, салт-дәстүрден мүлде мақұрым болса да ағылшынша сайрағаны үшiн ғана өте биiк лауазымды орындарға қонжиып жататын қалталы “жас қазақтардан” басқа өмiрде әдебиет, мәдениет дейтiн рухани әлемнiң бар екенi ұмытыла бастағанын бiр-бiрiмiздi отырып алып кiнәлаумен жиырма жылды жоғалтып та алдық. Ал әдебиет қоғамдық қозғалыстың бүлкiлдеген көмекейi екенi, ал сол әдебиет өкiлдерi өз парызын орындауда Iзгiлiк пен Ақиқаттың ең негiзгi қайраткерлерi екенi ескерiлуден қалып барады. Ал Қасым сияқты рухани әлемiмiздiң алыбының отты жырлары өмiрiмiзге сәуле шашып, мән берiп, көн қайыстай қатқан көңiлдердi жұмсартып, тiршiлiкке нәр құяр зәмзәм суы боларын жадымыздан өшiрiп тастағанбыз.
Ұлы ақынның елу, алпыс, жетпiс, сексен жылдықтары жетiм қыздың тойындай да болып өтпедi. Өксiкпен өкiнген, өкiнiшпен өксiген алаштың наз, наласына кеңестiң керең, кердең бишiкештерi арасынан құлақ асар құлықты жан табылған жоқ. Бiр дәтке қуаты – тоқсан жылдығы ер-азамат Амангелдi Ермегияевтiң арқасында кәдiмгiдей дүбiрлеп-ақ өтiп едi. Ал мынау есiк қағып тұрған жайраң да қайран жүз жылдығының елжiреген елiмен асыл Оғланын қауыштырып кетерiне күмәнiм мол-ау. Алпыс жыл бойы Қарағанды облысын орыс билеп, келiмсек илеп келсе, одан берiдегiсiн шала қазақтар мен бала қазақтар басқарып, кiрмелердi көкке көтерiп, өзектестерiн өңменнен итерiп жүргендерiн көрiп отырып, қалай күйзелмейiн…
 “Сен қандай бақытты едiң, келер ұрпақ !” – деп келешектен кемелдiктi армандап едi-ау көкiрегi сыздаған Қасым. Шынымен-ақ, армандаған бақытты ұрпақтар туып, баяғы сол Қасымын да, сол көмiрлi өңiрдiң басқадай асылын да құрметтейтiн, қадiрлейтiн болса ғой…

Қасым парсы тiлiнде сөйледi

Қазақтың ардақты ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында игi шаралар атқарылып жатыр. Алыстағы Ираннан қуанышты хабар келдi. Қасым Аманжолов жырлары парсы тiлiнде аударылып, Иранда шығатын “Сањња” газетiнде жарық көрдi. Аудармашы – ирандық түрiкмен ақын Абдуррахман Девежи.
Биыл сонымен бiрге Қасым Аманжоловтың жырларын түрiк, әзiрбайжан, башқұрт, түрiкмен, татар ақындары да аударып жатыр

Софы СМАТАЕВ
«Жас алаш» газеті
2011 жыл


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика