ШЫҒЫС ҚОҢЫРАТ – СЕН МЕНІҢ ШҰРҚЫРАҒАН ҚҰЛЫН ДАУСЫМ

30 Мамыр 2018

Туған жер: көне тарихтың көмбесі

Біркелкі ретпен қаз-қатар бой түзеген шатырлы үйлер… Дала жолындай шет-шегі көрінбейтін жалғыз таспа тасжол… Жүздерінен мейірім мен күлкі арылмаған жайсаң жандарға толы шағын кент… Фотосурет кадрларындай балалық шағымның үзік-үзік естеліктері осы ғана. Иә, бұлыңғыр естелікермен бірге өзі де жоқ болып кеткен қайран менің туған жерім Шығыс Қоңырат жайлы бүгінде жылнама-дерек жоқтың қасы. Тарихы да хатқа түспей қалған-ау. Ендеше, бұл кент жайлы тірнектеп жиып, өзімше ізденуім туған жеріме деген тағзым болмақ.

Кент шежіресі қалай жазылды?

Балқаш қаласының солтүстік-шығысынан 30 шақырымжерде орналасқан бұл кенттің шежіресін тарихтан емес, ел аузындағы аңыздан іздеуді жөн көрдім. Шығыс Қоңыраттыатақты Қоңырат кенішінің жалғасы дейтін мағлұматт бар. Ендеше,әңгімені әуелі Қоңыраттан бастаған жөн. Баяғыда Арқада бір жалшы жігіт байдың сараңдығына наразы болып, үйірден таңдап қоңыр түсті атты мініп қашады. Сол қашқаннан үш күн жүріп, ақыры осы өңірге келеді. Бұл аймақ шөлейт, ауа райы өте жайсыз. Жаздың күндері 45 градус ыстыққа дейін баратын аптап. Сол аптаптан аты болдырып, өзі қаталап, көлге дейін жете алмай, төбенің басында қоңыр аты екеуі жан тапсырыпты. Содан бұл өңір «Қоңыр ат» аталыпты-мыс…

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, бұл өңірдің ежелден кенге бай екенін байырғы тұрғындар білген. Алайда, алғашқы ресми тұжырымды 1901 жылы Артемий Иванович Деров деген көпес жасапты. Өндіріс, кен ісіне келгенде тәжірибесі жоқ болғандықтан, ойша тұжырымнан әрі аса алмаған. Кейіннен совет заманы орнаған соң, 1928 жылы Лесми Уркворт деген ағылшын бұл өлкеге қомағайлықпен көз салады. «Кенге бай болғанымен жер қыртысы өте қатты, климаты жайсыз, қанша қазсаң су шықпас, кеніш ашуға қолайсыз жер», деп қорытынды жасаған екен ол. Бірақ, оның болжамын әйгілі геолог Михаил Русаков жоққа шығарды. Сол жылы геологиялық-экономикалық дәлелдеме жасап, айды аспанға шығарады. Содан, 1929 жылдың 2 тамызында 2,5 млн сом қаржы жұмсалып, кеніш ашылады. Несін айтасыз, қыруар қаржыны Қоңырат кеніші ойдағыдай ақтап шықты. 1936 жылы Мәскеу түсті металлургия институтын бітіріп шыққан жас маман Дінмұхаммед Қонаев еңбек жолын осы кеніште бастап, айтарлықтай тәжірибе жинайды. Димекеңнің автобиографиялық естеліктерінен кенші ретінде үлкен тәжірибе жинақтауда осы кеніштің орны ерекшеекенін аңғаруға болады. Тәжірибе жинап қана қоймаған, еңбегімен ерекше көзге түскен.

Іскер тұлғаның ізімен кеніштің жұмыскерлері аянбай еңбек етіп, бүгінде алып мыс шаһарына айналған Балқашты, көрші Шығыс Қоңыратты бой көтеруіне ықпал еткен. Тағы бір дерек көздеріне жүгінер болсақ, Шығыс Қоңырат кеніші «Ключки» деген геобарлау орталығынан бастау алатын көрінеді. Өз ісінің білікті маманы Михаил Русаков Қоңырат кенішін ашпай тұрып,бұлағы мол жерге тап болады. Су тапшы, шөлейтті жер болған соң, осы жерге «Ключки» деген атау беріп, геобарлау орталығына лайықты жер деп табады. Содан, шағын геобарлау орталығы он жыл ішінде үлкен ауылға айналады. 1941 жылы Ұлы Отансоғысының өрті шарпығанда Ресейдің молибден шығаратын жалғыз кен орны жау қолына өтті. Сол кезде қазіргі Башқұртстанның оңтүстігінде орналасқан «Тырны ауыз», «Гондарев» деген шахтадан жұмыскерлер осы Ключкиге көшіріліп, Шығыс Қоңырат молибден өндіру кеніші ашылған.Жалпы молибден кені, яғни молибденит табиғатта өте сирек кездесетін металл. Өзінің беріктігімен, 3300 градус ыстықта ғана еритін қаттылығымен еркешеленеді. Молибден қоспасы бар кез келген металл ерекше берік қасиетке ие болады. Көбіне әскери техниканың сауытына арналған металға қосады.

Сөйтіп, ашылған бетте кеніш өз жемісін бере бастады. Одақ бойынша өндірілетін 100 тонна молибденнің 60 тоннасын Шығыс Қоңырат кеншілері өндірді. Қойнауы тұнғанкен, қазыналы жер деген осы ма деймін. Осылайша отты қырғынға кеніш жұмыскерлері өз үлесін қосты. Осы кеніштен өндірілген молибден Балқаштан зауытында балқытып құйылған мыс, вольфрам, темірге беріктік беріп, «Т-34» танкісі жабдықталды, оқ-дәрі жасалып отырды. Шығыс Қоңырат кенішінен шыққан моибден сапасының жоғарылығы сондай, одан жасалған танкілердің жау оғына шыдамды болып, майдан даласында Ұлы жеңісті жақындата түскені тарихтан белгілі.

Жауды жеңуге жанын қиғандар қан майданда ғана емес, осы кеніштегі еңбек майданында да болған. «Отан үшін! Майдан үшін!» деген ұранмен Әтия Тырнақов деген кенші алты ай бойы кеніштен шықпай,жұмыс істепті. Ақыры сол кеніште ауыр дертке шалдығып көз жұмған екен. Кейін соғыс біткеннен кейін, сол шахтада көзге түскен озат жұмыскерлерді «Әтия Тырнақов» атындағы арнайы жүлдемен марапаттап, жыл сайын кеніш алдында орнатылған ескерткішіне гүл шоқтарын қою дәстүрге айналған. Әйелдер қауымы да ерлерден қалыспаған. Олар айлық жоспарды 150 пайызға артығымен орындап отырыпты. Ольга Бергейм, Полина Гензе, Валентина Мельничкова сияқты әйелдерден құралған кеншілер бригадасы еңбектің ерен үлгісін көрсеткен.Бұл да тарихта елеусіз қалған ерліктің бірі еді…

Шырайлы еді-ау, келбеті

Ключки геобарлаушылар ауылы ақыры 1956 жылы «Шығыс Қоңырат кенті» деген атау алады. Төгілген тер, жұмылған күш өз нәтижесін беріп, кент күн өткен сайын гүлдене түскен. Аталмыш кентте төрт фабрикасы бар кеніш жұмысын ойдағыдай атқарды. Бұл кеніш сол кезде КСРО Қорғаныс министрлігіне тікелей бағынышты болған.

Рас, кезінде кент дәуірледі. Менің әкем де осы кеніште алты жыл қызмет етті. Осы шырайлы да көрікті кентте мен де дүниеге келіппін. Көп қабатты үйлер жарыса бой көтергенін көз көрді. Саябақ, мәдениет үйі, зәулім ғимараттар, өмірі тал өспеген шөлейтті жер абаттандырылып, жасыл желекке айналды. Тағы бір айта кететін жәйт, бұл кентте сандаған ұлттың өкілі бір атаның баласындай тату-тәтті тұрды. Оның да өзіндік себебі бар: соғыс жылдарында осы кентте тұтқындарды ұстайтын лагерь болған. Олар кеніштің қара жұмысына жегіліпті. Ал жеңістен кейін бостандық алған тұтқындар осы жерді мекендеп қалған. Кент халқының татулығының белгісі ретінде Винсент Круконис деген литвалықтың кенттің құрметіне отырғызған самырсыны әлі күнге дейін жайқалып тұр. Ол Шығыс Қоңыраттағы көп қабатты үйлердің сызбасын жасаған сәулетші болыпты. Маңайдағы Ақтоғай, Гүлшат сынды елді мекендерден, тіпті Балқаштың өзінен халық жаппай осы кентке қоныс аудара бастаған. Себебі, бұл кенттің болашағы зор еді. Ондаған жыл ішінде халық саны 30 мыңға жеткен. Болат Сматаев сынды кеніш басшысы қызмет атқарған жылдары кент тіптен гүлдене түсті.

Шыңырауға құлағаны ма?

Кеңес өкіметі құлады. Еліміз егемендікке қол жеткізіп, өз байлығымызды өзімізге жарататын күн туды.Алайда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарыаса ауыр болғаны белгілі. Көптеген кәспорындар жабайы нарықтың тепкісіне шыдамай жабыла бастады. Зауыт, фабрикалармен қоса түгелдей қалалар қаңырап бос қалды. Соның ішінде шырайлы кент болған Шығыс Қоңырат та бар. Өкінішке қарай, 1995 жылы Шығыс Қоңырат кеніші жабылды…

Сонымен, Шығыс Қоңырат кеніші тірлігін тоқтатысымен, кент тұрғындары жұмыссыздық тауқыметін бастан кешті. Нәпақаның жалғыз көзі кеніш еді. Енді жан сауғалаған халық жаппай қалаға көше бастады. Өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына қоныс аударды. Кезінде 40 мыңға дейін тұрғыны болған кентте 10 жыл ішінде 15 мың ғана адам қалды. Кент Балқаш қаласының әкімдігіне қарап қалды. Иесіз қалған үйлерді бұзып, кірпішін сату сол кезде кент тұрғындарының жалғыз табыс көзіне айналған еді. Қазір сол кенттің орны түгіл, бүтін кірпіші де қалмаған…

Тығырықтан шығар жол қайсы?

Қайран Шығыс Қоңырат, кезінде еліміздің одақ бойынша ауыр өнеркәсіп саласында оқ бойы озығы еді… Ұлан байтақ жеріміздің әр түкпірінде осындай қаңырап босқалған, қоры әлі сарқыла қоймаған кәсіпорындар жетерлік. Осы өнеркәсіптер қайта іске қосылса, еліміздің экономикасына айтарлықтай үлес қосылар еді-ау. Ондай мүмкіндік бар ма?

Шығыс Қоңырат кеніші ашылғанда, КСРО-да геолог болып жұмыс істеген Жан Дональд Говорд деген шетелдік маман былай депті: «Шығыс Қоңырат кенішін одақтың басқа кеніштерімен салыстырсақ, 10 есе үлкен болу керек. Тіпті Колорадо карьерінен асып түсуі керек. Себебі,мұндағы кеннің қоры алдағы екі ғасырға жуық сарқыла қоймас…».

Айтып-айтпай не керек,тығырықтан шығар жол қайсы? Өткеннің естеліктеріне тамсана бергеннен, өндірісі тоқтаған кәсіпорындар тіріле қоя ма? Молибден қорына әлі де бай Шығыс Қоңырат кенішін қайта іске жаратса, алтынға пара-пар кенін өндіріп, нарық айналымына салса, елге пайда түсер еді ғой. Осы кеніштен шыққан молибден қоспасымен балқытылған темір, мыс ерекше беріктігімен әйгілі. Техниканың нешеме түрін жасауға болады, құрылыс материалы ретінде де таптырмас олжа емес пе? Елбасымыздың «Ұлт жоспары –«100 нақты қадам» Жолдауында отандық өнімдерді қолдау туралы айтады. Ендеше осы кеніштен неге берік құрылыс материалдарын жасап, құрылысы қарқынды жүріп жатқан Астанамызға жөнелтпеске?

Кешегі шырайлы ордадан бір белгі қалмай, елес қалаға айналған туған жерімнің бүгінгі халі жаныма батады. Өткеннің куәсі дейтін қаланың орны тып-типыл, хатқа түскен мардымды тарихы жоқ. Тек, мұнда кезінде адамдар мекендеген деген белгі ретінде томпайған молалар ғанажатыр. Сол қабірлермен бірге туған жерім жайлы естеліктер де жерленіп кеткен сияқты.

Балалық шағымның куәсі деп, өзіңе арнаған ескерткішім осы болсын, менің аяулы Шығыс Қоңыратым…

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТОВ


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика