ШОЛОХОВ БРЕЖНЕВКЕ НЕГЕ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ?

18 марта 2019

Сүйген құлдың аты көп

М.Шолохов – өз өмірінде ешкімге тәуелді болғысы келмеді. Оны билік басындағылар білсе де, тізеге басып, мойнына қылбұрау салғысы келді. Халықтар көсемі Сталиннің алдын көріп, мейірім-шапағатын сезінген адам оған көне ме, әрине, көнбейді.

Жалпы, жеке феномен адамдардың арасында көптеген оқиғалар тіркелген. Құдайдың өз пенделерін жазалайтын шыбығының қырына ілінген адамдар қатарында ақын-жазушылар көп болып шықты. Жазушы өмірінің ақтаңдағына айналған осы бір сұрқия жел сөздерден қашқақтап өтіпті. Оның өмірге келу кезеңі туралы да осы уақытқа дейін бірізділік жоқ.

Бүгінде белгілі болғанындай, Шолохов Дондағы Ростовтың Вешенск стансасының байырғы тұрғыны Александр Шолоховтың некесіз туған баласы көрінеді. Енді біреулер оны жергілікті помещик Дмитрий Попов­тың некесіз туған баласы дегенді де айтады. Сондықтан оның нақты аты-жөні – Александр Попов деседі. Ал Михаил Шолохов оның үлкен ағасының аты болыпты. Жазушының ең алғашқы тегі – Кузнецов болған көрінеді. Оның анасының еркінсіз үйленген станса атаманының фамилиясы – Кузнецов болған деседі.

Келесі бір Шолоховтың құпиясы – оның шығармасына қатысты. Ол туралы да сүйегі қаусаған түрлі қауесеттер өріп жүр. Осыған орай, Швецияда жүргізілген жазушы қолтаңбаларына жүргізілген компьютерлік зерттеу нәтижелері жазылған шығармалардың бәрі Шолоховтың қолымен жазылғанын дәлелдеп берген. Бұл шешім ұзақ уақыт бойы оның өзгенің шығармасын ұрлап, өз атымен жариялады деген жел сөзге жауап бергендей болды. Кезінде Солженицын «Тынық Донды» Дон өлкесінің талантты жазушысы, публицист, әнші Крюков жазған деп дау көтерген болатын.

Атақты жазушының келесі бір осал тұсы оның ішімдікке әуестігі. Оны жазушының әріптес достары да жоққа шығармайды. Жазушы Василий Шукшиннің өзі «ақмағамбетті» ерттеп мінуден артта қалмаса да, Шолоховтың жанында арқан есе алмайтынын мойындапты. Оның осы мінезін партияның бас хатшылары да біледі екен. Бірақ бәрі іштей тынған. Оған себеп те жоқ емес.

Жалпы, сол тұстағы атақты жазушылар ащы суға көбірек әуес болғаны жасырын емес. Бірде жазалаушы мекеменің басшысы Берия Сталинге: «Шолохов, Фадеев, Симонов арақты көп ішеді» деп шағымданыпты. Сонда Сталин ойланып отырып: «Менде басқа жазушылар жоқ қой» деп жауап берген көрінеді.

Халықтар көсемі құрамдас индивидтер болып табылатын олардың өмір салты, мінезі, білім деңгейі қаншалықты ұқсас екенін білген. Олардың дербес ойлау, әрекет ету қасиеттері мен өзіндік идеялық сезімі барын да ескерген. Осыдан кейін жоғарыда аты аталған жазушыларға ешкім де басу айта алмаған.

«Сүйген құлдың аты көп» демекші, Михаил Шолоховтың бірнеше әдеби лақап аты да бар болып шықты. Бірақ ол тарихта Шолохов есімімен қалды.

Михаил Шолохов – 1984 жылы 21 ақпанда тамақ обырынан қайтыс болды. Жазушы СОКП ОК ХХІІІ съезінен кейін қатты күйзеліске түсіп, күн құрғатпай ішкілікке салыныпты. Съезд өтіп жатқанда залдан бір делегат орнынан тұрып бар даусымен «Енді Шолохов осыдан соң, бір жолда жазбайтын болады» деп айқайға басыпты. Оның жазушылар Синявский мен Даниэльге қарсы шығуы өзіне сор болып жабысқан көрінеді. Шындығында атақты жазушы осыдан соң үлкен депрессияға түсіпті.

Тәжірибелі адамдар көңіл толқынын сөзден-ақ бірден байқап қояды. Наразылықты басқаға аудару, оған қарсы қалқан ұстау – басқарушылардың айлалы әдісі болған. Ойластырылған нәрсенің бәрі іске аспайды, барлығын қанағаттандыру да мүмкін емес. Жазушы не істесе де бәрін ашық істеген. Ол өмір даналығы жасырындықты талап ететінін біле тұра, сондай әрекеттерге барған. Ал ашық ойнағанның ұтылу тәуекелі жоғары болатынын ескере бермеген. Мақтануды білмеген жазушы, еңбек сіңіріп жеткен жеңісінің ортақ игілікке айналмаған сәтін ойлап, күйініп кеткен кездері де болған. Ол мынаған саяды.

Жазушы Бас хатшыға неге хат жазды?

Ұлы жазушы билікке күйінген бір сәтінде отқа жағып жіберген қолжазбаларын айта келіп: «Такая же участь постигла и рукопись, повествующия о зверских методах освоения казахстанской целины» деген сөзі оның тың игеру жылдарындағы партияның қателіктерін ашық айтып, кінәлі болып қалғаны да билік тарапынан ескерусіз қалмады.

Өз қызбалығыңды жеңу – үлкен жеңіс. Біреулер ішкі тыныштық парасатыңа шипа, деп үндемеуге тырысады. Жазушының мінезі ол ауылға қашан да сыйыспаған. Әдетте тобыр сенің сәттіліктеріңді санамайды, есесіне әрбір сәтсіздігіңді бірден көріп қалады. Мұндайда жақсыларды мақтағаннан гөрі, оларды қаттырақ жазғыруға тырысады. Жазушының «Олар Отан үшін от кешті» шығармасы цензуралық қысқартуға түскен кезде бұлқан-талқаны шығып, Бас хатшыға хат жазуы хат иесін ізінен ит қосып қууға дейін әкеліп соқтырады. Сол кездегі оқиғаға куә болған жазушының қызы Светлана Шолохова әкесінің жан күйзелісін былайша түсіндіріпті:

– Әкем халыққа соғысқа дейінгі және соғыс кезінде, сондай-ақ, сталиндік қыспақ кезінде орын алған жағдайды бүкпесіз ашық айтуға тырысты.

Оған қарсылық білдірушілер көп болды. Сол тұстағы билік пен идеологияның мұндай ашық әңгімені тым кейінге ысыруын айту мүмкін еді.

Көптеген шындықтың қағаз бетіне түспегенін де ішім сезеді, ол ешбір жағдайда жарияланбасын да түсінді. Көптеген әдепкі жазбалар отқа оранды (қолжазбалар да жанады екен). Ішім сезеді, қаншама ой-толғамдардың күлге айналғанын. Жазылып біткен шығарманың жолына қандай редакторлар қарсы тұрды дерсің! Бұрыннан танымал жазушы, академик, Нобель сыйлығының лауреатын қалай «редакциялағанын» айтсам-ақ, бәрі түсінікті болар деп ойлаймын. ..Оқырмандар «Олар Отан үшін от кешті» шығармасының басы: «Мамыр айының басы болатын, ал Стрельцовтың отбасындағы жағдай бәрі бәз-баяғы» деп басталатынын білетін болар.

1968 жылы сол тұстағы «Правда» газетінің бас редакторы М.Зимянин мерекелік нөмірге дәл осы жолды сұрап алады. Шығарма 7-8 қарашада шығуы тиіс болады. Зимянин үзіндіні оқып, оны «жоғарғының» рұқсатынсыз басуға жеке өзі шешім қабылдай алмайды және оның кейбір тұстарын жұмсартуды сұрайды. Әрине, оған автор түбегейлі түрде қарсылық білдіріп, оны өзгертпеуге өз байламын жасайды. Әңгіме өте қатқыл түрде болады. Осыдан соң Зимянин үзіндіні СОКП ОК Бас хатшысы Л.Брежневке көрсету жөнінде ұсыныс білдіреді. Л.Брежнев машинкіге басылған небәрі 40 парақ шығарманы 3 апта бойы оқуға уақыт таппайды. Мәселенің түпкі мәнін түсінген Шолохов оған (Брежневке) төмендегі мазмұнда хат жазады. (Хат ең алғаш рет 1993 жылы «Книга исторических сенсации» кітабында басылады).

«Қымбатты Леонид Ильич!

Бүгінгі жасаған баяндамаңа өзің «дәстүр бойынша Пленум регламенті өзгермейді» деп айтпақшы, «Правдаға» байланысты жазылмаған дәстүр бойынша менің де пікірім өзгермейді. «Тынық Дон» да, «Көтерілген тың» да және «Олар Отан үшін от кешті» шығармасы да толық түрде «Правда» арқылы өтті. Осы қалыпты дәстүрді бұзбай, мен оған жаңа романымнан үзінді тапсырдым, ол міне, үш аптадан артық сенде жатыр.

Оны пайдалану мәселесін бұдан артық созуға болмайды, мен оны жеделдетіп шешуді айрықша өтінемін. Оған төмендегі себептер бар:

Мен әзірге сенің шешіміңді күтіп жұмыс істемеймін. Жазуға деген көңіл-күй, құлшынысым жоқ…
Бұл үзіндінің өмірде барлығын және оның «Правдада» жатқаны туралы Мәскеу жұртшылығы хабар­дар. Егер ол туралы ерте ме, кеш пе, «Нью-Йорк таймс» немесе басқа ықпалды газеттердің бірінде, «міне, көрдіңіздер ме, тіпті Шолоховтың өзін жарияламай жатыр» деген мәліметтер шығып жатса, ол маған күлкі шақырмай қоймайды.
7 қарашада сенімен болады деген уәделі әңгіменің болмай қалуы ол менің кінәмнан емес, қалай дегенмен мен үзіндінің басылуы туралы мәселенің тез шешілуін өтінемін. Егер сенің, менімен сөйлесуге (тіпті, ең қысқа болса да) уақытың болмаса, оны кімді қаласаң соған тапсырсаң да болады, әйтеуір іс бір орнында тұрып қалмаса болғаны және ол мені буржуазиялық баспасөздің түбі болмай қалмайтын түрлі қауесеттерінен қорғаштау да болар еді.

Туындап отырған мәселе бойынша саған ыңғайлы деген әдістерге сай келетін кез-келген сұрақтарға жауап беру үшін 2 минут уақытыңды қисаң болғаны.

Мен – Пленумдамын. 2 қараша, сенбі күні ұшамын. Жолдастық ниетпен жауап бермеген күннің өзінде, қара­пайым мәдениетпен үн қатуға уақыт жеткілікті…

Құшақтадым! М.Шолохов.
30 қазан. 1968 ж.
Мәскеу қаласы».

Уақыт Шолоховқа қарсы жұмыс істеді

Әкем, әрине, ештеңеден қаймықпаған, алайда мемлекет басшылары оның жария болуынан қатты қорық­қан. Ол хатына жауап алмастан, Вешенскіге оралып, сол жақтан Брежневке қолжазбасын қайтару туралы талап қойған жеделхат жібереді.

Осыдан соң «Правда» газетінде Бас хатшының «редакторлар командасының» қолынан өтіп ұсқыны қашып, мәні бүлінген шығармадан үзінді жарияланады. Бұлқынған авторға газетке бәрін бүкпесіз басуға мүмкіндік болмағанын және оны ашық айтуға уақыттың келмегенін, ал кітапқа қысқартылғанның бәрін бастапқы қалпына келтіруге болатынын айтып жауап беріледі. Алайда, ол алдамшы болып шығады, шығарманың қысқартылған тұсын бастапқы қалпына келтірмейді.

Тәжікелесу мүмкін емес еді және бұдан кейін романмен жұмысты одан әрі жалғастыру да пайда әпермейтін. Міне, осы жүкті қалайша көтеруге болады? Осылардан кейін қолдан келер барлық мүмкіндіктерді іздестіре отырып «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» принципімен жұмыс істеу ғана қалды. Түптің түбінде уақытты да есептеу керек. Ал уақыт Шолоховқа қарсы жұмыс істеп тұрған еді. Бұл жерде оған ештеңе істей алмайсың. Қолдан келер не шара бар!? Мұндай шарасыздық бұрын да болған. Кезінде Максим Горький: «Біз кешегі құлдар, «сыртқы құлдықтан» құтылғанымызбен, ішкі құлдықтан құтыла алмай келеміз» деп жазған болатын. «Уақытсыз ойлар» кітабында. Жазушы одан әрі «Орыс халқы кешкен өмір оның бойында жеке тұлғаға деген құрметті, азаматтық құқық түйсігін, әділетке деген аңсарды тәрбиелеп, қалыптастыра алмады. Орыс халқы әділетсіз, кісәпір заманда өмір сүрді. Мен билік басындағы орыс шенеунігіне күмәнмен қараймын. Кешегі құл, жанындағы адамды билеп-төстеуге қол жеткізгеннен кейін-ақ, ол әлемдегі ең жүгенсіз әміршіге айналады» депті. Әрине, биліктің бүкіл дүниенің кітапқа кіру үшін жаратылғанын білмеуі өкінішті-ақ. Ал режиссер Андрей Кончаловский орыс билігінің мінезін мысқылдай отырып: «Бастықтың алдында құлдық ұру, тек орысқа ғана тән сезім» дейді. Бұдан басқа сөзіміз де жоқ. Ал құлдық ұратын Шолохов па?..

Шолохов жазушы ретінде де, адам ретінде де, ерте ме, кеш пе, бір өзгерістің болатынына сенді, өйткені, былайша өмір сүру мүмкін емес екендігін түсінді, бірақ өзгеріс ол үшін өте кеш келді. Осылайша соғыс туралы, ондағы халықтың жан күйзелісі мен ерлік істері туралы жазылған романды әдеби орта дер кезінде қабылдай алмады. Кейін оқырмандар «редакторлар» қысқартқан үзінділермен танысуға мүмкіндік алды. Әрине, бәрі кеш еді…

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ
Дереккөз: Almaty Akshamy


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика