Серік Ақсұңқарұлының естелігі

25 августа 2016

Дәуітәлі мен АқсұңқарұлыДәуітәлінің есімін естіген сайын әлі күнге дейін егіліп отырамын мен… Алматыда туған-туысым, арқа сүйер көкем, ат басын тіреп түсетін үйім жоқ. Дәуітәлінің үйі – Сарыарқаның алтын бекетіндей. Алаштың бүгінгі айтулы ақындары Абзал Бөкен, Ғалым Жайлыбайлар осы үйден шығып, коммунистер даңғылындағы 105-ші үй – Қазақстан Жазушылар одағына имене кірген-ді… 

Ол Қасым мен Пушкинді өле-өлгенше пір тұтып кетті.
Дәуітәлі Станбековтің мына жарық дүниеге ақын болып келмеуі ақылға сыймайтын дүние десе болады. Кіндік қаны түскен топыраққа қараңыз: Алашорданың үш бірдей арысы – Әлихан Бөкейхан, Ақбайдын Жақыбы, Әлімхан Ермеков туған жер.
– Совет өкіметі Ақтоғайды неге жек көреді?! Білесіңдер ме? – деуші еді кейде Дәукең ашуына мінген бір кезіңде – Совет өкіметін иттің етінен де жек көрген қазақтың үш боздағы осында туған!
«Ассалаумағалейкум, Ақырзаман!» — деп жазды ол сол кезде.
Біреулер заманның балын жалап жатқанда, ол уын ғана ішіп жүрді…
Достарым менің – ұрылар!
Достарым менің – бандиттер! – деп жазды ол 70-шы жылдары. Совет өкіметіне ерегесіп айтқаны!
«Алаш» сыйлығына ұсынғанда ол өлім аузында жатқан. Лауреат болғанын естімей кетті марқұм. Соңғы кітабі – «Жұмағым мен тамұғымды» қолына ұстай алмай да кетті.
Ол маған бір өзі бір әдеби ортадай болған тұлға еді.
Алматыға келсем, ат басын Дәуітәліге тіреймін. Буырқанып Қазақстан Жазушылар одағының үйіне келеміз.
– Қашан келіп едің? – дейді Қадағам (Қадыр Мырзалиев).
– Келгеніме 2-3 күн болды – деймін күмілжіп…
– Ендеше, өзіңе-өзің келіп ал… Соңсоң, маған келесің ғой!
Алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып жүріп, мені сүйреп әдеби ортаға әкелген – сол! «Менің пірім – Сүйінбай» деген Жамбыл тәтем. Менің пірім – Дәуітәлі! Алдында Дәуітәлідейін адуынды азамат ағасы болмаса, мына дүниеде Серік Ақсұңқарұлы деген басы жұмыр пенде болар еді. Ақын болмас еді! Алматыға келсем, көзіме Дәуітәлі елестейді. Бәрі – бар. Дәуітәлі – жоқ…
Ақынның алдында – Алла, арқасында – Аруақ болу керек! Екеуінің ортасында – Алаш! Басқа ешкім болмауы керек! Ақынның «Жұмағым мен Тамұғым» атты жыр кітабы – соның бір нышаны. Алаштың ақылы – алтау, ойы – жетеу болып тұрған 90-шы жылдары жарық көрді де, әдеби орта мен қалың оқырманның көзіне түспей қалды…

Дереккөз: «Әдебиет» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика