Шекараға шабуыл жасаған азаматтың туыстарынан жауап алынуда

14 августа 2017

Шекара қызметінің қосымша күштері мен құралдары Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы Қырғыз Республикасымен шекараласатын учаскеге жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Еске сала кетсек, 12 тамыз күні кешке қазақ-қырғыз шекарасының Жамбыл облысы Жасөркен ауылына жақын тұсында (Тараздан 15 шақырым) белгісіз топ Қазақстан шекарасын кесіп өтпек болған .

Облыстық ІІД-нің түсіндіруінше, 13 тамызға қараған түні ҚР ҰҚК ШҚ «Оңтүстік» өңірлік басқармасының Тараз шекара отряды «Жасөркен» шекара бекеті жасақтары мемлекеттік шекараны күзетуге шыққан. 15-20 белгісіз адам (саны анықталып жатыр) қараңғыда Қазақстан мемлекеттік шекарасы жағына  қауіпсіздік спиральді белдеуінен өтіп кетпек болып, темір торды кесуге әрекеттенген.

Шекарашылардың бірі, 21 жастағы ОҚО тумасы дауыс беріп, шекара бұзушылардың заңсыз әрекетін тоқтату үшін Калашников автоматынан  ескерту үшін аспанға оқ атқан. Алайда шекара бұзушылар дөрекілік танытып, шекарашыларға тас лақтырып, басын жаралаған. Сол кезде шекара жасағы екі рет оқ атқан. Бұзушылардың бірі басынан оқ тиіп, қаза тапқан.

«Қаза тапқан Қазақстанның азаматы, Жамбыл облысы Жасөркен ауылының тұрғыны, жасы 30-да, — деп мәлім етті департаменттегілер. — Мәйтті сою кезінде оның өлімі бастан тиген оқ жарақатынан болғанын көрсетті. Іс ҚР ҚК-нің 380-бабы 1-бөлігі бойынша (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану) тіркелді. Мәйітті сыбайластары алып кетіп, оны туыстарына жеткізген. Ал өздері белгісіз көлікке отырып Жамбыл облысының аумағында із жасырған. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде, қаза тапқан адамның туыстарынан жауап алынып жатыр».

Тараз шекара отряды учаскесінде шекара жасақтары күшейтілді, мұнда ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қосымша күштері мен құралдары тартылды.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика