ШЫНДЫҚҚА ШЫНДЫҚ ЖАҚПАЙДЫ. (Ерболат ҚУАТБЕК)

30 Сәуір 2018

Тарих неге сүйенеді? Дерек, мұрағат, құжат, фото, видео, аудио құжат, естеліктер, хаттар, жазбалар. Бірақ мұның барлығында шындық жазылған ба? Әрине, жоқ. Бұрмаланған деректер мен естеліктер жиі кездеседі. Тарихтың шын аты – саясат. Оларға қажеті – оңтайлы тарих. Жақсы тарих. Өткенде informdetox.com сайты «КСРО-ның бұрмаланған тарихи 7 суреті» атты мақала жариялады. Түпнұсқадан керек емес жерлерін қиып һәм «әктеп» тастаған. Былайша айтқанда, Кеңес Одағы тарихты қолдан жасаған. Таңданатын дүние де емес, негізі. Бұрмаланбаған дерек қалды ма? Осы уақытқа дейін Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевты мойындамай келді. Тек 2007 жылы, арада 62 жыл өткенде ғана Ресейдің Әскери тарих институты Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккенін растады. Барлығы қалай басталып еді?
«Рейхстагқа  алғаш  ту  тіккен  кім?»  атты деректі фильм түсірді орыстар. Шындықтың туын  ұстағандай  кейіп  танытқан  екен. Ресми  дерек бойынша,  алғашқы  болып  ту тіккен  Егоров  пен  Кантария  делініп  келген еді.  Деректі  фильм  мұны  жоққа  шығарып, Григорий  Булатов алғашқы  болып  ту  тіккен деген  тоқтамға  келді.  Бірақ  Рақымжан Қошқарбаевтың есімін айтудан қашқақтады. Жазушы  Жанболат  Баймұрынов  ағам айтпақшы,  орыстың  қай  деректі  фильмін көрсеңіз  де,  барлығын  өздеріне  бұрып әкеледі. Түгелі орыстан шыққан. Бәрі – орыс. Дегенмен  бұл деректі  фильм  арқылы  біраз шындыққа көз жеткіздік.
Орыстар  Рақымжан  Қошқарбаев  пен Григорий  Булатовтың  Рейхстагқа  алғашқы болып  ту  тіккендігі  жайлы  білмеді  емес, білді. Және ызаланды. Сондықтан олардың орнына  біреуді  қою  керек  болған.  Ал  біреу дегеннің  ұлты  грузин  болуы  керек.  Неге грузин?..  Иә,  Сталиннің  ұлты  – грузин.  Ал Егоров пен Кантария аталған талаптарға дәл келген.
Енді  мынаған  қараңыз:  1945  жылдың 3  мамыры  күні  «Войны  Родины»  газеті: «Рейхстагқа  алғашқы  болып  ту  тіккен –  Рақымжан  Қошқарбаев пен  Григорий Булатов»,  –  деп  жазады.  Бірақ  деректі фильмде  мына  дерекке  тоқталмаған  екен: Американың  «Нью-Йорк  таймс»  газеті  1945 жылдың  1  мамыр  күнгі  санында  «Кеңестік қызыл ту Рейхстаг үстінде желбіреді» деген тақырыпта  хабар  жариялайды.  Хабарлама соңында: «Рейхстагта  жеңістің  екі  туы желбірегені белгілі. Біріншісін, №150 Идрицк дивизиясының  лейтенанты  Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов 30 сәуір күні сағат 15:00 шамасында халық туын; екіншісін, басқа бөлімнің барлаушылары Егоров пен Кантария 1 мамырда сәске түсте Ставка туын тікті», – дейді. Қош!
qasymkz-shyndykka-shyndyk-zhakpajdy3Тарих  неге  сүйенеді  дегенде  фото,  видео құжаттар  деп  едік.  Фотограф  Евгений Халдеевтің  Рейхстагқа  ту  тіккен  сәтті бейнелеген  әлемге әйгілі  суреті  бар.  Бұл тарихи  сурет  дегенге  сенімдісіз  бе?  Жоқ, әрине. Бұл сурет – Рақымжан мен Григорийдің ерлігін  жоққа  шығару  үшін жасалған  дүние. Фото 1945 жылдың 2 мамыры күні түсірілген. Мұқият  қарап  отырсаңыз,  суреттен ешқандай  соғыстың  белгісін  байқамайсыз. Бейқам тірлік. Өрістен қайтқан мал сияқты. Демек,  фотодағы  Рейхстагқа  ту  тігіп  тұрған «батыр»  батыр  емес,  модель  болғаны  ма? Тарихи сәтті  таспаға  түсірген  видео  да  бар екен. Мұнда да солай. «Киноға» түсіп жатқан сарбаздар.  Соғыс  аяқталған.  Жау  жоқ. Асықпай,  саспай туды қадап  мәз-мейрам. Әйгілі  фотомен  салыстыратын  болсақ: видеода туды мүсіннің (кайзер Вильгельмнің мүсіні)  қасына  тігеді,  ал  фотода мүсіннің сұлбасы  да  жоқ.  Ал  Рақымжан Қошқарбаевтың естелігін оқитын болсаңыз, көз алдыңызға қарша бораған оқ елестейді. Таңғы  сағат  5-тен  бастап жаумен  алысқан Рақымжан  Қошқарбаевтың  150-дивизиясы 600  метрдей  жерге  8-9  сағатта  өрмелеп шыққан. Нәтижесінде Рақымжан Қошқарбаев пен  Григорий  Булатов  Рейхстагтың  биігін бағындырып,  Жеңіс  туын  тікті.  Орыстардың келтірген  деректерінде  –  бейжай  тірлік  пен бейбіт өмір, әйтеуір. Құдды бір ерігіп жүріп ту тіге салған сияқты.
«Роман  Кармен  деген  оператор болған.  Соғыстың  басынан  аяғына  дейін түсіріп,  хроника  жасаған.  Сол  хроникада Рақымжан  Қошқарбаев  пен Григорий Булатов  та  бар.  Бірақ  белгісіз  себептермен қырқылып  тасталды»,  –  дейді  тарихшы Өмір  Шыныбекұлы.  Демек,  орыстардың түсірген таспасы  жойылып  кеткен  таспаны бүркемелеу үшін жасалып отыр. Спектакль.
Рақымжанның  ерлігі  туралы  тек  қазақ зерттеушілеріне  сүйеніп  отыр  дейтін шығарсыз.  Жоқ,  басқа  да  куәгерлер  мен тарихшылардың  айтқаны бар.  Жазушы Валерий  Субботин  өз  кітабында  Кеңес Одағының  қолдан  жасаған  «батырларын» әшкерелеп,  шындықты  жазады.  Белгілі жазушы Борис  Горбатов  «Герой  штурма Берлина»  атты  естелігінде:  «Біздің жауынгерлерді бүркіт пен қыранға теңегенді доғару  керек.  Қай  бүркіт  пен қыран  қазақ Рақымжан  Қошқарбаевқа  тең  келеді  екен? Ол  менің  көзімше  неміс  әскерінің  қарша бораған  оқтарына  қарамай  ерлік  жасап, Рейхстагқа ту тікті», – дегені өтірік пе?
Рақымжанды  мойындамаудың  үлкен себебі де бар. Не дейсіз ғой? Рақымжанның әкесі  жалған  саяси  жаламен  сотталып, ГУЛАГ  лагеріне қамалған. Халық  жауы. Міне, мәселе қайда жатыр. Халық жауының баласына  Халық  қаһарманы  атағын  кім берсін?.. Рақымжанның  әділетсіздік  күйігінен туындаған хаттары бар. Генерал Лицицынға былай  деп  жазады:  «Қадірлі  Генерал!.. Сол  сұрапыл  жылдарда,  Отанға  деген сүйіспеншілік  пен ар-намыс  таразыға салынған  кезде,  еліміздің  әр  азаматы  жан алмай  шайқасты.  Атақ  пен  награда  үшін емес. Азаттық пен болашақ өмір үшін өлімге тікті  жандарын.  Сондықтан  да  ол  күндер туралы  естелік  жазу  –  аса  жауапты  іс.  Сіз өз  естеліктеріңізде  шындықты  бұрмалап жазғансыз.  Оны  әскери  архивтердің негізінде дәлелдеу қиын емес. Сіз: «Генерал Шатиловтың  естеліктеріне  сүйендім»,  – депсіз. Шатилов ол кезде дивизия командирі ретінде  соғыс  алаңынан  алшақ  жерде орналасқан  штабта  болатын.  Сондықтан операция барысын ол тек штабқа жеткізілген хабарламадан  біліп  отырды.  Шын  мәнінде, Рейхстагқа  бірінші  болып  ту  тіккен  Булатов екеуіміз  едік.  Оны  дәлелдейтін  талай куәгерлер  де бар. 3-армияның  басшылығы жіберген  қателігі  кесірінен  жауынгер Григорий  Булатов  өз-өзіне  қол  жұмсап, қайтыс  болды.  3-армияның  әскери  кеңесі мен  сіз  сияқтыларға  оңды  теріс  айналдыру неге керек болғандығын әлі күнге дейін түсіне алмай келемін».
Естеліктің бәрі шындықты айта бермейтінін дәлелдеп  отыр  бұл  хат.  Кітаптағының  бәрі шындық  емес  екені  тағы  бар.  Рақымжан Қошқарбаев 1975  жылдың  7  қаңтары  күні «Они брали Рейхстаг» кітабының авторына былай деп хат жазады: «Полковник жолдас! …Мұндай қателіктің неліктен орын алғанын сіз менен жақсы білесіз. Егер де менің фамилиям сол кезде Қошқарбаев емес, Кошкаберидзе болса, бәрі де өз орнында болар еді. Менің адал сөзіме сеніңіз. Мен қазақ халқының ұлы болып  туғаныма  еш  өкінбеймін.  Керісінше, мақтан  тұтамын.  Сондықтан  да  қазақ халқының  баласы орыс  жігіті  Булатовпен бірге  30  сәуір  күні  Рейхстагтың  төбесіне алғашқы болып ту тіккені – тарихи шындық. Жылдар  өтер.  Сіз  бен  біз  де өтерміз  бұл дүниеден.  Алайда  халық,  уақыт  өте  келе әскери  мұрағаттардың  негізінде  ақ-қарасын ажыратып, әрқайсымыздың ісімізге әділ баға беретініне өз басым кәміл сенемін». Сеніміңіз ақталды.
Ерлік  жасаған  жылы  Рақымжан  небәрі 20  жаста  екен.  Ал  Булатов  19-да.  Батырды тудыратын  да  –  соғыс,  өлтіретін  де  – соғыс.  Рақымжан соғысқа  жастығын  берді. Қайтарымына түк те алған жоқ. Керек те емес. Тек  шындық  іздеді.  Бауыржан  Момышұлы Дінмұхамед Қонаев пен Жұмабек Тәшеновке хат  жазып:  «Ерлік  елеусіз  қалмауы  керек», – деді. «Оның өмірбаяны – отпен жазылған өмірбаян», – дейтін де – Бауыржан. Батыр  өлді.  Ел  жылады.  Мадақтады. Марапаттады… Баяғыдай.
P.S. Бір жазушының қысқа ғана әңгімесі бар.  Желісі  былай:  «Шындық іздеген  адам  толарсақтан  саз  кешіп  жүріп Шындықты  тапқан  екен.  Бірақ Шындықтың түрі ұсқынсыз дейді. Шындық деп жүргеніміз өңі  кеткен,  төрінен  көрі  жақын  кемпір  екен. Сонда  кемпір:  «Елге  менің  түрімді  сұлу деп айтып  бар»,  –  дейді».  Шындықтың  өзі шындықты қаламайды деген осы-ау?
Бір  ағай:  «Біз  өзімізді  дәріптеуіміз  керек. Бір жерде байқау болады екен. Соған біздің балаларды апарыңдар да, қатысқан сияқты қылып  суретке түсіріп  алыңдар»,  –  дейді. Міне, «керемет» тарих осыдан басталады…
Шындыққа шындық жақпайды.
Ерболат ҚУАТБЕК,


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика