Сібір орманында қырылған қазақтар

3 декабря 2018

Сібір орманында қырылған қазақтарСіз бұл оқиғаны естігенсіз бе? Әрине жоқ.
Себебі, бұл оқиға тарихқа кіргізілмеген, кезінде айтуға да қатаң тыйым салынған.
Ендеше, патшалық Ресейдің талай қорлығын бастан кешкен қазақтардың тағы бір трагедияға толы оқиғасына құлақ түріңіз.
Бұл бірер ғасыр бұрын болған оқиға. Сібір орманына (Тайга) орыстардың енді қоныстанып жатқан кезі, бекіністер, қорғаныстар салып дегендей. Маңайдағы толып жатқан қазақ ауылының кісілері кейде шапқыншылық жасап, бекіністерді бұзып енді қоныстанып жатқандарды қырып кетіп отырған. Көшім ханның тұрғындары ғой және кейіннен келгендері бар. Осыдан кейін патшадан казак атамандарына жарлық түседі. Бүкіл Сібірді толып жатқан қазақ ауылдарынан босату керек делінген әлгі жарлықта. Сібір әскерлері отряд-отрядқа бөлініп, әрі ішкі жақтан келіп жатқан орыс отрядтары қосылып, кімдердің қай бағытта қазақтардан тазалайтыны белгіленіп, қағазға түсіріліп нақтыланған. Содан қанды қырғын басталады.
Әрбір отрядқа күніне бірнеше ауылды тұрғындарымен бірге тып-типыл ету тапсырылған. Аяушылық болмасын деп қатаң ескерілген. Ауылдарды қоршауға алу таңертеңгі алакеуімде, сондай-ақ, кешқұрым жұрт орынға отырғанда ағындаған шабуылдар басталған. Үйлер, қыстақтар- бәрі өртелген. Еңкейген шалдан еңбектеген балаға дейін отқа лақтырылған. Еркектер, әйелдер — бәрі атылған,аяусыз шабылған.Тек қыздар мен жас келіншектерді әскерлер бөлісіп алып отырған. Мұнда келген әскерлер әйелсіз, отбасынсыз келгендер. Бірнеше жүздеген ауылдар отқа оранып, күлі ғана қалыпты.
Міне, біз білмейтін тағы бір қасірет осылай баяндалады.
Бұл қанды оқиғаны Челябинскке арнайы тапсырмамен барған Бейсенғазы Ұлықбек деген қазақ журналисіне Троицкінің түбіндегі Дубовка ауылының 86 жастағы тұрғыны Иван Илларионович әңгімелеп берген. Иван атайдың әжесі- қазақ.Яғни, атасы сол оқиға кезінде отряд құрамында болып, қазақ қызын атына салып, өңгеріп алып кеткен.
Енді осы атайдың Бейғазы Ұлықбекке айтқан әңгімесінен үзіндісін тыңдайық:
— Осы қыздан менің әкем туды,мен әкемнің жалғызымын.Мені сол қазақ әйелі- әжем ғой өсірген. Алдына салып, өз тілінде өлең айтып ара-арасында кемсеңдеп жылап отырушы еді. Мен жылама деп көзін сүртетінмін. Ол кезде ештеңе түсінбейтінмін,- деп шал көзіне жас алып, терең күрсінді.- Өстіп,қаншама ауылдарды өртеп, адамдарды қыруға бола ма екен? Ең құрымағанда қазіргі қазақ жеріне айдап, көшіріп жіберсе бір сәрі.
Балам, мен айтқан осы оқиғаны ұмытпа,-деді шал иығымнан қысып.- Осы оқиғаны тыңдаған, естіген сен жалғыз адамсың. Құдайым сені сақтасын! Еліңнің біразы қалай қырылғанын халқың білсін!
— Қалайда жаз!- деді шал маған өтінішпен қарап…

Айбек Мақұлбек
«Қазақстан тарихы/ История Казахстана» парақшасы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика