Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ. МЕНІҢ МҰҚАҒАЛИЫМ

17 Қараша 2017

(Күнделіктен)

Алматыдан Қарасазға жеткенше Мұқағали әлеміне жүзіп барғандай болдық. Тау да, тас та—Мұқағали!
Бүгін қазақты бүкіл дүние таныды десе де болады. Танығаны өз алдына,Атыраудан—Арқа—Алатау—Алтайға дейінгі ұлан-асыр аймақты алып жатқан жеріне, оның астындағы, үстіндегі қазынаға қарап, тамсанып отыр. Елде жоқ ерен қонақжайлылығын да көріп, шетінен мәз-мәйрам өздері… Осы өзіміздің төсекте басы, төскейде малы қосылған ормандай орысты былай қойғанда, табалдырығымызды осыдан 20-жыл бұрын аттап, төрімізде шалқақтай бастаған шүршіттің өзі де қазақ халқына қатысты дүниені бес саусағындай біледі! Тек бір-ақ нәрсені білмейді. Ол не дейсіз бе? Қазақ поэзиясы! Әлемдік әдебиеттің ортасынан ойып орын алса, адамзаттық руханияттың бүгінгі болмыс-бітімін 180 градусқа бұрып жіберетіндей тегеруіні бар телегей-теңіз құндылықты білмейді! Білгісі де келмейді!
Сол қазақтың қара өлеңін ғаламдық биіктікке шығарған тұлғалардың бірі һәм бірегейі—Мұқағали Мақатаев!
Қазақтың жырын, қалған дүние өз алдына, қазақтың өзі де таразылай алмай қалғандай уақытта өмір сүріп жатырмыз. Совет өкіметі кезінде кемеліне келген қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдеби сыны бұрнағы жүрдек жүрісінен жаңылғалы қашан. Мұқағалитанудың өзі Мұқағали поэзиясынан 20-30 жыл кейін қалып қойды! Мысал айтайын ба? Мақатаевтың—«Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын» деген өлеңі бар. Ақын оны неге айтқан?
Ол әдебиетке келген 50-шы жылдардың аяғы, 60-шы жылдардың басы қазақ өлеңінде демьянбедныйшылдықтың салтанат құрып тұрған заманы еді. Қазақ жырына еуропалық мәдениет әкеліп, оны Қыз Жібектей құлпыртып, Төлегендей үкілеп төрге шығарған Қасым да әдеби ортасынан, ел-жұртынан да өз бағасын алмаған. Өлеңдегі лирикалық кейіпкерлерінің біреуі—партия, біреуі—Ленин, біреуі—завод-фабрика, біреуі—калхоз болатын! Қысқаша айтқанда, сұп-сұр сұрғұлт дүние! Сол кезде аға толқын Әбділдә Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков, кейінгі буын Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев бастаған қазақ өлеңінің реформаторлары оған орыстың озық үлгілерін сіңістіруге кірісіп еді. Сталиндік цензура орыс поэзиясының да алқымынан қысып тұрған. Бірақ олар ел иесі, жер иесі ғой. Партияның ХХ-шы съезінен кейінгі «жылымықты» басқалардан бұрын терең сезініп, емін-еркін сөйлеуші еді..
Абайдың дүниенің кілті орыста, сондықтан оның тілін білу керек дегені бар. «Зарарынан алыс боларға» дегенін ұмытып кеттік. Қазақ поэзиясына орыс өлеңінің ырғағы мен әуені, бояуы ғана емес, күллі болмысы тұрған орнынан тік көтеріліп, көшіп келе бастаған. Міне, осы кезде қазақ жырына жүрегін қолына ұстап Мұқағали жетті! Қазақтың ұлттық эпосы мен қара өлеңінен шығып, орыстанып бара жатқан жырымызды ассимияциядан аман алып қалған—сол! Қара өлеңнің мәнгі-бақи сарқылмайтын мүмкіндігін жарқыратып көрсеткен Мұқағали Мақатаев! Оның «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын» дейтіні—содан! Мұқағалиды сол кездегі қаламдастарымен салыстырып, қайта оқып шығыңызшы. Қазақтың қара өлеңінің «кемелденген социализм» заманында қалайша түрленіп, жасарып, жаңарған сәтін көресіз! Дантенің «Божественная комедиясының» қазақшасына қараңыз: «Тәңірінің тәлкегі»! Аты—қандай?! Заты қандай! Мұқағали емес—Бұқар Жырау тәржімалап жатқандай!
Менің Мұқағалиым, міне—осы!
Дүниежүзі поэзиясындағы өлең өлшемдерінің ішінде ең кемеліне келген үлгісі де осы біздің қазақтың қара өлеңі. Бірақ оны бізден басқа ешкім біліп жатқан жоқ. Білмегені жақсы…


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика