«Сауран айналған» сергелдеңі
18 июня 2019
Қосағалы қыстағында Боран деген ағамыз ұзақ жылдар қой бағып отырды. Бала кезімізде ауылдан он шақырымдай жердегі бұл қыстаққа топай, асық іздеп талай барғанбыз.
Бертін келе Қылшекең (Қылыш әулие), Жанай әулие, Қосағалы батырлар туралы аңызға бергісіз әңгімелерді там-тұмдап естіп жүрдік. Қосағалы батыр туралы дерек, дәйек іздеуге ден қойдым.
Алдымен 2009 жылы Алматының «Темірқазық» баспасынан толықтырылып, жаңартылып жарық көрген Жаңаарқа энциклопедиясын қарап шықтым. Энциклопедияның 28 бетінде Кіші жүз рулары: алшын, тама, жағалбайлылар туралы мынадай деректер келтірілген: «Жаңаарқа жеріндегі кішіжүздіктер ертеде Каспий теңізінің солтүстүк бетін, Еділ, Жайық, Жем, Сағыз өзендерінен Сырға дейін ен жайлап, көшпелі тұрмыс құрған халықтың бір тобы ғана. Бұл рулардың Орта жүз жерін қоныстануының негізгі себебі – кіші жүз жеріне орыс патшалығы бекіністер салып, құнарлы жайлымдарын тартып ала бастаған еді. Алшын, Тама, Жағалбайлы руларының бір бөлігі ел-жұртын тастап үдіре көшкен. Арқаға қоныс аударудың алғашқы ірі толқыны 1723 жылы басталған қалмақ шапқыншылығына байланысты. Кішіжүздіктер бұл нәубетті «Сауран айналған» деп те айтады. Алшын, Жағалбайлы, Тама елдері ХVIII–ХІХ ғасырларда Сарысу мен Шу өзендерінің аралығында тұрақты түрде көшіп-қонып жүрді. Тамалар қыста Шудың бойымен Ұланбелге дейін қоныстанған. Бетпақтың шөлінен өтіп, Мұңлы – Қулының етегінен Бестауға жетіп жүрген. Шақалар Ақбастауды, Қырықбойдақ – Көктас өзенінің жағасын, екеуі бірігіп, Бүгіл өзенінің жазығын жиі жайлаған. Таманың Кедей дейтін атасы Ақтөбе, Кеңқияқ, Қосағалыны жайлау етсе, Қызылқұрттың Телікөл – Тата, Қызылжыңғылға дейін барған кезі болған. Бұл жерлер – Шу мен Арқаның арасындағы Шу өзенінің төменгі құйлысының кең алқабы.
Тама, Жағалбайлы, Алшын рулары Бозкөлді (Түгіскен жері), Жыңғылкөлді, Сарысудың табаны – Шұбаркөлге дейін мекендеген. Жөгілер (тама) Мұңлы – Қулының етегінде отырған. ХІХ ғасырдың аяғына қарай Кіші жүз рулары Жаңаарқа жерінде Атбасар уезіне қатарлас Сарысудан Шуға дейін көшіп жүрді. Жағалбайлылар Көктас, Қарақыз болыстарының құрамында болды ( кейінен, 1921 жылы бұл болыстар біріктіріліп, Шу болысы ұйымдастырылды). Тама руының Үшабыз атасы және Алшындар Шонай, Сарыкөл, Қосағалы, Мұңлы болыстарының халқының көпшілігін құрады. Бұл болыстардан 1921 жылы Үшабыз болысы құрылды. Таманың Әліп атасы Қарақыз болысын, Шағыр атасы Қосағалы болысын құрады…» Энциклопедияда келтірілген осы деректерден Кіші жүз руларының Арқаға (Жаңаарқа өңіріне) келген уақыттары, тарихи себептері баяндалған. Арқаның ұлан байтақ шұрайлы жерлерін қоныс қылған сол кездегі Арғын-Қуандық тайпасының Алтай – Қарпық аталарымен іргелес көшіп қонып жүрген Жағалбайлы, Тама, Алшын руларының ұрпақтары әлі күнге осы өңірді мекендеп ғұмыр кешіп жатыр. Алатау Арқа, Атырау Алтай арасындағы ұлы мекен барша қазақтың ортақ алтын бесігі. Кіші жүз руларының бір шоғыры қилы заманда Арқаға қоныс аударып, сол жерден пана тауып өрісін кеңейтсе, ол қазақтың бірлігі мен ынтымағының, бауырмалдылығының нышаны емес пе?!
Қазақтың шежіре әңгімелерінде, тарихи деректерінде округтік, уездік, болыстық атаулар көбіне елді мекен, жер-су аттары мен халық арасындағы беделді тұлғалардың есімдеріне байланысты атаған. Жоғарыда келтірілген Қосағалы болысының атауы осындай себептерден туындаса керек. Кенесары – Наурызбай заманының әйгілі батыры, баһадүр қолбасшы Қосағалы Рақпанұлының есімімен кейін Қосағалы болысы құрылды. Әрине Қосағалы (Қилыбай) батырдың зираты жатқан жерді ежелден жергілікті жұрт «Қосағалы қонысы» атап кеткені белгілі. Ол жерде батырдың ұрпақтары, ағайын туысы, қараша халқы мекендеді. Бір болыс ел Қосағалы батырдың есімімен аталды. Жай аталып қойған жоқ батыр бабаларының есімін ту қылған, айбынды, айбарлы елге айналды. «Қазақтың қариялық сөздері» (А.Сейдімбек) мен ауыз екі әңгімелерінің сорабы Қосағалы батырдың Ақтау дуанына қарасты Қорған бекінісін алуға қатысқан ерлік істері жайлы баяндайды. Балалық шағымның дені Қорған мен Боқсай қыстақтарында өтті. Әкем қырық жылдай қой бақты. Қарағаны мол өсетін Қорған жері тылсым тарихты ішіне бүгіп, марғау мүлгитін. Кешкісін керосин шамның жарығымен батырлар жырын оқимын. Қорғанда Кенесарының зынданы бар дейді. Бірақ өзім көргенім жоқ. Қайбір жылдары хан Кененің үңгірін көрдік деген кісілер кездесті. Осының бәрі менің бала қиялыма ерекше әсер ететін. Кейін Қарағандыда қарт қаламгер Жайық Бектұров менің Жаңаарқаның Ақтауынан екенімді естіп: – орыс патшасының жазалаушы отрядының жүз елудей солдатын Кенесары сарбаздары жер асты үңгірінен шығармай қырып тастаған, сол жерді бір араласа ғой – деп еді.
Белгілі өлкетанушы, қаламгер Қалкен Смайыл Қорған бекінісіне жасаған Кенесары шабуылын былайша баяндайды: «Қосағалы батыр жасағын үш топқа бөлген, әр топта елу сарбаздан болған. Өзі бастаған топ қазіргі Қарақатын – Бекбай сайы тұсынан, екінші топ Боқсай жақтан, үшінші топ қазіргі Қорған ауылы маңынан бекініске тарпа бас салған. Қазақтардан мұндай жауынгерлік соққыны күтпеген бекініс әскері қарулы қарсылық көрсетуге мұршасы келмей, есі шығып, аттылы-жаяу тым-тырақай қашқан, бірақ біреуі де тірі қалмаған». Сексен бес жыл ғұмырында тауарихтың ұңғыл-шұңғылын зерделеп, талай аңыз бен ақиқат ізін қағазына түсіріп кеткен Жайық ақсақал мен өлке танушы Қалкен Смайылұлы сөздерінің бір арнада тоғысуы Қосағалы батырдың ерлік істері туралы ойымызды одан әрі дәйектей түседі.
Бір ғажабы Кенесары-Наурызбай ерліктерінің даңқы ХХ ғасырдың 60-70 жылдары біздің Ақтау ауылында дәуірлеп тұрды. Арадағы жүз жылдан астам уақыт, төңкеріс, ашаршылық, соғыс сияқты зұлматтар халықтың тұрмысын тұралатқанымен, рухын құлата алмаған екен-ау! Өйткені сол кездегі ойын балалары біздер тал шыбықты ат қылып Кенесары, Ағыбай, Қосағалы, Наурызбай болып сайын даланың төсін талай дүбірлеткенбіз. Ал үлкендер бас қосқанда әңгіменің әлқиссасы Кенесары заманынан басталатын. Маралтай ақынның Алматыдан қоңырау шалуы санама тым-тым алыстарда қалған бала дәуренімнің дидарғайып суреттерін әкелді… Қосағалы батырдың тұлпарының ізі қалған сақи далаға деген сағынышым бұрынғыдан да ұлғайа түсті… Қорған, Боқсайдың сай-саласынан мөлдіреп аққан тұнық бастаулардың басына бір кездері Қосағалы батыр да ат шалдырған шығар. Батыр ішкен сол кәусардан біздің де мейріміміз сан рет қанып еді-ау… Есіме Құба қалмақ заманы, одан кейінгі орыс патшасының отарлау зобалаңы түсті. Елімай-лап көшкен есіл жұрт… «Ел айырылған» күйінің ащы зары… Сонау Еділ Жайық, Жем, Сағыз бойынан басталған «Сауран айналған» нәубетінің соңғы сергелдеңін көру Қосағалы батырдың пешенесіне бұйырыпты.
Ырыс тілеп майлайтын босағаны,
Тәңір бағын сол қазақ тосады әлі…
Қараша үйім қаңырап қалмасын деп,
Қара нарға қом салған Қосағалы…
Шаңырағы бақаннан босағалы,
Үрей билеп жанардан жас ағады.
Қара қазан, сары бала қамы үшін деп,
Қаракерге ер салған Қосағалы!
Елім-ай боп көшкенде қосар әні,
Кезі көп ед көңілдің босағаны…
Қабырғалы еліне қорған болып,
Қол бастаған қайран ер Қосағалы!
Алдындағы медеу қып қос ағаны,
Белді бекем буынды, босамады.
Қалың жауға тигенде атой салып,
Болаттай ең қайралған Қосағалы!
Шыбын жанға жар болып Жасағаны,
Жанай өтіп барады «Қос обаны»…
Аңыз күннен оралған Абыз болып,
Артық туған Алашта Қосағалы!!!
Қойлыбай АСАНҰЛЫ,
Филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР мәдениет қайраткері