ШӘМШІНІҢ ҮЙІ. (Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ)

29 Сәуір 2018

Жуырда республикалық «Балауса» әдеби байқауының жеңімпаздары қатарында арнайы шақырту бойынша ару қала Алматыға жолым түсті. Біздің тоқтаған мейманханамыз Қабанбай батыр көшесінде орналасқан екен.
Бос уақытымды пайдаланып, көшені аралап қайтуға шықтым. Қол созым жерде – көк майсалы Көктөбе. Оның артында биік шыңдары ақша бұлттармен таласқан алып тұлғалы Алатаудың асқақ бейнесі көрген адамның көзқуанышы болып тұр.
Ару қаланың көркем келбетіне сүйсіне қарап келемін. Кенет осы өзім жүріп келе жатқан Қабанбай батыр көшесінің Достық көшесімен қиылысар тұсындағы №51-ші бес қабатты үйдің қабырғасына ілінген тақтаға көзім түсті. «Бұл үйде 1970-1992 жылдары Қазақстан Республикасының халық артисі, композитор Шәмші Қалдаяқов өмір сүріп, еңбек етті» деп жазылыпты онда.
Бұл жазуды оқығанда, жүрегім тайдай тулап қоя берді. Апыр-ай, қазақтың байтақ даласын өзінің ғажайып әндерімен тербеген, соңына халқымызбен бірге мәңгілік жасай беретін әсем әндер қалдырған қайран Шәмші ағамыз осы үйде тұрған екен ғой! «Ана туралы жыр», «Кешікпей келем деп ең», «Әнім сен едің», «Қайықта», «Бәрінен де сен сұлу», «Қайдасың», «Ақ бантик», «Бақыт құшағында», «Сыр сұлуы», «Ақ ерке ақ Жайық», «Сыған серенадасы» сияқты Қалдаяқовтың қанатты әндері қазақтың байтақ даласының көгінде күні бүгінге дейін қалықтап келе жатыр емес пе?
Шәмші әндерінің әдемі әуені қалған осы бір бес қабатты үйдің жанынан кеткім келмеді. Әлдебір сиқырлы күш аяғымды матап қойған сияқты. «Ән ағаның» құт мекені болған, қазақтың қазынасына айналған әйгілі әндерді көгімізге қанат қақтырған қасиетті қоныс қой бұл үй!
Бұл – Шәмшінің үйі!
Бұл үй – әйбат әндердің бесігі!

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика