«ДҮНИЕГЕ КЕЛЕР ӘЛІ ТАЛАЙ ҚАСЫМ…» (Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ)

6 Мамыр 2018

Мектептер мен институт, университеттерде Қасымды оқыту, оны түсініп, пайымдап таразылау, насихаттау – қасымтану мәселесі өз мәнінде жүрмей жатыр. Бір ғана мысал айтайын, Ақынның «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» деген өлеңін өмірге тағы бір Қасымдай ақын келеді деп қана түсіндіру белең алып барады… Бұл – көпе-көрнеу қате түсінік, Қасымның жүрегіне терең бойлай алмаған көк езу пенделердең ісі. «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» деген сөз – Алаш Ана әлі талай Қасымдайын тегеурінді ұлдарына босанады деген сөз! Алпысыншы жылдары ол бала жарық дүниеге Мұқағали болып келіп еді… Жетпісінші жылдары «АЗиЯ» – Олжас Сүлейменов болып туып, тоталитарлық қоғамды дүр сілкіндірді. Сексенінші жылдары ол бала – ақын емес – Асқар Жұмаділдаев – математик болып дүниеге келді! Тоқсаныншы жылдары – Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақтың Тұңғыш Президенті, Тоқтар Әубәкіров – Қазақтың Бірінші Ғарышкері болып, Алаштың атын адамзатқа әйгіледі!
Әлі қаншама Қасымдар дүниеге келеді, Алаштың көгінде қаншама жасындар жарқырап, төрткүл дүниені дүр сілкіндіреді?!! Қасымды тану – қазақтың өзін-өзі тануы үшін керек әуелі! Қасымды танымаған қазақтың қара танымаған қазақтан да қасіретті екенін көзге шұқып көрсететін кезең келе жатыр! Қазақтың ертеңгі күніне Қасым шыққан биіктен қарайтын күн туды!
«- Уа, тәкәппар Дүние! Маған да бір қарашы:Танисың ба сен мені?!Мен – қазақтың баласы!» – деп жазды Қасым қырқыншы-елуінші жылдары. Таң қаламын, бұл маған бүгін жазылған өлең сынды! Қазақ Қасымның осы өлеңін кеудесіне басып, төрткүл дүниеге қарап тұр – егемен ел болған кезімізде! Еңселі елу елдің қатарына жетіп, ұжымды ұлт, іргелі мемлекет болған шақта қазақты ғалам да танитын болады! Қасымды – Қасымдарымызды танып алып қана мына тәкәппар дүниеге қазақтығымызды танытатын боламыз!
«Сайраған жолым жатыр жер бетінде», – деп еді-ау Қасым. Бұлай деп адамдықтың, азаматтықтың шырқау шыңына шыққан Абайдың Толық Адамы –Кемел Адам ғана айта алады. Алла жаратқан адамзат – homa sapiens-тің маңдайына жазылған сордың сорақысы – атаусыз қалу. Атаусыз қалған пенде іздеусіз қалады. Қасымды қолымызға шырақ алып бүгін біз іздемесек те, ертең жаңғыртып жер сарайын дүниеге келетін ұрпақ іздемей тұра алмайды. Ұлтының ұлы тұлғаларын іздемеген ел ертең Алланың алдында сұраусыз қалады…


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика