Серік САҒЫНТАЙ: «…Қайдасың, мырза көңіл, мәрт күндерім?!»

12 марта 2020

ҚҰС ҚАЙТАРУ

(Ә.Б-ға)

Құстар қайтып барады Құс жолында,

Құштар көңіл дір қаққан қыс торында.

Көшпелі жұрт көшпейді енді ешқашан,

Мызғып жатар мыңжылдық қыстағында.

 

Ей, аққулар!

Көктегі көшпелі ме ең?!

Елші ме едің Дештінің ескі елінен.

Кеудемдегі теңіздің мұзын сындыр,

Гәккулеген көктемнің ескегімен.

 

Ей, сиқыршы құс!

Егесі ежелгі елдің,

Елесі ежелгі елдің!

Балбал болып беткейде безерген кім?

Соның аққан көз жасын көрем ылғи,

Арнасынан алқынған өзендердің.

 

Құс жолына бір көшім тіреледі,

(Сүрлеуіне орнапты құм өзегі).

Балбал тастың жасынан бастау алып,

Тамырымда тулайды Ғұн өзені!

 

Жүрегімде тербелген Сақтың көлі –

Алтын адам шомылған аққу көлі!

Жанарыма көшірдім – таптым да оны:

Сарқылды ма…

Тілініп қаққа айналған –

Пешене боп басылып Һақтың мөрі.

 

Уа, аққулар!

Тәңірдің ерке құсы,

Біздік тағдыр – тарихтың ертегісі!

Өзенімді сарқылтқан шөл-сағыныш,

Өзегімді келеді өртегісі!

 

Өзенімді…

Мұз құрсап, қыс қамаған,

Қыс қамаған қытымыр қыстақ аман.

Жетім жартас – тарихтың ескерткіші,

Базар тарқап, қиқулы құс тараған.

 

Бастан талай заманның өтті ауыры,

Ішке түсіп кеткендей от-дәуірі.

…Аттан ауып қалған соң көшпелілер,

Құстан ғана үмітті Көк Тәңірі!..

БҰҒЫЛЫҒА БАРҒАНДА

Тарылғанда тірлігіңнің тынысы,

Жарылғанда дүниенің бұрышы

Күңіренген күндеріңнің бейнесі –

Мөңіреген Бұғылының бұғысы.

 

Мұқалғанда мұратыңның құрышы,

Тақалғанда тауқыметтің қылышы,

Жердің жүзін дүбірлетіп жетердей,

Бұғылының біз көрмеген бұғысы.

 

Өрден аспай өзендердің ағысы,

Жаңғырықпен талқан болған тау іші.

Таудан қашып, түнге сіңіп жоғалған,

Бұғылының бұғысы,

Тағылының тағысы.

 

Қара жердің қалыңдаған қыртысы,

Өзгергенде өңіріңнің түр-түсі.

Қалаға еніп қарақшы боп кеткендей,

Мына таудың қалың қарсақ-түлкісі.

 

Аласарып келе жатыр биігім,

Шала шалып, бықсып жатыр киізім.

Бірақ, соған қарамай…

қарағайдай мүйізім,

Менің қайран, қарағайдай мүйізім!

 

Мінезінен аңғарылар тау төсі,

Бұғы көрдім салбыраған әукесі.

Аға көрдім туған жерін сағынар,

Дала жақта қалып қойған жарты есі.

 

Дала жақта қалып қойған ғұмыры,

Мен едім ғой көшпелінің бір ұлы!

Сыңқылдаған домбырамның сынығы –

Лайланбаған көңілімнің тұнығы.

 

Лайланбаған өмірімнің тұғыры,

Байланбаған өмірімнің шығыры…

Сен не дейсің, мені көріп, бұ күні,

Мен не дейін сені көріп, Бұғылы?!.

ЖАЗУ

Әлем кітапқа кіруге ұмтылып тұрады.

П.Малларме.

 

Кеудемді көмкергем арманмен,

Ақтарсам бола ма қажеті?

Есімде мектепте, балдәурен,

Содан соң…

Қабырға газеті.

 

Айына бір рет шығатын,

Тиражы болса да бір дана.

Ел жоқта жайлап кеп тұратын

Өз-өзін оқуға бір бала.

 

Өлеңге ғашықпын.

Шын!

Неге?

Ол десе қалмайды ес менде.

Шатпақтап жазушы ем бірдеңе,

Алтыншы класқа көшкенде.

 

Әлі де жадымда, жадымда

Томпиған момақан қоңыр ұл.

Балалық айналған сағымға,

Көңілде сағыныш шөлі құр.

 

Есте жоқ балалық өлеңі,

Өлең көп, өнбеген ісім көп.

Сол ұл тек түсіме енеді,

Қағаздан қатырған мүсін боп.

 

Мүсінге қарауға жасқанам,

Санамды сарнауық күй жайлап.

Кеудесін кірлетіп тастаған,

Жалғанның жазуы шимайлап.

 

Шимайдан тазартқым келеді,

Келеді қағазға жан бергім.

Мүсін тек өртеніп өледі,

Сол түсті бір емес сан көрдім.

 

Күлді ұстап көзіме сенбеймін —

Со мүсін, со газет, со бала.

Ел жоқта шерленіп жерлеймін,

Кітаптан қаланған молаға.

 

Кеудемді көмкерем арманмен,

Өртенем түсімді түсінбей.

Жалғасып кетемін жалғанмен

Өзім сол қатырма мүсіндей…

 

***

Мен жолдамын, өмір бойы жолдамын,

Тораптанған тоқсан тарау толғамым.

Қалың сайтан ұшырғысы келеді,

Періштенің иығыма қонғанын.

 

Мен жолдамын – қайда барам адасып,

Шаң күдіктен шел оранған қарашық.

Қарсы алдымнан кезіккен сан дәруіштен,

Мылқау болдым жол сұрамай жақ ашып.

 

Мылқау болдым, айтпай оған жөнімді,

Сақ-сақ күлгем сайтан кессе жолымды.

Гүлге көмгем Тәңір озар төрімді,

Пірге бермен қолымды…

 

Мен тордамын, өмір бойы тордамын,

Торға айналған тоқсан түрлі толғамым.

Өмір күйік болған сайын тіл ащы,

Өнер биік болған сайын сор қалың!..

 

ҚАЗАҚ

Қайдасың, мырза көңіл, мәрт күндерім?!

Серт қылып ат құйрығын шарт түйгенім.

Егесіп екі кештің арасында,

Сүргінге сүрең салып тарттым дедім.

 

Кіреуке кірбің кілкіп кірпігімде,

Қосып бір құмай Күнді түлкі іңірге.

Түтігіп тебінгімді тер шірітіп,

Күңіреніп күнде жорттым Күн түбінде.

 

Жыра-жар, тұма бастау, құба қырдан,

Сағым боп сарнай көштім сылаң ұрған.

Қонақтап Қорқыт-тағдыр тар маңдайға,

Жын қуып жылыстадым жұмағымнан.

 

Қырқып бір қос қанатын қарға түннің,

Тайпалмай, тайғақ кешіп таңды атырдым.

Сере де сере мұзбен шөл қандырып,

Қар қарпып, құсаланып қан қақырдым.

 

Күрсінді ол осыны айтып ақырғы рет,

Содан соң соқпай қалды батыр жүрек.

Түрткілеп ердің тәнін арғымақ тұр,

Жапанға ымырт-тарих жатыр түнеп.

 

Тартпа бос, тебінгі сау, терлік аман,

Тек енді тіл қатпайды шерлі бабам.

Күңіреніп Күн түбінде мен де қалдым,

Ей, жалған, не істе дейсің енді маған?!

 

БАЛАЛЫҚТЫҢ СОҢҒЫ КҮНІ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

 

Естен кетпес Жамшы деген нұрлы ауыл,

Балалық шақ…

Жүректе аққан жылға-жыр.

Ол кездері асық ойнап жүретін,

Алдыңызда ақынмын деп тұрған ұл.

 

Асық ату – балалықтың тірлігі,

Мені бірақ ойнатпады бір күні:

Алматыдан көшіп келген музыкант,

Карл Маркс көшесінің тұрғыны!

 

— Тоқта, — деді.

— Атпа, — деді, — асықты,

(Топты достың алдында сәл жасытты).

— Мүйізденіп кетсе қолың, күй түгіл,

Ұстай алмай қаласың ғой қасықты!

 

Күй шертем деп өршеленген өркешті ұл,

(Өршеленген, көңілім-ай, өрті өшкір!)

Мен болмасам, домбырасыз қалардай,

Мектептегі оркестр!

 

«Ақылымды саған ғана тауысамын,

Күй тартпассың, қатып қалса саусағың.

Машық кетіп, қатып кетер буының,

Асық емес, ғашық болсын аңсарың».

 

Деді-дағы кілт бұрылып кетті өзі,

Көңілімнің есте сол бір шоқ кезі.

Көкірегіме жебе сынды қадалған,

Көзәйнектен сығалаған оқ көзі.

 

Асық қалды шашыла,

Небір ойлар үйірілген басыма.

Топ баланың жақындамай қасына,

Үйге тарттым асыға.

 

Кез емес еді мұғалімнен қорыққан,

Көңіл қалай торыққан?!

Менің Жұман ағам болып сол күні,

Балалықтың соңғы сәті жолыққан.

 

О, арманым!

Сол күндерге еріп кет!

Кім айтады мені бала Серік деп?!

Бір күндері көзәйнек те тағындым,

Ұстазыма еліктеп!

 

Көркем өнер – көркем өмір бола ма?

Өртене бер!

Өлкеме жыр тола ма?

Өмірінде асық ойнады ма екен,

Маған ұстаз – сол аға?

 

Балалықтың соңғы сәті – тәтті едің,

Ертесіне-ақ шимайланған дәптерім.

Қыздарға арнап өлең жазғам, ұмыт боп,

Асық ойнап ұтылатын сәттерім!

 

Талай ұттым…

Ұтылдым да өмірден,

Сол дәуренім неге өшпейді көңілден?

Он жасында балалықпен қоштасқан,

Маған ұстаз бола алмас кім көрінген!

 

Күйші де емес, әнші де емес, кім болдым?

Он үшімде өлең жазып үлгердім!

Саған ғашық болып жүрмін мен әлі,

Асық атып жүрген күн.

Асық атып, басы қатып жүрген күн!..

 

БҰҚПА ӨЗЕНІ

(Р.Н.-ға)    

Шулы шаһар астымен тынып ағып,

Толқи алмай, ыңырсып, ыңыранып.

Жатыр Бұқпа көктемде көсілместен,

Тас қаланың баурына бұғып алып.

 

Толқынымен толқыны табыса алмай,

Кемел жұрттың көшімен жарыса алмай.

Жатыр Бұқпа бұқпантай бір күй кешіп,

Кеудесін құрт кеулеген кәрі шалдай.

 

Жатыр Бұқпа лайланып, жаны ышқынып,

Тас қаланың табанын ағыс қылып.

Бұл қаланың ойнамас балалары,

Қағаз қайық суға сап, жарыстырып.

 

Жатыр Бұқпа тағдырға көніп, арып,

Өкпесін өркениет тоңы қарып.

Түсіне енеді әркез кабактарда

Кепкен мұжық кемірер өлі балық.

 

Жатыр Бұқпа толқыны жарға ұрынбай,

Зар кешіп запы болған зарлығымды-ай!

Қалаға тап-таза боп енген бұл да

Менің дәл он бес жасар тағдырымдай.

Жатыр Бұқпа…

 

Тас кітап
(М. Б.-ға)

Достарым қайтыс болған таныс-жақындарының басына қоятын тасқа өлең шығарып беруімді жиі өтінеді. Айына төрт-бес көктасқа жазатын болдық өлеңді…

Бір адам өткен күні бұл өмірден,
Бір жұлдыз аққан күні түн өңірден.
Қайғының сызы есіп іреңімнен,
Мен-дағы «жыр жазамын» жүрегімнен.

Бір мола орнағанда жоталанып,
Жыр жазып отырамын қапаланып.
Баспада шықпай жатқан өлеңді ойлап,
Жылағым келеді ылғи жата қалып!

Қайтерміз, шығар кітап — бір шығады,
Жүректе тек көктесін жыр шынары.
Өлеңі де шәйірдің таусылмайды-ау,
Қайғы деген сұм қашан тұншығады!

Сол қайғымен шулатса мола жақты ел,
Шер емген жүрегімді аралап көр.
Молалы сай-саланы саралап кел.
Төсінде сары даланың қалың қорым,
Зарлы жырды танысаң, маған ап кел.

Маған ап кел, салмағын бағалап бер,
Шабыт деген шайқыны шамалап көр.
Менің шерлі жүрегім жұлым-жұлым,
Қазанама тізетін қара дәптер.

Қара дәптер, қара ән, қаралы жыр,
Қоршап қамап тастаған даланы бұл.
Таспен бірге жүрекке жара қашап,
Мұңға көміп жылыстап барады жыл.

Қаралы жыр молаға достай болған,
Тоныкөктей шер шерткен жастай жалған.
Мола бағып жапанда тұрсыңдар-ау,
Қайран менің жырларым тасқа айналған!
Қайран менің жырларым тасқа айналған…


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика