Шынар Әбілдә. Дүрия

16 Маусым 2018

Ақша ауысып, теңге айналымға шыға бастаған кез. Ауimg-1195-(page-picture-large)ылдың күрең тарта бастаған мезгілі. Күздің бел ортасы. Аңызақ жел батыстан соғады да тұрады. Көңілсіздік пен беймазалық елдің еңсесін басқан шақ еді. Жұмыс іздеп қалаға, ауданға сабылған жұрт. Ұлты бөлек ауылдас тарихи отанына көшіп әуре.

Ауылдың дені ірілі-ұсақты малдарын сатып, талғажау ете бастады. Малы жоғы ұсақ-түйек саудамен айналысып кетті. Біреу сүт сатты. Біреу нан пісіріп сата бастады. Біреу дүкен ашты. Тағы біреу базарға шығып, ала дорба асынды. Қайда қарасаң да табанынан тозған ел, далбасалаған қара халық. Күйбең тірлік. Талон дейтін шіркіннен құтылып, емін-еркін ұн алып, нан сатуға, қарекетке бет бұрған, тірлік етуге амал еткен қараша.

Қиындық бізді де айналып өтпеді. Ауылда анам екеуміз тұрамыз. Әкем қой бағатын аға-жеңгемнің жанында. Помшабан. Помшабанның көмекші екенін енді біліп жүрмін ғой. Ол кезде әкемнің жасы үлкен болған соң қойшы атаулының бастығы сияқты көрінуші өзіме. Аңғал бала көңілді қойсаңшы. Қойды бағып, бабын табатын адам – әкем. Қызығын көретін біздер. Қойлыауыл шикізат жеткізіп тұрады. Ет пен ұн сол жақтан келеді. Қаладағы басқа бауырларым азық-түлік әкеледі. Негізінен оқуын бітірген екі әпкем тасынады. Ай сайын сол. Екі қол сөмкемен келетін екеудің біреуін автобустан күтіп алу деген мен үшін сөзбен айтып жеткізе алмайтын мереке болатын. Аса бір қыжалат көретін ретіміз жоқ. Бәрі бар деуге болады. Жетпейтіні темекі. Шешем байдың қызы болыпты. Әке мен шешеден ерте жетім қалған соң атасының еркекшора қызы атанып өскен. Атасы ұл ғып киіндіріп, сегіз жасынан темекі тартқызыпты. Ашамай тартып, атқа мінгізген. Қолынан келген еркелету осы болса керек. Атасының қызы деп басқа шешелері де бетінен қағып, бейпіл сөйлемепті. Тік сөйлеп, ойлағанын бетке айту атасынан қалған дағды екен. Темекі деген жаман жолдасы өмір бойы серік болып өтті. Тек өлерінен бір жыл бұрын өздігінен қойып кетті. Еш себепсіз, еш қиындықсыз. Таң қалдық та қойдық. Адамның тазалануына мүмкіндік бере ме екен солай? Әңгіме бірақ ол туралы емес.

Темекіні зейнетақысына да сатып алып тартса болар еді, анам өйтпейтін. Үлкен-кіші бала бар, үйленеді деп жинаған түрі ме екен, әйтеуір, ақшаға қатты. Дәті берік. Сандықтың кілтін бізге көрсетпей, ышқырына тығып жүреді. Ал, темекісін мен тауып беруге көштім.

Ауылдың іргесінде пойыз жол стансасы бар. Сондағы перрон айналадағы біраз ауыл адамының көтерем қалтасына нәпәқа көзі еді. Екі аралық сегіз шақырым. Сабақтан шығып, үйге келе салысымен бір дорба нанды арқалап сол жақты бетке ұстап жолға шығам. Жол тосам. Тоқтайтын көлік емге жоқ. Ілуде бір болмаса. Жаяулап жетесің. Бірақ діңкелеп, шаршамаймыз. Баламыз ғой. Баратын адам қарасы да біраз. Базаркүл апа кейде ат арбасымен шығады. Ол үнемі мәнті мен пирожки апарып сатады. Бұл саудаға бейімдеп, қоймай жүріп шешемнің құлағын бұраған Нәзира деген сыныптасым. Өзінің қолы да жеңіл, тұзы да жеңіл. Саудасы да тез жүреді. Менің икемім жоқ. Қасына қарайып ілескенім болмаса, түк бітірмеймін. Бекер обалы не керек, көбіне сол сатып береді. Ол менің жанында жүріп, әңгіме соққаныма мәз. Мен шешемді риза ететініме қуанамын. Оның тыныштығы мен үшін әлемнің тыныштығымен тең. Темекі уақтылы шекпеген адамның жүйкесі жүйке емес. Оны да сол жүйкесі жүй болған адамнан қаймыққан, талай таяқ жеген адам түсінер, бір түсінсе…

Бір күні сол Нәзирам шықпай қалды. Менің наным сатылмай, қиналдым. Қара күз түскелі біраз боп қалған. Жанымда күнде көретін Дүрия дейтін келіншек. «Қап, сен қыздың саудаң жүрмеді ғой, кеш қарайып барады, ауылыңнан бүгін ешкім жоқ, қазір алтыда тағы бір пойыз келеді, соған сенікін өткізу керек, тым болмаса алтының автобусымен жетіп аларсың» деп маған жаны ашып барады. Өзінің саудасын қойып менің нанымды сатуға құлшынып кірісіп кетті. Бірақ сол күні жолым болмады. Ештеңе өткізе алмадым. Апақ-сапақта жаяулатып ауылға жалғыз кетуге қорқып тұрмын. Не керек Дүрия таңертеңгі пойызға сатып берейік, біздің үйге қона сал, жалғыз қайтіп жетесің, сені жіберуге мен қорқып тұрмын деп болмайда болмай үйіне ертіп келді.

Теміржолдың үстінен өтетін көпірден түсе салғандағы екі ауызды, сырты сыланбаған кішкене ғана қоржын там. Ішке кіргенде мамалап үш бала жүгіріп шықты алдынан. Екі қыз, кішісі ұл екен. Дүрияны күнде көргенде амандасқаным болмаса, мұндай аңқылдаған кісі деп ойламаушы едім. Шәйін қойып, өтпеген мәнтісін жылытты. Қара шәугімге қойған шәйі суық үйде әрең қайнады. Улап-шулап кешкі ас іштік. Бір өзі үш баламен ауылдың шетіндегі иесіз үйде отырған жап-жас ананы көргенде кәдімгідей жаным ашып, көңілім құлазыды. Сырты жас болғанмен, іші кексе қатын. Қатып кеткен. Дүниенің қаталдығын маңдайымның жазуы деп қабылдапты. Дүрияның өзі осындай өміріне әбден көніп, төселіп алғаны көрініп тұр. Басынан тастамайтын қалың орамалын үйге келгенде шешті. Ұзын қолаң шашын бір бұрымға сыйдырған. Қыз күнінде көздің жауын алған сұлу болғаны анық. Әзірде жоқшылықтың кесірінен жүнжігені болмаса, әрін бермеген. Өзін қазаққа ұқсатпадым. Бірақ қазақшасы таза. Өзбектермен шатысы бар ма екен деген күмәнды ішімде сақтап қалдым. Онсызда көңілі жыртық жанның жарасын тырнап қайтем деп қаймықтым.

Кісі келсе үй иесі ұялады демекші, кел, жүр деп ертіп келгенімен, келген соң өзі ыңғайсызданып, әр жоқтығы үшін ақталып болды. Қыздары мені көріп, алдымнан түспеді. Бұларға қонақ мереке. Үлкені бір оқиды екен. Оның да шашы анасінікіндей бұйра-бұйра, ұзын екен. Сүйкімді қыз. Пысық. Өзінен кейінгілерді сол бағады. Тәртіпке салады. Екіншісі нөлебойда. Еркіндеу. Қаталдау. Нағыз саудагер болатын қыз. Ұлы екі жаста. Титтей жоқ. Жүрегің езіледі. Сөздері бүтін емес. Шала-шарпы. Күні бойы үшеуі анасының жолын тосып, не әкеледі деп күтеді. Бала қиял неше түрліні армандайтыны белгілі. Бір үйден кіріп, бір үйден шыққан тірі жан, тісті бақа. Баланы бала баққан қандай? Түрлері де сондай. Әбіржіңкі. Көздері ғана аналары келгенде керемет шаттанып, шұғыла шашты.

Шешелері күні бойы перронда, ақша соңында. Әкелері тастап кетіпті. Тастап кетіпті деген ұғымды менің жаным еш қабылдамаған сол кезде. Қалай тастап кетуге болады? Қалай? Әкем шешемді талай сабағанын көрдік, ұрыс-керіссіз үй жоқ, бірақ тастап кеткендерді өз көзіммен көрмеппін. Ондайлардың болатынын есейген соң барып қана білдік. Дастарқан басында мұндай әңгімелер айтылмаған соң құлақ тыныш, жаның бүтін болады екен ғой.

Үйдің іші сыланғанмен, ақталмаған. Ақталмаған үйді көруім бірінші рет. Қорада отырғандай сезіндім. Жұпыны үйдің бар-жоғын тізбелеудің өзі артық. Тірі адам тіршілігін қылады. Үш баласы тұрғанда Дүрияның тірі болу парызы. Көмек қолын созатын ешкімі жоқ тірі жесірдің ұрпағының келешегі үшін жанталасы түнімен ұйықтатпады.

Қабағы үнемі ашық жүреді. Жайдары жан деп білетін едік. Жағдайы осыншалық қиын деп еш күтпеген едім. Перрондағы елді көріп, көңілін жасытқан қайғысын ұмытып келеді екен ғой, енді ойласам. Жұрттың бәрі менің шешемдей, темекі мұрнын қышытқан соң шыдамай баласын перронға қуатындай көрінуші еді. Бала жүрегім мұншалық мүшкіл хәлді бірінші рет көрген соң ба кәдімгідей жасып қалдым. Ауылда отырған соң мал ұстау парыз ғой, әсілі. Малы бар үй аққа зәру болмаушы еді. Май, сүт деген өз дастарқанымыздан ешқашан үзілген емес. Біздің сұранысымыз артық шығын шығармау болса, бұлардікі күнбе күн ырыздығы үшін талмай еңбек ету, өмір үшін күнде күрес еді. Дүрияның мәнтісі өтпеген күні ақшасыз қалып, ертесі өткізіп, өтпеген түн балалары аш қалатынын көрдім.

Сол түні Дүрияның алдында өзімді ұятты сезінгенмін. Мен оның саудасына бәсекелес болып, өзімді оның ақшасын тартып алып жүрген арамтамақтай бір жайсыздық жаныма ұялады. Сол жайсыздық әлі мазалайды. Осындай күй кешетін әр ананың алдында бас көтеріп, тіріледі.

Таң атты. Мен көзімді тырнап ашқанымда үлкен қызының шашын өріп отырғанын көрдім. Мектепке әзірлік. Екі қыз ұлды алма-кезек қарайды екен. Осы күніне тәубе етіп отырған жалғызілікті ананың уайым ойлайтын уақыты да жоқ. Шала-шабылыс. Күндіз-түні бала деп, тамақ деп безектейді. Мынау адамгершілі сөз жүзінде қалып, мейірімі сатулы, азынаған қоғамда тірнектеп жинаудың не екенін Дүрия сияқты келіншектер анық білді. Теріңді теспей қаныңды сорып қоятын жүйесіздік – тағдыр тауқыметін еселеп, жекелеген жандарды тұралатпаса, еш септеспеді.

Дүрияның жасаған жақсылығын түнімен ұйықтамай менің жолымды тосып перронда күтіп отырған әкеме бірінші болып айттым. Сол жоғалып-табылған түннен соң мен Дүрияны да көрмедім, перронға да шықпадым. Әкем шешеме ұрысса керек. Шешем көпке дейін барып алғыс айтам деп жүрді. Көрші ауылға жолы түспеді білем. Кейін ұмытыла бастады. Сосын мүлде естен шықты. Бірақ жадыңда жаңғырып тұратын оқиға менің адамша ойланып, айналама жаңа көзбен қарауыма түрткі болса керек. Адамның күні адаммен. Дүриядай жақсы адамдардың қарызын қалай қайтара алар екенмін?


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика