Шәкәрім қажы мен тергеуші Өміртай. (Болат БОДАУБАЙ)

15 Мамыр 2018

Бұл оқиға 1929 жылы болған еді. Ол кезде Өміртай Шыңғыстауда тергеуші болып қызмет атқаратын. Сол уақытта ел ішінде банды пайда болыпты деген қауесет тарап, соларды ұстауға Семейден бес қаруы сақадай сай, отыз адамнан тұратын арнайы жасақ келіп жатқан. Отрядты бас­тап келген ОГПУ-дің күншығыс бөлімінің бастығы Борисов деген тәжірибелі әскери қызметкер еді. Сол отрядтың кісілері мен ел ішіндегі белсенділер «бандиттермен байланысы болуға тиіс» деген долбармен көп адамдарды шетінен топырлатып ұстап әкеліп, қамай бастағанда, күмәнді кісілерден жауап алу ісіне прокуратурадан рұқсат ала келіп, Өміртайды да жеккен еді. Күдіктілерді тергейтін Өміртайдың кеңсесі – бір ауқатты момын шаруадан уақытша пайдалануға сұрап алған киіз үй-тін. Үстел, орындық жоқ болғандықтан, сандықтардың үстіне көрпе жауып, соны пайдаланатын… Бір күні кешкісін ГПУ-дің екі солдаты ұзын бойлы, сұлу мүсінді, ақ құба өңді, сақалы кеудесін жапқан қарияны алдарына салып айдап әкелді. Өміртай ол кісінің келісті кескін-кейпіне, парасаты мол ойлы жанарына, нұрлы жүзіне назар салып қараған бойда-ақ тегін адам емес екенін бірден ұққан-ды. Тергеушімін деп кергімей, отырған орнынан атып тұрып, жасы кіші адамға лайық әдеппен:
– Ассалаумағалайкүм, ақсақал, – деп алдымен өзі сәлем берген. Бейтаныс қария:
– Әликүмсалам, – деп қысқа ғана жауап қатты да, басқа ешқандай сөз айтпай, әліптің артын баққандай болып, томсырайған қалпында тұрып қалды. Мұның:
–Таныс болайық. Мен осындағы тергеушімін. Аты-жөнім – Мұстаұлы Өміртай. Өзіңіз кім боласыз, ақсақал? – деген сұрағына:
– Құдайбердіұлы Шәкәріммін, – деді қария. Өміртай да ішінен дәл сол кісі болар-ау деп жобалап, болжап тұрған еді. Осыдан бірер күн бұрын ГПУ-дің адамдары мен ел іші белсенділерінің: «Бандылардың әйгілі Шәкәрім қажымен байланысы бар деседі. Сол сөздің рас болуы мүмкін. Әйтпесе, жасы жетпістен асқан адам кісікиік сияқтанып, елсіз тауда жалғыз жата ма?» – деген сөздерін құлағы шалған. Кеше ГПУ-дің бір қызметкері: «Шәкәрімді алып келуге адам жіберіп едік, таудағы үйінен таба алмай қайтты», – деп сөз арасында тағы бір хабардың ұштығын шығарған. Өміртайдың өзі де Шәкәрім қажының атына бала жасынан қанық еді. Оның шығарған өлең-дастандарының қайсыбірін оқығаны да бар-тұғын. Арқадағы атақты Құнанбай әулетінен шыққан, бала жасынан бастап-ақ Абайдың өзінен тікелей тәлім-тәрбие, дәріс алған Шәкәрім ақынды бүкіл ел-жұрт жақсы білетін-ді. Абайдың жазғандары сияқты Шәкәрімнің де шығарған өлеңдері мен дастандары ел ішіне кең тараған-ды. Сыртынан атағын көп естіп, «өзін де бір көрер ме еді, шіркін» деп ойлаған сұңғыла қария мынадай мезгілсіз апақ-сапақта қарулары шошайған екі сарбаздың айдауына түсіп, қолайсыз жағдайда алдына келіп қалғанынан Өміртайдың өзі қысылып, ыңғайсызданғандай күй кешті. Киіз үйдің ішіндегі үстінде жетілік шам жанып тұрған, бетінің тақтайы теп-тегіс үлкен сандық үстелдің орнына жүретін де, соның екі жағына бір-біріне қарсы қойылған кішірек екі сандық орындықтардың қызметін атқаратын. Төр жақтағы беті қаңылтыр әшекеймен өрнектелген шағындау сандық-орындықтың үстіне әдемі қызыл көрпеше төрт бүктеліп төселген еді де, есік жақтағы аласалау екінші сандықша үстіне ескілеу құрақ көрпеше тастала салған-ды. Әдетте Өміртай өзі төрге отырып, жауап беретін адамды қарсысындағы кішілеу сандықтың үстіне отырғызатын. Үстел-сандық үстінде протокол жазуға арналған қағаз бен қалам жататын. Өздері айдап әкелген адамнан тергеуші жауап алып жатқанда, екі сарбаз киіз үйдің есігінің екі босағасында күзетшілердің міндетін атқарып, қақшиып тұратын. ГПУ басшылары орнатып қойған осы тәртіп өзіне оншалықты ұнамаса да, Өміртай: «Е, мейлі», деп, қарсылық білдірмей, көне салған. Бірте-бірте осы жай күнделікті дағдылы нәрсеге айналып, еті өліп, үйреніп кеткен еді. Шәкәрімді айдап әкелген екі сарбаздың едірейген мұрты бар, жасамыстау жирен сарысы:
– Чего встал? Проходи, старик, – деп келе жатыр еді, Өміртай оған жалт қарап, қолын көтеріп, «тыйыл» дегендей белгі қылды. Содан соң қарияға:
– Төрлетіңіз, ақсақал, – деп қошемет құрмет көрсетіп, әдеттегі өзінің отыратын орнына, жоға­ры шығуын өтінді. Бірақ сұңғыла қария басқа бас­тықтардай әкіреңдеген мінезі жоқ, мына инабатты қазақ жігітінің өзінен ыңғайсызданып, ұялыңқырап тұрған халін, жасамыстау сарбаздың дөрекілеу сөзіне кіржің ете қалғанын түгел байқап, мұндағы бар жағдайды қапысыз ұғып тұр екен. Төрге өтпестен, төменіректегі аласа сандыққа отырды да:
– Рахмет, қарағым. Үйреншікті орныңа отырып, қоятын сұрақтарыңды қоя бер. Жауап беруге мен дайын, – деп үй ішіндегі бір сәттік қолайсыз халден Өміртайды өзі құтқарып, сөзімен демеп жіберді.
Өздері тау арасынан екі күн қатарынан барып жүріп ұстап әкелген, жүріс-тұрысы түсініксіз, жұмбақ, кесек тұлғалы, күдікті, тағы шалды көр­генде, тергеушінің әдеттегіден тыс мінез танытып, неге сонша абыржып, әбігерге түскеніне екі сарбаз түсінбей, таңғалысып, бір-біріне қарасқан еді. Өміртай олардың әдеттегідей есік көзінде қақшиып тұруын да қалаған жоқ.
– Әзірге боссыздар. Далаға барып, шылым тартып жүре тұрыңдар. Керек кезінде шақы­рамын, – деп екеуін сыртқа шығарып, қоя берді.
– Ал, ақсақал, айып етпеңіз, қызмет бабы осылай, – деді Өміртай осыдан кейін сөз бас­тап. – Қазір ел іші тыныш емес. Банды деген бәле шығып, соны ұстауға арнайы жасақ келіп жатқанын естіген боларсыз. Сондықтан қазір әйтеуір, осы кісі бір нәрсе біледі-ау дегендердің барлығын осында әкеліп, тексеріс жасап, сұрау салып жатқан жай бар. Шамасы, сол ретпен сізді де бір нәрсе біле ме деп алдырған ғой.
– Жағдайды түсіндірсе сол жерде-ақ білетін, білмейтінімізді айтар едік қой. Бандыны іздеген адам жұрттың бәрін дүрліктіріп, аудан орталығына әкеліп, топырлатып қамамай, тау-тасты кезіп, із шалып, қашып жүрген жерлерінен қуалап неге ұстамайды, – деді қария.
– Ол уәжіңіз дұрыс, – деді Өміртай. – Бірақ жасақ ең болмаса бандының қайда жатқанын шамалап болса да білмей тұрып, беталды қайда барады?
– Менен де білгілерің келгені сол болса, айтатұғын түгім жоқ. Бандыдан да, ел ішінің өзге әңгімелерінен де хабарсызбын. Қартайғанда ауыл үйдің дау-дамай, тартыс-таласынан бойымды әдейі аулақ салып, ешкімге зиян-залалымды тигізбей, тау ішінде шығарма жазып, тыныш жатқан жайым бар, – деді қария.
– Ауыл белсенділерінің ішінде сіздің сол елден жырақ жалғыз жүргеніңізді әртүрлі саққа жүгіртіп, өсекке таңып, күмән келтіретіндер де бар көрінеді.
Қарияның қабағы түйіліп, жүзінен реніш пен шаршағандықтың, қажығандықтың белгісі аңғарылды.
– Кімнің аузына қақпақ болып, кімді түзегендей жайым бар менің, – деді сонан соң таусыла сөйлеп. – Осы елдің ішінде ешкімнің ала жібін аттамай, тып-тыныш жүрген адамның өзіне де сыртынан соқтығып, жала жауып, ғайбаттамаса ішкен асы бойына тарамайтындардың болғаны ғой.
– Сізді сыртыңыздан Меккеге барған қажы дейді. Кеңеске қарсы үгіт-насихат жүргізіп, дінді уағыздайды деп жамандайды.
– Меккеге барғаным рас. Жалғыз Меккеге емес, Стамболға да барғанмын. Ондағы мақсатым қажы атану емес, халқымыздың тарихына байланысты ескілікті шежірелер жазылған кітаптар іздеп, соларға үңілу болатын. Ал енді менің көпшілікке қандай үгіт-насихат айтатынымды осы уақытқа дейінгі жазған өлең-жырларымнан, шығармаларымнан өзіңіз-ақ оқып-білуіңізге, көзіңізді жеткізуіңізге болады.
– Сіз Құранды қазақшаға аударып жүр деп естіп едік. Бітіре алдыңыз ба? Дінді уағыздамаса, құранды қазақшаға аударып несі бар деп кінәлаушылар да жоқ емес сыртыңыздан.
– Олар түсінбей айтады, – деді Шәкәрім. – Құран жалғыз дін кітабы емес. Бүкіл шығыс халықтарының тарихы мен мәдениеті үшін маңызы өлшеусіз шығарма. Ол дүние жүзі елдерінің көп тіліне баяғыда аударылған. Мұсылман дініне ешқандай қатысы жоқ, христиан дініндегі Русияның, өзге де халықтардың тіліне тіпті бір емес, бірнеше аударылған мысалдары бар. Сондықтан мен де Құранды шамам келгенше қазақша сөйлетпек болғаным рас. Көп уақыт, еңбек жұмсап, біраз жерін аударып та қойған едім. Ана жылы Қытайға қашқан ақтың бандысы ауылымның үстінен өткенде, зорлық жасап көп қағазымды аударып-төңкерген. Жазған біраз шығармаларымды алып кетті. Сөйтіп, ол еңбегімнен көз жазып қалдым, – деп күрсінді.
– Үкімет қағаз беріп, жағдай жасаса Құранды қазақ тіліне аударар ма едіңіз?
– Шашты қырау басты. Бастан ақыл қашты. Жас жетпістен асты, – деді Шәкәрім тұнжырап. – Ендігі қалған аз ғұмырымда қазақтың мәдениетті ел болуын тілеп, оңашада ой қорытудан, көңілдегі біраз нәрсені қағазға түсіруден басқа қолымнан еш нәрсе келе қоймас.
– Ендеше, осыған байланысты тағы бір сұрақ қойғым келіп отыр. Соңғы кезде не жазып жүргеніңізді айтпайсыз ба?
– «Айсұлудың ақ тасы» деген дастан жазып жатырмын, – деді Шәкәрім еңсесін көтеріп тіктеліп отырып, ажарлана сөйлеп.
– Ол шығармаңыздың мазмұны не жайында? – деген Өміртайдың сұрағына қария сонда Кіші жүздің ішіндегі тоқал арғын руының тарихын бастан-аяқ, егжей-тегжейлі толық баяндап берген-тұғын. Шәкәрімнің айтқан әңгімесіне қызыққан Өміртай ол дастанды оқып шығуға бола ма деп сұраған. Сөйтіп, Шәкеңнің өзінің рұқсатымен әлі аяғына дейін жазылып бітпеген Айсұлу мен Нартайлақ жөніндегі дас­танды жай ғана оқып қоймай, түгел көшіріп жазып алған-ды. Сонымен бірге ақынның өмір, өнер туралы, жақсылық пен жамандық, махаббат, ар тазалығы, адалдық жөніндегі бірқатар өлеңдерін, Шығыс ақындарының ізімен өзінше жырлаған «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын да оқып шығып, кей жерлерін дәптеріне түсіріп алған. Солардың ішінде жапан түзде жалғыз жатып өлең жазатын қарияның өз жағдайын шыншылдықпен баяндайтын: «Еш адамды жолатпай қасыма да, От пен су, өзім жүрем асыма да. Елсізде жалғыз жатып жазу жазам, Қарамай тақап қалған жасыма да», – деген шумақ бар болатын. Шәкәрімнің гауһардай жайнаған, мөлдіреген сұлу поэзиясы Өміртайды еріксіз баурап, сиқырлап, табындырып, тәнті еткен. Қарияның өзі айтқандай, бүкіл ішкі жан сарайы, нені көксеп, нені армандайтыны, халқына кандай өсиет, тілек айтатыны өлең-жырларынан ап-айқын көрініп тұрған-ды. Сонымен бірге Өміртай айдалада, елден-жұрттан жырақтап жалғыз жатса да бәрібір ағайын-жұрттың, кеңес үкіметінің арасында белсенді болып атқа мініп жүрген кейбір көкірегі топас жандардың жапқан жаласы мен гу-гу өсегінен құтыла алмаған ары таза ақ жүректі қарияның жан күйзелістерін де барынша айқын сезінгендей болған еді. Оның: «Адамдық борыш ар үшін, Барша адамзат қамы үшін. Серт бергем еңбек етем деп, Алдағы атар таң үшін», – деп өз өмірінің мақсатын әйгілеген немесе: «Іздеген ғашық болып бес нәрсем бар, Берейін атын атап ұқсаңыздар: Махаббат, ғаделет пен таза жүрек, Бостандық, терең ғылым, – міне, осылар», – деп өз жүрегінің бар сырын, имандай шынын жарқырата жайып салған өлеңдері Өміртайдың да көкірегінде тасқа басқандай жатталып қалған-ды. Сол кезде Мәскеуде Сталиннің өзі бастап, Қазақстанда қаһарынан қар жауып, бет қаратпай тұрған Голощекин қостап, тап жаулары дегенді аямастан түп-тамырымен жою керек, оларға ешқандай жанашырлық пен рақымшылық болмасын деген ұранның гулеп тұрған шағы-тын. Мінеки, осы тұста Шәкәрімге тағылып жүрген ауыр айыптың және бірі – оның шыққан тегінің жалаңаяқ кедей емес, ірі, шонжар, бай тұқымы болғандығы еді. Сондықтан да болар, «Шәкәрімді аудан орталығына ұстап әкеліп, қамапты», дегенді естігенде, аудандағы беделді, басшы қызметте жүрген пысықай қазақ жігіттері – аудандық партия комитетінің хатшысы мен аудандық атқару комитетінің төрағасы Өміртайға: «Сол кісіні бізге ретін тауып, сыртынан болса да көрсетіңізші», – дегені болмаса, «қамаудан тезірек босатайық» немесе «сол кісімен әңгімелесіп бірге отырайық» деген сияқты ниет пиғылдың ұшқынын да аңғартқан жоқ. «Қамауға, тергеуге алса – ГПУ-дің жұмысы, біздің онда не шаруамыз бар. Бәле-жаласы өзімізге жұғып кетпесе болғаны», деген сияқты ішкі есептері айтпаса да белгілі болып тұрған еді. Бандыларды ұстауға тікелей басшылық жасауға жіберілген ОГПУ-дің үлкен өкілі Борисовпен Шәкәрім жайында Өміртай бірнеше мәрте өзі сөйлескен.
– Бұл кісінің айып-кінәсі жоқ екен, қоя берейік, – деп алғашқы күні-ақ айтқан ұсынысын Борисов «мұныңыз ешқандай негізсіз асығыс байлам» деп тыңдағысы да келмеген еді.
– «Шыққан тегі – жуан тап. Айдалада жұрттан бөлініп жалғыз жатады. Сондықтан бандиттермен байланысы болуы мүмкін» деген сияқты біреулердің сырттан тон пішіп айта салған долбары болмаса, мойнына қоятын басқа ешқандай дәлеліміз жоқ, – деген Өміртай. Борисов сонда мұның бетіне жалт қарап:
– Сіз бен біздің қазіргі басты міндетіміз – кішкентай болса да күдік туғызатын адамдардың барлығын ақтап жіберуге асықпай қоя тұрып, мұқият тексеруден өткізу. Онсыз қырдағы қашып жүрген бандиттерді ұстай алмайтынымыз былай тұрсын, көз алдымызда, иегіміздің астында жаулық жасап жүрген адамдарды да аңғармай қалуымыз әбден мүмкін. Ал енді мына өзіңіз кінәсі жоқ деп отырған Шәкәрімге келетін болсақ, бір кезде оның Алашорда сотының төрағасы болғанының өзі де қазіргідей тап жауларымен күрес шиеленісіп тұрған кезде біраз күн қамау мен тергеуде ұстамақ түгілі соттатып жіберуге де жетерлік, – деген еді.
Өміртай бұл пікірмен келіспейтінін білдіріп:
– Оның бәрі көп жыл бұрынғы, өткендегі іс, әрі… – деп майдалап сөз бастап келе жатыр еді, Борисов алақанын көтеріп, «тоқтай тұр» дегендей ишарат қылып, сөз желісін қайтадан өзі жалғап әкеткен. – Келісемін, баяғыдағы іс. Алашордашылардың өткендегі қателіктеріне өкімет пен партия да кешірім еткен. Алайда, мұның өзі арқаны тым кеңге салып, оларды бақылаудан мүлде тыс қалдыру қажет деген сөз емес қой. Сондықтан, сізге берер кеңесім: қамауда отырған адамдардың ішінен Шәкәрімді білетіндері бар болса асықпай сөйлесіп, сыр тартып көріңіз. Қазақтар, әлгі, қалай деуші еді… «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демейтін бе еді? Ал біздің орыстар: «қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» дейтін. Иә… Сондықтан тексеріңіз. Асықпай, дұрыстап тексеріңіз, – деп кесіп айтып, бұл жөніндегі әңгімені енді одан әрі жалғастыруды қажет деп санамайтынын аңғартқан.
Осыдан соң Өміртай Шәкәрімнің қолжазбаларын алдырып, оқып шығып, қамауда отырған Шәкәрімді таниды-ау деген адамдардың біразымен сөйлесіп, ақынның кінәсіздігіне, ар тазалығына, жан тазалығына сенімі одан әрі бекіген соң, айтатын сөздерін алдын ала жүйелеп, ойланып алып, Борисовке қайта келген.
– Сіздің ақыл-кеңесіңізге толық қосылып, құп алып, қамауда отырған адамдардың ішінен Шәкәрімді білетіндерімен сөйлестім, – деді ол. – Бәрі де қажыны адал, әділ адам, жарлы-жақыбайды жақтайды, кеңес өкіметіне жаны ашиды дегеннен басқаны айтпады. Содан соң көзімді анық жеткізейін деп, біраз қосымша материалдарды зерттеуіме тура келді.
Қандай істе болмасын қызметкерлердің айтқанды жай ғана орындап қоймай, өз беттерінше құлшыныс пен ынта-жігер танытқандарын қатты ұнататын Борисов:
– Ол қандай материалдар? – деп құлақ түріп, елең етті.
– Шәкәрімнің өзі де, білетін адамдар да ол кісінің оңаша жатып, жазу еңбегімен шұғылданатынын айтқан еді. Мен ол кісінің бұрынғы және кейінгі жазғандарын алдырып, қарап, оқып шықтым.
– Иә, сонымен не аңғардыңыз? Не туралы жазады екен? – деп Борисов шынымен қызыққан шырай танытты.
Өміртай Шәкәрім шығармаларының негізгі мазмұнына сипаттама бере келіп, әсіресе, оның қалың көпшілікті, кейінгі жастарды адамгершілікке, адалдыққа, татулықка, еңбексүйгіштікке, өнер-білімге үндейтін өлеңдеріне кеңірек тоқталды. Және ол кісінің қағазға түсірген дүниелерінің бәрі – жүрегін жарып шыққан таза сыры, оқыған адамды еріксіз баурайды, ойландырады, айтып отырғандарының бір мысқал да жалғаны жоқтығына еріксіз сендіреді дегенді баса айтты.
– Адамдар жақсы тұрмыс кұрып, тату тұру үшін адал еңбек етуге, жүрегін, ары мен ақылын таза сақтауға тиіс деп үгіттейді. Жастарды орыс халқының, өзге де халықтардың өнер-білімін үйренуге, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой сияқты жазушыларын оқып білуге шақырады. Өзін Толстойдың жолын қуған шәкіртімін деп санайды. Пушкиннің «Дубровскийін» қазақшаға өлеңмен аударыпты… Бірнеше мәрте сөйлесіп, әртүрлі сұрақтар қойып, жауап алғандағы хаттамалары мен біраз шығармалары мына папканың ішінде. Танысамын, оқып, аударып бер десеңіз мен дайынмын, – деді Өміртай.
– Сонымен шығаратын қорытындың, ұсынысың қандай? – деген сұраққа:
– Бандылардың бүлігіне бұл кісінің ешқандай қатысы жоқ деп білемін. Өйткені, күш көрсету, зорлық атаулыға жаны қас. Елді түзететін сөз болмаса, бұзатын сөз бұл кісіден шықпайтынына сенуге болады, – деп Өміртай пікірін тұжырымдады.
– Так… Так… – деп Борисов ойланып қалды. – Жарайды, папканы маған қалдырып кет, – деді сонан соң.
Ертесіне кешкісін Өміртайды Борисовтың өзі шақыртқан-ды.
– Сіздің уақытыңызды алмайын деп, тіл білетін басқа адамды қасыма алып отырып, папкадағы материалдармен танысып шықтым, – деп мұның жүзіне күлімдей, барлай қараған. – Сіздің пікіріңізге қосылуға болатын сияқты. Саяси көзқарастарына қарағанда, ағартушы демократтарға, либералдарға жақындау ма деймін. Маған, әсіресе, әлгі «танбаймын, шәкіртімін Толстойдың» деген өлеңі ұнады. Иә, сонда ғой: «Мың сопыны Толстойдың тырнағына алмаймын» – дейтіні… Жақсы айтқан, – деп басын изеп, сәл отырды да: – Иә, өмірде кейде күтпеген жайлар болады. Мәселен, кім ойлайды: алыстағы ұшы қиырсыз қазақ жерінде, жабайы… кешіріңіз, оқымаған жұрттың арасында өзгелерден Толстойды қорғап, адвокат болатын, басқаларға оның қадір-қасиетін ұқтырып өлең жазатын адам тұрады дегенді… Иә… қызық… – деп сәл отырды да, – айтпақшы, босатуыңызға болады, – деп сөзін келте қайырды.
Өміртай мәселе бұлай тез шешілер деп күтпеген еді. Енді тағы біреулер жоқты-барды шатпақтап, әлденені бықсытып, Борисовтың көңіл-күйін өзгертіп, бұзып қоймай тұрып, «елім» деп оңашада зар илегенмен, сөзінің бағасын жұрты әлі түсініп болмаған қадірлі қарияны қамаудан тезірек босатып жіберуге асыққан еді. Аудан орталығындағы ең үлкен үй – жаңадан салынған клубтың сыйымды залында өне бойы далада жүріп, еркін тыныстауға дағдыланған алпысқа жуық ел адамы қайраңда қалған балықтай болып, қапырық ыстыққа шыдай алмай, еркін тыныстауға ауа жетпей, пысынап, терлеп, мазалары болмай, өздерінің осындай пұшайман халіне амалсыз көніп, қамауда жатқан-ды. Өміртай күзетшіге есікті ашқызғанда, іштегілер елең етіп, үмітпен сыртқа көз тіккен.
– Бұл кім?
– Тағы біреуді әкелді ме?
– Ту-у, бар болғыр, есік осылай біршама ашық тұрсыншы, – деген дауыстар естілген.
– Шәкәрім ақсақал, сыртқа шығыңыз. Сіз босадыңыз, – деді Өміртай іштегілерге естірте ­дауыстап.
– Сүйінші! Қажы босады!
– Өй, айналайын, тілеуіңді берсін!
– Бүгінгі түн қажы босаған Қыдыр түні болды, – деп қуанған дауыстар естілді іштен…
Сол оқиғадан кейін екі жыл өткенде Өміртай ойламаған жерден Шәкәрімнің жаманатқа ұшырап, қаза болған хабарын естігенде, қатты күйзелген. Тағы да баяғыдай: «Бандылармен байланысы бар екен. Милициямен атысқанда оқ тиіп өліпті», – деген сияқты өзі алыста жүріп естіген қаңқу сөздерге зәредей де сенген жоқ. Бір кездерде, апақ-сапақта, қараңғы кеште, киіз үйде шам жарығымен алғаш рет жүзін көріп танысқан қадірлі ақын өзінің сөздерімен, шығармаларымен, өзгелерге ұқсамайтын бірегей болмыс-бітімімен кеудесінде мәңгі өшпейтін жарық сәуле қалдырып кеткендей еді. «Не де болса зұлымдықпен жасалған қиянат бұл. Шәкәрім кісіге каратып мылтық атпақ түгіл, зәредей жамандық істеуге баратын адам емес-ті. Қасиетті ақынға қастандық істеген қара ниет жандарға лағнет жаусын, қашанға барар дейсің, ашылар… Ашылар оның да сыры бір күні…» – деп ойлаған Өміртай…
Болат Бодаубай,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика