ШӘМШІ: аңыз бен ақиқат

12 февраля 2019

Шәмшінің «белая горячкамен» ауырып, сауығып шығуы, түн жарымында әйелдің пальтосын киіп келуі және Кентау қаласындағы жантүршігерлік оқиға

Құдайдан жасырмағанды адамнан бүркемелеп қайтеміз. Қалдаяқов өмірінің ең сәулелі жылдары ішкілікпен өткені жайлы жоғарыда да баяндағанбыз…

Шәмші біздің үйде жүргенде, егер қонақ келе қалса, мүлде арақ-шарап қойдырмайтынмын. Сонда Шәкең:
– Мына кісілерге дастархан мәзірі жасалмады ғой, – дейтін.
– Бұл кісілер ішпейді екен, – десем:
– Ішпесе, алдынан қайтады да, – деуші еді ол қулана.

Шәкеңмен бірге жүрген жылдар ішінде, тек дауысын тыңдасам болды, оны қанша деңгейде мастық жеңгенін айқын сезе беретінмін. Алғаш қыза бастаған кезінде, орташа мас шағында, естен тана мас болған уақытында аузына қандай сөз түсетініне дейін біліп алғанмын. Шәкеңді іш-іш деп зорлағандарға енді екі, төрт немесе бес рюмкадан кейін «концертке» енесіздер деп ескертетінмін. Өйткені, Шәкең қатты мас болған шағында айналасындағыларға өзгеше жайсыз мінез көрсететін. Сондықтан да сол тұста оның төңірегінде санаулы ғана адам қалған еді. Егер Шәмшінің: «Хочешь, не хочешь… Вот так… Мен мықты қазақпын… Вот так…» деген сөз аузынан шықты ма бітті, айналасындағылар өзгеше дайындыққа кірісуі керек. Тез арада үстел үстіндегі сынатын заттарды жинап алған жөн. Немесе оны күштеп, төсегіне апарып жатқызып, өзгеше қимыл әрекетіне дес бермей, қашан ұйқыға кеткенше қасында болған тиімді.

Рас, кейінгі жылдары Шәкең арақты мүлде қойып кетті. Бірақ оның ең тамаша әндері, негізінен, жастық қуатының жалындап тұрған кезінде, яғни арақты судай сіміріп жүрген жылдары жазылды. Оның осы кезіндегі өмірінің едәуір бөлігі маған тап келді. Қаншама уақытым оны ішкіліктен, түрлі өсек-аяңдардан қорғаумен және негізгі табиғи арнасына бұрумен өтті.

Бір күні кешкілік Шәкең:

– Терезенің сыртында біреу: «Қалдаяқовтың қайткен күнде де көзін жоюымыз керек» деген әңгіме айтып тұр, – деді түсі бұзылып. Пәтеріміз бірінші қабатта болғандықтан сыртқа шығып қарап келдім. Ешкім жоқ. Сәлден кейін әлгі сөзін көрші бөлмеде ұршық иіріп отырған анама да барып айтты. Ол да сыртқы терезе алдын шолып келді. Шәкең әлгі сөзін жиі қайталай берді. Амалым таусылған мен, өзім жиі араласатын Қалаубек Тұрсынқүловқа, Тұяқ Мүсатаевқа телефон соқтым. Олар бұл «белая горячка» болуы ғажап емес. «Жедел жәрдем» шақырып емдетпесең, асқынып кетуі мүмкін» деп қорқытты. Амалым таусылған соң «Жедел жәрдем» шақырдым.

Түн жарымына таман, екі иығына екі адам мінгендей қапсағай денелі орыс жігіті кіріп: «Науқас кім?» – деп сұрады. «Жоқ, мен науқас емеспін», – деп Шәмші ыршып түсті. Менің нұсқауыммен дәрігер Шәкеңді көріп болған соң, «ауруханаға кеттік» деді. «Мұхтар бармаса бармаймын», – деді ол.

Мәшинеге мен де отырдым. «Жедел жәрдем» қаланың шетіне таман орналасқан, бұрын біз маңына жақындауға сескенетін «Жындыханаға» келіп тоқтады. «Мұнда әкелгеніңіз не?» – дедім дәрігердің кұлағына сыбырлап. «Бізде осылай. Екі ауру түрінің айырмашылығы шамалы», – деді дәрігер.

Шәкеңді ішке кіргізбекші болып еді, ол: «Мұхтар қалмаса, мен де қалмаймын», – деп арқамнан қапсыра құшақтап алды. Жалма-жан екі жігіт жетіп келіп, оның қолын ажыратып, ішке алып кетті. Сол жердің «кезекші дәрігері» мені бөлмесіне шақырып: «Ертең, түске дейін жеті бөтелке арақ алып келесіз», – деді. «Бұларыңыз қалай? Арақтан емдейді деп алып келсем, қайта арақ ішкізбексіздер ме?» – дедім таңданып. «Дәл солай, – деді кезекші дәрігер. – Алдымен денесіне дәрі егеміз. Сосын арақ ішкіземіз. Дәрі жүрегін айнытып, ішкен арағын қайта құстырады. Бұл тәсіл бірнеше рет қайталанғанда, науқас арақ көрсе жүрегі айнитын халге жетеді. Біздің емдеу тәсіліміз осындай».

Келесі күні, айтқан уақытында әлгілерге жеті бөтелке арақты жеткіздім. Екі күннен кейін Шәкеңді іздеп барсам, аула ішінде еңгезердей бір жігітпен қыдырып жүр екен.

– Ауруханадағы жалғыз есі дұрыс жігіт осы, – деп ол қасындағы жігітті маған таныстырды.

Сосын бөлмесіне ертіп барды. Жиырма шақты адам бір бөлмеде жатады екен.

– Мен мына темір кереуеттің үстіне емес, астында жатып жүрмін. Себебі, қасымдағы жындылардың бірі сыртқа шыққанда қойнына тас салып кіріп, түнде сонысын бар пәрменімен лақтырады екен, – деді ол.

Ауруханаға жатқанына айға жақын уақыт өткенде, өзі де әбден қажыса керек, «мені қашан шығарып аласыздар» деп анама қайта-қайта телефон соға бастады. Менімен сөйлесуге ұрысып тастай ма деп қаймығады. Дәрігермен ақылдассам, «әлі бір ай жатқаны дұрыс» дейді. Ақыры анама бағынбасқа шарам қалмады. Ол маған былай деді:

– Шәмші бірнеше рет телефон соғып, «арақты енді аузыма алмаймын» деп уәде берді. Сондықтан Жүсіп нағашыңның үйінде сақтап отырған жалғыз қойымызды базарға апарып сатайық. Соның ақшасына Шәмшіге костюм, шалбар, көйлек, аяқкиім, тіпті, ішкиімдеріне дейін алайық та, жындыханадан түгел тазартып, жаңартып шығарайық!

Мен Шәмшінің «арақты қойдым» деп уәде бергеніне сене коймасам да, анамның ақ тілегіне мойынсұнбауыма хақым жоқ еді. Шәкеңді мұнтаздай етіп киіндіріп, жолай мешітке соғып, құран оқыттық. Бала мінезді Шәкең анама деген ризалығын білдіріп, қайта-қайта бетінен сүйе береді. Үйге келдік. Анам ас әзірлеу қамымен жүргенде:

– Ал, Шәке, шыныңызды айтыңыз, енді қанша айға дейін ішпейсіз? – деп едім, ол анам жаққа жалтақ-жалтақ қарап:

– Қайтсем де алты айға шыдаймын, – деді.

Бірақ Шәкеңнің бұл жолғы шыдамы үш айға әзер жетті…

Ол тұста мен «Лениншіл жас» газетінің Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша меншікті тілшісімін. Жұмыс жағдайымен жүріп, кешкілік үйге келсем, Шәмші жоқ. Анам оның «бір жерге барып, көп ұзамай ораламын» деген сөзін жеткізді.

Түнгі сағат 4-тер шамасында, шырт ұйқыда жатқан шағымызда, есік қоңырауы шылдырлады. Ашсам – Шәмші. Үстіне бір әйелдің қызыл пальтосын киіп алыпты. Костюм-шалбары жоқ, ішкиімі ғана бар. Аяғында –кебіс. Дір-дір етеді. Қысқа қадам басқан ызғырықты күз айы болатын. Қайта-қайта жөтеледі.

– Мұхтар, ұрыспашы. Осылай болып қалды. Кешірші мені, – деді де, дірілдеген қалпында, анам салып қойған төсекке еніп, басын бүркеп жатып алды.

Оқиға былай өрбіпті. Шәкең екі бөлмелі үйде тұратын бір таныс келіншегіне қонақ боп барады. Сол кезеңде ол әр 15-20 минут сайын шылым тартпаса, өзін мүлде ыңғайсыз сезінетін. Келіншектің қарт анасының, темекі түтініне ерекше аллергиясы болуы себепті, әрі екі-үш сағат бойына темекі тартпағандықтан, Шәкең бұл «міндетін» сыртқа шығып орындауға бекінеді. Жалаңаш денесіне есік алдында ілулі тұрған келіншектің пальтосын киіп, оның анасының кебісін аяғына сұға салып, баспалдақтан төмен құлдилап, шылымды құмары қанғанынша тартып, жоғары көтеріледі. Бірақ қай қабаттан, қай бөлмеден шыққанына назар аудармаған екен. Үш үйдің қоңырауын шылдырлатады. Бәрі басқа отбасы болып шығады. «Түн жарымында мазалауға қандай құқың бар» деп бір еңгезердей еркек Шәкеңнің тұмсығын тегістеп жіберуге ұмтылғанда, бұл одан қашып құтылыпты. Мәшине ұстауға қалтасында көк тиын болмағандықтан үйге қарай жаяу тартады. Міне, Шәкеңнің қызыл пальто киюінің құпиясы.

Шәмші өмірінде мұндай қызықтар сан алуан. Бірақ мен енді солардың біреуіне ғана тоқталғанды жөн санадым.

Шәмші екеуміздің, алдымен Түркістан қаласында, сонан кейін Кентау қаласында бірлескен шығармашылық кешіміз өтті. Әсіресе,Кентаудағы түніміз өзінің ерекше жантүршігерлік сипатымен есте қалды. Жиынды ұйымдастырып жүрген жігіт: «Кентау қаласында екеуіңізге де дара құрметпен қарайтын бір азамат кездесті. Кешеден бері қайта-қайта өтініш жасай берген соң, бүгін кешкілік, кездесуден кейін, соның үйіне қонаққа баруға, сіздердің аттарыңыздан келісім беріп қойдым» деді. Шәмші де, мен де қарсылық білдірмедік. Шығармашылық кештен соң, жігіт бізді үйіне алып кетті. Бірнеше бөлмелі, үлкен жер үйі бар екен. Әйелінің де, өзінің де аузын ашса жүрегі көрінетіндей ақжарқын, ақкөңіл жан екені сезіліп тұрды. Екеуі қосылып «Ақ бантик», «Құшақ жайған қандай адам» әндерін шырқап еді, дауыстары да көңілден шықты. Дастархан басындағы, жиырмадан астам адам бас қосқан жиынды дене бітімі мол пішілген бір жігіт жүргізіп отырды. Үй егесі оны өзінің бала кезгі жақын досы екенін, бірақ бір үлкен әділетсіздікке бет бұрған адамға, аңдаусызда соққан пышағынан, әлгі қылмыскер қаза болғандықтан, он жеті жыл түрмеде отырып, жақында ғана босанып шыққанын әңгімеледі. Бірақ жігіттің пайымды, парасатты жан екендігі сөйлеген сөзінен аңғарылып түрды. Алдымен Кентау қаласының беделді, сыйлы адамдары сөйледі. Олардың әрқайсысы Шәмші әндерінің ерекше құбылыс екеніне тоқталып, сазгерге ұзақ ғұмыр тіледі. Ықылас пен ізгілік жалынына оранған мадақ сөздерден мені де тыс қалдырмады. Сол кезгі қалыптасқан дәстүр бойынша әрбір адамның сөзі қомақты рюмкаға кұйылған арақ-шараппен жалғасып жатты. Шәмшінің қасында отырған бір жас келіншек құйқылжыта ән шырқағанда, Шәмші оның бетінен сүйді. Кейінірек, олардың бір-бірімен қол қысысып отырғанын да аңғардым.

Түнгі сағат 12-лер шамасында, ішкілік қуаты жеңе бастаған Шәмшінің сөз құрамы едәуір өзгеріске түсті. Ортадағы жалғыз ішпей отырған адам болғандықтан асабаны шақырып, өзімнің демалатынымды, ал Шәмші тағы үш-төрт рюмке ішсе өздерін ыңғайсыз жағдайға қалдыратынын құлағына сыбырлап жеткіздім. Өйткені, жиын-тойлардың көпшілігінде Шәмшінің қасында жүретіндіктен, оның дауыс ыңғайына қарап, қаншалықты деңгейде мастық жеңгенін дөп басып, дәл айта алатынмын.

Көрші бөлмеге еніп, салынған мамық төсек үстінде қалғып кеткенім сол екен, біреу жұлқылап оятты. Көзімді ашып жіберсем, жиынды жүргізіп отырған асаба жігіт екен. Қанға малынған қолына үлкен пышақ ұстап алыпты.

– Мұхтар, анауыңды қазір өлтіремін. Өзіңді ерекше таза адам деп есептегендіктен ғана алдыңа келіп тұрмын, – деді ол қолы дір-дір етіп. – Бәріміз ұйқыға жатқанда, анау маскүнемің өздеріңді қонақ етіп отырған, менің досымның әйелінің қойнына кіріпті. Әйел шошына айқайлаған соң жетіп бардым да, досыңның тұмсығын тегістеп жібердім. Сөздің ашығы, енді оныңды тірі жібермеймін.

– Кешіріңіз аға, – дедім әлгіге жалбарынып. – Ашуды бір сәт ақылға жеңдірелік. Өзіңіз он жеті жыл отырып келіпсіз. Тағы сонша жыл түрме есігінен сығалағыңыз келе ме? Меніңше, мұнда бір түсінбестік бар. Бағана Шәмші қасындағы тамаша дауысты әнші қызбен екеуі қол ұстасып отыр еді. Байқауымша, ол сіздің досыңыздың әйелін сол әнші қызбен шатастырып алған сияқты.

Байыпты қалыппен жігіттің пышағын алдым да, көрпенің астына сүңгітіп жібердім. Сосын екеуміз Шәмшіге барсақ, оның ештеңеден хабары жоқ, мұрнынан аққан қанға боялған қалпы терең ұйқыға кетіпті.

– Шәмшінің бұл әбестігі үшін ертең, міндетті түрде өздеріңізден кешірім сұратамын, – деп әлгі жігіттің өрікпіген мінезін бастым.

Оқиға, шынында да, мен ойлағандай болыпты. Ертесіне Шәмші үй егесінен және оның жұбайынан, көзіне жас ірке отырып, кешірім сұрады. Түпкі негізін Сахалиннен алған ішкілік толқыны, қазақ жерінде өзінің дара жаңғырығын, Шәмші арқылы осылай көрсетіп еді.

«Арыс жағасында» атты әніміздің «төменнен санағанда» бірінші орынды «жеңіп» алуы және бір кемпірдің «осы әнді Шәмші мен Мұхтар маған арнаған» деп мақтануы.

Кезінде Шәмшіге қарсы адамдардың бірлесіп қимылдауының нәтижесінде, қазақ радиосының көркемдік кеңесі, екеуміз жазған «Арыс жағасында» атты әнді қабылдамай қойған еді. Бұл туралы осы әнді Ескендір Хасанғалиевпен бірге тұңғыш рет орындаған Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов 2013 жылы Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Аңыз адам» журналында былай деп сұхбат беріпті:

«Пендешіліктің, көре алмаушылықтың зардабын Шәкең көп тартты. «Арыс жағасында» туралы сол кезде де аз айтылып, аз жазылған жоқ. Бүгінде жиі айтылатын әндердің бірі ғой. Сол мықты әнді көркемдік кеңесте аты дардай композиторларымыз жаратпай, ұнатпай, «браковатъ» етіп тастаған. Ескендір екеуміз ол кезде Қазақ радиосында жұмыс істеп жүргенбіз. Ол жерде әрбір жаңа шығарманы эфирге жібермес бұрын әнші-иллюстратор радионың көркемдік кеңесіне орындап беруі тиіс болатын. «Арыс жағасында» сол кеңестің «сынынан» өтпей қалды. Іштей жақсы ән екенін біліп тұрмыз… Басшылар шай ішуге кеткенде, дыбыс режиссерін шақырдық та, есікті жауып алып, әнді радиоға жазуға сұрандық. Көркемдік кеңестен өтпеген, бастықтар рұқсат бермеген әндерді студияға жазуға рұхсат жоқ… Ескендір екеуміз әнді жазып болып қарасақ, біраз жұрт жиналып қалыпты. «Бұл неғылған ән?» деп қызықтап келген радионың қызметкерлері екен. Бәрі де айрандай ұйып тыңдап қалыпты. Екеуміз ыңғайсызданып та тұрмыз. Тәртіпті бұзып, өтпеген әнді жазғанымыз үшін жұмыстан шығып қалуымыз да әбден мүмкін еді. Дыбыс режиссеріне де зиянымыз тиіп кетуі ықтимал еді. Сөйтіп, не керек, әнді жаздырдық. Әріптестеріміз мақтап жатыр. Ал Ескендір екеуміз «дымымыз ішімізде болсын, ешкімге ештеңе демейік» деп өзара бәтуаластық. Сөйтіп ақырын ғана әнді фонотекаға өткізіп қойдық. Жиырма күннен кейін-ақ редакциядағылардың бірі әнді эфирге беріп жіберіпті. «Не болар екен?» деп ішімізден тынып жүрміз. «Әндерің мықты екен» — деп кейбіреулер құттықтап жатыр. Ақырында, елдің түкпір-түкпірінен жақсы мазмұндағы хаттар легі жиі ағылып келгендіктен, Ескендір екеуміз аман қалдық. «Арыс жағасында» бүкіл халықтың қолдауымен, көркемдік кеңестен өтпесе де, өмірге осылай жолдама алып еді».

Бір күні Шәмші Қалдаяқов маған: «Республикалық әндер конкурсы жарияланыпты. Соған «Арыс жағасындағыны» салып көрсек қайтеді? Бірақ қазылар алқасының төрағасы менің Композиторлар одағының мүшелігіне өтуіме көп жылдан бері кедергі жасап келе жатқан ағамыз екен. Сосын, қазылар алқасында сені де суқаны сүймейтін, аталмыш әннің радиода қабылдануына қарсы болған бір ақын ағаң бар сияқты. Дегенмен, бағымызды сынап көрелік. Осы жолы құласақ, кейін конкурс деген пәленің маңынан жүрмейтін боламыз», – деді.

Мен алғашында қарсылық білдірдім. Бірақ Шәкеңнің ұсынысы орынды болғандықтан, келісуге тура келді. Шарт бойынша ән мен сөз авторлары конкурсқа ұсынылған шығарманы алты дана етіп көшіріп, әрқайсысына қол қоюымыз керек екен. Айтқан талаптарын толық орындап, әнді конкурсқа аттандырдық.

Конкурста бірнеше жүлде белгіленіпті. Бірінші орын – біреу, екінші орын – екеу, үшінші орын – үшеу. Бұған қоса алты ынталандыру сыйлығы бар екен. Шәкең оны «Алла разы болсын сыйлығы» деп атады.

Екі-үш айдан кейін республикамыздың бір беделді газетінде конкурс қорытындысы жарияланыпты. Бірінші орынды қазылар алқасы төрағасының әні алыпты. Екінші орынды да екі «мықты» иеленіпті. Тіпті, үшінші орын үшеу болса да, бізге тұмсығын шүйіріпті. Бізге ынталандыру, яғни Шәкең айтқан «Алла разы болсын» сыйлығы ғана бұйырыпты. Сол алты ынталандыру сыйлығының ең соңына ғана «Арыс жағасында» әні тіркеліпті.

– Осы конкурсқа қатыспай-ақ қояйық деп ем, көнбедіңіз. Енді не болды? Беделіміз бес тиын сияқты сайға домалады ғой, – деп едім, Шәкең:
– Мұхтар, неге ренжисің? Біз бәрібір төменнен санағанда бірінші орын алдық қой, – деп жымиды.

Бірақ, «барлық іске – уақыт төреші» деген рас екен. Сол конкурста бірінші, екінші, үшінші, тіпті, бізбен бірге ынталандыру сыйлығын алған әндердің де ешбірін қазір халық білмейді. Олардың аты да ұмытылып қалды. Тек «Арыс жағасында» әні жарты ғасырға жуық уақыттан бері, жылдан-жылға ауысып, қазақтардың ғана емес, басқа ұлт әншілерінің де аузынан түспей келеді. Жуырда ғана «Хабар» арнасынан бір африкалық қара нәсілді жігіттің осы әнді нақышына келтіре, қазақ тілінде орындағанын көріп, сүйсіндім. Бұл Шәмші әуендерінің өміршеңдігін әйгілесе керек.

Енді бір мәселеге тоқтала кеткеннің артықтығы болмас. Оңтүстік өлкесінен «Арыс жағасында» атты ән маған арналған дейтін үш-төрт әйел табылды. Халықпен болған кездесулерде де «Сіз осы әннің өлеңін пәлен деген әйелге арнаған жоқ па едіңіз?» деген сұрақтар да түсті. Тіпті, жасы Шәмшіден де үлкен бір кемпір орталық телеарнадан «Арыс жағасында» атты әнді Шәмші мен Мұхтар маған арнап жазған» деп соғып тұр. Сөйтсек, көп жыл бұрын Ордабасы ауданында, Арыс өзенінің жиегінде «Арыс жағасында» атты, 30-40 мың адам жиналған үлкен фестиваль өткен. Фестивальге Шәмші екеумізді қонақ ретінде шақырған еді. Мерекені ұйымдастырушылар «Арыс жағасында» атты әнімізді екі парақ етіп, әлденеше мың данамен бастырып, жиналған жұртқа таратыпты. Әлгі әйел Шәмші екеумізден қолтаңба сұрағанда, біз: «Пәленше аруға, құрметпен» деп қол қойған екенбіз. Міне, мәселе қайда жатыр.

Осындай сөздерге денемнің үйреніп кеткені соншалық, кейінгі жылдары сан қилы өсек әңгімелерге де селк етпейтін мінез қалыптастырдым.

Шәмшінің Әбілахат Еспаевқа зор құрметпен қарауы, «Жұбайлар жырының» тууы және «Ана туралы жырдың» татар еліндегі беделі.

Шығармашыл адамдардың едәуір бөлігінде кездесетін, біреудің жетістігіне қызғанышпен қарау – Шәкеңде атымен болмайтын.

Бірде мен оған:

– Әндерінің әуезділігі жағынан Әбілахат Еспаев сізден бір мысқал да қалыспайды. Басты кемшілігі, ән сөздерін өзімен арақты бірге ішіп жүрген орташа, тіпті орташадан да төмен деңгейлі ақындарға жаздыруында, – дедім.

– Өте дұрыс айтасың! Әбілахат аға менен әлдеқайда талантты адам. Оны ерекше қадірлейтінім де сондықтан, – деді ол өзгеше ризалық сезіммен.

Бәлкім, Шәкеңнің Әбілахат талантын өзінен жоғары қоюы кішіпейілділігі болар. Әйтсе де, ол өзгенің жақсысын жарқырата көрсету жағынан қашанда биікте тұратын.

Жетпісінші жылдардың бірінші жартысында, Қазақ радиосында жұмыс істеген шағымда маған Әбілахат Еспаев жиі келіп жүрді. Әбекең қазақтың дара тұлғалы сазгері ғана емес, әзіл сөздің де ерекше алғыры еді. Қысқаша ғана екі-үш мысал келтірейін. Бірде екеуміз автобусқа міндік. Әдетте автобуста адамдар бір бағытқа, алға қарап отырады да, тек бірінші қатардағы ұзынша орындық қана керісінше, жұртқа қарама-қарсы орналастырылған ғой. Біз мінген автобустың тек алдыңғы қатары ғана бос екен. Солай қарай беттеген Әбілахат аға: «Мұхтар, жүр, Президиумға барып отыралық», – деді. Тағы бірде бұрынғы «Мир», қазіргі «Желтоқсан» көшесін қиып өтіп бара жатқанбыз. Қасымыздағы Шәмші Қалдаяқовқа бір танысы кездесіп, жол шетінде кідіріп қалды. Ал Әбекең тіпті асығар емес. Алдан құйғытып келе жатқан бір мәшине көрінді.

– Әбеке, жылдам қозғалалық, ана мәшине басып кетуі мүмкін, – дегенімде ол:

– Бізді басқан күнде де ол мәшиненің жолы бола қоймас. Арқамызда келе жатқан Шәмші оның нөмірін жазып алып қалады ғой, – деп жымиды.

Әбілахат Еспаев хақында Шәмші Қалдаяқов айтқан бір әфсана есімнен кетпейді:

Кілең сазгерлер мен ақындар қаладағы Ленин ескерткіші маңында бас қосыпты. «Енді қайда барамыз?» деген сұрақ көлденең тартылса керек. Сонда Әбілахат Еспаев:

– Бас қатыратын не бар? Бізге қайда бару керектігін Ленин атамыздың өзі көрсетіп тұрған жоқ па? – дейді. Ал Ленин қолымен нұсқап тұрған жақта үлкен мейрамхана (ресторан) үйі орналасқан екен.

Міне, сол Әбілахат аға бірде маған:

– Мұхтар, екеуміз әлі күнге дейін бірлесіп бір ән жазбаған екенбіз-ау, – деді.

Іле-шала сол олқылықтың орнын толтыруға кірістік. Жиын-тойларда жаңа шаңырақ құрғандар және жастар қауымы айтып жүрсін деп, жас жұбайлар жайлы ән жазуға пәтуаластық. Мен Әбекеңе, ертеңге дейін болашақ әннің сөзін бітіріп әкелуге уәде бердім. Кешкілік, өлең жазуға отырғанымда ойламаған жерден, бас-аяғы он бес-жиырма минуттың ішінде әні де бірге шығып кетті…

Ертесіне уәделескен уақытта Әбілахат аға келді. Мен нақ бір ұрлық жасаған адамдай, ыңғайсыздана отырып, болған жағдайды тәптіштей түсіндірдім. Төменнен санағанда бірінші орын алатын гүжілдеген даусыммен әнді орындап та бердім. Әбекең мұқият тыңдады да:

– Сөзі мен әні қабысқан тамаша туынды болыпты. Әнін мен жазған күннің өзінде де нақ осы деңгейде сәтті шыға қоюы неғайбыл еді. Құттықтаймын! – деп бетімнен сүйді.

Әрине, мұнысы кішіпейілділігі. Әйтпесе Әбілахат Еспаев жазған әндер күні бүгінге дейін өз бағасын толық алмаған, қазақ ән өнеріндегі санаулы алтын діңгектердің бірі. Бірақ бірлесіп ән тудыруды тағдыр біздің маңдайымызға жазбаған екен. Бірнеше жыл өткен соң Еспаев, Қалдаяқов үшеуміз ойда-жоқта тоқайласып қалдық. Мен осы кездесудің алдында ғана Татарстанда өткен бір әдеби жиынға барып келген едім. Сол жақта өзім куә болған ерекше қуанышты жағдайды, Қазақстан теледидарында өткен бір хабарда, Татарстанда Шәмші Қалдаяқовтың, Ғафу Қайырбековтің сөзіне жазылған «Ана туралы жыр» атты әнін білмейтін татарды табудың қиындығы жайлы құлшына әңгімелеген едім.

– Теледидардағы сөзіңді есіттім. Татар ағайындардың Шәмші әнін әнұран деңгейінде айтуы бүкіл қазаққа абырой емес пе? Мұны қалай жуусыз қалдырамыз, – деп Әбілахат аға Шәмшіге қарады.

– Жууға қарсы адамның бірі арамызда тұрғандықтан, бұл мәселені екеуара шешкеніміз жөн шығар, – деді Шәкең.

– Шәмші, сен сол жууға қарсы адамның «Жұбайлар жыры» атты әнін тыңдадың ба? – деді Әбілахат аға қулана.

– Жуырда бір үлкен жиында Ғабит Мүсірепов «Жұбайлар жырын» қазіргі қазақ әндерінің классикасы» деп атап, сенің «Ана туралы жырыңның» сөзін жазған атақты ақын Ғафу Қайырбековке және оның жұбайы Бәдешке айтқызып еді, жұрт орындарынан тұрып қол соқты.

– «Егер Мұхтар аға әдебиетті қойып, тек ән шығарумен айналысса, екеумізді де жарты жолда қалдыруы әбден мүмкін» деп өзіңізге айтқаным бар еді ғой. Бірақ әндерді жуу мәселесін ұйымдастырмағандықтан, әзірге жолы онша болмай келе жатқан сияқты, Әбілахат, – деп әзілдеді Шәмші.

Кейіннен пайымдап қарасам, бұл менің Әбілахат Еспаевпен ең соңғы рет жолығысуым екен.

(Материал автордың «Шәмшінің ғұмырлық геометриясы» жинағынан алынды)

Қазақ үні


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика