Сергей Морозов: «Мақсатым – М-1 чемпиондық белдігін алу!»

22 сентября 2017

Азия чемпионатының күміс жүлдегері, аралас жекпе-жектен әлем біріншілігінің вице-чемпионы,  M-1 Global-мен елімізден бірінші болып келісімшарт жасасқан ММА бойынша спорт шебері Сергей Морозов тай боксынан Бразилия чемпионы Луан Фернандеспен кездеседі.

Аталмыш кездесу аралас жекпе-жектен M-1 Challenge 83 турнирі аясында өтпек. Бұған дейін 10 ұрысты өткізіп, оның 7-еуінде жеңіске жеткен отандасымыз тартысқа тас-түйін дайын отыр. Бұрынғы кездесулеріне көз жүгіртсек, бразилиялық спортшылармен кездесуі оның пайдасына шешіліп отырды. 

Айта кететін жайт, танымал спортшының соңғы жекпе-жектері кезінде қарағандылық рэперлер қазақстандықтарды отандасымызға жанкүйер болуға шақырып, оған ән арнап, бейнебаян да түсірген болатын.

Сергей Морозовтың өзі бұл жарысқа тыңғылықты дайындалып, шаршы алаңға шықпай тұрып, қарсыласының мықты және әлсіз тұстарын талқылаудан бас тартты. Бұған дейінгі жеңістеріне масаттанып, босаңсуға жол бермейтінін спорт шеберінің басты мақсаты – М-1 чемпиондық белдігін алу. Егер алдағы турнирді жеңсе, мақсатына тағы бір қадам жақындайтыны сөзсіз.

Айта кетейік, M-1 Challenge – 2008 жылдан бастап өткізіле бастаған аралас жекпе-жектер бойынша турнирлердің тұтас топтамасы. Содан бері әлемнің түрлі елдерінде 82 турнир өтіп үлгерді. 2010 жылы командалық жарыстан алшақтап, чемпиондар белдігін бес салмақ дәрежесінде ойнату туралы шешім қабылданды.

Қазан қаласында өтетін халықаралық аралас жекпе-жектің тікелей көрсетілімін қазақстандықтар Еуразия бірінші арнасынан 23 қыркүйек күні 23:00-де тамашалай алады.

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика